Ұлы ақынның ұзақ жасаған ұрпағы

Ұлы ақынның ұзақ жасаған ұрпағы

Қазақ даласындағы ақыл-ойдың шамшырағы атан­ған Абайдың артында қалған ұрпақтары да осал емес. Олар әке ісін одан ары жалғастырды, соның жолын ұстады. Патша тұсында да, кеңес өкіметі кезінде де ұлттың зиялыларын жаппай жазалау, бас еркін шектеу, атып, жер аудару саясаты мем­лекеттік басты шараға ай­налды. Сондай ауыр да қасі­ретті Абай ұрпақтары да көрді.

Ұлы ақынның ұрпақтары патшалық, содан кейін кеңестік жазалау саясатының құрбаны болды. Қуғындау мен жер ау­дарудың салдарынан олар тағ­дырдың тәлкегінен сан-саққа бытырап кетті, әр жердегі балалар үйі мен жатақтарда өмір сүрген Абай шөберелері бірін-бірі жақын танымастан Ұлы Отан соғысына аттанады. Майданға 9 ұл,1 қыз қа­тысып, екеуі аман келді. Солар­дың ішінде аман оралған Абай ұрпақтарының бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Ишағы Жағы­пар­қызы болатын.

Ишағы Жағыпарқызы – Абай­дың шөбересі, Мағауияның Жа­­ғыпарынан туған. Мағауия – Абайдың 25 жасында туған кен­же баласы. Ал Жағыпар – Ма­ға­уия­ның 28 жасында туған кен­же ұлы. Ишағы 1922 жылы Шың­ғыс­тауда туған. Екінші клас­ты өз әке­сінен оқып, хат таныған. Енді Ишағы апайдың өз есте­лігін келтірейік:

– Алты жаста болуым керек, ту­ған жеріміз Шыңғыстаудан Ер­тіс бойына жаяу-жалпы кө­шіп барғанымыз есімде. Уба-Форпостта тұрмысымыз жаман бол­ған жоқ. Әкем беделді болды. Бізді еркелетіп, мені «мұғалімнің сары қызы», ал Ғазелді «мұғалімнің қара қызы» деп атайтын. Өзім суда жүзуді сол Ертіс жағасында үйрендім. Аулада бау-бақша өсіретінбіз. 1932 жылы қолымызға Кәмилә тәтем келді. Сол жылы сіңлім Ләйлә дүниеге келді. Үлкен әжем Дәмегөй кенеттен қайтыс болып, әке-шешем үйде жоқта бар әбігерлік бір өзіме түсіп, өлімнің не екеніне көзімді ашты. Әкем де оқыстан, орыс досы, мал фельдшерінің берген дәрісінен уланып, бір күндей қиналумен көз жұмды. Ел-жұрт болып қайғырып, қолдарынан қойды. Бұдан кейінгі өміріміз талапайға түскендей. Шешемізді Шәбеп деген әмеңгерлік жолмен болу керек, еріксіз көшіріп, Жарма ауданы, «Бала жал» деген алтын кені шығатын жерге әкетті. Содан көз жазып, мүлде хабарсыз кеттік. Ағайым Берекехан екеуміз Семей қаласындағы жетім балалар үйіне тапсырылдық. Өзім сонда жүріп, үш-төрт сыныпты бітірдім.

Абай ұрпақтары (солдан оңға қарай): Ғазел Мағауина, Мәкен Тұрағұлқызы,
Айдар Бағфурұлы, Ишағы Жағыпарқызы, Балташ Бәзілұлы


«Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ» дегенді бастан кешіп, «алыс жүрсең де, жолмен жүр» деп оқуымды әрі қарай Семейдегі №11 мектепте жалғастырдым. 1941 жылы соғыс басталып, оныншы сы­ныпты жедел бітіріп, майданға аттандық. Отанға деген жау қай­дасың деп майданға шеру тарт­тық. Содан бізді Хабаровскіге әкеліп, майданға әзірліктен өткі­зді. Мен авиацияның кіші қызметкерлерін дайындайтын курсқа түстім. Курс­ты да тездетіп бітіргеннен кейін бә­рімізді әр полкке таратып жібер­ді.

1942 жылы май айында 29-авиадивизияның 307-авиа­полкінің қарамағына кел­дім. Қиыр Шығысқа жапон ми­ли­­та­ристеріне қарсы соғысқа ат­тан­дық, Бірінші Қиыр Шығыс майда­ны­ның шебінде тұрдық.

Курсты бітірген авиацияның кіші қызметкерлерінің міндеті ұшақты соғысқа әзірлеу, бомба тиеу болатын. Осындай қызметті қыздар атқаратынбыз. Сон­дай ауыр жұмыс істеп жүрсек те, тө­зімділік таныттық. Отан ал­дын­дағы борышымызды адал атқарсақ дейтінбіз. Жастайымнан «Осавиахимге» мүше болып, мыл­тық атуды елде үйренгенімнің пайдасы тиіп, атқыш мамандығын тез меңгердім. Қарулы ұшақ бойын­ша «шебер атқыш» деген атақ берді.

Майданнан 1945 жылдың қара­шасында, жеңістен кейін алты айдан соң оралдым.

Одан кейін Алматыға келіп ең алғаш түскен жерім – М.Әуезовтің үйі еді. Кейіннен Абайдың Ма­ғауия деген баласының қызы Уәси­ләнің қолында тұрдым.

Біз М.Әуезовтің үйіне жиі баратынбыз. Сонда Мұқаң: «Мен Мағауиядан тарағандарға аса көңіл бөлем» дейтін. Өйткені өзі Мағауияның қызы Кәмәлияға кезінде үйленген еді. М.Әуезов Абайдың қалған ұрпақтарын жылына екі мәрте үйіне қонаққа шақырып әңгімелесетін. Бізді Абай ұрпақтары деп қамқорлық танытатын, – дейді.


Ишағы Жағыпарқызы 


Майданда болған туыстары туралы Ишағы Жағыпарқызы: «Мен ұлы Абай атамның шөбере­сі­мін. Абайдың Мағауия атты ұлынан Жағыпар туады. Мен Жағыпардың қызымын. Жалпы алғанда, Абай ұрпақтарынан соғысқа он адам қатысқанбыз. Соның сегізі қайтпады, екеуміз-ақ аман-есен орал­дық. Аруақтары риза болсын, сол оралмаған ағаларымның да аттарын атай кетейін: Ақылбай не­мересі – Ғабдісәлім мен Әли­хан. Әбдірахманның жиені – Еніғам. Мағауия немерелері – Берекехан мен Жошыхан. Мекайыл немересі – Ғұзайыр мен Әлішер. Зікәйіл немересі Тоқташ соғыстан орал­мады. Турағұлдың немересі – Алпаш және Мағауия немересі мен, екеуміз ғана соғыстан оралған едік. Қайтпаған ағаларымнан ұрпақ жоқ, өйткені олар үйленбей кеткен бо­латын... Міне, соғыс атты зұл­мат­тың бір әулеттің балаларына әкел­ген қасіреті... Алпаш 1990 жылы Алматыда ауырып, дүниеден қайтты» деп соғыста құрбан болған туыстарын сағынышпен айтады өз естелігінде.

Ишағы Жағыпарқызы соғыс­тан кейінгі жылдардың ауырт­па­шылығын бастан кешіре жүріп, жоғары білім алуға талпынады. Ол өз талабымен ЖенПИ-ге оқуға түседі. Бірақ ол оқуды аяқта­май Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының сырттай бөліміне ауысады, өйткені қолында әпкесі мен сіңлісі болды. Олардың ешқайсысы жұмыс істе­меді. Жан бағу керек болды. Басында әртүрлі жұмыстарда жүрді. 1954 жылдан 1988 жылға дейін Қазақ ССР Мелиорация және су шаруашылығы ми­нистр­лігінде кадр бөлімінде қызмет атқарды. Ишағы Жағыпарқызы кадр мәселесін, шетелге іс­сапармен баратын маман­дардың құжаттарын дайын­дау, тағы басқа құпия жұмыстармен айналысады. 1988 жылы дербес зейнеткерлікке шықты.

Ишағы апамыз саналы ғұмы­рында Абайдың музейімен хабар­ласып тұруды міндеті санады. Музей­де Семей, Шыңғыстауда өткен шаралардың құрметті қона­ғы болып, естеліктерімен бөлісіп отырды.

Ұлы ақынның ұзақ жасаған ұрпағы Ишағы Жағыпарқызы 92 жасқа қараған жылы өмірден озды.

Жыл өткен сайын ұлы ақын­­ның ұрпағының қатары сире­ді, қазіргі таңда Абайдың 10 бала­сы­нан тараған бесінші ұрпа­ғы Айдар, одан Данияр, оның балалары Дана, Камила, Меруерт бар. Эр­нес­т­тің ұлы Айдостың туған қызы Александра – 27 жаста, отба­сы­лы, Саратов қаласында тұрады.

Абай ұрпақтары ұлы ақын­ның ұрпағы болғанын мақ­та­ныш­пен айтады. Абай музейі ұйым­дас­тырған ақын мерейтойына ақын ұрпақтары арнайы келіп, Абайдың мұралары туралы есте қалғандарын насихаттауда еңбектері орасан зор.

Ұлт рухының жебеушісі атан­ған ұлы ақын Абайдың өмірде бар ұрпақтары аман болып, ел тәуел­сіздігін нықтауға қызмет ете берсін демекпін.

 

Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және 
әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері