Биыл ең төменгі жалақы 42 500 теңге деңгейінде қалды. Мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту арқылы төменгі деңгейдегі қызметкерлердің жалақысы өспекші.
Мәселен, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылға 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі екен. Соның ішінде қаңтардан бастап мемлекеттік ұйымдардың 38,5 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерінің жалақысы көтеріледі. Ол үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылға шамамен 95 млрд теңге бөлінген. Жалақыны көтеру – өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, уақытша болу мекемелерінде жүзеге асыратын негізгі персонал мен басшы құрамға, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге қатысты. Мемлекет басшысы дәрігерлер мен СЭС қызметіндегі мамандардың жалақысын биылдан бастап 2023 жылға дейінгі аралықта орташа жалақыдан екі есеге дейінгі көлемде өсіруді тапсырды. Сонымен қатар Президент тапсырмасы шеңберінде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы тағы 25%-ға өсті. Оған қоса, мемлекет басшысы бапкерлердің жалақысын да келесі жылдан бастап көтеру керек екенін айтқан.