Петропавлда дүкеннен өрт шығып, 125 адам эвакуацияланды
Петропавлда дүкеннен өрт шығып, 125 адам эвакуацияланды
119
оқылды
 Петропавлда Жаңа жыл қарсаңында бес қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан үлкен дүкен өртенді. Өрт сөндірушілер тұрғын үйдің 125 тұрғынын 30 градус аязда далаға шығарды,– деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар қызметі 31 желтоқсанда сағат 19:15-те өрт туралы хабар түскенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 246 үй мекенжайында орналасқан "Караван" дүкенінде өрт шыққан. "Өрт сөндіру тобы төтенше оқиға орнына жеткеннен кейін сағат 19:19-да үй тауарларын сататын бутиктер жанып жатқанын және қатты түтін шыққанын анықтады. Өрт сөндіру бөлімдері тілсіз жауды сөндіруге кірісті, сол уақытта төрт подъезде тұратын 125 тұрғын, соның ішінде 25 бала эвакуацияланды (өрт туралы хабар түскен кезде дүкен жабық болған)”, – деп хабарлады департамент өкілдері. Петропавлда Жаңа жыл қарсаңында 30 градус аяз болды. Полиция бөлімшелері төтенше жағдай болған жерді қоршауға алып, өрт сөндірушілермен бірге эвакуацияланғандарды жергілікті атқарушы органдар ұсынған төрт автобусқа және жылу пункті ретінде пайдаланылған арнайы орындарға жайғастырды. Өрт сағат 20:18-де сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің жалпы ауданы 39 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірілгеннен кейін эвакуацияланған тұрғындар өз пәтеріне оралды. Өрттің алдын ала себебі - электр сымдарының тұйықталуы. Өртті сөндіруге облыстық өрт сөндіру-құтқару қызметінің 12 техникасы мен 40-тан астам адам жұмылдырылды.