Ольга РЫЛЬ: Баланы қылмыскер қылатын – орта

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 185

Қоғамның ең кішкентай бөлшегі – бала. Біз келешекке немқұрайлы қарамауымыз керек. Өйткені ертеңгі қоғамның иесі – бүгінгі бала.  Ол жапа шекпесін, азап тартпасын десек, өзгені емес, өзімізді түзеген абзал. Кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғайтын әлеуметтік психологиялық «Шанс»  орталығының жетекшісі Ольга Владимировна Рыль ханымның уайымы – осы.  

Ольга РЫЛЬ: Баланы қылмыскер қылатын – орта

– Сіз басқаратын орталықтың жұмысын қалай сипаттаймыз? Жасөспірімдер қылмысы белең алып барады. Дегенмен кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тағдырына алаңдайтындар көп емес. Әлеуметтік қолдау күтетіндер көп пе?

– Біздің орталық,  негізінен кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс істейді. Әсіресе, өмірде қиын жағдайларға тап болған бала көп. Біздің қолдауымызға зәру жандар да – солар. Орталық 2016 жылдың наурыз айында құрылды. Қазір 17 бөлім бар. Ал елордада жұмыс істейтін бір ғана орталық. Сол үшін де әр күнді әрбір ықшамауданға бөліп тастадық.  Негізі, әр ауданда бір бөлімнің болғаны дұрыс еді. Алайда маман жетіспеушілігі тағы бар. Жоқтық қол байлайды деген осы.

–  Он жеті бөлімнің жұмысын үйлестіру де оңай шаруа емес.  Ең басты қиындық неде?

Әрине, жұмыс көп. Орталық кеңейе түсті. Оған қоса, қоғам мұндай мәселенің барын енді түсіне бастады. Бұған дәлел, 19-20 қараша күндері  «Қазақстан – баламен достықта» атты республикалық конференцияның өткені. Осындай халықаралық дәрежедегі үлкен шарада мәселені ашық айта алдық. Қазір өз арамызда заңмен  байланысты  болған балалар деген термин бар. Ол дегеніміз – заң алдында жауапты болғаны.

Бұған қылмыс зардабын шеккен азаматтарың балалары кіреді. Өйткені заң оларға қорған бола алмады. Ал бұл дегеніңіз – балаға үлкен психологиялық соққы. Себебі бала заңның бар екенін біледі. Бірақ оның неге қорғай алмағанын түсінбейді. Сондықтан да көп баланың сот саласына, судьяға, мамандарға деген сенімі жоғалады. Әсіресе, бұл жағдай зорланған жасөспірімдерге қатысты.

преступление.jpg
Ал оның ішінде заңмен кикілжіңде деген топ бар. Оған қылмыс жасағандар, сотталғандар, қамаудан оралғандар, арнаулы оқу мекемелерінен келгендер және қылмыс куәгерлері жатады. Ол куәгер бола тұра, қылмыстың жасалғанын көрді. Бұл қылмысқа қатысын көрсетеді. Екінші жағынан, оның қылмысқа қатысы да болуы мүмкін. Осы екіараның аражігін дұрыс ажырата алу керек. Бірақ қай-қайсысын алсақ та, бұл жайында сөз қозғалған емес. Бала түгілі, ата-ананың өзі ашығын айтпайды. Біріншіден, ол біздің менталитетімізге қатысты. Екіншіден, кез келген ата-ана баласының келешегін ойлайды. Сондықтан оның өміріне балта шапқысы келмейді.

Мысалы, біздің елде бала заңға қатысты қандай да бір ағаттық жіберсе, өмір бойына таңба болады. Оны уақыт та өшірмейді, ұмыт та болмайды.  Ал Әзірбайжан мен Арменияның тәжірибесінде өсіп келе жатқан бала жасөспірім кезінде қандай қылмыс жасаса да, кәмелетке толғанында бәрі кешіріледі. Осы нәрсені бізге енгізсе деймін. Әйтпесе, баланың санасында қалған «дертті» жою мүмкін емес. Сол үшін де бұл мәселені жиі қозғап келеміз.

kraja.jpeg


  Бұзақылық сабаққа бармаудан басталады

– Қоғамдағы ең түйткілді мәселені бір конференцияда шешу мүмкін емес. Дегенмен жиында өзекті тақырыпты қаузай алдыңыздар ма?

 – Мәселен,  елімізде Бас прокуратура  қылмыс жасаған балаларды тіркеп отыратыны белгілі. Бірақ оларға қандай көмек көрсететіні, не істейтіні жайында ешқандай ақпарат  жоқ. Ал біз болсақ, балалардың бұл қылмысқа неге баратынын, не үшін жасағанын анықтайтын база құрдық. 

Екі жылдық жұмыстың нәтижесінде, Білім және ғылым министрлігі 1 сәуірде атаулы әлеуметтік көмек көрсету жайындағы заңға өзгерту енгізіп, бұйрық та шығарған. Енді Балалар құқығын қорғау комитеті өмірлік қиын жаңдайға тап болған балаға көрсететін көмегін қажетіне қарай заң жүзінде бекітіп ала алады. Заң 25 шілдеде қабылданып, министр қолын қойған. Бұл осы салады жүрген бүкіл басқарма басшылығына қатысты.

книга.jpg

Заңның екінші қосымшасы негізінен, біздің орталықтың жұмысына арналған.  Ол жерде бас бостандығынан айырылған орталықтардан келгендер, бақылауда жүргендер, арнаулы оқу орындарына оралғандарға қатысты стандарттар көрсетілген. Соның көмегімен балаға не керек екенін анықтауға болады. Әйтпесе, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісін жүргізгендей,  қорқытып-үркітіп қойып, басқа мектепке ауыстырып жіберумен мәселе шешілмейді. Болмаса, Жұмыспен қамту орталығы жұмысқа тұрғызумен шектелмейді. Онда балалар арнайы тесттен өтіп, соған байланысты онымен жұмыс істейтін нақты бағдарлама құрылады. Сол арқылы оған көмектесуге бекітілген мемлекеттік ұйымдарды тартуға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда, кімнің не істейтінін жіліктеп шағып береді.  Бұл бағдарлама құқықбұзушылық жасаған балалармен жұмыс істеуге ыңғайлы.

  – Өрімдей жастың қылмыстық жолға түсуіне не себеп?

  Әр баланың жағдайы өзінше бөлек. Бұл жерде нақты біреуге кінәні арта алмайсың. Баланың тура жолдан ауытқуына  бүкіл фактор әсер етеді. Мысалы, бала неге сабақтан қашып жүр деп ойлайсыз. Балалар мектептен неге кетеді дейсіз? 

Біріншіден, бала мұғалім  өткен жаңа  тақырыпты түсінбей қалады. Оны түсіндіріп отыратын мүғалімнің де уақыты жоқ. Үйге келгенде үй тапсырмасын орындауда ешкім түсіндіре алмайды.  Содан бала қорқа-қорқа кітаптың бетін жауып қоя салады. Кейінірек бұл қалыпты жағдайға айналады. Оған баланың да бойы үйренеді. Сөйтіп жүргенде сабаққа қатыспай, мектептен қаша бастайды. Сол аралықта өзі секілді балаларды кездестіреді. Сөйтіп, өз ортасы пайда болады. Енді олар уақытын қызықты өткізгісі келеді. Оған қаражаттың жетіспеуі кедергі. Бұл тығырықтан шығу үшін ұрлыққа барады. Әуелі телефон ұрлаудан басталған іс, соңы неге апаратыны белгісіз. Осының алдын алу үшін балаға мұғалімді жалдап, сабақ үлгерімін көтеруге көмектесеміз.

Мәселен, жақында ғана бір қыз бала босанды. Сабақтан бос уақытында ойнап жүріп от басқан. Жүрген жігіт оны тастап кетті. Өзінің материалдық жағдайы да мәз емес. Анасы жұмыс істемейді, үйде жейтін тамақ та жоқ. Осы жағдайға сынып кетпей, ары қарай  өмір сүруіне жағдай жасау керек.  Сөйтіп, оны кешкі ауысымға оқуға ауыстырдық. Ал мұндай жағдайлар бізде жетіп артылады. Қорғансыз жандармен  мақсатты түрде айналысу – біздің міндет. 

ребенок.jpg

Анасын тыңдап, өтірікке бой алдырады

   – Соңғы кезде жасөспірімдерді зорлап кету фактілері жиі кездеседі. Қоғам неге қатыгезденіп барады?

  – Бұл іспен айналысып жүргенімізге 3 жыл болды. Осындайда зардап шеккендерге мектеп психологтары көмекке баруын қадағалаймыз. Бұған мұғалімнің барғаны дұрыс емес. Ол да  әйел, оның да өз басының қайғысы, машақаты жетеді. Ал мектеп психологтары мұндай жағдайға арнайы оқытылған. Мысалы, Нұр-Сұлтанда қылмыс жасалса, бірден инспектор не болмаса тергеуші психологты шақыртады.  Зорлау ісі не болмаса үйін тонап,  әке-шешесін көз алдында өлтіріп кеткен қылмыстық оқиға белең алуы мүмкін. Мұның бәрі баланың көз алдында өтсе, тіптен қиын. 

Біздің психолог мамандар бірден оқиға болған жерге барып, іс қозғалмастан бұрын баламен жұмыс істей бастайды. Ол сауалнамасын жүргізе отырып, баланың ойын айтқызып, біреудің қысым көрсетуінен сақтайды. Бір сөзбен айтқанда, баланың құқығын қорғайды. Ал егер баланың қылмыстық іске қатысы болса, психологымыз тергеу барысынан сот алдына дейін барады. Баланы сұрақтың астына алған сот психологтан мінездемесін сұрай алады. Психолог баланың өтірігін не жасырғанын байқаса, оның себебін түсіндіреді.

насилие.jpg

– Сот үстінде бала кейде пікірін өзгертіп тастауы мүмкін. Оған әртүрлі жағдайлар себеп болатын шығар. Сондай сәтте баланы тығырықтан алып шыға аламыз ба?

Ол да адам баласы, жақынының көңіліне қарайды. Кейде ата-ананың өздері баланның пікірін өзгертуге итермелейді. Әсіресе, жыныстық қатынасқа  күштегенде не азғырған жағдайда осындай сәттер кездесуі мүмкін. Кез келген нәзік жанды қасында ер азаматтың болғанын қалайды. Бірақ онымен некесін қимай не тіркемей, азаматтық некеде тұрады. 

Сол кезде бірге тұратын еркегі оның қызын азғырып, жыныстық қатынасқа итермелейді. Сондай сәтте бала өз сөзінен тайқып шығады. Себебі ол анасының айтқанын істеді. Ал анасы болса баласын емес, азаматын аман алып қалуды ойлап тұрады. Тіпті, бірде «Қашанға дейін өтірік айта беремін, үн-түнсіз қалғым келмейді» деп сот үстінде анасына айқай салған баланы да көрдік. Міне, сондай кезде баланың эмоционалды күйін психолог зерттеуге  тырысады. Сонымен қатар Кеңес дәуірінде ондай жағдай тек қыздардың басынан өтсе, бүгінде өгей шешелері ұлдарын азғыратын күйге жетті.

– Педофильдер көбейді. Қазір  ана баласын жалғыз көшеге шығара алмайтын күйге жетті. Педофилизммен қалай күрескен дұрыс? Мұның шешімі бар ма?

–  Педофильдер көбейгені рас. Елорданың маңында  бір азамат аулада жүрген 6 жасар баланы үйіне кіргізіп алып, ойына келгенін істеген. Баланың бұл жағдайынан  үй іші хабарсыз.  Үйге қайтып келген әлгі бала су ішпекші болған. Сол кезде өзін-өзі ұстай алмай құсып жіберген. Сериал көріп, теледидар қарап отырған анасы баласының жайын сол кезде ғана аңғарады. Күйеуі милиция келгенше әлгі еркектің үйіне барып, оны сабап тастаған. Енді ол да жауапқа тартылады. Қайта әлгі педофильді өлтіріп тастамаған. Әйтпесе сотталар еді. 

зорлык.jpg

Міне, осының бәрі ата-ананың салғырттығынан болды. Баланың анасымен кездескенде «аулаға балаңызбен бірге неге шықпадыңыз? Балаңыздың өмірінен гөрі сериял қымбат болғаны ма? Өзіңіз оған қарамасаңыз, балабақшаға бермесеңіз, несіне тудыңыз? Сіз оның тәрбиесімен айналысуыңыз керек» дедім.

Жалпы, ешқашан баланы қараусыз қалдыруға болмайды.  Салғырттықтың кесірінен баланың жанына жазылмайтын жара салдық.  Қыз бала ондайда көбіне бетін жауып тастап, ұмытуға тырысады. Ал ұл бала өз физиологиясына тән емес дүниемен жолыққанда, оның психикасы күйзеліске ұшырайды. Шынын айтсақ, мидың жұмысын түсініп білмейміз. Соның кесірінен алдағы уақытта ол жынысын өзгертуі мүмкін. Не болмаса ішіп, шегіп кетеді. Болмаса жанына мүлдем ешкімді жолатпай өтеді.

Осыған қатысты жабық тобымыз да бар. Ол жерге өзінің ішкі сезімін түсінбеген, жынысын өзгерткісі келетіндер келеді. Бұл мәселені білім басқармасына хабарлап, тек сынып сағаттарымен шектелмей, тәрбие жұмястарын жүргізуді айтып отырамыз. Ол үшін баламен жұмысты 1-сыныптан, балабақшадан бастауы керек. 

– Жазықсыз зардап шеккен балалармен жұмыс істейтін бірізді жүйе бар ма?

– Өкінішке қарай, нақты функциялары бекітілген жүйе әлі жоқ. Тіпті,  тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелді қорғайтын заң бар. Бірақ ол заң баланың мүддесін қорғамайды. Біреулер оның балаға не қатысы бар деуі мүмкін. Алайда әкесінің қорлығына көніп жүрген анасын көру балаға оңай емес. Ол өзі таяқ жемесе де, оның психологиялық зардабын тартады. 

Кейде анасын қорғаймын деп әкесін соққыға жығатындар бар. Көз ашқалы күнде көретіні сол болса, баланың ішкі жан дүниесі не болып жатқанын кім білсін? Оның кесірі дәл қазір шықпаса да, араға уақыт салып өзін көрсетеді. Мейлі ол ер жеткенде болсын, үйленіп отбасылы болсын. Бұл – посттравматизм. Сондықтан заңға өзгерту енгізу керек. Тұрмыстық зорлық- зомбылыққа түскен әйелді ғана емес, баланы да қорғауы тиіс. Әрбірден соң бала осыны көру үшін дүниеге келген жоқ қой. Осылай жүре берсе, ертең өзі сондай болмайтынына кім кепіл?
конфет.jpg

Мәселен, бізде бір жағдай болды. Әкесі ішкен сайын келіншегін ұрып-соғып, оны зорлайды. Әлгі еркек бойы 2 метр, алып денелі екен. Ал әйел шөкімдей ғана кіп-кішкентай. Бұл жағдай үзілместен күнде-күнде болған. Сөйтіп, бір күні 10 жастағы баласының шыдамы таусылып, шешесін қорғамақшы болған. Бірақ әкесі мастықпен ұлын қылқындырып өлтіре жаздаған. Оқиға орнына келген полиция қызметкері балаға емес, анасына  сот сараптамасына тапсыруды жазған. Сол кезде балаға да сот сараптамасын жасағанда, соған сүйене отырып, шешесі оны әкелік құқығынан айырар еді. Бірақ іс сотқа барғанда әйелдің ғана сот сараптамасы болды. Ал баланың болған жағдайды баяндаған  жазбасы бар. Сондықтан әкенің тек құқығын шектеді. Бала болса «сені кешірмеймін» деп онымен сөйлескісі келмейді. Әлгі бала сабақты жақсы оқиды, сыныбының үздігі.

намаз.jpg

Дүмше молда дін бұзар

– Орталық 2016 жылдан бастап деструктивті діни ағымдарда жүрген балалармен жұмыс істеуді қолға алды. Мұның қаупі қандай?

– Бізде әлі деструктивті діни ағым деген түсінік қалыптасқан жоқ. Бірақ ата-анасы түрлі діни ағымда жүрген балалар бар. Оның арасында салафизм де, иегова да бар. Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісіне қатысты бір ананың ісін қарадық. Әлгі ана – иегова табынушысы. Ол баланы сабағына дайындамайды не оны мектепке жібермейді. Керісінше, оны күштеп дұғасын жаттатып, дінге табынуға күштеген. Діни уағыздан  жалыққан бала үйінен қаша бастаған. Екі ретінде де 10 жастағы баланы ұстап алып, үйіне  апарған. 

Үшінші жолында өзі біздің орталыққа келіп «Үйге барғым келмейді, анам дұға оқыта береді» деді. Сөйтсек, ол мектепте екінші жылға қалдырылған. Ал анасының бұған дейін бес баласы болыпты. Діни ағымға кірген оны бірінші күйеуі аналық құқығынан айырып, балаларын алып кеткен. Жоғары білімді әйел басқа азаматпен тұра бастайды. Бірақ онымен қарым-қатынасы ұзаққа бармай, әлгі еркегі кетіп қалады. Сөйтіп, жалғыз баласы діни ағымға кіріп кеткен анасымен бетпе-бет қалады.

Меніңше, адамның ұстанатын діни көзқарасы мемлекетке де, қоршаған ортаға да, балаға да кесірін тигізбеуі  керек. Ондайда баланың құқығын қорғайтын органдар комиссия құрып, баласын зайырлы қоғамның азаматы ретінде тәрбиелемесе, оны аналық құқығынан айыра алады. Онда бала балалар үйіне түседі.  

Еліміз демократиялы мемлекет болған соң, бұл жағдайда да жұмсақтық көрсетуде. Ананы бірден құқығынан айырмай, әуелі 6 айға дейін шектейді. Ал бала осы орталыққа орналастырылады. Сол аралықта ана өзінің өзгергенін көрсетсе, шектеуі алынып, баласы қайтарылады. 

– Қоғам дінде де неге бірнеше бөлшекке бөлініп кетті?  

Бір отбасы бар: исламды ұстанады. Әйелі хиджаб киеді. Өздерінің төрт баласы бар. Ең үлкенін әкесі ұрып-соғып отырып, намаз оқуға күштеген. Қазір 16 жасқа келген бала кәдімгі ұрлықшыға айналған. 

«Өзіңіз намаз оқисыз, келіншегіңіз хиджаб киеді. Ендеше, ұлыңыз бұл жолға қалай түсті?» десем әкесіне, ол: «Білмеймін. Қазір ол маған мүлдем бағынбайды, маған құлақ аспайды» деді. Бұл жерде ештеңені түсіндірудің де керегі жоқ. Бастысы, адам қаламаса, оны күштеудің қажеті жоқ.
Әрине, әкесі баласына ұстанған жолын көрсеткісі келді. Бірақ оған күштемей, көрсетсе де болар еді. Оның көзқарасын қабылдау не қабылдамауды баланың өзі шешеді. Осындай жағдай өте  көп. Қандай ағым болса да оның зардабын бала тартатынын ұмытып кете береміз.

maxresdefault.jpg


Туған жерін білмейтіндер де бар

– Жалпы, балаға дінді қай кезден бастап насихаттаған дұрыс?

Мәселен, кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыстық кодекске тартылуы 14 жастан басталады. Ал 10 жасынан бала Азаматтық сотта ата-ананың қайсысымен тұрғысы келетінін және қай кезде кездесетінін өзі таңдауға құқылы. Исламның өзінде он үш жасынан намаз оқуды бастайтыны белгілі.Бірақ соған қарамастан көп отбасы 3-4 жасар қыздарына хиджаб кигізіп, намаз оқытып жатады.

Кейбір ата-аналар «біз үйретіп жатқан жоқпыз, өзі істеп жүр» деген  қулыққа баруда. Бала отбасындағы заңдылықтарды қабылдап, сонымен өмір сүретіні бесенеден белгілі. Баланы ақыр соған үйрететіні бар, ендеше оған діни сауаттылық бір жақты берілмеуі керек. Қынжылтатыны – осы. 

Өздері қай ағымда соны насихаттау қажет емес. Тым болмағанда балаға діннің қандай түрлері болатынын, атеизмнің не екенін түсіндірген дұрыс. Мысалы, өткен жылы оқуға тыйым салынған кітапты таратқаны үшін бір бала сотталды. Ол бұл кітаптарды кәдімгідей мақсатты түрде таратқан. Құрығанда, сол тізімді білгені  жөн еді. 

Осындай құқықтық сауатсыздықтың кесірі жасөспірімдерге тиіп жатыр. Сондықтан қандай да бір діни ағымға кірудің уақытын заңды түрде бекітсе екен. Өз басым, 16 жасты дұрыс санаймын. Жеке басын куәландыратын куәлігін алғанда, жақсы мен жаманды айыралатын жаста болады.

 – «Жусан» операциясы бойынша қаншама бала елге оралды. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандар өте көп. Қиын тағдыр кешкен бұл балалардың ендігі өмірі қандай болмақ?

Бізде қазір «Жусан» операциясы бойынша келген 407 бала бар. Арасында балаларымен қайтып келген аналар да,  қашып келгендер де, елшілік арқылы оралғандар да бар. Иракта қамауда отырған қыз-келіншектер де балаларымен елге оралды. Олар анасымен бірге түрмеде болғандар. 

kids.jpg

Бұл балалар атыс-шабыстың, жарылыстың ортасында жүріп, аман қалу үшін жанталасқан. Мектепке мүлде бармаған. Ал ол дегеніміз –  коммуникацияның үлкен ортасы. Баланың бүкіл қарым-қатынасы сол арқылы құралады. Жақсы оқыса,  медресеге не мешітке берген. Арасында қазақша, французша және орысша үйреткен. Есеп жағынан қосып алуды ғана оқытқан.

9 жастағы бала келді. Мектеп дегеді көрмеген, сабақ оқымаған.  14-15 жастағы балалар кезінде осы жақта бастауыш сыныпта оқығаны болмаса, одан басқа білім алмаған. Олар балаларға арналған кино түгілі мультфильмдерді көрмеген. Сондықтан олар тым болмағанда, туған жерінің тарихын білсін деген ниетпен демалыста мұражайларға апарып, үйірмелерге қатыстырамыз.  

Әйтпесе, кейбірі Ирак, Иран, Ауғаныстан, Түркияда болған. Шекараны өзінің бес саусағындай біледі. Ал туған жері Қазақстанды, оның ішінде туған қаласын картадан таба алмады. Олар тіпті еліміздің солтүстік пен оңтүстікке, батыс пен шығысқа бөлінетінін білмеді. Бастапқыда бұған сенбедік. Бірақ бәрі рас екен. Оған қоса, онда әртүрлі ұлт өкілі тұрған соң, балалар да барлық тілде сөйлей береді.

 Өткенде бір балаға ине салатын болдық. Әлгі жылап тұрып арабша бірдеңе айтты. Бәрі біткен соң, «әне жылайтындай ештеңе болған жоқ» деп медбике орысшалап уатып еді, бала орысшалап «кетші, әрі!» деген болатын. Не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Өйткені бала ысқыш секілді бәрін сіңіріп алады. Бұған себеп болған, ата-анасының діни ұстанымы. Олар кетуге бел буғанда оның балаға қалай әсер ететінін ойламаған. 

жусан.jpg

Құжатсыз қалған балалар көп

– Өз елін өзегінен теуіп кет­кен­дер көп пе? Оның зардабы қандай?

Бір жылдары Қазақстанда тұрған немістер жаппай Герма­ния­ға орала басталды. Олардың кеткеніне қарсы болған жоқпыз. Өйткені ол жақта болашағымыз жарқын болады деп сенді. Бірақ барғаннан кейін олар қиындыққа тап болды. Біріншіден, тілді білмеуі. Сонымен бірге 12 жастан ары қарай тіл үйрену қиындай түсетіні тағы бар. 

Сондай-ақ оқыңыз

Нәтижесінде, балалар ұрлық жасап, ақыры қылмыс саны да өсе түсті. Сол кезде көп ата-ана дұрыс істеме­генін түсінді. Бұл жолы да осы нәрсе қайталанды. Мәселен, көп әйел шариғат бойынша пары­зым­ды орындауым керек деп күйеуімен еріп кетті. Бірақ ол ең әуелі өзінің ана екенін ұмытты. Бірінші кезекте баланың жағдайын ойлап, оның сол ортаға сіңіп кете алуын ескеруі тиіс еді. Қазір елге қайтарылған балалар­дың ішінде сол жақта туғандар да бар. Ал оны дәлелдейтін құжаты жоқ. Өйткені оны перзентханада тумаған не тіркемеген. Медици­налық картасы атымен жоқ. Үй жағдайында босана берген. Бір сөзбен айтқанда, бала жоқ адам­ның есебінде. Біз осындай бала­лардың қаншасы қаза болғанын да білмейміз.

 – Құжаты жоқ балаларға қай елдің азаматтығы беріледі?

 – Балаларымен оралған әйел­дердің барлық құжатын реттеп бере­міз. Егер бала құжатсыз бол­са, анасы Қазақстанның азамат­шасы болғандықтан, ол да – сол елдің азаматы болып есептеледі. Егер бала сол елде туып, оны дәлелдейтін ешқандай құжаты болмаса, геномдық сарап­­тама жасалады. Ана мен баланың қаны алынып, олардың туыстығы және қай кезде туғаны анықталады. Ондай сараптама­ның шығынын мемлекет өз мой­нына алған. 

Әйтпесе 4 бала­ны анықтау құны 480 мыңдай теңге тұрады. Ал ол – үлкен ақша. Ата-анаға ерік берсең, оны жасамауы мүмкін. Жалпы, құжатсыз жүргендер көп. Тіпті, әке-шешесінің сал­ғырт­тығынан олардың құжаты уақытында ауыстырылмай қала­ды. Кейбірі сол күйі есейіп, өздері балалы болады. Осының бәрі оқу жылының басы мен аяғында шығады. Өйткені құжатсыз бала­ларды мектепке алмайды. 

жусан-1.jpg

 – Олардың арасында ата-ана­сы жоқ балалар бар ма?

 – Әрине, бар. Жетімдердің әке-шешесі анықталған соң, оның жақын туыстарын іздестіре­ді. Жақында қауіпті аймақтан үш баланың біреуі ғана аман оралды. Жарылыс кезінде аулада ойнап жүрген екі қыз табылмаған. Ал дүкенге кеткен шешелері де жоқ. Тек үйіндінің астынан құтқару­шы­лар осыны алып шыққан. Ал әжесі әлі де оларды тірі санайды.

– Баланың кім екені анық­тал­ғанымен, оны туысы қабылдамаған сәттер кездесті ме? 

 – Ондай жағдайлар да болды. Онда да материалдық жағдайы­ның жетіспеушілігінен балалар­дан бас тартқан. Мәселен, үй іші қызының бір баламен кеткенін біледі. Бірақ ол елге бір емес, бес баламен оралады. Ондай жағдай бір-екі рет болды. Кейбірі өзінің төрт баласы болғанына қарамас­тан, тағы төртеуін алып, өсіріп отырғандар да бар. Олар ешкімнен кем емес. 

maxresdefault (1).jpg

– Түрлі зорлық-зомбылықты көзбен көрген бала кейін қалыпты өмір сүре ала ма? 

 – Сіз менің мына сұрағыма жауап беріңізші. Мысалы, үшінші біреуді алайық. Ол жақсы маман, білімді азамат, табысы да жеткі­лік­ті. Келіншегі де тәрбиелі, екі баласына қарап отыр. Ерлі-зайып­ты ретінде қарым-қатына­сы да жақсы. Үй ішінде ешкім іш­пейді, шекпейді. Бірақ оның баласы ертең қылмыс жасамайты­ны­на сенімдісіз бе? Ол белгісіз. Оны біз білмейміз. Ешкім одан сақтандырылмаған. Сол секілді баланың қашан діни ағымға кіріп кететінін де білмейміз. 

Тек жақсы мен жаманды ажырата білуіміз керек. Бір білетінім, бала қыл­мыс­­кер болып тумайды. Оны қыл­мыскер қылатын – орта. Нақ­ты­рақ айтқанда, отбасы қай жер­де өмір сүреді, бала сол ортадан үйренеді. Егер ол қатыгездіктің ортасында болса, аман қалу үшін өз тірлігін істейді. Міне, осы нәр­се де баланы қылмысқа ите­руі мүмкін. 

 – Сізді не алаңдатады?

– Біздің қоғам толерантты болса деймін. Өйткені қай кезде қандай жағдайға түсетінін ешкім біл­мейді. Көршінің басынан өт­кен жағдайға олар кінәлі емес. Ата-ананың тәрбиесі дұрыс бол­са, бала да саналы болып ер­же­те­ді. Қоғамды сақтайтын – тәр­бие. 


 Сұхбаттасқан Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ