Смағұл ЕЛУБАЕВ: Ашаршылық – демографиялық апат

Газет мақаласы Айқын газеті №88

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен Р.Бердібаев атындағы халық университетінде кезекті дәріс өтті. Жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубаев «Нәубет жылдар шежіресі: тарих және көркем шындық» тақырыбында дәріс оқыды. Қаламгер «Ақ боз үй» романы арқылы Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде осы тақырыпқа қалам тербеп, ел ықыласына бөленген. Жарты ғасырға жуық уақыт осы тақырыпты терең зерттеп келе жатқан Смағұл ағаның ойларын оқырманға жеткізгенше асықтық.

Смағұл ЕЛУБАЕВ: Ашаршылық – демографиялық апат

Роман кейіпкерлері – ауылдастар

Ашаршылықты бастан кеш­кен, ауа көшкен ауылдың бала­сымын. Қарақалпақстанның Маңғыт қаласында туып, бірақ құжатты Түркіменстаннан алдық. Ауылда өскен бала болғаннан кейін нәубет жылдары біздің құлағымызға әбден сіңген әңгіме. Мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде «Біздің тарихымыз неге өтірік айтады?» деген ой кел­ді. «Асыра сілтеу болды» дейді, бі­рақ ашаршылық деген сөз та­рихта жоқ. Бірінші курста жүрген кездің өзінде «Кеңес мектебі бізге «Шындықты айт деп оқытты ғой, ендеше шындықты айтайын» деп «Қашқын ауыл» атты роман жазу­ды жоспарладым. Романның кейіпкерлерін саралай бастадым. Оның бәрі кішкентайымыздан естіген әңгімелердің кейіпкерлері болатын. Өз көзімізбен көрген адамдар. 50-60 жылдары олардың көбісінің көзі тірі болатын. Дегенмен бірер жыл айналысқан соң бұл тақырыптың студент көтеретін қолшоқпар емес екенін сездік. Қиыны – бұл тақырып туралы материалдар жоқ еді. Сон­дықтан ашаршылықты жылы жауып қойып, шағын проза жазу­мен айналысып кеттік. Алайда ашаршылық тақырыбына іштей дайындық жүріп жатты. 1975 жы­лы Жазушылар одағының плену­мында мінберге Мұрат Әуезов шығып, жабық тақырып ашар­шы­лық туралы «Бұл тарихты ай­налып өткен әдебиеттің болашағы жоқ» деп қойып қалды. Сол кезде «Бізден де басқа бұл тақырыпты ойлайтын адам бар екен ғой» деп қуанғаннан төбем көкке жеткен­дей болды. Сонда жиналған жұрттың төбесінен жай түскендей әсер етті немесе ашық күнде күн күркірегендей болды. Ашар­шы­лық туралы мінберден сөйлеген жанды бірінші көруім. Пленумнан кейін Мұрат Мұхтарұлын құшақ­тап, қолын қысып, ризашылы­ғым­ды білдірдім. Бірақ Мүкеңнің айтқаны өзіне пәле боп жабысты. Баспадан шығайын деп жатқан «Эстетика кочевья или познание мира традиционным казахским искусством» кітабы қайшыға түсті. Өзіне, әрбір сөзіне аңду қойылды. Мұның арты үлкен әңгімеге айналып, Мүкең тағды­рын өзі қиындатып алды. Бірақ бұл ол заманда жүрек жұтқан батырлық болды. «Жас тұлпар» ұлттық намысымызды қалай оятса, оның ашаршылық туралы әңгімесі бізге «Осы тақырыпқа кіріс, онсыз әдебиет әдебиет бол­майды» деп ұран тастағанмен бірдей еді. Содан 1982 жылы романға отырдым. Оның алдында Ақтөбе облысының Байғанин ауданына барып көз көрген кісілерді сөйлеттік. Одан кейін үстірттің үстімен жүріп өтіп, Қа­рақалпақстанға бардық. Ол жерге көшіп барған елдің ақсақал­дарымен сөйлесіп, ары қарай Түркіменстанға барып жұмысты жалғастырдық. Осылайша үш-төрт рет ел аралауға тура келді. Бірақ негізінен ауылымызда бол­ған оқиғалар, естіген, көрген тірі адамдардың әңгімелері кітапқа негіз болды. Отызыншы жылдар­да­ғы баспасөзді назардан өткіздік. Бірақ Бейімбет Майлиннің әңгі­мелерінен басқа бұл тақырыпты қозғаған проза табу қиын еді.

 

25 мың адамның атылу себебі не?

«Кітап қалай жазылды?» деген сұраққа жауап бергім келмейді. Ол – жазушының шаруасы. Мәселе – жазылған кітаптың оқыр­манға жетуінде, оны тол­ғандыруында. Әдебиеттің басты мәселесі – оқырман табу.

Ашаршылық – демография­лық апат. Ендеше, дерек көздерін сөйлетейік. 1897 жылы Ресей империясының халық санағы болды. Сол жерде қазақтың саны тайға таңба басқандай 4 миллион 84 мың адам деп көрсетілген. Тәжік, түркімен, қырғыздардың саны 300 мыңнан төмен болды. Кейбіреуі – 200 мыңдай. Өзбектің саны – 700 мың. Сонда бір қазақтың өзі бүкіл Орта Азия халықтарының тең жартысындай болған. Содан кейінгі деректі тарихшы Александр Чулошников 1921 жылы Орынборда шыққан «Очерки по истории Казак-кир­гизского народа» деген еңбегінде келтіреді. Кітап – менің қолымда. Автор бұл кітабының алғашқы бетінде-ақ 1911 жылғы статис­тикаға сүйеніп қазақтың саны 8 миллионнан асатынын жазады. Азамат соғысы жылдарында жар­ты миллиондай қазақтан айырыл­дық деген деректер айтылып жүр. Мен оған сенемін. Өйткені 1916 жылы басталып азамат соғысына ұласқан 3-4 жыл қазаққа апат алып келгені белгілі. Қазақтың малын біресе қызылдар, біресе ақтар, одан қалғанын үкіметтің өзі тартып алып отырды. Үкімет­тің тартып алғаны – қала халқын, зауыттарды аман сақтау керек болды. Ол жылдары большевик­тер­дің қазаққа жаны ашымады. Социализмге сай емес қазақ қы­рылса қырыла берсін дегендер болды. Салдарынан 1921-1922 жылдары Ұлы даланы алапат ашар­­­шылық жайлады. 1922 жылы алашордашылар мен Үкіметті басқарып отырған қазақ азаматта­рының біріккен үлкен жиыны болды. Осы жиында Мұхтар Әуезов баяндама жасады. Ол «Алаш­орда партиясының дерек­тері бойынша қырылған қазақтың саны 1 миллион 700 мың, оның 700 мыңы – балалар» деп мәлім­деді. Ол дерек бізге ГПУ хаттама­сы арқылы жетті. Содан кейін, өздеріңізге белгілі, қазақты бір­жола жоюға бағытталған нәубет қазақтың басына 1931-1933 жыл­дары орнады. 1992 жылы құрыл­ған комиссия бұл жылдары 2 мил­лион 300 мың қазақ қырылды деген қорытындыға келді. Енді оған 1921-1922 жылдары қырыл­ған 1 миллион 700 мың кісіні қос­сақ, 4 миллион шығады. Аза­мат соғысы жылдарындағы жарты миллионды қоссаңыз, 4 миллион 500 мың деген нақты дерекке не­гізделген сұмдық цифр шығады. Осы үш ашаршылық салдарынан жарты халық қырылды. Осындай қиямет-қайым көпірінен өткен халық көзі көрген сұмдықты айт­пай тұра алмады. Ал ашаршылық коммунистердің ең сорақы қыл­мысы болғандықтан, айтқан­дардың бәрін атып отырды. 25 мың қазақтың атылу себебі содан деп білемін. Соның бәрі сатқын­дық құрбаны деу халыққа обал. Бүкіл халықты сатқын қылып көр­­сетуді доғару керек. Одан да сол атылған 25 мың кісі ащы шын­­дықты айтып құрбан болған­дар деген дұрыс. Әрине, Голоще­кинге қызмет істеген Құрамысов сияқтылар да болды. Бірақ түгел қазақ бірін-бірі сатқан жоқ. Ол – қазақ тәрізді текті халыққа жабыл­ған жала. 1937-1938 жыл­дары адамды ату үшін ашаршылық туралы бірауыз сөз жеткілікті болатын. Халықтың жартысы қы­рылған трагедияны көрген көзі ашық адамдар неге үнсіз отыруға тиіс? Олар айтты. Айтамыз деп атылды. Ұсталып, атылғандар басқа республи­каларда неге аз болды? Себебі, оларда қазақ сияқ­­ты халқының жартысы қы­рылған жоқ. Халық боп қырыл­мағаннан кейін оларда қызы­л­дарға деген жалпыхалықтық наразылық та болған жоқ. Ал бізде репрессияның үлкен болуы қарсылық үлкен болуынан. Қолға қару алып зұлымдыққа қарсы шыққан 80 мың адам, яғни 370 көтерілістің болуынан. Сол се­бепті, тоталитарлық режим қазақтың қаймағын сыпырды. Өйткені ашаршылық тарих алдында компартияны қарабет қылған ең ауыр қылмыс еді. Оны айтқызбауға, жазғызбауға бұл режимнің жан салуы содан еді.

 

Сұрапыл апаттың саяси салдары

Ашаршылық атты апаттың саяси салдары да сұмдық болды. Орталық Азиядағы ең көп халық – қазақтар ең аз халыққа айналды. 1937 жылғы санақтың нәтижесін жасырды. Оны жасаған адам­дарды ұстап, атты, репрессияға ұшыратты. 1939 жылы қайта санақ жасалып, қазақ 2 миллион 300 мың деген дерек келтірді, бірақ 400 мың адамның қолдан қосылғанын тарихшылар айтып отыр. Ендеше, 1937 жылғы қазақ саны 1 миллион 900 мың адам болғаны көрініп тұр. Осы деректі бір құжатта өз көзіммен көргенім бар. Сөйтіп, Қазақстандағы қазақ саны тың игеруден кейін 29 пайыз­ға түсті. Бұған қызыл им­перия керемет қуанды. Олар­дың бір өкініші – қазақ деген халықты біржола құрта алмағаны. Мақсат жою болған. Неге десеңіз, Ресей империясы сонау І Петр заманынан бастап Орталық Азияны, ары қарай Үндістанды жаулап алуды армандады. Империяның сол арманына Орталық Азияда қазақтар қару ұстап қарсы тұрды. Олар орыс басқыншыларын қа­зақ даласына жібермеді. Әбілхайыр хан күллі ғұмырын ат жалында өткізді. Сол үшін империя қазаққа өшікті. Сол өшпенділікті іске асырған Қызыл империя болды. Әйтпесе, 1953-1954 жылдардағы тың иегеру ке­зінде неге сыртта жүрген 1 мил­лион қазақты Қазақстанға ша­қырмады? Керісінше 2 миллион славян халықтары өкілдерін шақырды. Бұл Хрущев басқарған компартияның шовинистік саясаты деп білеміз. Қазақ санын көбейтпей, бұл халықты бір­жо­лата тұқырту, үлкен билікке ара­ластырмай, тілін, дінін, санасын тұқырту керек болды. Халықтың өзін жоя алмағаннан кейін, оның рухын жою керек болды. Рухын жою үшін олардың санын кө­бейтпеу керек еді. Оның мектебін, балабақшасын, оқу жүйесін қыс­паққа алды. 1990 жыл­дарға таман Қызыл империя осы мақсатына жетуге таяған. Демографиялық апаттың саяси салдарының бірі мынадан көрінді. Автономия құрылған 1920 жыл мен 1960 жылдар аралығындағы 40 жыл ішінде Қазақстанды он бес басшы басқарыпты. Соның жалғыз Шаяхметовтен басқа он төрті Кремльдің қызыл комиссарлары болды. Өйткені қазаққа сенбеді.


Алматыда қазақтың санын 17 пайыздан асырмау керек деген жасырын нұсқау болды деп айтады, рас болар, ол кезде өз астанамыз өзіміз үшін жабық қала болатын. Көбейсе күшейіп кетеді деген болуы керек, қа­зақтарды тіркеуге тұрғызбайтын.


Хрущев қазақтың жерін тар­тып алуға кірісті. Ол Маңғыстауды – Түркіменстанға, бес облысты – Ресейге, Оңтүстік Қазақстан­ның мақталы аудандарын Өз­бекстанға беріп, Қазақстанды біржола географиялық картадан өшіруді көздеді. Өйткені көзі ашық, рухы биік қазақтар им­перия үшін қауіпті болды. Қараңыз, қазақтар бірінші болып Қазақстанда 1918 жылы Алашорда автономиясын жариялады. Бірінші болып Орталық Азияда – Қоқанда автономия құрған да – қазақ зиялылары. Сондықтан империя қазақ зиялыларымен есеп айырғысы келді. Оларды 1937-1938 жылдары тізіп қойып атқаны – қазақтың мықты­лы­ғынан. Олар мықты болғаны үшін оққа байланды. Орталық Азияға 300 жыл бойы Ресейді жібермей ұстап тұрғаны үшін де қазақтарды ақыры 20-30 жылдары Қызыл империя қырып тынды.

Хрущев өзі басқарған сегіз-тоғыз жыл ішінде Қазақстанды тарата алмай қалды. Мақсатына жете алмай қалды. Біз Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенов сияқты жанкешті азаматтардың арқасында аман қалдық. Ол кісілерді ұлықтау ешқашан тоқ­тамауы керек! Әсіресе, Тәшенов отқа түсті, ажалға қарсы шапты. Оның артында Қонаев тұрды. Осы екі тұлға Қазақстанды бөлшектетпей, 1962 жылға дейін аман алып келді. Мінеки, ашар­шылықтың, яғни Қазақстанда қазақтың азшылыққа айналуы­ның саяси салдарлары дегенде осы оқиғалар еске түседі.

Кеңес Одағы өз саясатының құрбаны болды

Алматыда қазақтың санын 17 пайыздан асырмау керек деген жасырын нұсқау болды деп ай­тады, рас болар, ол кезде өз ас­тана­мыз өзіміз үшін жабық қала болатын. Көбейсе күшейіп кетеді деген болуы керек, қазақтарды тіркеуге тұрғызбайтын. Қазақ зия­лылары империяны қатты шошытса керек. Қазақта, расын­да, патшалық Ресей кезінде жауын­гер, ал кеңестік империя уағында мықты интеллигенция болды.

«Бір күн аш болған адамнан қырық күн ақыл сұрама» деген сөз бар. Ал бір жыл аш болған халықтың жайы қалай болмақ? Демек, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық қазақтың санасын 40 жылға шегерді деп білеміз. Ашаршылық тек қана демогра­фиялық емес, психологиялық та апат ала келді. Ең қиыны осы еді. Тірі қалған 1 миллион 900 мың қазақтың енді халық болып қалуы қиындады. Өйткені ұлт санасы психологиялық апатқа ұшыраған еді. Біздің әке-шешелеріміз «Дастарқанда нан тұрса болды» деп, шүкіршілікпен өмірін өткізді. Өйткені біз адамның етін адам жеген сұмдықты көрген, адам тышқан теріп кеткен заман­ды көрген халық болдық. Халық­тың тілі, діні, тарихи санасы, со­лардың салдарынан ең қиыны ұлттық намысы жоғала бастады. Қазақ орыстана бастады. Халық ретінде жойылуға беттеді. «Тоқ­таңдар, қайда барасыңдар?» дей­тін адам болмады. «Жас тұлпар» айтып еді, оны тобықтан қағып омақастырды. Қалғанымыз тәуел­сіздік, азаттық туралы жұм­ған ауызымызды ашпадық. Керісін­ше, қазақтың тілін құртып орыстілді кеңес халқы боламыз деп компартияның сойылын соғып ұрандатумен болдық. Кеңес Одағы осындай екіжүзді сая­сат жүргізді. Бүкіл халықтар­дың тілін жойып, түгел орыс қылу саясатын жүргізді. Егер Кеңес үкіметі әр республиканың, әр ұлттың тілін, дінін сақтауға күш салса, қудаламаса, Кеңес Одағы өмір сүре беруі мүмкін еді. Ол өзінің империялық саясатының құрбаны болды.

Көші-қон министрлігі қажет

Ашаршылық әкелген демо­графиялық апат салдарынан енді аман шығудың жолы қандай? Соның орнын қалай толтырамыз? Біріншіден, шетелдегі 5 миллион қазақты елге қайтаруға күш салу керек. Көші-қон саясаты ерекше серпін алуға тиіс. Тікелей осы мәселемен айналысатын Көші-қон министрлігі керек. Шетелден Қазақстанға қандастарымызды жеке ақшасына көшіріп әкелетін кәсіпкерлерге берілетін «Нұрлы көш» атты алтын орден тағайын­дау керек. Ондай көші-қонмен айналысатын кәсіпкерлерге жеңіл­дік жасау керек. Қазіргі «Отан­дастар» қоры мен Дүние­жүзілік қазақтар қауымдастығы барлық шетелдегі қазақтардың тізімін жасап, мекенжайын анық­тап, солармен тікелей бай­ла­ныс орнатып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бір үлкен мемле­кеттік бағдарламаға ұласуы тиіс. Біз сияқты бір ғасырда жарты хал­қынан айырылған ха­лық әлем­де жоқ. Ендеше көші-қон сая­сатымыз да соған лайықты болуы шарт. Сыртта жүрген қан­дас­тарымызды қайтармасақ, мы­нау азғантай халықпен әлем­дегі 9-орын алатын кең жерді ұс­тап тұру қиын болады. Қандас­тары­мызды атамекенге қайтару – Қазақстан үшін тікелей ұлттық қауіпсіздік мәселесі, тәуелсіздік тағдыры. Халқың аз болса үлкен саяси ойындарда ұтыласың да отырасың. Демек, қандастары­мыз­ды елге қайтару бірінші ке­зектегі мемлекеттік саясат бо­луы керек. Қазақ жастары қазір­дің өзінде қытайланып, орыс­танып, өзбектеніп жатыр. Олар өз ана тілін ұмытып жатыр. Солар­мен тікелей байланысқа шығу керек.

Демографиялық апаттың ор­нын толтырудың тағы бір жолы – көпбалалы аналарды қолдау. Бұл бәрімізге белгілі жайт. Бірақ осы мәселені кешегі бес бала отқа оранып өлгенше қолға алмадық. Бұл – біздің үкіметтің шалалығы.

Әйелдер үшін бала туу проб­лема болмауы керек еді. Бала туса жағдайы жақсаратынына кез келген әйел сенімді болуы керек еді. Алматыда тұрған біз кезінде екі баладан артық бала өсіре алмадық. Өйткені асырай алмай­мыз деп қорықтық. Көбейгіміз келсе, осындай қорқыныш ендігі жерде жас ата-аналар арасында болмауы керек. Ол үшін мемлекет әрбір балаға қамқорлық тәртібін реттеуі керек. Үкімет әлеуметтік қолдауды бүгінде жақсы қарқын­мен қолға алды. Бұған да шүкір. Бірақ бұл үдеріс бәсеңсіп қалмауы керек. Керісінше үдей түсуі керек. Біріккен Араб Әмірлігінде әрбір туған баланың есепшотына 15 мың доллар аударылады. Жеткізе білсек, біздің байлығымыз жетеді. Ендеше, Қазақстанда әрбір өмірге келген бала алтынмен бағалануы керек. Егер мемлекет қамқорлығына шындап алатын болса, онда әрбір жас ата-ана өмірге келетін екінші, үшінші, төртінші балалар үшін қорықпас еді. Қазақстан тәрізді жері кең, елі аз мемлекет, керек десеңіз, бала тууға бәйге жариялауы керек деп білемін. Әлеуметтік мәселе түбегейлі шешілмей, бала туу саны артпасы анық.

Тарихта қазақтардың патриот­тығы, жауынгерлігі жойқын бол­ды. Рухани тұрғыдан да мықты болды. Осыны байқаған ХХ ға­сырдың ұлы тарихшысы Арнольд Тойнби әйгілі «Постижение истории» кітабында «Орта ғасыр­ларда, яғни Бабыр заманында өркениеттің бүлкілдеген күре­тамыры Орталық Азия болды. Күн­дердің күнінде осы Орталық Азияның теріскей бетіне сол дәуірлеу қай­тып келеді» деген ой айтып кетті. Бұл ойды ағылшын тарихшысы айтқан кезде – өткен ғасырдың 60-жылдары әлем картасында Қазақстан атты мемлекет жоқ болатын, Кеңес Одағы гүрілдеп тұрған кез еді. Ендеше, бұл сәуе­гейлікті данышпан неге сүйеніп айтқаны бір Аллаға аян. Кемең­гердің айтқаны келіп Орталық Азия теріскейінде, яғни Қа­зақстан­да дәуірлеу басталғай деп тілейік! Таяуда Қазақстан бә­секелестік рейтингі жөнінен әлемдегі 200 ел ішінен 34-орынға көтерілді. Ресей мен Түркия артта қалды. Қазақстанның алдында үш-төрт рейтингі жоғары Жапония мен Франция тұр. Бұл да болса, бүгінгі күн шындығы. Шүкір деуге лайықты шындық. Өткен ғасырда жаһаннамды көрген қазақ, жаңа ғасырда жәннатты көрсе несі айып? Қазақ соған лайықты халық дегіміз келеді. Қазірдің өзін­де қазақ жастары әлем көгін­де қазақтың жұлдызын жаға бастады. Әсіресе, мәдениет пен спорт майданында. Қазақтың тектілігі емей не?! Өз басым қазақ деген халықтың болашағына сене­мін. Қазақстан­ның болаша­ғына сенемін. Біз бақытты өмір сүруге, ендігі жерде түсіп кеткен еңсемізді көтеріп жүруге лайықты халықпыз, ағайын! Біз тәуелсіз­діктің алғаш­қы жылдарында Орталық Азия барысы болуға ұмылдық. Ол меже бүгінде артта қалғандай. Ендігі жерде бізге Азия жолба­рысы болуға ұмтылу керек, ағайын!


P.S.

Аштық жылдары қырылғандар саны 4 миллион жарым болса, олардың өмірге келмей қалған ұрпақтары 30 миллиондай болады екен. Өткен ғасырдағы ашаршылықтар болмағанда бүгінде 50 миллион ел болып отырады екенбіз. Ашаршылықтың қазақ үшін қаншалықты апатты болғанын осыдан-ақ көріп-білуге болады.