Тұғырлы тұлға

Газет мақаласы Айқын газеті №89

Еліміздің өзге жұртпен иық тірестіріп, тұрғын­дардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы біріншіден, ұлттық экономиканың төрт аяғынан тік тұруымен тікелей байланысты. Экономика қайткенде дамиды? Оған қажетті алғышарттарды мысал ретінде көптеп келтіруге әбден болады. Ең бас­тысы – тығырықтан жол таба білетін, жан-жақты білімді, ел мен жердің қадірін тереңінен сезінетін, жауапкер­шілік­тен тайсақтамайтын білікті мамандарға сенім артып, солардың нар тәуекел деп қолға алған ісінің оң нәтиже беруіне тілектес болу. Нар тәуекел деген­нен шығады... Бүгінгі әңгіме кейіпкерінің бар болмысы жігіттің жігіті ғана білек сыбана жүрексін­бестен бара алатын нар тәуекелмен іштей қабысып жатыр. Сонымен...

Тұғырлы тұлға

Еліміз Сағат Түгелбаевтың есі­­мімен жақсы таныс. Бұл аза­маттың тәуелсіз­діктің елең-алаң жыл­дарында мұнайлы Атырау облы­сын басқарғанын, 1991 жыл­­дың 16 желтоқсанында «Мем­ле­кеттік егемендік туралы декларация­ны» қабылдауға қатысқан Жоғарғы кеңестің депутаты болғанынан сырттай хабар­дармыз. Былайғы жұрт осындай белгілі мәліметтер­мен ғана таныс. Ал оны­мен тон­ның ішкі бауындай ара­ласқан жандар Сағат Қашқынұлының жоғары оқу орнын бітірген соң қа­ра­пайым бұр­ғышының көмек­шісі болып еңбек жо­лын баста­ғанын, кейін облыс орталы­ғын­­дағы Петровский ірі машина жасау зауытын шашау шығармай бас­қар­ғанын, Гурьев облыстық партия коми­тетінде өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметті ат­қа­рып, бай тәжірибе жинағанын, одан соң кешегі Ембі, бүгінгі Жы­лой аудандық партия коми­те­тінің тізгінін ұстағанын біреу біл­се, біреу білмейді. Роман­ти­калық кезең саналған 1991 жыл­дың жел­тоқсанына дейін, яғни, Жоғарғы кеңестің депутаты атанып, тәуел­сіздіктің құқықтық іргетасы санал­ған бірнеше заң­ның қабыл­дануының басы-қа­сын­да болға­нына шейін, әлгін­дей өмір бас­пал­дақтарынан абы­роймен өтіп, елдің алғысына ие болып еді. Тәуелсіздікті айдай әлемге жария ету бар да, оның құқықтық негізін қалау бұдан да жауапты. Сағат Қашқынұлы Жоғарғы кеңестің депу­таты кезінде жаңа ғана шаңы­рағын көтерген еліміз үшін аса өміршең «Мү­лік жөніндегі», «Еркін эко­но­микалық аймақтар туралы», «Шетелдік инвес­тиция­лар ту­ралы», «Сыртқы экономи­калық қызмет туралы» алғашқы заңдар­ды дайындау, қабылдаумен тіке­лей айналысты. С.Түгелбаев 1992 жылдың ақпанынан 1994 жылдың қазан айына дейін Аты­рау облысының әкімі қыз­метін атқарып, өңірдің әлеумет­тік-эко­номикалық дамуына ай­тар­лықтай үлес қосты. Әкім­шілік басшылары инс­титуты, Рес­публика Прези­дентінің қолдауы­мен екінші мемлекеттік облыс­тық бюджет және оған қызмет ететін «Нұр­банк» сияқты қаржы­лық инс­ти­туты шаңырақ көтерді. Атырау қала­сында ауызсуды сүзгіден өткізетін жаңа станция, су тас­қынынан зардап шеккен Қызыл­қоға ауданының орталығы Миялы ауылынан 300 жаңа үй, 100 Гкал қуаты бар жылу қазан­дығы мен мек­тептер, баспаналар ғимарат­тары сол кезеңде дүниеге келді. Жоспарлы эко­но­миканың орнын нарықтық қатынас­тар кезеңі басқан, уақытша қиын­шылықтар қос өкпеден қысып тұрған сол кезеңде жаңадан жа­сақталып жатқан әкімшілік инс­титут­та­рының жұмысын қадаға­лау, әлгіндей өндірістік, әлеу­меттік нысандардың құрылысын сапалы жүргізуді бақылауда ұстау көп күш пен жігерді қажет ететін еді. Егер де өткенге көз жіберсек, тәуелсіздігімізді иеленген тоқ­саныншы жылдардың басында экономикадағы дағдарыс елді кәдімгідей абыржытты. Мұнай­дың бір баррелінің бағасы 9 дол­ларға дейін құл­дырағанынан дағ­дарыстың экономи­камызды қан­шалықты есеңгіреткенін аң­ғара беріңіз. Тап осындай сең соқты кезеңде облыстың бірінші басшысы Сағат Түгелбаев өз ер­кімен мемлекеттік басқару орга­нынан кетіп, болашағы тіптен бұлыңғыр бизнес әлеміне қадам басты. «Республикадағы ірі об­лыс­тың тізгінін өз еркіңізбен тас­­тап, келешегі дүдәмал биз­нес­ке баруыңыздың сыры неде?» – деген сауалды Сағат Қашкенұ­лына қойғанбыз. «Оның алып бара жатқан құпиясы жоқ, – деп бастады әңгімесін Сағат Қаш­қынұлы. – Ма­мандығым – мұнай­шы. Алдымен Гурьев политех­никалық техникумын бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды «Ем­бімұнай» бірлестігінен баста­ғанмын. Кейін қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық тех­никалық университетін аяқта­дым. Жоғары білімді мұнай­шы­мын. Партия-кеңес органына шақырылғанға дейін өндірісте еңбек етіп, тәжірибе жинақ­тадық. Жалпы, өзіме жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым ұнайды. Облыс­тың бірінші басшысы болу – кім көрін­геннің маң­дайы­на бұйыра бермейтінін жақсы білесің. Басшы атанып, жоғары мінберлерден сөз сөйлеп, жоғары мәр­тебеге ие болу, әрине, абы­ройың­ды өсірер. Бірақ елдің эко­­номикасын арт­тырып, жұрт­тың тұрмыстық жағ­дайын көтеру үшін облыстың бірінші басшысы болу­дың онша көп нәтиже бер­мейтіні нарық кезеңінде айдай ақиқат болып алдымыздан шық­ты. Тұралап қалған экономи­каның тамырына тек қана бизнес ар­қылы қан жүгіртуге болатынын жақсы түсіндім. Оның үстіне тап сол кезеңде облыс аумағындағы Теңіз кен орнына Елбасымыздың әріден ойлай­тын сарабдал саясатының арқасында америкалық ірі «Шеврон» компаниясы ірі көлемде қаржы құятын болып келісті. Бұған дейін Теңіз мұнай-газ кен орнының дамуы мен игерілуінің басы-қасында болдым ғой. Теңіз газ өңдеу зауыты директорының орынбасары, «Теңізмұнайгаз» құрылымының бір­лескен мекемелерін құру басқармасы бастығының орынбасары лауазымды қызметтерін атқардым. Тәуелсіз елдің экономикасына құйылар инвести­цияның басты арнасы – мұнай саласы болатынын түсіндім. Сол себепті, жеке мұнай өндіру компаниясын ашып, бизнесте бағымды сынап көргім келді. 1994 жылғы қарашада еліміздегі алғашқы жеке мұнай өндіру компаниясы «ANACO»-ны (Атырау мұнай акцио­нерлік компаниясы) құрып, нар тәуекел деп мұнай бизнесіне бағыт бұрдым», – дейді Сағат мырза.

Қырықмылтық мұнай кен орнында өнеркәсіптік өңдеу жұмыстары жүр­гізілді. Алғаш рет қырық шақырымдық мұнай құбырын электрохимиялық қор­ғау үшін жел энергоагрегаттары, мұ­найды шығару үшін бұрандалы сор­ғылар, қосымша энергия көзі ретінде күн батареялары сияқты озат техноло­гиялар пайдаланылды. Бір атап өтерлігі, Қырықмылтық кен орны 1988 жылы ашылған екен. Гелогиялық барлау жұ­мыстарының алғашқы деңгейінде 23 терең және 8 құрылымдық бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Осынау кен орнынан мұнай өндіру жұмыстарын бастау үшін бірнеше жыл аралығында Сағат Қашқынұлының тікелей ұйым­дастырушылығымен қыруар жұмыстар жүзеге асты. 1997 жылдан бастап осы кен орнында мұнай өндіру жұмысы игеріле бастады. Күні бүгінге дейін Қырықмылтық кен орнынан 2 миллион тоннадан астам мұнай өндірілген. Пулитцер сыйлығының лауреаты Дэниел Ергин «Қазына. Мұнай, ақша және билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» атты талдау еңбегінің «Мұнай­дың жаңа дәуірі» атты шағын тарауында тоқсаныншы жылдардың басында бүкіл әлем бойынша мұнайға сұраныстың неліктен азайғанын талдап, екі мыңын­шы жылдары оған деген сұраныстың неліктен артқанына да тоқталып өтеді. Әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақ­сыздығы, АҚШ – Ирак қақтығысы, ақыр аяғында АҚШ-тың дүниежүзіндегі экономикалық ықпалының арта түсуі сияқты факторлардың мұнайдың өн­дірілуі мен бағасына да айрықша әсер еткенін жоққа шығармайды. «1995-2010 жылдары Қазақстанда мұ­най өндіру көлемі төрт есеге артып, кү­ніне 1,6 млн баррельге жетті. Бұл ауқым қазіргі кездері Солтүстік теңіздің британиялық бөлігінен де көп және Норвегия бө­лігіндегі көлемге жақын. Бұған қоса Қазақстанда осы ғасырдың басындағы аса ірі жаңа мұнай кен орны ашылды», – дейді. Белгілі сарапшының назарына іліккен еліміздегі мұнай өндіру саласының жандануына «ANACO» компаниясының да қосқан үлесі зор. Бүгіндері «ANACO» ЖШС-ның жыл сайынғы салық және мемлекет бюджетіне өзге де міндетті төлемдері бес миллиард теңгеге жетті. Осы мәлі­меттен-ақ, аталған компанияның ұлттық экономиканың өсуіне қосып отырған үлесін аңғарасың.

Бизнесте қолға алған жобаңның нәтиже бергеніне шүкір етіп, соған тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Бизнестің бірінші аты сенім мен жауапкершілік болатын болса, екінші ныспысы – даму. Болашаққа батыл қадам жасап, тоқтаусыз дамуды ойла­масаң, қарсыластарың ойламаған жерден шаң қаптыруы әбден мүмкін. Сағат Қашкенұлының тікелей баста­масымен «ЗаманЭнерго» бұрғылау сервистік компаниясының нарыққа жолдама алғанына да бірнеше жыл болыпты. Отандық және шетелдік компаниялардың биік талабын сәтімен жүезеге асыра білген бұрғылау ком­паниясында бүгінгі таңда жүздеген білікті маман еңбек етуде. Әлеуметті жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ету, өндірісті әртараптандырып, соның нәтижесінде мемлекеттік бюджетке төленер салық көлемін ұлғайтуға үлес қосу – әр кәсіпкердің арманы. Өндірісті әртараптандырудың нәтижесінде, С.Түгелбаев нан өнімдерін, тазартылған шөлмектегі суды өндіру секілді негізгі бизнеске бейімді емес өндірістерді дамытуға қаражатын көптеп құйып келеді.

Тоқсаныншы жылдардың басында­ғы қиын-қыстау шақта жұмысы мүлдем тоқтап қалған мұнай машина жасау зауытына Сағат Түгелбаев «жан бітіріп», қазіргі кезде өнімі Қазақстан нарығында үлкен сұранысқа ие «АтырауНефтеМаш» зауыты қаланың селитебті аймағынан тыс жерге толықтай орналасты. 2014 жылғы маусымда Сағат Қашкенұлы «АтырауНефтеМаш» ЖШС машина жасау зауыты базасында жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын «Ірі аумақты және аса ауыр өнімдер жасауды ұйым­дастыру» жобасын жүзеге асыра бас­тады. Инвестицияның 30%-ға жуығы өз капиталының қатысуымен жүзеге ас­қан­дығын айта кеткен орынды. Осы­лайша, 300 адам жаңадан жұмыс ор­нымен қамтамасыз етілді. Жоба ТМД елдерінде қазіргі таңда теңдесі жоқ әлемдік сапа стандарттарын пайдалана отырып, өте сирек өнімдерді жасауға бағытталған. Аталған жоба үкімет тара­пынан мақұлданып, Атырау облысы әкімшілігі үйлестіру кеңесінің шеші­мімен Қазақстан Республикасы Жедел­детілген индустриалды-инновациялы дамуы бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында Дамудың өңірлік индустриалдық картасына енді. Зауыт­ты дамыту бағдарламасы бөлетін баға­налар, мұнай химиясы мен мұнайды өңдеуге арналған реакторлар, буллит­тер, технологиялық модульдер, жылу алмасу қондырғылары және өзге де диаметрі 12 метрге дейінгі, ұзындығы 110 метрге дейінгі, салмағы 1 500 тон­наға дейінгі ірі аумақты өнімдерді өндіруді қарастырады. 2015 жылғы қаңтарда «АтырауНефтеМаш» ЖШС даму бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші деңгейін аяқтады. «Атырау мұнай өңдеу зауытын» жаңғырту шең­берінде Marubeni жапондық компа­ниясымен каталитикалық дистил­ляциялық бағандар өндіруге бірінші келісімшартын жасаған болатын. Мұндай өнімнің Қазақстанда алғаш рет шығарылғаны атап өтуге тұрарлық. Бұдан бұрын мұндай өнімдер түрлі таяу және алыс шет елдерінен импортталды, бұл өз кезегінде, тасымалдау ұзақтығы мен қиындығы себебінен Қазақстандағы тұтынушыға әкелетін тауар бағасына күрт әсер етті.

Бизнесте қол­ға алған жобаңның нәтиже бергеніне шүкір етіп, соған тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Бизнестің бірінші аты сенім мен жауапкершілік болатын болса, екінші ныспысы – даму. Болашаққа батыл қадам жасап, тоқтаусыз дамуды ойла­масаң, қарсы­лас­тарың ойламаған жерден шаң қаптыруы әбден мүмкін. Сағат Қашкенұлының тікелей баста­масымен «ЗаманЭнерго» бұрғылау серв­ис­тік компаниясының нарыққа жолдама ал­ғанына да бірнеше жыл болыпты. Отандық және шетелдік компания­лардың биік талабын сәтімен жүезеге асыра біл­ген бұрғылау ком­пания­сында бүгінгі таңда жүздеген білікті маман еңбек етуде.

«АтырауНефтеМаш» зауытын кеңейту жобасының мақсаты – мұнай-газ, мұнай өңдеу, мұнай-химиялық, энергетикалық, тау-кен өнеркәсіптері үшін халықаралық стандарттар бойынша жоғары аумақты сыйымды құрылғылар, жоғары қысымды аппа­раттар жоғары технологиялық өндірісін игеру. Аталған зауыттың негізгі тап­сырыс берушілерінің қатарында «ТШО», «КРО», «KPJV», «NCOC», «СИНОПЕК», «Marubeni», «Майерск Ойл», «ЖайықМұнайГаз», «Қаз­ТрансОйл», «АМӨЗ», «ПМӨЗ» сияқты отандық және шетелдік ірі компаниялар бар. Жоба аясында келешекте, зауыттың жоғары технологиялық өнімін халықа­ралық нарыққа, атап айтқанда, Ресей, Қытай, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан секілді елдердің нары­ғына эспорттау мәселесі ойластырылуда. Жуырда «АтырауНефтеМаш» ұжымы «ТШО» компаниясына халықаралық стандарттарға сай келетін әрі ТМД көлемінде теңдесі жоқ әмбебеп өнім – автоматты газреттеу стансаны жөнелтсе, келешекте өңірдегі ірі мұнай өндіруші мекеме – NCOC компаниясына -150 гра­дус температурадағы сұйық азотты сақтауға арналған аппаратты жөнелтуге дайын.

Сағат Қашкенұлының машина жасау саласындағы кәсіби шеберлігі, елімізде соңғы технологиялық үдеріс­термен жабдықталған ең ірі қазіргі машина жасау мекемесін құруға деген ықыласы адамдардың бойында бо­лашаққа сенім ұялатты. Аз ғана уақыт ішінде машина жасау мекемесін дамыту бизнес-жоспары жасалып, Қазақстан Даму банкіне талқылауға ұсынылды. 2015 жылғы қарашада ҚДБ-дан жобаны қаржыландыруға индикативті ұсыныс түсті. Бұл – түсіне білген жанға үлкен нәтиже. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайына қарамастан, мұнай өндіру­ден түскен табысын ел экономикасына қайта инвестициялаған С.Түгелбаевтың компанияларды сауатты басқаруы және жеке қаржылық көмегі нәтижесінде, мекемелер бюджетке төленетін салық­тық міндеттемелерін толығымен орын­дап келеді. Машина жасау зауытында бүгіндері 316 білікті маман еңбек етуде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында бірнеше рет «АтырауНефтеМаш» ЖШС машина жасау зауытына келіп, Қазақстан Республикасы машина жасау саласын дамытудың маңызын баса айта отырып, бұл орайда мекеменің даму нәтижесіне ең жоғары баға берді. Ол осылайша, мемлекеттің индустриалды-инновациялық саясатының орын­далуына айрықша үлес қосып келеді.

С.Түгелбаевтың тікелей басшы­лығымен «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры трассасында «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы пайдаланып отырған мұнай қыздырудың өте сирек пештері жасақталып, өндіріске енгізілді. Қазіргі таңда бұл өнім Қазақстанда, сонымен қатар Ресей Федерациясында патенттелген және ISO, API, ASME, DIN және т.б. сертификаттарға ие. Со­нымен қатар халықаралық стандарттар бойынша дәнекерлеушілерді дайындау және аттестаттау мектебі құрылып, қазір де сапалы мамандар даярлау ісіне үлес қосып отыр.

2010 жылы Сағат Қашкенұлы электр және жылу энергияларын өндіру және өткізумен айналысатын SagatEnergy компаниясын құрды. Сонымен қатар компания елімізге қуаты үлкен диапазонды газпіспекті электрос­тан­саларды жеткізумен айналысады. Бұл қондырғылар экономиканың түрлі секторларында нысандарды негізгі және резервтік электр жабдықтау үшін қолданылады. 2014 жылы SagatEnergy ЖШС базасында жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын ұлттық электр же­лілеріне станса қуатын кіріктірумен бірге 2-ден 11 МВт-қа дейінгі әрекеттегі газпіспекті электр стансаларын кеңейту бағдарламасы жүзеге асырылды. Бір атап өтерлігі, бұл жобадағы 50 пайызға жуық қаражат Сағат Қашқынұлының өз капиталы. Қазіргі таңда қуаты 40 МВт-қа дейінгі жаңа газпіспекті электр стансалары құрылысы жоспарла­нып отыр. Бұл дегенің жаңадан жұмыс орындары ашылады деген сөз. Шағын энергетиканы дамыту қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасының жалпы энергожүйесін дамытудың басым бағыты болып есептеледі. SagatEnergy ЖШС жобасы «Атырау­НефтеМаш» ЖШС жобасы сияқты Дамудың өңірлік индустриалық картасына енгізілген. Бұдан басқа, 2014-2019 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Белкамит» ЖШС ауыр машина жасау зауытының негізгі өн­дірістік қуаттары мен білікті жұмысшы және инженерлік-техникалық қыз­меткерлерінің ешқайсысы қысқармай, жұмыс орындарын сақтап қалды. Сағат Қашқынұлының басты ұстанымы – қандай жағдай болмасын жұмыс орындарын қысқартпай, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына барынша көңіл бөліп келеді. Осы уақыт аралығында жүздеген жаңа, жоғары білікті жұмыс орындары ашылды, жалпы құны 666 000 000 (алты жүз алпыс алты миллион) теңгеден аса көлемдегі қаражатқа қызметкерлері шетелде оқып, білімдерін шыңдаған. Машина жасау, мұнай-газ, энергетика және өзге де салалар үшін 78 жас маман дайындалыпты.

Сағат Түгелбаевтың болашаққа бағытталған жоспарлары жетерлік. Сәтін салған күні оның лайықты түрде жүзеге асқанына да куә болармыз. Бір атап өтерлігі, 2020 жылы ANACO компаниясы өз қаражатына ет және жұмыртқа өндіруге бағытталған құс фабрикасының құрылысын салуды жоспарлап отыр. Олар осылайша, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ондаған жұмыс орындарын ашпақ.

Сағат Түгелбаев демеушілік және қайырымдылық шарасымен тұрақты түрде айналысады. Жыл сайын ANACO ЖШС облыс және қаланың әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына 30 000 000 (отыз миллион) теңгеге жуық қаражат бөлінеді. 71 000 000 (жетпіс бір миллион) теңгеден астам қаражат шығармашылық одақтар, балалар үйі, интернаттар мен тұрмысы төмен от­басыларға көмектесуге бағытталады. Осынау мәліметтен қайрымдылық сияқты ең ізгі қасиетті еш дабырасыз жүзеге асырып келе жатқан Сағат Қашкенұлы сынды үлкен жүректі азаматқа қалайша разы болмайсың.

Бар саналы ғұмырын «қазақ қайтсе көгереді, ұлтым қайткенде адамзат көшінен қалмаса екен», – деп уайым кешкен ұлт оқымыстысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов «басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуы­мыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» депті. Елімнің бір пай­дасына жарасам деп шапқылап жүрген тұғырлы тұлға Сағат Қашкенұлы жа­рық­­тық Ахмет Байтұрсынұлы меңзеген аса өміршең керектердің жолында талмастан еңбек етіп келеді. Елін, жерін шексіз қастерлейтін осынау азаматтың іскерлігі, табандылығы, кәсіби білік­тілігі, айналасына жана­шырлығы, керек болатын болса, қажет кезінде нар тәуе­кел деп маңызды іске бекем кірісетін батылдығы, ел ертеңіне баланып отыр­ған жастарымызға үлгі болғай!

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ