Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі: Дені сау ұлт – қуатты мемлекет

Газет мақаласы "Айқын" газеті №100

Елбасы Жолдауында денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырма берілді. Жолдауда медициналық қызмет сапасын арттыруға қатысты қойылған міндетпен қатар, маңызды салаға жаңа тәсілдер енгізген қызметкерлердің жалақысын арттыру жағы да қарастырылған. Енді қызмет сапасын күшейтіп, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау керек. Отандық денсаулық сақтау жүйесі қымбат ем-домға емес, аурудың алдын алу, қоғамдық денсаулықты басқару жұмыстарына көп көңіл бөлуі тиіс. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бұл бағытта қандай шаралар атқарылуда?  Келесі жылы жүзеге асырылатын МӘМС-ке дайынбыз ба? Денсаулық сақтау жүйесіндегі соңғы жетістіктер қандай? Ведомство басшысы, министр Елжан Біртанов бұған не дейді?

Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі: Дені сау ұлт –  қуатты мемлекет

– Елжан Амантайұлы, ең алдымен, Қазақстандағы денсау­лық сақтау саласындағы соңғы жетістіктермен бөліссеңіз?

– Елбасының халыққа Жолдауларында ұлт денсаулығы ел болашағының негізі ретінде қарастырылған. Сондықтан Министрлік, ең алдымен, қазақ­стан­­дықтардың денсаулы­ғын жақсартуға, қолжетімді медици­на­лық көмекке көп көңіл бөлуде.

2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағ­дар­­ламасы бойынша атқарыл­ған жүйелі жұмыстардың нәтиже­сінде 3 жыл ішінде еліміздегі меди­циналық-демографиялық жағдай жақсарды: азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 73,15 жасқа дейін ұзарды; жалпы өлім 3 %-дан аса төмендеді; ана өлімі 9 %-ға төмендеді; нәресте өлімі 6,5%-ға, туберкулезден қайтыс болғандар саны 29 %-ға төмен­деді.

Медициналық-санитария­лық алғашқы көмек (МСАК) шеңберінде скринингтік бағдар­ла­­мада ересектер мен балаларға арналған 7 түрлі жедел зерттеу қарастырылған. Өткен жылы 12,2 млн адам зерттеп-қараудан өтті, нәтижесінде 826,4 мың науқас анықталып, 409,4 мың азамат тіркеуге алынды.

Медициналық көмекті жетіл­ді­ру­мен қатар жоғары техноло­гиялық медициналық қызметі де дамуда. 2018 жылы 1 200 транс­плант­­тау жүргізілді. Қазақстан жасанды жүрек қарыншасын ауыстырып қондыратын мемле­кет­тердің қатарына кіреді. Елімізде осындай өте сирек кездесетін 43 операция жасал­ды. Былтыр отандық хирургтер сымсыз зарядты бионикалық жүректі сәтті импланттады.

Инфекциялық емес аурулар­ды басқару бағдарламасы сәтті жүзеге асуда, бүгінде бұл жүйеге 220 мың пациент қатысуда. Нәти­жесінде, елімізде сырқаты асқынып ауруханаға түскен­дер­дің саны 2,5 есеге азайды.

МСАК-қа арналған 165 жаңа нысан мен 1 мыңнан астам жалпы практика дәрігері учаскесі және 79 педиатриялық учаске ашылып, медициналық-санита­рия­лық алғашқы көмек көрсе­те­тін дәрігерлердің жүктемесі жеңіл­­деді. ТМККК (тегін меди­ци­на­лық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде жан басына шаққандағы тарифтің 20 пайызға артуының есебінен МСАК-қа бөлінген қаражат 40 пайыз­ға артты. Ал МСАК цифр­лы жүйеге көшкен соң емха­на­лар­дағы кезек 2 есеге азайды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде меди­циналық қыз­мет­тің қолжетімділігі жоғарылап, сапасы артты.

Сонымен қатар 2018 жылдан бастап жедел медициналық көмек жаңа стандартқа көшті. Жедел жәрдем автокөлігінің 83 пайызына GPS-навигация орнатылды. Қызметкерлер ха­лықа­ралық стандартқа сәйкес шұғыл көмек көрсету курсынан өтті. Автокөліктердің 33 пайызы­ның дизайны қайта жасалды. 2018 жылдан бастап жедел жәр­дем науқас шақырған жерге 15 ми­­­нуттың ішінде жетеді. Осы өзгерістердің нәтижесінде жаза­тайым оқиғалардан, улану мен жара­қаттан қайтыс болған­дар­дың саны 3,2% төмендеді. Ал ауруханалардағы қабылдау бөлімдері триаж жүйесіне өтті де, «жедел жәрдем дәрігері» деген мамандық пайда болды. Осының арқа­сында Қазақстанда ауруха­на­­ға жетпей қайтыс болғандар­дың саны 0,4 пайызға қысқарды. Елімізде 30 медициналық ұйым­ның қабылдау бөлімдерінде пилоттық режимде триаж жүйесі енгізілді.


– Халықты қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыс атқарылуда?

– Ағымдағы жылғы 9 сәуірде ҚР Денсаулық сақтау министр­лі­гіне барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуге рұқсат ететін норма күшіне енді. Бағалар Ден­сау­лық сақтау министрлігі­нің, Тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің қауіпсіздігі мен сапа­сын бақылау комитетінің және Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталы­ғы­ның интернет-ресурс­та­рында жарияланды және арна­йы мобиль­дік қосымша әзірлен­ді. Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көле­мінің шеңберінде науқастарға үздіксіз әрі уақтылы дәрі-дәрмек жеткізу үшін кешенді жұмыс жүргізуде. Дәріні сатып алу орта­лық­тандырылған соң 39 млрд теңге үнемделіп, артылған қаржы қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға жіберілді. Қазір еліміздегі меди­цина­лық ұйым­дарға 33,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жөнел­тіл­ді. Осы жылдың 1 тоқсанында еліміз бойынша 14 млрд теңгеге 2,1 миллион рецепт жазылса, оның 13 млрд теңгесіне алынған тегін дәрі-дәрмек нау­қас­тарға таратылды.

Ал сатып алуды цифрлан­ды­ру­д­ың есебінен 14,5 млрд теңге үнемделіп, ол қаржы өзге науқас­тардың қосымша еміне жұм­салды.

ҚР Денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігінің жанынан Дәрілік ақпа­рат­тық-сараптамалық орта­лық   ашылғанын да айта кету ке­рек. Азаматтар 1439 нөмеріне хабар­ласып, мемлекеттің есебі­нен тегін таратылатын пре­парат­тар туралы ұсыныстары мен шағым­дарын қалдыра алады.

– Медициналық нысандардың қазіргі жағдайы, жалпы денсаулық сақтау саласының инфрақұрылы­мы қандай?

– Еліміз бойынша меди­ци­на­лық ұйымдардың 60 пайызы тозған, оларды қайта жаңарту үшін 1 трлн теңгеден астам қара­жат қажет. Осы мәселені шешу үшін 67 нысанның құрылысына 7,5 млрд теңгеге жеке инвестиция тартылды. Жалпы, былтыр 165 медициналық нысан салынды.

Екі айда бүкіл өңірге іссапар­мен барып, 70-тен астам меди­ци­налық мекемені аралап шықтым. Олардың жартысынан көбі – ауылдық жердегі ауру­ханалар. Өңір­лерде тозығы жеткен, меди­ци­налық техни­касы да ескірген нысандар аз емес. Сондықтан алдағы үш жылда, әсіресе, шал­ғай­дағы елдімекендердегі ауру­ха­налар­дың, емханалардың ғима­ратын күрделі жөндеуден өткізіп, жылжымалы медицина­лық кешен­мен, жедел жәрдем көлігі­мен қамтамасыз етеміз. Әкім­діктермен бірлесе отырып меди­циналық мекемелердің құры­лысына қатысты 2026 жылға дейін жоспар құрдық.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, астанамызда заманауи онкология орталығы салынуда. Орталықта жылына 6 мың науқас ем алады, амбулаториялық жағ­дай­да 30 мың пациент қарала­ды деп жоспарлануда. Сәулелік тера­пия, оның ішінде Орта Азия­да баламасы жоқ протон тера­пия­сы болады. 


Денсаулық сақтау саласын­дағы инфрақұрылымды жетілдіру үшін 2021 жылға дейін медици­налық-санитариялық көмек көрсететін 600 нысан ашылады деп жоспарлануда.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, астанамызда заманауи онкология орталығы салынуда. Орталықта жылына 6 мың науқас ем алады, амбулаториялық жағ­дай­да 30 мың пациент қарала­ды деп жоспарлануда. Сәулелік тера­пия, оның ішінде Орта Азия­да баламасы жоқ протон тера­пия­сы болады.

– Цифрлы жүйеге көшудің жаңа әдісінің ерекшелігі неде?

– Жаңа әдістің мәні – ауруды асқын­дырмай, медициналық кө­мекке зәру азаматтарды ал­дын-ала анықтау. Бұл ең басты міндет. Тиісінше, денсаулықты қалай жақсартып, сақтауға болады, ауырған жағдайда – сапалы медициналық көмекті қайдан аламыз деген сияқты сауалдарға жауап, салауатты өмір салты мен денсаулық саласына қатысты ақпарат алу.

Елбасы өз Жолдауында зама­науи денсаулық сақтау саласы аурудың алдын алуға негізделуі керек деп атап көрсетті. Осы­лайша, денсаулықтың экожүйесі пациенттің қызығушылығы мен төрт бағытқа сегменттелген: аурудың профилактикасы және емдеу; ауруды ерте анықтау; медициналық көмек көрсету; оңалту мен созылмалы ауруларды басқару.

– Міндетті әлеуметтік медици­на­­лық сақтандыруға дайынбыз ба? Жүйе жарты жылдан соң жүзе­ге асады емес пе?

– Елбасының тапсырмасына сәйкес министрлік Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­ды­ру жүйесін енгізу бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Қазір Міндетті әлеуметтік медицина­лық сақтандыру қорына 177 млрд теңге аударылды. Жинақталған қаражаттың 95%-ын жұмыс берушілер, қалған 5%-ға жуығын жеке кәсіпкерлер мен Азамат­тық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар аударған. Жарна төлеу жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Медициналық сақтандыру қоры медициналық мекемелер­дің арасындағы бәсекелестікті арттырып, медициналық қыз­мет­­тің сапасын жақсартуға үлес қосып отыр. Үкімет арнайы қау­лы қабылдап, жекеменшік медицина мекемелерінің мемле­кеттік тапсырысты орындауға қатысуына жағдай жасады.

Бұған қоса, өзін-өзі жұмыс­пен қамтып жүрген 770 мың адамның мәртебесін жаңарту және МӘМС жүйесі бойынша қоғамда түсіндіру шаралары жалғасады.

– Қоғамдық денсаулықты басқару жүйесін құру жолындағы жұмыстар жайлы не айтасыз?

– «100 нақты қадам» Ұлт жос­па­рының 83-ші қадамына сәйкес сапа бойынша жаңа стандарттар мен медициналық қызметтің технологиясын енгізу үшін Бір­лес­­кен комиссия құрылды. Сапа­мен қамтамасыз ету мақса­тын­да бірегей технология енгіз­дік. Ол 1 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсете алады, 150 медициналық мекеме­нің ұлттық сапа стандартына сәйкестігі бойынша тіркеуден өтті.

Министрлік қоғамдық ден­сау­лық сақтау институтын құру жолын­да да белсенді жұмыс істеуде. Орталық және өңірлік деңгейде қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің жұмысы басталды. Президенттің тапсыр­ма­­сымен Тауарлар мен көрсетіле­тін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті ашылды. Ұлттық скринингтік бағдарламаны жетілдірудеміз, тиімсіз зерттеуді қысқарттық.

Алғашқы медициналық-сани­тариялық көмекті жаңарту мақсатында өткен жылы жалпы практика дәрігерлері бар учаске­лер­ді 12 пайызға арттыру арқылы отба­сылық медицинаны кү­шейт­тік. Жалпы практика дәрі­гер­лерінің саны көбейді. МСАК бағдарламасы қайта қаралды.

Алғашқы медициналық-сани­тарлық көмекті дамыту аясын­да диспансерлеу Аурулар­ды басқару бағдарламасына беріледі деп жоспарлануда. АББ науқастардың ауруды өзінің басқаруын баулуға бағытталған. Науқаспен бірлесіп 29 созыл­ма­лы ауруды динамикалық түрде басқару көзделген.

Жалпы, біздің алдымызда аз міндет тұрған жоқ. Айта кету керек, шұғыл медициналық көмекті халықаралық стандартқа сәйкестендіру мақсатында жедел медициналық көмектің бірыңғай диспетчерлік қызметі құрылады, шұғыл көмекке мұқтаж емес науқастар емханаға жіберіледі, реанимация бөлімшесіндегі және өзге де дәрігерлер кезең-кезеңмен әлемдік стандартқа сәйкес оқытылады. Министр­ліктің ұсынысымен стацио­нарлардың қабылдау бөлімінде жаңа триаж жүйесін енгізді және көпбейінді стационар кез келген науқасты қабылдауға дайын.



– Елжан Амантайұлы, ауру­дың алдын алу, азаматтардың денсаулығын жақсартуға қатысты іс-шараларды ойдағыдай орындау үшін техникалық мүмкіндіктер ғана маңызды емес. Солай емес пе?

– Әрине, бәрін мамандар шешеді, бұған көп көңіл бөлініп отыр. Елбасының 2019 жылғы 1 маусымнан бастап денсаулық сақтау жүйесінің барлық қыз­меткерлерінің жалақысын көте­ру туралы тапсырмасына сәйкес, дәрігердің, медбике­лердің, санитарлық қызметкер­лердің еңбекақысы 30 пайызға артты. Ол үшін биыл республи­калық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді.

Дәрігер тапшылығын жою мақсатында да көптеген жұмыс атқарылуда. Министрлік заң жобасына медициналық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен тамамдаған жас маман­дарды өңірге, ауылға барып үш жыл жұмыс істеуге міндеттейтін өзгеріс енгізді. Осы орайда өңір басшылары ауылға келген жас дәрігерлерге дұрыс көңіл бөлуі тиіс. Қазір Қазақ­станда 7 мың дәрігер жетпейді. Ал мамандарды өңірлерге Enbek.kz. порталы арқылы бөлеміз.

2018 жылы өңірлерге 1 906 маман барған. Ауылға келген 500-ден астам жас маманға әлеуметтік көмек көрсетілді. Медициналық кадрлардың сапасын жақсарту мақсатында клиникалар мен медицина университеттерін интеграциялау жалғасуда. Сондай-ақ универ­ситеттік клиникалар құру үшін ғылыми-зерттеу институт­тары мен ұлттық орталықтар бірқатар медициналық ЖОО-лармен инте­грацияланады: С.Асфендия­ров атындағы Қазақ ұлттық ме­ди­­цина университетінде, Қара­­ғанды медицина универ­си­те­тінде, Семей медицина уни­вер­ситетіне студенттерді, рези­дент­тер­ді даярлаудың 6 жылдық бағ­дарламасы енгізілді. 2019 жылғы 3 мыңнан астам резидент өңір­лер­дегі клини­каларға жібе­рі­­леді.

– Елімізде қоғамдық денсау­лық сақтау институтын құру үшін және салауатты өмір салтын қалып­­тастыру үшін заңға өзгеріс­тер енгізу керек пе?

– Елбасы тапсырмасы бойын­ша денсаулық сақтау жүйе­сін жаңарту мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа жобасы дайын­далуда. Жаңа кодекс бірқатар тапсырманы шешуге бағыттал­ған. Бұл ұлттық денсаулық сақтауды жақсарту, халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту және медициналық техноло­гияны дамыту; аурулардың про­фи­­­лактикасы; қоғамдық ден­саулықты басқаруды күшей­ту; цифрлы жүйе мен жасанды интел­лектіге қатысты мәселелер.

Президенттің инагурацияда сөйлеген сөзіне байланысты кодекс­тің жаңа жобасына дәрі­гер­лердің мәртебесін көтеру туралы өзгеріс енгізіледі.

Жаңа Кодекс 2020-2025 жыл­дарға арналған жаңа бағдарла­маны жүзеге асыруда министр­ліктің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың міндет­те­рін айқындап береді.

Биыл Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің алдында мына­дай мін­деттер тұр: МӘМС жүйе­сін енгі­зуге дайындық және саланы цифр­л­андыру, медицина­л­ық ұйым­дарды кем дегенде төменгі стандартқа сай жабдық­тау, сондай-ақ халыққа МСАК қолжетімді ету іс-шаралары да жалғасатын болады.

Жоғарыда айтылған шара­лар­дың барлығы толық жұмыс істеу үшін азаматтардың түсіні­гін түбегейлі өзгерту керек. Адамдар аурудың асқынғанын, созыл­малы түрге айналғанын күтіп отырмай, профилактикаға көп көңіл бөліп, скринингтен өтіп, спортпен айналысқаны жөн. Елбасының тапсырмалары мен Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің жұмысы осыған бағытталған. Біз Қазақстанның табысты бола­шағы – дені сау ұлт қалыптастыру үшін барлық жағдай жасаймыз.

Әңгімелескен 
Айна ХАСАН