Асанәлі Әшімов: Бүгінгі қазақ киносында шедевр әлі жоқ

Кино – сан алуан тағдыр мен өмірдің аумалы-төкпелі келбетін, кешегі бабалар жүріп өткен күннің тарихын, әртүрлі рең мен көңіл күйді бір жерде тоғыстырып, тұтас бір картина келбетіне келтіретін өнер. Кино – өмір. Ондағы кейіпкер – күнделікті өмірдегі қарапайым адам. Ондағы сюжет – айналадағы  қу тіршілік. Айта кетерлігі, қазақ елі бұл өнерде де ілгері жылжып, әлемге кино арқылы «Жаны жайсаң қазақ – міне» деп айтып та жүр. Оның дәлелі – елорданың төрінде өткен «Еуразия», дәстүрлі «Шәкен жұлдыздары» кинофестивальдері. Бұл сөзімізбен қазақ киносының корифейі Асанәлі Әшімов те келісіп отыр. Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында аңыз адаммен сұхбаттасу сәті бұйырып, кино жайлы әңгіме өрбіген еді.  

Асанәлі Әшімов: Бүгінгі қазақ киносында шедевр әлі жоқ

– Асанәлі аға, биыл «Еуразия» фестивалі елімізде он бесінші мәрте өтіп жатыр. Оның алдындағы барлық фестивальге қатысқаныңызды білеміз. Осы жылдың «Еуразиясы» несімен ерекше?

– «Еуразия» – жыл сайын өтетін ауқымды шара. Биылғы кинофестивальдің ұйымдастырылу деңгейі жоғары. Жан-жақтан келген фильмдердің қаралымы жақсы жүріп жатыр. Бұл іс-шараны тәжірибе алаңы деп айта аламын. Осындай фестивальдер арқылы Отандық кино индустриясының әлеуетін арттыруға болады. Бұл – үлкен мүмкіндік. Шетелдің киносын көріп, өзімізге керегін түртіп отыру керек. Үйренуден жалықпай, алға қарай ұмтылған жөн. Жаманнан да бірдеңені үйренуге болады. Отандық киноны дамытуға жан-жақты атсалысуымыз керек. Мысалы, елімізде «Еуразия», «Шәкен жұлдыздары» атты дәстүрлі түрде өтетін кинофестивальдер бар. Осындай іс-шара өткізу әркімнің қолынан келмейді. Ұйымдастыру жағы да оңай шаруа емес. Осы жасалып жатқан дүниені көрсете алуымыз керек. Осы ретте, журналистер халықты мейілінше көп ақпараттандыру керек. Мысалы, Кеңес үкіметі уақытында фильмнен көп қаржы түсті. Әр туындының мыңнан астам көшірмесі болды. Ол кино барлық одақтас елде көрсетілді. Осылайша, прокат жүзеге асты. Ал прокат – қаржының көзі болды. Қазір қаралым елдің ішінде ғана шектеліп тұр. Осы ретте көптеген жақсы кинотуындымыз ел ішіндегі қаралыммен шектеліп тұр.

– Канн кинофестивалінде таныстырылып, «Еуразия» кинофестивалінің шымылдығын түрген «Әруақ» фильмі сіздің идеяңыз бойынша түсірілді. Бұл идеяның туындауына не түрткі болды?

– «Әруақ» фильмі – таза актерлік өнерден құралған. Бұл жерде жарқ-жұрқ еткен ештеңе жоқ. «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» деген фильмдер бар. Бұның барлығында басты образды сомдайтын бір адам. Бірақ жас айырмашылығы – әртүрлі. Ол 30-да болды, кейін 40-қа, енді 80-ге аяқ басты. Бұл – бір кейіпкердің өмірлік жолы. Ол – менің кейіпкерім. Мен осы фильмдердің жалғасын, бас кейіпкердің жүріп өткен өмір жолын көрсеткім келді. Осылайша, «Әруақ» фильмінің идеясы ойыма келді. Идеяны осы киноның режиссері Қуат Ахметовке айттым. Бұдан шыққан нәтижені халық көрді, бағасын берді. Негізі, фильмдегі кейіпкер – планетарлы адам. Ол күллі әлемде не болып жатқанын біледі. Қаланың өмірі оны қажытты, оған енді бұл тірлік қызық емес. Сол себепті, 40 жыл өткеннен кейін далаға кетті. Оның электр стансасы және шағын бақшасы да бар. Ол – жалғыз. Отбасы жоқ. Сөйтіп жүргенде жетім баланы тәрбиелейді. Фильм желісі осылай өрбиді. Бұл кейіпкер менімен өмір сүреді, менімен бірге кетеді де.

– Сөзіңіз ауызыңызда, өміріңіз осы өнермен, актердің өмірімен тығыз байланысты. Халық сізді алғаш кино арқылы таныды, бүгінде де қазақ киносының майталманы ретінде біледі. Осы ретте сомдаған кейіпкер ішінде жүрегіңізге жақыны бар ма?

– Ондай кейіпкер бар. Театрда да, кинода да түрлі рөлді сомдадым. Бірақ өзіме ерекше жақыны – Шадияров. Оның мінезі мен болмысы – менікі. Бұл образ менімен қабаттасып кеткен. Оның психологиясын өте жақсы түсінемін. Шадияров – менің досым. Негізі, актер өзі сомдаған рөлге өзінің бір бөлігін беруі керек. Жанын салып, кейіпкердің толғанысын, қуынышын, өкпе-ренішін жүрегінен өткізуі керек. Олай істемесе, көрерменді бұл туынды еліктірмейді. Мысалы, Қыз-Жібектегі Бекежанға, сондай-ақ Шадияровқа мінезімнің бір бөлшегін бердім. Ол кейіпкер – менмін, ол жан-дүниемнен шықты.   

– Қазіргі қазақ киносына көңіліңіз тола ма? Оның аяқ-алысы қандай?

– Жалпы, менің көңілімнің толуы өте қиын. Болғанның үстіне бола түссе деймін. Дей тұрғанмен бір-екі көңілімнен шыққан туынды бар. Бірнеше өтінім де келіп түсті. Алдағы уақытта қазақ киносы бұдан да жоғары дәрежеге жетеді деген үміт бар. Ал, шынтуайтында, шедевр әлі жоқ. Мысалы, қазіргі шығып жатқан туындылар біреуге ұнайды, ал біріне ұнамайды. Оның әртүрлі себебі де баршылық. Барлығының көңілінен шыққан, көруден жалықпайтын фильмді әлі түсіре алмадық деп есептеймін. Қазақ киносы Кеңес үкіметі кезінде жақсы түсірілді. Ол кезде түсірілген барлық фильм Мәскеудің архивінде сақтаулы тұр. Сол архивке арнайы ақша төлеп, көшірмесін шығарып аламыз. Жақында «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдерінің көшірмесін алып, экраннан көрдім. Соны көру арқылы жаным рахатқа бөленді. Ал сол фильмдерді теледидардан көрсем, осындай әсер алмаймын. Бұл жерде өнер жоғалады. Негізі, сондай ауқымды дүниені шығаруға барлық мүмкіндігіміз бар. Сол себепті де, қазақ киносының жарқын келешегі әлі алда.

– Қазір тағылымы жоқ, арзан күлкіге қарық қылатын дүние көп болып кетті. Оның себебі неде?

– Бұған философиялық көзбен қарағанда халықтың талғамы – сол деп айта аламыз. Кино сол талғамды аттап кете алмайды. Жалпы, барлық елдің мәдениетінің өсу деңгейі – осы шамада. Сол себепті де, кино аспанға шарықтап, ал тіршілік төменде бола алмайды. Бұл – қисынсыз. Тіршілік пен талғам, кино мен мәдениет қатар жүреді. Бұның бәрі бірге ілгерілейді.

Өзіме қазіргі жастар түсіріп жүрген дүние ұнамайды. Десе де, Ермек Тұрсыновтың фильмдерін ерекше атап өте аламын. Олардың қатарында – «Келін» мен «Шал» фильмі бар. Негізі, қазақ киносының қазіргі шама-шарқы жаман емес.

– Қазақ киносына не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Кино бізде кеш дамыды. Бірақ соған қарамастан, біраз елдің қатарына жақындадық. Менің алғаш көрген фильмім – Амангелді. Киноны бүкіл ауыл болып жиналып көреміз. Ол кезде экран деген жоқ. Арнайы жарық беру арқылы қабырғаға картина орнатылатын. Келесі күні ол кино басқа ауылда дәл солай көрсетілетін. Қазір олай емес, заманауи құрылғы дамыды. Десе де, кемшілік бар. Басты кемшілік – режиссура, техниканың жетіспеуінде. Мысалы, «Титаник» фильмі керемет техниканың күшімен түсірілді. Алып кеменің макетін жасап шығарды. Бізге сондай дүние керек деп ойлаймын.

– Театр немесе кино? Сізге қайсысы жақынырақ?

– Мен үшін екеуі де тең. Бұл екі ұлы өнерді бөліп қарастыра алмаймын. Екеуі де – менікі. Еңбек жолымды кинодан бастадым. Кейін театр сахнасында да өзімді сынадым. Бұл – ұлы өнер. Театр – актерге үлкен ұстахана. Театр актеріне, ең алдымен, партнер керек. Менің партнерлерімнің көбісі өмірден өтті. Қазір театрда көп ойнамаймын. Десе де, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісімін. Жас актерлерге ағалық ақылымды айтып отырамын. Сондай-ақ өнер академиясында актерлық курсым бар. Ол жерде шәкірттерімді актерлық өнерге баулимын. Биылғы түлектердің басын қосып, «Жаңа ғасыр» деген жас театрды аштым. Мұнда ­– 30 өнерпаз және бір театр. Балалар өте талантты, онға жуық спектакль қойдық. Енді солардың жағдайын жасап берсем, одан басқа арманым жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Інжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ