Асхат МАЕМИРОВ: Емтихан сәтін led-экраннан көрсеттік

Газет мақаласы "Айқын" газеті №111

Қашанда ұлттық мәдениетті әлемдік кеңістікте тұлға дәріптей­ді. Ал ондай тұлғаларды тәрбиелеп шығару өнер адамының өріктей ұл, алмадай қыз шағынан баста­луы тиіс

Асхат МАЕМИРОВ: Емтихан сәтін led-экраннан  көрсеттік

– Асхат Максимұлы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында биылғы оқуға қабылдау жүйесіндегі айқын жаңа­лық –академия ғимараты алдын­дағ­ы алаңға арнаулы LED экран қойылып, биылғы 8-13 шілде аралы­ғында өткен шығармашылық емтихан тап­сырған талапкерлердің өнерін олардың ата-аналарының, жақындарының және жалпы ықылас білдірген көпшіліктің көріп тұруына жағдай жасалуы болды. Бұл идея әу баста неден туындады?

– Қашанда ұлттық мәдениетті әлемдік кеңістікте тұлға дәріптей­ді. Ал ондай тұлғаларды тәрбиелеп шығару өнер адамының өріктей ұл, алмадай қыз шағынан баста­луы тиіс. Дегенмен бұл жерде мына нәрсе ескерілуі керек: әдет­те өнер оқу орнына түсу үшін жүрек­тері тек өнер деп соққан талапты жастар келеді. Біздің академия да осы санатта. Бірақ талантты тап басып тану оңай емес. Әрине, бір адамда қабілет болуы мүмкін. Бірақ қабілеттінің барлығын талантты деп айтуға болмайды. Қазақтың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сөзі осы жерге дәл келеді. Яғни талант жүздеген-мыңдаған қабі­летті адамның ішінен ілуде біреу ғана кездеседі дегенді білдіреді бұл сөз. Осы орайда қабылдау комис­­сия­сының құрамына өз ісінің шебер­лерін тарттық. Екіншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елба­сы саяса­ты­мен үндестіре отырып елде ашық қоғам құру жөніндегі ұстанымын, яғни транс­па­рент­­тілікті негізге алдық. Қоғамда кез келген салада ашықтық, тазалық бол­ған­­да ғана іс алға баса­ды. Ата-аналардың көңі­лінде күдік қал­ма­сын деген оймен ғимарат алдына LED экран қойып, жиылған жұртқа шығар­машылық емтиханды көрсету жөніндегі ой осы екі мәселеден туындады. Жалпы шығармашылық сынақты ашық жағ­дайда көрсету бұрын-соңды шығарма­шылық оқу орын­дарында болмаған. Себебі, өнердің өз өлше­мі, шарттары болады. Деген­мен біздің бұл батыл идея­мызға оқыту­шы­лық-про­фессорлық құрам түсіністік­пен қарады. Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райымқұло­ваның тарапы­нан да қолдауға ие болды. Шығар­ма­шылық емтихан­ды экраннан ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетіп отыру жөніндегі ойды айтқан да – Ақтоты Рах­ма­толлақызы. Нәтиже – күткен­де­гідей. Талап­керлердің ата-ана­лары, жана­шырлары тарапынан әдетте орын алып жататын өкпе-соқпаға жағдай жеткен жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы саяса­ты­мен үндестіре отырып елде ашық қоғам құру жөніндегі ұстанымын, яғни транс­па­рент­­тілікті негізге алдық. Қоғамда кез келген салада ашықтық, тазалық бол­ған­­да ғана іс алға баса­ды.

Әсіресе, абитуриент жастардың көңілі толды. Біздің академияға негізінен алыс ауыл­дар­дан келеді. Экраннан ғана көре­тін атақ­ты өнер қайра­т­кер­лерінің өздеріне өбекпен қарап, жана­шыр­лық танытқан­дарын көріп, тіпті тол­қып, көзде­ріне жас іркілгендері де кездесті. Дәстүр жалғаса береді. Келер жылы дипломдық спек­такль­дерімізді де осы жолға салсақ деген ойымыз бар. Яғни Еуро­па­дағы, жалпы әлемдік тәжірибедегі театр акаде­мия­ларының диплом­дық спек­такль­дерді әлеуметтік желілер арқылы көрсетіп отыру әдісін келешекте өзіміз де қолда­нып көрсек дейміз.

– Биыл академияда алғаш рет ашық негізде өткізілген шығарма­шы­лық сынақты тікелей көрсетілім арқылы көпшілік сарабына салу, олардың тарапынан әрқилы пікір туғызуға алып келеді деп ойла­май­сыз ба?

– Сіздің айтқыңыз келіп отыр­­ғаны бір талапкердің өнерін қарап отырған көпшіліктің әртүрлі бағалауы ғой. Негізінде осындай жағдайдың болаты­нын білгенбіз. Жоғарыда өнердің өз өлшемі, ұстанымы болады деген едім. Яғни, әлемдік тәжірибеде өнер «дара тауар» деген ұғым қалыптасқан. Соған сәйкес өнер кәсіби мамандар тарапынан ғана бағасын алуы тиіс. Алайда біздің қоғамда қазіргі кезде қа­лып­тасып отырған жағдай бұрынғы «бармақ басты, көз қысты» психология­сынан үзілді-кесілді алшақтауы­мыз­ды қажет етеді. Оған алып баратын жолдың басы – шы­ғар­машылық сы­нақтарына маман­дармен қатар көпшілікті қатыс­тыру арқылы жүз пайыз ашық­тықты қамта­масыз ету. Бұл – бір жағынан үлгі. Өнер саласын­да да ашық­тық бар екенінің, азаматтық-мәдени ұстанымдар­дың бар екенінің бірден-бір көрінісі. Біз осы жағынан кел­генде үлкен бір міндеттің үде­сінен шықтық деп ойлаймыз.

– Оның үстіне орын да шектеу­лі. Мәселен, былтыр академия бойынша 305 гранттық орынға 738 адам құжат тапсырса, биыл 303 орынға 810 талапкер өтініш берген. Оның 13-і және 19-ы сәйкесінше жетім және ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған, мүгедек, ел аза­маты емес қазақ балалары, басқа да жеңілдікке ие талапкер­лерге арналған квота...

– Бір орынға алты-жеті адам­нан келеді. Соның ішінде «Алтын белгімен» марапатталғандар саны былтыр 8 адам болса, биыл 18 талапкерді құрап отыр. Сондай-ақ абитуренттер арасында Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері, аймақтық арулар және жігіт сұлтаны конкурстарының жүлде­гер­лері аз емес. Мұның өзі қоғам­дағы мәдениет пен өнерге деген ықыластың күрт артуының және ұлттық мәдениетіміздің әлемдік аренада таныла бастауының бір көрінісі, экономика тілімен айтқанда мультипликациялық эффект. Соған сәйкес, академия­дағы мамандықтар да үлкен сұранысқа ие болып отыр. Шын­дығы сол, бізге келушілер тұтас алғанда өздеріне әнші Димаш Құдайбергенді, актерлер Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыровтарды, соңғы шыққан жастардан Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергендерді үлгі тұтады. Біздің хореография факультетіне түсушілер бүгінде әлемдік деңгейде би билеп жүрген Бахтияр Адамжанға, академия түлегі, Венгрияның ұлттық балет театрының жетекші солисі Әлия Тынықбаеваға еліктейді. Осының барлығы жастардың бойына өнер арқылы қоғамның, мемлекеттің дамуына үлес қосуға болады деген сенім ұялағанын және бұл мамандықтармен өз несібесін тауып, отбасын асырап, азамат боп қалыптаса алатындықтарына көзі жете бастағанын аңғартады.


Данияр ТІЛЕУ, 
талапкер: 

– Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыкалық театр артисі мамандығы бойынша белгілі актер Берік Айтжановтың шығармашылық шеберханасына түсуге құжат тапсырдым. Бізді он күн бойы академия ұстаздары тынымсыз дайындады. Нәтиже ойдағыдай. Шығармашылық сынақтың барынша ашық өтуі талапкерлердің бойында ешқандай бөліп-жару болмағандығына сенімділік туғызды. Осындай игі қадамға барған академия ұжымына, соның ішінде ректор Асхат Маемировке алғысымыз шексіз.


Ләззат КҮНБОЛАТОВА, 
ата-ана: 

– Қызым 6 жасынан бастап өнерге бейімін байқатты. ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетті. Бала күнгі арманын орындамаққа Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына құжат тапсырды. Бірнеше күн бойы осындағы ұстаздар балама репертуар таңдауға көмектесті. Сахнада өзін ұстаудың, қимыл-қозғалыс жасаудың және ән салудың қыр-сырына ерінбей-жалықпай баулыды. 

9 шілде күні ғимарат алдына қойылған мониторлардан қызымның аудиторияда шығармашылық сынақтан өту сәттерін бастан-аяқ көрдім және академияның әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн трансляциядан бақылап отырдық. Мұндай жағдай ата-ана көңілінде титтей де күдік қалдырмайды екен. Өте жақсы бастама, оң болсын!


Нәби ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, 
талапкер: 

– Осыған дейін екі жыл бойы еліміздегі белгілі оқу орнына актерлық мамандыққа оқуға түсе алмаған едім. Биыл да соңғы үмітпен Т.Жүргенов академиясының табалдырығын жүрексіне аттадым. Атап айтқанда, осы оқу орнындағы танымал актер Берік Айтжановтың шығармашылық шеберханасына түспекке бақ сынап көрдім. Жинаған балым ойдағыдай. Шығармашылық сынақтың ашық жағдайда өтуі қатты әсер етті.


Нұрбол МЫҢЖАСАРОВ, 
талапкер: 

– Биыл Алматыдағы колледжді бітіргеннен кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының драма театры және кино артисі факультетіне Азамат Сатыбалдының шеберханасына құжат тапсырдым. 8 шілде күні өткен шығармашылық емтихан өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Талапкерлерді бөліп-жару болған жоқ, барлығы әділ өтті. Емтиханнан алған балыма ризамын. Сол үшін академия ұжымына мың да бір алғыс.


– Білуімше, академияда ақылы оқуға түсем деушілерге де есік ашық. Бірақ соның өзінде де олар арнаулы комиссиядан сынақтан өтіп барып қана қабылданады екен. Яғни, өнер ордасының есігін көлденең адамның ашуына жол жоқ деген сөз.

– Жаңа оқу жылының және бір ерекшелігі – академиядағы мамандықтардың білім бағдарла­ма­сы аясына топталуы. Мұның өзі білім беру жүйесінде бірыңғай Болондық үдеріске көшуімізге байланысты орын алып отыр. Мұның мәні – оқу орнындағы мамандықтар өзара топтасып, бұрынғы мамандықтар өнер білім бағдарламасының аясына кіреді де, одан ары мамандандырулар таралады. Осы жүйеге сәйкес академияда биыл ашылған Ұлт­тық өнер факультетіне айтыс, физикалық театр артисі, кино және теледидар суретшісі, балеттану, қайта өңдеу және бұрын ешбір жерде болмаған қылқобызбен ән салу, жетігенмен ән салу, сахна қозғалысының педагогы және т.б. жаңа маман­дықтар қосылды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасын шығармашылық жоғары оқу орындары арасында ең бірінші болып академия жүзеге асырып жатыр. Бағдарлама шеңберінде «Ақпараттық-техно­логиялық кафедра» құрыл­ды. Мультимедиялық сценография мамандығын оқыту қолға алынды. Жоғарыда аталған білім бағдар­ла­масы негізінде медиа­журна­лис­тика мамандандырула­ры да бағдарлама аясында ашылды. Сондай-ақ біздің оқу орны жұмы­сының үлкен бір саласы – этнос­тық театрларға мамандар даярлау болып отыр. Біздің академия – жалпы театр мамандарын дайын­дау бойынша Қазақстандағы бірегей оқу ордасы. Биыл кәріс, орыс курстарына түсушілерді қабылдап жатырмыз. Келесі жылы ұйғыр және неміс топтары қосылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ