Қорқыттың елі – жер кіндігі

Газет мақаласы Айқын газеті №69

Мажарстанда жыл сайын өтіп тұратын MITEM (Madach International Theatre Meeting),  яғни Мадач халық­а­ралық театр кездесуі деп аталатын кәсіби шараға Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театр ұжымы арнайы шақырылды.  Мадиярлардың аттай қалап отырғаны – Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» туындысының Ионас Вайткус сахна­ла­ған нұсқасы. Осы орай­да Мажарстан Ұлттық театрының Сценариум журналына көрнекті ақын, драматург Иран-Ғайып арнайы  сұхбат берген еді.  Драматург­тың сұхбатын қаз-қалпын­да жариялауды жөн көрдік.

Қорқыттың  елі – жер кіндігі

– Есіміңіз турасында бұл әде­биет­тегі псевдоним деп қабыл­дауға бола ма?
– Менің әу баста азан шақырып қойған есімім – Иран-Ғайып екен. Алайда кәмелеттік аттестат алатын кезде туу куәлігінде Иранбек Әбітайұлы Оразбаев екені белгілі болды. Университеттен бастап әдебиетте осы атпен жүрдім. Кейін ілкі есіміме қайта оралдым. Ерен ғайып қырық шілтен, қоңыр аңдар мен төрт түліктің желеп жебеушісі  ерен, көрініп, ғайып болатын қырық әулие (шілтен – парсыша 40) бейнесінде Ғайып пен Ерендi қазақ егіз періште дейді (гороскоп­тағы жұлдызым да – егіздер). Әкем 44 жасында көрген тұңғы­шын­а осындай атты лайық деп тапса керек.
– Сіз алғаш рет драматургиямен айналысуға қай кезден қалай кел­ді­ңіз?
– Менің драматургияға қандай қатысым болуы мүмкін еді деп қазір ойлаймын. 1970 жылы Политехникалық институттың Тау-кен факультетін үздік бітірдім. Дип­ломдық тақырыбымды афри­калық Замбия елінің геологиясы турасында үздік қорғадым және мамандығым бойынша сегіз жыл қызмет атқардым... Алайда…
Бала кезден драматургиямен «айналыстым» десем артық емес. Себебі, тағдыр пешенеме соны жазыпты. Әкем Әбітай соғыстан қайтқан соң ел қыдырып, етігін шеңгел сыдырып жүріп төрт қатын алған екен. Оның зарлы кезінде көрген алғашқы перзенті болған­дықтан, ес білгелі мені қасынан бір елі тастамады, елдің қошеметі мен қазақы ортаның мәйегіне терең сусындап өстім. Төрт жасымнан атқа міндім, бәйгеге шаптым. Жаз жайлауының салтанаты менің өміріме үлкен сабақ болды. Себебі, Бұғылы-Тағылы тауларынан бастау алатын Сарысу өзені алқабы 100 км жайылған қызылсудан, жаз­да көкмайса шалғынға айналатын.  Сол жайлауға 4 облыстың малшы­лары  400 км-ден көшіп келіп жай­лай­тын. Тарихи жағдай, көшпелі тірліктің соңғы бұлқыны­сы іспетті еді. Сонда әкемнің жанында ақсақалдардың сан тақырыптағы қайнаған әңгімеле­рін тыңдап, тереңіне бойлап өстім. Менің шығармама Сыр бойында айты­латын ауызекі әңгіме, дас­тандар, ән-күй мен халықтың пайымы мен бағасы арқау болды. Сондықтан бала кезден дала сахна­сына бейім болдым, бар білімім мен пайы­мымның, дра­матург болуымның негізі сонда қаланды деп айта аламын. 
Сөз киесі қонған ақынжанды мәрт халық өкілі ретінде өнер атаулы қанымда болды, жас кезім­нен өлеңдерім шығып тұрды. Өмір сүрген қоғамыма ылғи да тың, соны жақтан қарауға тырыс­тым, яғни Қорқытша… 1976 жылы сол кездегі партия көсемінің мерей­тойы­на  елдегі бас газет бір санында  «Қойылмайтын сұрақ» деген поэмам­нан үзінді жарияланды. Онда «Біз осы дұрыс жүріп келеміз бе?» деген сауалмен аяқталатын. Газеттің поэзия бөлімінің жетек­шісі Кеншілік Мырзабек дейтін торғайлық ақын еді, жұмыстан кетті сол үшін. Содан бері қайда барсам да, алдымнан – «Қорқыт­тың көрі» шықты да тұрды. 
Экологиялық апат тақырыбын арқау еткен алғашқы туындым – «Тың құрбаны» драмасының премье­расы Алматыда 1979 жыл­дың 30 желтоқсанында өтті. Небәрі 3 рет қойылғаннан  кейін идеоло­гиялық машина тарапынан тоқталды.  
– Шығармашылығыңызда ар­қау еткен тақырыптарға орта әсер етті ме?
– Менің өскен жерім Сыр бойы – Қорқыттың елі. Әулиенің  зираты сонда тұр. Ел аузындағы қария сөзде бұл мекенді – Жердің кін­дігі деп санайды. Онда жұлдыз­дар жерге жақын, қолмен үзіп алардай көзге шалынады. «Жердің кіндігі» себепті атақты Төретам космодромын (Байқоңыр) осында салды, өйткені жер орбитасына енуіне өте қолайлы, Америкадағы космодром да сондай проекцияда тұруы бекер емес. Бұл жерде мыңда­ған ғасырдың куәсі басын тәжік, қырғыз жерінен бастау алатын Сырдария Аралға келіп құяды. Үлкен жайындар болушы еді, сондықтан ел Нәхан-дария деп те атайтын халық.
Менің қаламымнан қазірге дейін 60-тан астам шығарма туды, оның 40 шақтысы театр сахнасын­да қойылды. 13 том шығармалар жинағым жарыққа шықты. Енді осындай бір бөлігі басылымға дайын тұр. 60 жасқа толғанымда туған қалам Қызылордада үлкен театр фестивалі өтті. 70-ке толған құрметіме Орал қаласында 9 театр менің 12 туындымды алып келіп, көрерменге тарту етті. Ал, Аты­рау қаласында өткен 2017 жылғы театр фестиваліне республиканың 6 театры 10 қойылымымды көрсет­ті.  
Драмалық жанрда Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Жалаңтөс Баһадүр, Абылайхан, Тұрмағанбет,  Баймұрат, Махамбет,  Шоқан, Абай, Естай,  Сүйінбай, Жамбыл, Мұхтар, Фатима  т.б. сияқты тұлға­л­арға қатысты қалам тербе­дім, бірақ оларым жалаң тарихи туын­ды емес, толыққанды көркем шы­ғарма. Онда замана сазы, дәуір ыр­ғағына көркемдікпен жауап ізде­дім. Достоевский айтқан «көр­кемдік әлемді құтқарады» дегені – менің бір ұстанымым.
Шығармашылығымдағы бір ерекшелік деуге болады:  драма­ла­рым­ды да тек өлеңмен жазатын адаммын. Өлең – әдебиет атау­лы­ның анасы. Драматургия­ның өзі бертінде ғана қара сөзге көшті. Бірнеше республикалық поэзия мүшайраларында Гран-при алдым.
Шығармашылығыма ұстазда­рым әсер етті. Менің өмірде үш ұстаз­ды пір тұттым: бірі – Әкем Әбітай, екіншісі – ұлы Абай, үшіншісі – Мәскеудегі әдебиет институтының ардагер-абызы – Александр Межиров. Сол ұстазым­ның тәржімасымен Шыңғыс Хаған туралы «Хайуандық комедия» («Зверская комедия») атты туын­дым  «Новый мир» журналында орысша жарық көретін кезде Одақ (Кеңес үкіметі) ыдырады… Яки, тағы да «Қорқыттың көрі» қазылды мен үшін, сөйтіп ол – «под нож» кетті. Сонымен, халықаралық деңгейде насихатталуым тосыннан тамам болды.
– Әлем әдебиеті институтының  жоғары курсы сізге  не берді?
– Горький атындағы әлемдік деңгейдегі ақыл-ой мен өнердің озық ұстаханасы маған көп дүние берді. 43 тыңдаушы едік: барлық соцлагерь мен одақтық республи­калардың әрқайсысынан 2-2-ден. Алғаш оқуды бастағаннан миымыз шайқала бастады. Бір ай өтпей-ақ түнде бағдарламадан тыс жасырын лекциялар тыңдауға мүмкіндік туды, алғашқысының бірі «ССРО тарайды» деген тақы­рып­та. Ол кезде оған ешкім сен­беді. «Лекция оқушылар», анти­кадан бастап империяның тарау, құлдырау себептерін  тереңдеп талдайтын. Онан кейін «АҚШ ыдырайды» деп еді, осыдан 40 жыл бұрын себебін сұрағанымызда, өйткені ондай ұлт жоқ, жердің иесі, киесі жоқ, басқа топыраққа отырғызылған жеміс ағашы да жарты ғасыр ғана өмір сүре алады деді. Әрі әр штаттың негізгі заңын­да шығу еркі туралы жазыл­ғандығы да себеп деген сыңайда...  
Ал орыс ақыны, курстасым астра­хандық Леонид елден дисси­денттер кетіп жатқанын, орыс тілі мен ұлты құлдырап бара жатқанын айтып налитын да, оны кеме апаты кезінде егеуқұйрықтардың палу­ба­ға шығатын тылсымымен байла­ныстыратын. Бұл жайттар өмірлік мұратымды нақтылауға әсер етті. Ылғи да классикалық өнер туын­дылары мен фольклор­лық мотив, тарихи тұлғалар өмірін арқау ете отырып, замана, қоғам тынысын тап басып, өзімше (Қорқытша) ой тастауды ұстандым. 
…Бөлмемде Айвазовскийдің «Тоғыз балл» деген әйгілі картина­сы ілулі тұратын, бір әйел, үш ер адам… Кеме батарда егеуқұйрықтар палубаға қарай өрмелейтін тыл­сым­ды арқау етіп «Батқан кеменің бейбақтары» деген пьеса жаздым. Оны  Қызылорда театрында Қазақ­станның халық артисі, режиссер Ерғали Оразымбетов сахналады. 1990 жылдан кейін. Өте сәтті шықты. Теңіздегі алып кеме суасты шөңгесіне соғылғанда, кеме капитаны егеуқұйырықтар­дың әлгіндей әрекетіне қарап амал жасайды. «Дұрыс өмір сүре алма­дық, енді адамша өлейік» деген капитан жалғыз қайықты төрт жас­қа береді, өздері құрбан бола­ды. Оқиға (тірі қалған қыз, екі жігіт, бір мылқау) символдық бейнелер арқылы өрбиді. Режиссер шешім ретінде ең соңында сол кезде ыдыраған одақтас республи­калардың  гимндерінен үзік-үзік ноталар берді… 
 – Бүгінгі Қазақстанда қазіргі заманғы қаламгердің дәрежесі мен жай-күйі қандай? Тәуелсіздік алған­ға дейін қандай еді?
– Бұл турасында қазақтың «бір апам бір апамнан сорақы» деген мақалдың кері болып тұр. Өткен күнге зар болып отырмын десем,  артық айтқандық емес. Менің өмірім – «тырнақша ішінде». Мен үшін тәуелсіздіктен бұрын және кейін дейтін ұғымның парқы онша мәнді емес, сол тақырып, сол гөй-гөй...
Қаламгердің дәрежесі бар де­ген­ді кім айтты? Ол қандай қоғамда болады?.. Коммунистік заманда қаламгердің қоғамдық орны, сал­мағы ептеп болды, шындықты айтудан, «домокль гүрзісі» барын сезі­нетін сияқты еді. Бүгінгі қоғам­ның идеологиясына қызмет істей­тін жеке қаламгерлерге – «қарата­бан-жалаңаяқтарға» бәрібір. Адамнан да, Құдайдан да қорық­пайды. Оны осы «Қорқыттың көрінен» іздемей-ақ табуға болады.
– Көңіліңіз тола ма?
– Ол маған байланысты емес, басқа мәселе. Маңдай тер, табан ақыммен екі оқу орнын жетеріне жете оқыған адаммын дей аламын, Аштан өліп, көштен қала қоймас­пын. Жалпы халықтың жайы толғандырады. Замандас қалам­герлер бір қаптан (бір саптан) шыққан жандармыз, жағдайымыз да ұқсас, бірақ айла-шарғымыз әртүрлі, тазы болып шалуға, оңа­лып-ақ кеткіміз келеді, жұрттың істегенін істеп дегендей…
Қазір халық ақын-жазушыны оқымайды, хадисте жазылғандай: ақырзаман жақындағанда, елде ұялмайтын әншілер мен ерінбеген етікшілер қаптады. Ақын да – солар, Айтқыштар да – солар. Үрген иті мен көрпесіндегі битіне дейін – Аңыз!
– Сіз драма жанры мен театрды маңызды деп санайсыз ба? 
– Бұл мен жауап беретін дүние емес, маған дейінгілер жетесіне жеткізіп айтып кеткен тарихи дәлел­денген  жайт, адамзат тари­хын­­дағы Эзоптан Шекспирге дейінгі аралықта айтылған тәмсіл. Қалай туындады, оны сахнаға шығарудың қажеті неде деген сауалдар, мен тумай тұрып қалып­тасқан, маңыздығы әлдеқашан шешілген дүние. 
Театр сахнасындағы өткен қоғамда әлаулайым болса, бүгін қалаулайым. Адамзат жер бетінен жоғалғанша осылай бола беретін шығар. Қазіргі ғаламдану деген тренд маған онша әсер етпейді. Барлығының  артында да Жарату­шы тұрған жоқ па, адам өмірі, ақыл-ойымыз, табиғатымыз да шектеулі. Айтатын ойымыз, жаза­тын тақырыбымыз барлығы бір шеңберде әрі шектеулі, онан шығуға болмайды. Онан шыға алмаймыз! Шықсақ, «Қорқыттың көрден сыртқа шығып қалған» аяғы сияқты болатын тәріздіміз.
 Театр ахуалына келсек, соңғы кезде көрерменге жан кірді, әсіресе, жастар қатары молайғаны, оянға­ны қуантады. Жақсылыққа балай­мын, оянсын, өнерге деген көз­қарасы артсын, ойлансын. Себебін білмеймін, әлеуметтік жайт па, қоғам ба, заман ба, қаны қайнаудан ба, әйтеуір ояну бар…
– Бұл мифтік тақырыпқа қол созуы­ңыздың басқалай жеке себебі бар ма?
– Әдебиет әлемінде белгілі бол­­ғандай, небәрі 33 тақырып бар. Ақ пен қара, бар мен жоқ, махаб­бат­­­тың үш тағаны, білдіртпей істе­ген жақсылық және т.с.с. Бар­лы­ғы­­ның негізін атақы Шекс­пир туын­­­­ды­ларына арқау еткен, соған бағ­дар етеміз. Мен де осындай ізде­ністен қазақ әдебиетінің клас­си­гі Мұхтар Әуезовке арналған «Кие­лі күнә» пьесасында 3 түрлі күнә бар дегенді айттым: біріншісі – анадан  туып, ауамен тыныста­уым, ол кейін аран мен ындынның ашылуына жол берді; екіншісі – таза тәніме иткөй­лек кигенім, ақы­ры ол дүние­құмар­лыққа баста­ды; үшінші күнәм – жар төсегінде жарым­ды пәктігінен айырғаным, оның ақыры «бар­төсекке» нәпсі­құмарлыққа баста­ды. Осыдан бар күнә, бар үйлесімсіз­дік туындайды…
1986 жылы совет империясына қарсы Алматыда ірі қарсылық бол­ды, 1956 жылғы мадияр төңкерісі сияқ­ты. Жастарды аяусыз жаныш­тап, қазақы рухын өшіруге әрекет жаса­ды. Мен сондағы қойылған талап, шовинистік биліктің аяусыз рахы­мын, жастарды ұрып-соғып жазала­ған әрекетін «Мен ішпеген у бар ма?» деген шығармама арқау еттім. Яки тақырып – елдің мұңын жоқ­та­ған отаршылық заманның Қорқы­тына айналған ұлы Абайдың айна­ласындағы кейіпкерлердің аузына салдым. Осы туындымнан кейін «Қорқыттың көрін» жазуға отыр­дым. Оның тууына себепкер сол өскен Сыр бойындағы аңыз бен әкем­нің налуы әсер етті, әрине, заман­ның азуы мен қоғамдағы тығырық, құндылықтардың кері кету мәселесі толғандырды. 
– «Қорқыттың көрі» туындысы­ның неше нұсқасы бар және қанша мәрте сахналанғанын білеміз. Олар­дың арасындағы айырмашылық қандай? Литвалық шығармашылық ұжым қалай келді?
– «Қорқыттың көрі» тоқырау кезеңінде жазылды. Оның бір ғана нұсқасы бар. Ол туындым үшін 2001 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болдым. «Қорқыттың көрі» Қазақстанның 4 бірдей театрын­да сахналанды. Тақырып бір болғанмен режиссердің көркемдік шешімі, сахна декорациясы, костюм, актерлердің бере білуіне қарай бір-біріне ұқсамай, өзгеше жағдайда өрбіп отырды. 
Қазақстан Жазушылар одағы­ның «Простор» әдеби журналының 2012 жылдың №2 санында «Заклятие Коркута» деген атпен Валерий Михай­лов есімді қаламгердің ауда­руы­­мен орыс тілінде жарық көр­ген-тін.  Осымен танысқан лит­ван­дық режиссер Ионас Вайткус халықара­лық бір фестивальда қазақ әріптес­те­рінен сұраған, оны қой­ғысы келе­тінін айтқан. Олар Алматы­дағыларға нұсқаған, сөйтіп, М.Әуезов атын­дағы театрдың басшысы Еркін Жуасбеков тарапы­нан қолдау тап­қан, арнайы жоба аясында қойыл­ды. Вайткуспен бірлесе жұмыс істедік. Ол театр өнеріндегі әлемдік деңгейдегі тұлға, әсіресе, сахнадағы қимыл-қозғалыс (өзі тағы да би маманы) декор, костюм мәсе­ле­сін жете меңгерген. Кейбір тұста көр­кемдік шешім үшін қос экран­ды пайдалануды да қарастыр­ды. Өзгеше шықты өзіндік нұсқа...
Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен балалардың ака­демиялық театрында Жанат Хад­жиев қойды, ұзақ жылдан бері  сахнада. Ол Вайткустың қойылымы­нан осал деп айта алмаймын, деңгей­лес, ол да солай жауап береді заман сауалына.
Қуандық Қасымов қойған Қор­қыт өкінішке қарай, Орал театры­нан ұзап шыға алмады. Өкініш­тісі сол, әйтпегенде Ионастың «Қорқы­ты» қандай жетістіккке кенелсе, ол да сондай биіктен көрінер еді. Менің туған жерімде Қорқыт 40 жыл өмір сүргені айтылады: «Жаратылыс заңы – ең қатал, қайырымсыз, қаті­гез әділ заң. Тумауыңа қалай шараң жоқ болса, өлмеуіңе сондай дәрмен­сізсің».
– Бұл туындыны отандық және шетелдік кәсіби мамандар мен жалпы жұртшылықты қалай қабылдады?
– Бірнеше жыл бұрын денсау­лығым сыр беріп (инсульт болып) құлағанда, жұбайым  Дариға менің бүкіл архивімді ортаға тастап, сауал қойды: не істейміз, қалай игереміз деп? Бұрыннан менің шығармашы­лығым туралы жазып жүреді екен, білдірмей. Екеуара сұхбат түрінде өмірім мен шығармашылығым туралы жазамыз деп келістік. Оны «Мың бір түн» сюжеті сияқты сұрақ-жауап түрінде өрбіттік. 1 450 беттік «Бұл дүние ғайыбы» деген қостом­дық шығардық. Биобиблиография десем де болады. Кітапта талдау, талғау, мақтау, даттау, өмір, өнер, жалпы шығармашылық... барлығы тұр. Сонан қарап отырсам, «Қорқыт­тың көрінің» табысы мол болған екен. Бірнеше театрда қойылды, ұзақ жылдар бойы сахнадан түспей келеді. Жұртшылық жылы қабылда­ды. Халықаралық деңгейде танылды.
Қазақ театр сыншысы марқұм Әшірбек Сығай былай депті: «Қор­қыт­тың көрі» өлеңмен жазыл­ған ұйқасқа құрылған. Гюго «драма-поэзияның шыңы» деп айтқан ғой. Таза поэтикалық рухта жазылған қойылым кейіп­керлерінің санына қарамастан, мұны моноспектакль дер ем. Яғни, Қорқыттың басын­дағы трагедия... Оның монологы жер басып жүрген адамды ойға қалдырады... Қаны тамып тұрған бүгінгі күн. Қойылымның фило­со­фиялық өресі өте биік».
Кесек тұлғалы өнертанушы Таласбек Әсемқұлов « ... автор бүгінгі проблемаға табан тіреген, көне архаикалық сюжетке құрыл­ған драмада аллюзия бар, бүгінгі көкейкесті мәселелер көрініс тапқан. Яғни, сюжет шартты. Көрермен ықылымға кеткен, аңызға айналған оқи­ғаны зерде­лей отырып, бүгінгі тіршілік тынысын танығандай болады. Сөз жоқ, бұл – автордың табысы».
2002 жылы түркітілдес елдер­дің халықаралық VI театр фести­валінде Қазанда жүлде алды. 16 елдің театры қатысқан жарыста бас рольді сомдаған  Б.Сейіт­мамы­тов үздік орындаушы жүл­десін алған кезде кәсіби сын­шылар не дегенін театртану­шы Әшірбек Сығай жариялаған еді. Сонда бүй депті түркиялық Р.Эйджин ханым «Әдетте дастан­дар халық­тың өміршеңдігі жайлы толғайды. Ал бұл ретте басқаша… Бұл қойы­­лымда әлемдік таным, пен­делік, түйсік сиқырлы күш­пен мейлінше көрініс тапқан».
Ал башқұрт театр сыншысы Сүйіндік Саитов: «Қорқыт – экзотикалық өте көне кейіпкер, Қорқыт – классикалық мифоло­гия­лық қайнар көзі, бастау тума­сы, Қорқыт жайлы жазылған аңыз-дастандар жетерлік. Біздің айтқалы отырғанымыз басқа, мүлдем бөлек қазақ аңызы, қазақ халқының абызы. Барлық халық­тардың драмалық шығармала­ры­нан бек хабардар ізденімпаз адам­­ның – тынымсыз ақын­ның – Иран-Ғайыптың қолымен, поэзия тілімен жазыл­ған... «Қорқыттың көрі» – тұнып тұр­ған поэзия! Поэзия болғанда, түркітектес халықтардың әдет­тегі силлабикалық (буын саны тұрақты) өлең жүйесіедегі поэзия емес. Басқа, жаңаша, ХХ ғасырда өте үлкен төңкеріс жасаған әлем халықтарының силлобо-тоникалық (екпінді және екпінсіз буындардың кезектесіп келуі) өлең жүйесіндегі ерекше сазды, әртүрлі, әртүсті әрекетті, күрделі полифоникалы, көпқабатты пәлсапалы соны поэзия! Мен Иран-Ғайып шығармашалығын осылай түсіндім.  Қойылымның айтары –  шындықтың хақ әрі жалғыз екені! Қорқыттың  Құдай емесі! Дей тұрғанмен, аңдай біл­генге Құдай болмаған Қорқыт  Құдайдан былай да емес! Ол да Тәңір тектес жара­тады! Жарат­қаны – қобыз. Қобыз үні – құбылыс!».
Ал тағы да сол Қазанда ХІІ фестивальде Латын Америка, АҚШ, Еуропа және ТМД елде­рінен келген театр сыншы­лары Ионас Вайткус қойған «Қорқыт» ең үздік спектакль деген баға алды. Оны талқылау кезінде Кристина Матвиенко театртану­шы-сарапшы былай баға берді: «Жаратушы Құдай туралы түсінігі әртүрлі, бірінен бірі тым алшақ, әр алуан мәдениеттің, соның ішінде театр өнерінің тап осы «Қорқыттың көрі» спектаклінде тұтастыққа айналғанын көріп, бас шайқап отырмыз. Біздің бағзы замандар қойнауында қалып қойған тарих-тамырымыз, ол тамырға қатысымыздың бар-жоғы, өткенімізді біліп-білмейтініміз, осының бәрін Вайткус  өз ділі мен дініне ұқсамай­тын басқа бір мәдениет арқылы түсіндірмек болған».  Алексей Бартошевич профессор «Режиссер мен актерлердің ішкі энергиясы бір-біріне жан-тәнімен беруге ғана құрылған екен. Өнердің мазмұны әлемді өзгеруге, дүниені жаңғыртуға діттейді. Суреткер үшін бастысы осы болмақ».
Қазақтың атақты актері, театр қайраткері Асанәлі Әшімов: «Спек­такльдің қарымды тұста­рын тап басып тани алған сіздерге рақмет. Мистикалық геройдың зираты Қазақстанда жатқанын мақтан тұтамыз». 
Қорқыт туралы мамандар мен жұрттың пікірі осындай. Мадияр көрермені мен мамандары тарапынан жақсы қабылдайды деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет,сізге денсаулық һәм шығармашылық табыс тілеймін! 

Сұхбаттасқан 


Бабақұмар ХИНАЯТ