Сөзге – мықтымыз, ал іске?..

Газет мақаласы Айқын газеті №74

Жаңа заман: жаңа технологиялық толқын... индустриалды-инновациялық  даму... Біз осыны жете түсініп отырмыз ба?.. ХХІ ғасырда мүлдем жаңа тұрпатты ұлт болу қолымыздан келе ме? Сапалық өзгеріс үшін бірінші кезекте не қажет?

Сөзге – мықтымыз, ал іске?..

Шын ниеттенсек, біздің қолы­мыздан да бірдеңе келеді.

Бірақ біз негізінен алғанда алдымен сөзге мықтымыз! Ұлт­тың дамуы озық техника мен технологияны терең меңгеруге тікелей тірелген уақыт қазір. Бір кезде «Білім және еңбек» дейтін керемет журнал болды: қазақтың жаңа технологияны меңгеруге деген құлшынысын оятқан басылым еді, нағыз осы күннің журналы болуы тиіс-тін, түрлі желеумен жабылып тын­ды... Алдағы заман – жоғары тех­нологияда, оны игеру мен мең­геруде тұр. Біз техникасы мен технологиясы барынша дамыған ел болсақ қана өз ру­хани байлығымызды әлемге таныта аламыз, мойындата ала­мыз. Қайыршылық жағынан алдына қара салмайтын Үндіс­тан қазір қандай? Бұл елдің мамандары дүниежүзіндегі ком­пьютер бағдарламасының жартысынан астамын жасаумен танымал. Олар осындай дәре­жеге қалай жетті?

Біз құсап қызыл сөздің кө­бігін сапырып отырған жоқ: бұл елде бос сөз сөйлеуге орын да, уақыт та тапшы, қалайда жан бағу, күн көру, өмір сүру керек. Жалған кісілікке салынса, көпірме сөз айтып отырса, аштан өледі...

«Біздің мақсат – жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу. Бұл мақсатқа жету үшін біз барынша ең­бектеніп, елеулі үлес қосуға тырысамыз» дейміз. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін жоғары сауат­ты елге айналу аздық етеді. Әдеттегіден көп еңбектену қа­жет. Қазіргі әлемде жаппай сауаттылықтың өзі жеткіліксіз болып қалды. Мықты ұлт болу үшін орын­даушылық тәртіп пен ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс істеу машығын мең­ге­руге дайын болу керек. Жоғары тех­нологияның соңына жаппай түсу дегенді қаперінде ұстап отырған кім бар?

Біз қайда барсақ та кешігіп жүреміз. Үнемі кешігу кеже­ге­ден тарту дағдысын тудырады. Әрбір кешіккен сағатымыз бен күніміз күнделікті өмірде біліне бермеуі де мүмкін. Ғасырлық өлшеммен алғанда, бізді онда­ған жылға артқа лақтырып тас­тай­ды. Қазақстандағы енді же­­ті­ліп, дұрыс жолға түсе бас­та­ған индустриалды-иннова­ция­­лық тұрғыдан даму 
жолы – ең дұрыс жол. Тех­но­логиялық революцияның жаңа толқыны­ның туындауына дайынды­ғымыз қандай? Қо­ғамды жаңа дәуірлік өз­герістерге бейім­деу­ші халықты ақпараттандыру ісінің жетілуіне қандай үлес қоса аламыз? Жеткіншек ұр­пақтың функ­ционалды сауат­тылығына мән берген дұрыс та шығар. Алайда қазіргі заманға бейімделген, машықтанған жас толқын қуатты болуы тиіс. Олар­дың белгілі бір істі бітіруге деген құлшыныс-қабілетін қайтсек арттыра аламыз?

Біздің сөзіміз – көп, ісіміз – аз. Осы екеуінің орнын ауыс­тыра аламыз ба?