Мектеп бітірушілер және мейірім

Газет мақаласы Айқын газеті №76

Қазір жер-жерде орта мектепті бітірушілер соңғы қоңырауды асыға күте бастады. Жылда түлектер думаны дүрілдеп өтеді. Тіпті қоштасу кешіне лимузин мініп келу сияқты дарақы тірлікке дейін барып жатқандар бар. Ата-аналар тарпынан балаларының мектеппен қоштасу рәсімін өткізу бір машақат: түрлі желеумен ақша жиналады, арнайы көйлек тіктіріледі, аста-төк дастарқан мәзірі жасалады; ду-думанның арты төбелеске айналып та жатады, даңғаза шара­лардың тізбегі осылай жалғаса береді.

Мектеп бітірушілер және мейірім

Осының қаншалық керегі бар?

Мектеп үшін бұл керек пе? Ата-анаға не үшін қажет?

Мектептің жағдайы оқушылардың қаржысына тіреліп тұрған жоқ. Мектеп директорлары бұрын қаржы аз бөлінді дейтін, сондықтан ата-аналар қалталарынан қосымша ақша шығаруға мәжбүр бо­латын. Орта білім беретін мектептерге жаңа қаржы­ландыру жүйесі енгізілгелі барлық шығын есептеледі. Қажетті тазалық құралдарын, басқа да ірілі-ұсақты керек-жарақтарды алуға қазір қаржы бөлінеді.

Астанамыздағы «Жас ұлан» республикалық қо­ғамдық бірлестігі «Адал ұрпақ» клубтарымен бір­ге мектеп бітіру кештерін ақшаны шашпай, оқу орын­дары қабырғаларында қарапайым ғана өт­кізуді ұсынған екен. Жақсы бастама. Осынау игі­лікті бастаманы елордадағы жиырма төрт мектеп қолдап отыр.

Соңғы жылдары мектеп бітіру кештерін аса қымбат мейрамханаларда өткізу де өзіндік бір салтқа айналды. Түлектер неге жастай дарақылық­қа құмартып кетті? Бір күндік қызыққа бола қаншама қаржыны далаға шашу – нағыз дара­қылық көрінісі. Кейбір мектептер бір түлектен 150 мың теңгеге дейін ақша жинап жатыр деген де желсөз бар. Желсөз болып қана шықса, бір жөн.

Барлық оқушының әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Бір отбасының шамасы келгенмен, қаншама жанұяның мұндай қаражатты жинауына мүмкіндік шамалы. Сонда да «қатардан қалмайық» деп ата-аналар жанталасады.

Мектеп бітіру кеші, сонымен бірге 10-20-30-40-50 жылдық кездесулер деген тағы бар. Осының бәрі тоқшылық салдары. Жарайды, бас қосу керек те шығар. Алайда осы кездесулерді нағыз қайы­рым­­дылық шарасына айналдыруға болады ғой.

Қазір көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағ­д­айы қоғамды алаңдатып тұр. Неге әлгіндей қаражатты қайырымдылық негізге қарай бағыт­тауға болмайды? Мәселен, сынып бітіруші түлек­тер ең жағдайы нашар отбасыға қаржылай көмек көрсетсе. Тұрғын үй алу үшін қажетті бастапқы жарнаның белгілі бір мөлшерін құйып берсе, әлдеқайда зор сауап жинамай ма?

Жалпы, мейірім мен обал-сауап деген ұғымдар жас ұрпақ санасына ертерек сіңсе дұрыс болар еді. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып, дарақы тірлікке, даңғаза думанға әуестенудің арты дүние қуушы­лық­қа жетектейді. Онсыз да қазіргі жастар еңбек­тен­іп мал тапқысы келмейді; есебін тауып жылдам байығысы келеді; сұрауы жоқ ақшаға бірден кенелгенді қалайды.

Мұның бәрі біздің қоғамда қарапайым құнды­лықтардың орнықпағанын көрсетеді. Оңы мен солын әлі танып болмаған жас өскінге «Мұның қалай?» деуге әддіміз де жоқ. Ата-аналар «ба­лаларымыз қатарынан кем болмаса» деген тілекте.

Осындайда Абайдың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой» деген аталы сөзі еске түседі.

Қайда қанағат? Қайда рақым?!.