Алтын ұяң үшін не істей аласың?

Газет мақаласы Айқын газеті №80

Халық аузында «Не шықса да Шымкент жақтан шығады» деген бір сөз бар. Міне, тағы бір жақсылық осы жақтан шығып жатыр. Түркістан облысында қайырымды түлектер жұмысын насихаттайтын «Алтын ұям» жобасы қолға алынды. Бұл – әр жылы мектеп бітірген түлектердің қайырымдылық шараларын қамтитын шаруа.

Алтын ұяң үшін не істей аласың?

«Қайырымды түлектер» жоба­сы­ның ережесі жасалыпты. Негізгі мақсаты –Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласындағы басым­дық­тарды негізге ала отырып, әр­бір азаматтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру, қамқор­лығын күшейту, ысырапшыл­дық­тың алдын алып, қайырым­ды­лыққа бағыттау.

«Алтын ұям» жобасы аясында түлектер мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл толуына арналған ме­рейтойларда сән-салтанат ор­нына білім алған мектебіне, туған ауылына көмек көрсетеді. Тұрмы­сы төмен отбасыларға баспана, түрлі нысандар салып беруге өз үлесін қосады.

Осы жоба бойынша әр аудан, әр қаладағы барлық мектептің әр жылғы мектеп бітіруші түлектерінің жасаған қайырымдылық шарала­рының мәліметтері жинастыры­лады. Түлектер ауылға, мектепке қайырымдылық жасайды. Қол­да­рынан келгенше спорт алаңша­ла­рын соғу, тұрмысы төмен отба­сы­ларға көмек көрсету шараларына қатысады. Жыл соңында дауыс беру нәтижесімен жеңіске жеткен түлектер облыс орталығына шақы­рылып, облыс әкімдігі тарапынан марапатталады. Ең соңында олар­ды Түркістан облысының әкімі арнайы қабылдайды.

Осының алдындағы бір мақа­ламызда мектеп бітіруші түлектер даңғаза дүрмектен гөрі қайырым­дылық бір іс жасаса, соншалық сауап жинар еді-ау деген ойды айт­қан болатынбыз. Құдайға шүкір, ел ішінде есті азаматтар бар екен. Түркістан облысы Төлеби ауданындағы №2 Ш.Уәлиханов атындағы мектебін 1999 жылы бітірген түлектер Қасиетті Рамазан айында қайырымды іс жасап, көпбалалы анаға баспана әперді. Түлектер мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай жиналып, ортақ күш-жігермен ауызашар ұйым­дастырған. Оған барлық мұ­ғалімдері мен ата-аналарын ша­қырып, сол жерде көпбалалы анаға бір бөлмелі пәтердің кілті мен балаларына сыйлықтар табыстады. Күйеуі 2018 жылы марқұм болған көпбалалы ананың үлкен қызы 13-те, ал ең кішкентай ұлы – 11 ай­лық. Жалдамалы пәтерде бес қыз, бір ұлымен күнелтіп келген Айнұр Қалтұрсынова жанға жайлы пәтер сыйлаған түлектерге аналық алғысын жаудырды.

Биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер осындай сауапты қадамға барды. Әдетте көпбалалы аналарды, жағдайы нашар отбасыларды қолдау туралы биік мінберлерден жалынды сөздер айтылады. Енді міне, сөзден іске көшу басталды. Түркістан облы­сының ізгі бастамасын Қазақстан­ның өзге өңірлеріндегі мектеп бітіруші түлектер жедел қолға алып, қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді!

Алтын ұя – мектеп бізге білім берді, көзімізді ашты, оң мен солды танытты. Соның есесін қай­таратын шақта несіне аянамыз? Қолдайық осы бастаманы!