Сирек мамандар сиреп...

Газет мақаласы Айқын газеті №83

Қазір сирек мамандық иелерінің қатары сиреп барады. Демография саласын індете зерттеген Мақаш Тәтімов дүниеден өтті, оның орнын басатын бір жас қазақ демограф шыққан жоқ. Сол тәрізді елімізде палеонтолог мамандарының шоғырын кездестіре алмайсыз. Бұл қалай?

Сирек мамандар сиреп...

Палеонтология – қазба орга­низм­дер туралы ғылым (paleos – көне, ертедегі, ontos – тірі жан, жәндік, logos – ілім, ғылым, яғни ежелгі жәндіктер туралы ғылым). Ол өз кезегінде палео­зоология мен палеоботаникаға бөлінеді екен.

Біздің қазақтан шыққан алғаш­қы ғалым әйел-палеонтолог, па­леозоолог, биология ғылымының кандидаты, Ресей Палеонтология қоғамының құрметті мүшесі Б.Қожамқұлова деген кісі. Одан басқа бұл саланың көрнекті өкілін кездестіре алмайсыз.

Мәскеулік палеонтолог Юрий Орлов 1928 жылы Павлодар қала­сының солтүстік батысындағы Ертіс өзенінің оң жағалауынан ерекше бір қорымды табады. Бұл жалпы көлемі 2 гектардай алқап­тағы 6-8 метрлік жер қыртысының астында 3-4 метр қалыңдықты құрап, төбе-төбе болып үйіліп жат­қан ежелгі заман жануар­ларының сүйектер жиынтығы. Бұл маңайды тұрғылықты халық «Қазқонақ» («Гусиный перелет») деп атайды. Оның себебі, күзде жылы жаққа бет алып, ал көктемде кері орала­тын қанаттылар осы жерге келіп, дамылдайды екен. Ю.Орлов пен ол жұмыс істейтін Бүкілодақтық Палеонтология ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері бұл өңірден тек құстар ғана емес, 20-ға жуық бұғы, 40 керік, 130 мүйіз­тұмсық пен 200 гиппарион жыл­қысы және сол ежелгі заманда Ертіс өзені жағалауын мекен еткен тасбақа, қылыш тісті жолбарыс қаңқаларын тапқан. Қазқонақ алабынан табылған жан-жануарлар сүйектері ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы палеонтологтар үшін үлкен олжа болады. Бұл ежелгі дүние тіршілік иелерінің өмір сүрген уақыты шамамен 7-10 миллион жыл бұрынғы неоген дәуіріне барады екен. Археологтар тапқан 16 тонна аң-құс сүйектері республикадан тыс жерлерге әке­тіліп, ешқайсысы жөнді сақтал­маған.

Алматыда Дмитрий Малахов деген палеонтолог бар. Атырау жақта Петров деген палеонтолог бар деп естиміз. Бар болғаны осы.

Бізден басқа елдердің бәрінде бұл мамандық өте қадірлі. Қазір британдық палеонтологтар Канада мен АҚШ-тың солтүстігін ме­кендеген тираннозаврлардың түп-төркіні Азияда екенін анықтады. Мамандар мұны анықтау үшін 28 динозаврдың сүйегін жинап, Ти-Рекстің даму тарихын құрас­тырған. Нәтижесінде, динозавр­лардың алып Пангея материгінде өмір сүргені мәлім болды. Ал олар бө­ліне бастағанда Азияда ме­кендейтін тираннозаврлар Сол­түстік Америкаға ауып кеткен.

Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылынан табылған мүйізтұмсықтың қаңқасы палеонтология ғылымына үлкен жаңалық әкелді. Мамандар бұл оқиғаны әлемдік палеонто­ло­гиядағы сенсация ретінде бағалады. Қазір ерекше жәдігер Пав­лодар­дағы мұражайлардың бірінде сақтаулы тұр.

Елімізде отандық палеонтолог мамандарын кім дайындайды? Бұл – үлкен мәселе.