Іс тетігін кадр табады

Газет мақаласы Айқын газеті №87

Тұңғыш Президентіміздің «Халыққа және олардың мәселелеріне жақын бол, сонда елімізде сыйластық пен тәртіп орнығады» деген қағидалы ұстанымын ұмытпау керек.  Бұл басқарушы және атқарушы буындағы азаматтардың барлығына  үлкен жауапкершілік жүктейді.  Елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы заң қабылданған. Бұл заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды көтеруді қамтамасыз етеді.

Іс тетігін кадр табады

Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде үш корпустық вертикаль: мемлекеттік саяси қызметшілер, мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» басқарушылық корпусы және «Б» атқарушылық корпусын құру көзделген. Негізгі басымдықтар анықталған: кадрларды іріктеу және жоғарылату кезінде мерито­кратия қағидатын күшейту, «А» басқарушылық корпусын құру, барлық мемлекеттік органда ар­найы басқару құрылымдары мен тетіктерін жетілдіру, оның ішінде кадр қызметінің мәртебесін көтеру, тәртіптік және этикалық бақы­лауды күшейтіп, корпоративті мәдениетті жетілдіру.

Қазіргі таңда кәсіби басқарудың тиімділігі жоғары екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мемлекет бас­шысы Тwitter-дегі парақшасында жыл соңына дейін 300 адамнан тұратын алғашқы кадрлық резерв­тің тізімі дайындалатынын жазды. «Мемлекетті басқару жүйесіне жас мамандарды, соның ішінде аза­мат­тық сектордан тарту менің мін­детім болады. 300 адамнан тұ­ратын алғашқы кадрлық резервтің тізімі жыл соңына дейін дайын­да­лады. Жастар – алдағы рефор­ма­лардың негізгі қозғаушы күші», – депті.

Қызметте «сатылап өсу» деген ұғым бар еді. Бұл қызметкерлердің жаңа қызмет сатысына көтерілуіне оңды стимул болатын. Кейінгі жылдары осы құнды талап әлсіреп кетті.

Кадрлық резерв дегеніміз не? Бұл – мемлекеттік қызметті ат­қаратын адамдардың жаңа буыны. Біз қазір сыбайлас жемқорлықтың себебімен емес, салдарымен күре­сіп жатырмыз. Кадрлық резервке ілінетін азаматтар халыққа қалт­қы­сыз қызмет етуге әбден берілген, барынша адал азаматтардан жа­сақталуы тиіс. Әйтпесе, белгіленген заңдар бар, жауапкершілік жүгі де аз емес, соған қарамастан басқару­шы және атқарушы буындағы жемқорлық деңгейін төмендете алмай отырмыз. Мұның бәрі айна­лып келгенде мемлекеттік қызмет­шілердің абыройын түсіріп тас­тайды. Кейде «анау ұсталды, мынау қамалды» деген ақпараттарды оқы­ған халық мемлекеттік қыз­меткерлер тарабына тіптен сенуден қалғандай әсер аласыз.

Жас толқын – таза буын. Олар жастайынан рухани жағынан таза, мемлекет ісіне шынайы берілген, «алтын көрсе, жолдан таймайтын» қалыпта болуы шарт. Жаңадан жасақталатын кадр резервіне кіретін үш жүз адамның әрқайсысы өз ісімен, өз тазалығымен үлгі көр­сетуі керек.