Ұйытқы мен іріткі

Газет мақаласы Айқын газеті №88

Қазақстан Президентінің сайлауы ерекше жағдайда өтті. Баламалы негізде жеті үміткер сайлауға түсті. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарында саяси мәдениет деңгейі жоғары болды. Үміткерлер бір-бірінің жеке басын қаралаған жоқ. Барша қазақстандыққа тарихи таңдау жасау мүмкіндігі берілді.

Ұйытқы мен іріткі

Ұйытқысы дұрыс болса, сүт те әдемі ұйыйды. Ұлт үшін де ұйытқы керек. Қазақтың есті азаматтары­ның қай-қайсысы да Тәуелсіздік, Тұрақтылық, Тыныштық деген қа­сиетті ұғымдардың қаншалықты құны барын біледі.

Бір заманда «Ұлт ұстазы» атан­ған Ахмет Байтұрсынұлы алты алаштың баласына қарата арнау сөз айтқан болатын. «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыз­дар, адаспас үшін ақылдасып, ой­ланып, ынтымақпен іс қылыңдар. Алашқа аты шыққан адамдар! Кө­сем­діктеріңді адаспай, түзу іс­теңдер. Сендер адассаңдар, арт­тарыңнан алаш адасады. Арт­тарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!».

Ашық күнде адаспау – аза­маттық іс.

Мұхамеджан Тазабек өзінің facebook-тегі парақшасында былай деп жазыпты: «Дауыс беруге кел­дік. Елдің тағдыры, мемлекеттің мүддесі әрқайсымыздың ниет-пиғылымыз бен амал-әрекетімізге байланысты. Адам қырсығам десе сайлау түгілі, сағынған әке-ше­шесін іздеп бармайды. Пенде Құдайдан үміт үзбесе, жердің түбіне ризық іздеп, тәуекел етіп жолға шығады...Бәрі пиғылымызға байланысты ғой. Дүние көбейген сайын кісілік көбейіп жатқан жоқ, білім артқан сайын даналық мо­лайып жатқан жоқ. Өмірдің шын­дығы осы. Бірінен-бірі сырын жасырған, жұмсақ жымию мен тәтті лебіздің тасасына пиғылын бүккен бес күндік жалғанның пен­десіміз. Жек көргеніміз жанашыр, жақсы көргеніміз опасыз боп шы­ғып жатады. Көзіміз көріп жүрген «әділетсіздіктеріміздің» ар жа­ғында Алланың әділдігі тұр. Кез келген уайым мен кірбіңді, проб­лема мен қайғыны Аллаға көтер­мей, ақырет күнінің таразысымен бір өлшеп алмай, пенденің өлшеулі көзқарасы жүрекке тиянақ тап­қызар ма?».

Береке-бірліктегі қазақ қоға­мына іріткі салуға ұмтылушылар да бар. Олар үшін қазақтың елдігі мен мемлекеттілігі ойыншық тәрізді. Арзан сөз бен айдапсал ұранға ал­данып, ақиқатшыл болғанға мал­данып, артынан батыс жақтан ағыл­­ған ақшаға жалданып, қара­то­быр­дың қарасын көбейткісі келеді.

Осындайда Абайдың «Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» дейтіні тегін емес. Арт­тарынан ергендердің обал-сауабы кімнің мойнында болмақ?

Күніне қырық құбылған тар жол, тайғанақ кешуде елдік мұрат­тарымызға адалдық таныту – арлы азаматтың шаруасы. Іріткі – іштен ірітеді. Ұйытқы – ұлтты ұйытады. Таразы басы қай жаққа ауады деп қарап отырмай, аталы сөзді айта­тын, айтаққа ергендерді жөнге салатын уақыт туды. Әрбір естияр қазақ баласы қызылкеңірдек ағайынға басалқа сөз айтуы тиіс. Елең-алаңда елдіктен айырылып қалар болсақ, қу қарынды тойғызып, күйсегенің көк тиын!