Қазақтың қалыбы

Газет мақаласы Айқын газеті №89

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы ұйымдастырылуы мен өткізілуі жағынан жоғары деңгейде болды. Шетелдік бақылаушылар тарапынан осындай оң баға беріліп жатыр. Кейбіреулер сайлауға қатыспаймыз деп дабыл қаққанымен, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты қалайтын, қалың елдің мүддесін жоғары қоятын халықтың басым бөлігі өздерінің азаматтық таңдауын жасады.

Қазақтың қалыбы

ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – атқарушы хатшы Сергей Лебедев «Қазақстандағы сайлау жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және еркін ахуалда өтті деген қорытындыға келдік. Сайлау Конституцияға және Конституция­лық заңға сай өтті. Ол ашық, демо­кратияға сай және бәсекелестік жағ­дайда болды. Жалпы, біз Қа­зақстандағы сайлауды байқау үшін ТМД-ның 8 елінен 432 адам келдік. Республиканың барлық облыс­тарында, 3812 сайлау учаскесінде болдық» деп хабарлады. Шетелдік бақылаушылар еліміздегі сайлау учаскесінде болып, сайлауды ұйым­дастырудың жоғары деңгейі, ашық өткені, сондай-ақ сайлау­шы­лардың патриоттық сезімі мен белсенділігі таңғалдырғанын ай­тады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы жеңісімен қалған алты үміткер де құттықтап жатыр. Ком­мунистік партия атынан сайлауға түскен Жамбыл Ахметбеков «Біз 2019 жылдың 9 маусымында өткен Қазақстан Президентін сайлаудың қоры­тындысын мойындаймыз. Орталық сайлау комиссиясы жа­риялаған нәтиже халықтың шы­найы қолдауына сай деп есептей­міз. Өткен сайлау ашық, еркін әрі әділ болғанын атап өткіміз келеді. Сайлауалды науқан барысындағы күрес ашық әрі әділетті өткенін мойындаймыз. Біздің үгіт жұмы­сын жүргізушілер заңнама аясында республикалық штабтың жос­парына сай бекітілген барлық қажетті шараларды қабылдады. Ашық әрі әділетті сайлауды өткізу үшін барлық шарттар сақталды. Теңдіктің конституциялық және еркін бәсеке қағидаты сақталды. Сайлау қорытындысына ықпал еткен бұзушылықтар болмағанын мәлімдегім келеді», – деді.

Мұның бәрі елде азаматтық белсенділіктің артқанын көрсетеді. Сайлау деген негізінен алғанда – таңдау. Қазақстан азаматтарының барлығына таңдау мүмкіндігі берілді. Өз танымын біреу біреуге күштеп таңған жоқ.

Кез келген саяси науқанда саясаттанушылар мән бере бер­мейтін бір фактор бар. Бұл – қазақтың қалыбы. Әшейінде әр нәрсеге әуес, елп еткіш, ермелік дағдысы көп сияқты көрінетін халқымыз түптеп келгенде қа­шанда сабыр мен төзімге, ақыл мен парасатқа, байып пен байламға негіздеп барып шешім қабылдайды. «Халық – Құдайдың бір аты» деген сөз тегін емес. Елдің ішкі тұтастығы осындайда көрінеді.

Өрелі тірліктің төрелігін табу – ұлтымыздың асыл қасиеті. Осын­дайда қазақтың ішкі қалыбы әділет пен әдепке негізделгенін айқын аңғарасыз. «Халық айтса – қалт айтпайды» деген рас. Таразы басына ел тағдыры тартылған тұста елдікті, мемлекетшілдікті, ұлттық тұтастық­ты қалайтын азаматтар тұрғанда қоғамдағы тұрақтылық пен ты­ныш­тық сақталатынына сенесіз.