Интернет және игілік

Газет мақаласы "Айқын" газеті №100

Қазір  әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басты. Өмір сүрудің қалыбы өзгеріп жатыр. Енді бұрынғыдай баяу тірлік болмайды, бәрі жедел-қабат жүреді. Біздің алдағы тірліктеріміздің бәрі технологиялық кеңістікке байлаулы  болады.

Интернет және игілік

Қазақстан басшылығы жаһан­дық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігіне үнемі көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты «Қа­зақстан-2050» даму стратегиясы қа­былданды. Әлемдегі озық дамы­ған отыз елдің қатарына кіру мақ­са­ты белгіленді. «100 нақты қадам» ат­ты Ұлт жоспары жүзеге асы­рылуда.

Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы сана мен сапаға әсер етпей қоймайды. «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасының қабыл­дануы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының ке­шенді стратегиялық жоспарының жасалуы келешекте бұл бағытта мазмұнды өзгерістер болатындығын айғақтайды.

Осы ретте Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажетін айқындап алу өте маңызды. Жақында Қызылордада IV халықаралық интернет-форум өтті. Бұл форумға Ресей, Татарстан, Сингапур және Қазақстаннан са­рапшылар қатысты. Адам капита­лын дамыту – аймақтың басымдық­тарының бірі. «Біз төртінші ин­тернет-форумды адам капиталын дамытуға арнап отырмыз. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі кезеңде мемлекеттің эко­номикалық өсуінің шешуші фак­торы – адам капиталын қалыптас­тыру мен дамытуға байланысты инвестициялар. Әлемде білім беруді дамытуға мемлекеттік шығыстар бұрыннан әлеуметтік шығындар ретінде есептелмейді. Себебі бұл – табыс әкелетін инвестиция. «Бар­лығын кадрлар шешетінін» түсі­не­міз, сондықтан облыстық бюд­жеттің 40 пайыздан астамын білім беру саласына бағыттаймыз», – дейді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

Қызылорда облысында HackDay жас IT мамандардың бі­рінші өңірлік фестивалі ұйымдасты­рылыпты. Қызылорда жастары «IT эшелон» жобасы аясында веб-бағдарламалау негіздері мен фрон­тенд-әзірлемелер бойынша ақысыз негізде оқытылуда. 2016 жылы бірінші интернет-форум электрон­ды коммерцияны дамытуға, 2017 жылы Байқоңыр қаласында кәсіп­кер­лікті дамытуға, 2018 жылғы форум өңірде цифрландыруды дамы­туға арналған екен. Облыста ситуациялық орталық жұмыс істеп тұрғанын көзімізбен көрген едік. Енді «Барс-Групп» татар компа­ниясымен бірлесе отырып, «Элек­трондық балабақша» жобасы жүзеге асырылған. Бүгінде жүйе 425 мек­тепке дейінгі білім беру мекемесіне енгізіліпті. Сондай-ақ «Трансте­ле­ком» компаниясымен бірігіп тұрғын үй коммуналдық шаруа­шылық шы­ғын­дарын оңтайлан­дыруды көздей­тін 6 көпқабатты үйге енгізілген «е-Шаңырақ» зият­керлік ақпарат­тық жүйесінің пи­лоттық жобасы іске асырылуы қуантады.

Бұдан түйетін түйін қандай? Аймақтарда жаңа технологиялық бағыт талаптарына тезірек бет бұру қажет. Бұл салада үйренетін де, игілігін көретін де салалар жетіп артылады. Өкінішке қарай, еліміздің басқа аймақтары бұл жағынан әлі де самарқау секілді...