Қалта телефон қызмет ете ала ма?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №111

Белгілі ІТ маманы Тимур Бектұр қазақ жастарының шетелдік Google сияқты озық компанияларға кетуін келеңсіздікке жатқыз­байды. «Қазақтың ойлы жастарына сұраныс туып жатса, бұл еліміздің потенциалының зор екенін көрсетеді» дейді ол. Бүгінде озық технология дегенді көп айтамыз. Әлемде технология қарыштап дамып бара жатқаны рас.

Қалта телефон қызмет ете ала ма?

Күнде қалтамыздан түспейтін телефонымыз қазақ тілінің мүд­десіне қызмет ете ала ма? Ұялы теле­фонға немесе компьютерге бір-екі емес, жүздеген тіл сан мың­даған сөздік қорымен сыйып ке­тетіні белгілі. Қазір осы телефонның бір тілден екінші тілге жедел аудару қабілеті дамып келе жатқанын да көріп отырмыз.

Атақты математик, академик Мұхтар Өтелбай ағамыз «Тіл білу (мысалы, ағылшын тілін білу) – техникалық шешімі бар проблема. Жақын болашақта барлық халық­тың адамымен солардың «тілінде» сөйлесе беретін боламыз. Яғни, смартфондағы (телефон т.б.) сөздік жанымызды қинамайды. Әлемде осындай технологиялық төңкеріс жүріп жатқанда, біздің балабақша­дан бастап «ағылшын тілі» деп жанығуымыз мүлдем теріс болып шығады. Тіпті бұл А.Байтұрсынұ­лының өсиетіне, неміс, жапон т.б. елдер тәжірибесіне қарсы екенін айта-айта жағымыз талған жоқ па?! Осы жағдайда біз қазақ тілін дамытуға, қазақ тілін терең білуге тырысуды қолдап-қолпаштауға тиіспіз. Мына заманда бір тілді терең біле түсу – аса қажет базалық дүние. Өзіңіз ойлаңызшы, әр нәрсені тиіп-қашып істеген жұмыс нә­тижелі ме, орнықты жұмыс нәти­желі ме?.» деген ұсыныс жасапты.

Академиктің айтуынша, ана тіліне еш зиян тигізбейтін, қайта оның қолтығынан демейтін техно­логияның Қазақстанға жететін күні де алыс емес. Қазақша «білетін» ұялы телефон жүйесі (смартфон) қазақтан басқа ешкімге керек емес. Қай ұлтты болсын ана тілімізде «сөй­лететін» телефон, әрине, ас­пан­нан аяғы салбырап түсе қал­майды. Біз сол үшін күресуіміз керек. Ондай «тілмаштыққа» орыс тілі де жарайды десек, әлем алдында күлкіге қаламыз. Сондықтан Қа­зақстанға келетін немесе бізде сатылатын телефонның бәріне қазақша жад салу, қаріп енгізу (бүгінгі кирил­лицаны да, бекітілген латиницаны да) міндетті. Бұл мемлекеттік жұмыс, бағдарлама болуы тиіс.

Қазақша «білмейтін» телефон­дар мемлекеттік тілге қарсы жұмыс істейді, өйткені оның табиғаты со­лай. Бүгінде 1-сыныпқа барып жүр­ген бүлдіршіндер мектепті бітірген кезде ұялы телефондар ең мықты аудармашыдан (тілмаштан) әлде­қай­да мықты аудармашы болады. «Тілмаш телефонның» пай­да болуы «үштілділік» проб­лемасын қайта қарауға мәжбүр­лейтіні сөзсіз. Егер жақын арада «тілмаш телефонды» қазақша үйретпесек (олар қазір жүз тіл бі­леді), ол телефондар қазақ тіліне қарсы жұмыс істей бастайды және де ана тілімізді мейлінше әлсіретіп, түбінде егемендігімізге зор қауіп төндірері сөзсіз.

Жаһандану заманында тілмаш телефондар және интернет жүйесін ұлт игілігіне пайдалану мемлекеттік міндетті іс болуы тиіс.