Қор құрудан басқа амал жоқ па?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №113

Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАгро» ұлттық компаниясының жұмысын қатты сынға алған болатын. «Әр ұлттық холдинг, әр ұлттық компания Қазақстан мен оның азаматтарына өз пайдасын әкелуі керек. Шығыны шаш етектен болатын квазимемлекеттік құрылымдардың және ұлттық компанияларды көрген түстей ұмытуымыз керек. Олар шығынға емес, тек кірістерге жұмыс істеуі тиіс» деп мәселені төтесінен қойған еді.

Қор құрудан басқа амал жоқ па?

Мемлекет басшысы ұлттық компаниялар даму институттары ретінде құрылып, экономиканы, инфрақұрылымды және өнеркәсіпті дамытуға, яғни халыққа қызмет ету­ге бағытталғанын еске салды. «Құ­ры­лымды толығымен кеңейту, қайт­сем пайда табам деген мемлекеттік холдингтер үшін соңғы мақсат бол­мауы керек. Оның көп бөлігі – моно­п­олистер. Сондықтан олардың табысы – бизнестің және азамат­тардың шығындары», – деді Президент.

Қазақстан Республикасының машина жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бойынша Индустрия және инфрақұрылымды дамыту минис­тр­лігі жанынан өнеркәсіпті дамыту қоры құрылуы мүмкін деген бір әңгіме шықты.

Елімізде даму институттары де­ген құрылымдар бар. Солардың дені өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мә­селесімен айналысады. Екінші дең­гейлі банктер арқылы қаржы­ландыру ісі жылдар бойы жүргізіліп келеді. Сонда да алға жылжудан артқа кету көбірек.

Өнеркәсіпті дамыту қоры деп ата­латын құрылым Ресейде, Бе­ларусь елінде және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мына мүше елдерде табысты жұмыс істеп тұр деген уәжді естиміз. Он­дағы қорлар жылдық 1-4 пайыз мөлшерлеме бойынша заемдар береді, ал лизинг жобаларына про­центтік мөлшерлеме 1 пайызды құрайтын көрінеді.

Біз әдетте Ресейдің тәжірибесін алға тартамыз. «Ресейдегі қор өз қаражатын станоктар, қалбырлар шы­ғаруға, құрамдас өнімдер өн­діруге, өнеркәсіпті цифрландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға жұм­сайды» деген пікір бар. Бірақ Ресей қайда, біз қайдамыз? Осыны ой­ланғандар бар ма?

Елімізде өңдеу өнеркәсібінің негізгі қаржы операторы – «Бәйтерек» ҰБҚ» акционерлік қоғамы. Дайын құрылым тұр емес пе? Бұған – «Бәй­терек» ҰБҚ» 2017 жылғы жал­пы сомасы 2 трлн теңгені құрайтын қаржыландырудың тек 6,6 пайызын ғана өңдеу саласына бағыттаған деген жауап аласыз.

Қор құрылды дейік. Оны тағы біреу қаржыландыруы керек қой. Министрлік тарапы «Өнеркәсіпті дамыту қорын қаржыландыру тоқсан, жартыжылдық және жыл қорытындысы бойынша игеріл­меген қаражаттарды қайта бөлу есебінен жүзеге асады» дегенді айтады.

Негізі мемлекет қазынасынан бөлінген әрбір теңге тиімді жұм­салуы керек. Бірақ іс жүзінде мүлде басқа көрініс. Былтыр респуб­ликалық бюджеттік бағдарламалар бойынша 1,5 млрд теңге игеріл­ме­ген. Мұндай жағдай неге жыл са­йын қайталана береді? Қор құру бюджетті игермеу кеселінен құтқара ала ма?!.