Цифрлы дәуір – сиқырлы

Газет мақаласы "Айқын" газеті №117

Қазір жоғары технологиялардың қатты серпін алған заманы. Осындай жағдайда Қазақстан да өршіл дамығысы келеді. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, оны жүзеге асыруға 141 млрд теңге қаражат қарастырылған. Технология атаулы қанша қарқын алса да, оны игеретін де, басқаратын да адам капиталы. Білікті маманың, білгір адамың болмаса, бәрі қағаз жүзінде қалып қоюы да мүмкін...    

Цифрлы дәуір – сиқырлы

Алға озып кеткен алпауыт елдің бәрі IT әлемін игеріп алған. Ал бізге кәдімгі технологияның өзін игеру қиынға соғып жатыр. Күн сайын жүз жаңалық қосылып жатқан қазіргі технологиялық трендтер үдерісін қуып жетудің өзі үлкен мәселе.

Қазақстандағы ІТ саласы бойын­ша әлем болмаса да, жан-жағымыздағы елдер мойындайтын қанша компания бар? Иннова­цияны, ғылымды дамыту шағын компаниялардың қолынан келе ме? Неге біз шетелдік дайын бағ­дар­ламаларды орасан қаржыға сатып алуға құмармыз? Отандық компаниялар ортақ мақсат жолында біріге ала ма?

Paypal мен Tesla тәрізді ғарыш­тық коммерциялық жобаларды өмірге әкелген Илон Маск жа­санды интеллект адамзат бала­сына қауіп төндіреді деген пікірде. Ал Faсebook әкесі Марк Цукерберг мұны адамзат дамуының заңды бір бөлшегі санайды. Қалай бол­ғанда да прогресті тоқтату мүм­кін емес.

«Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын жүзеге асыру үшін бес жылға 141 млрд теңге бөлініп отыр. Осы қаржы тиімді игеріле ме, жоқ әлде баяғы «кластерді дамытамыз» дегендей, су аяғы құрдымға сіңіп жоқ бола ма?

Қазақстанда қандай мекемеге бас сұқсаңыз да, қағаздан бас көтере алмай жатқан адамдарды көресіз. Күн сайын мыңдаған құжат қағаз жүзінде толтырылады. Электронды құжатқа көшу деген ЦОН-дарда барына шүкір дейсіз. Арнайы электронды цифрлы қолтаңбаның (ЭЦҚ) кілтін бір жылда бір рет Халыққа қызмет көрсету орталығына барып ала аласыз. Осы Documentolog жобасын 2007 жылы қазақстандық IT мамандар ойлап тапқан болатын.

Бір кезде Үкімет тапсырма­сымен Қазақстанда IT кеңесін құру туралы бастама көтерілген еді. Оған ең тәжірибелі деген мамандарды іріктеп аламыз деген сияқты болған... Соның соңы қалай екенін, кім білген?!. Еліміздегі цифрландыру саясаты республикамыздың шалғай­лығына байланысты толық жүзеге асырыла ма деген де алаңдаушы­лық бар. Кей өңірлерде қарапайым телефон байланысы жолға қойыл­мағанын да жақсы білеміз. Елдімекендерге кабель тарту өте қымбатқа түседі.

Осы ретте 1 жарым миллиард халқы бар Үндістанның тәжіри­бесі қолданысқа жарайтын тә­різді. Бұл ел компьютерлік тех­нологиядан мобильдік техно­логияға жедел бетбұрыс жасады. Қытай да нешетүрлі функциясы бар мобильдік телефондарды пайдаланып отыр.

Ең бастысы – білікті мамандар шоғырын қалыптастыру. Бізде осы жағы ұмыт қалған сияқты...