Кәсіби маманға кім жетеді?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №119

Қазір заман да, адам да нөпір өзгерістер астында қалды. Кеше аса қажет болған мамандыққа бүгін сұраныс жоқ болып жатса, таңғалмайсыз. Жұмысты жапырып істейтін жұмысшы, қалағы қолынан түспейтін құрылысшы мамандықта­рына  сұраныс көп сияқты көрінетін. Бұл күнде ІТ маман, мерчендайзер, блогер, бета-тестер,  SMM  мамандықтарына сұраныс артып отыр.

Кәсіби маманға кім жетеді?

Келешекте инженер, мате­матик, сәулетші, биолог, ІТ ма­ман, бизнесті дамыту және ме­неджер болғысы келетіндерге қалауына қарай жұмыс табылуы мүмкін. Дүниежүзілік эконо­микалық форум мамандарының пікірінше, құрылысшы, өндіріс жұмысшылары, кеңсе және әкім­шілік қызметкерлері, тілшілер мен сәнгерлер үшін сұраныс азайып кететін көрінеді. Оларды 3D принтерлер мен роботтар алмастырады деген болжам бар.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне қарасақ, дамушы елдердегі роботтандыру электро­техника және автокөлік саласын­дағы қызметкерлердің үштен екі бөлігінің орнын алмастырады. 3D принтерлер құрылысшылардың 50 пайызының орнын басады.

Бұл әрине – болжам. «Бізге жеткенше әлі талай уақыт бар» деп әсте бойды аулақ салуға бол­майды. Әлемдегі үрдіс көзді ашып жұмғанша кез келген елге кеп қалуы ғажап емес.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қалада құры­лысшылардың жетпей жатқанын мәлімдеген болатын. Кейінгі кезде қазақ жастары жұмыс іздеп Ресейге көбірек кетіп жатыр. Бұрынғыдай өзбек елінен жалда­малы жұмысшылар келуін азайт­қан. Тұрақты жұмыс орны бол­мағандықтан, кәсіби құрылыс­шылар өз нәсібін көрші елдерден табуға ниет етеді екен.

Биылғы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргендердің жалпы саны – 117 242, оның 96 380-і – осы жылғы түлектер. Еңбек ре­сурс­тарын дамыту орталығы еліміздегі ең сұранысы көп ма­мандық орта мектеп мұғалімдері мен бухгалтерлер екенін хабар­лады. Одан кейін супервайзерлер, дүкен сатушылары және олардың көмекшілеріне деген сұраныс жоғары көрінеді.

Жеңіл автокөлік, такси және фургон жүргізушілеріне деген сұраныс баршылық. Сондай-ақ орта медициналық қызметкерлер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілеріне деген қажеттілік артпаса, тө­мендемепті.

Жас түлектер қандай маман­дықты таңдаса да бірінші кезекте кәсібилік деңгейдің биігіне шығуды есте ұстауы керек. Білікті маманға деген сұраныс қай кезде де жоғары болмақ.

Біздің қоғамға еңбек культін жасау жағы жетіспейтіндей кө­рінеді. Еңбекті бағалаудың, сәй­кесінше тиісті жалақы төлеудің теңгермелі жүйесінен батыстық үлгіге көшу ісі де жедел өзгерісті қажет етеді. Нарықтық экономи­каның өз талабы бар. Сол талап тезірек орнықса, білікті, кәсіби мамандардың орны айқын анық­талар ма еді?!.