Тіл ұстарту тәсілі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №121

2017 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен республикада Ұлттық аударма бюросы құрылды. Оның негізгі миссиясы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мемлекеттік бағдарлама аясында «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру.

Тіл ұстарту тәсілі

Қазақстанның Ұлттық аударма бюросының директоры, электрон­ды білім беру саласындағы Bilim Media Group компаниясының не­гізін қалаушы әрі жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, елі­міздің ұлттық жоғары оқу орын­да­ры­на арналған шетелдік оқулықтар таңдап алынған. Қазіргі таңда осы жоба аясында аударылған алғашқы оқулықтар айналымға түсіп те жа­тыр. Жоба бойынша гуманитарлық ғылым саласындағы үздік 100 оқу­лықты қазақ тіліне аудару қарасты­рыл­ған. Оқулық саны 100-ден де ар­тық болуы мүмкін. «Ұлттық ау­дар­ма бюросы» жоба шеңберінде тарих, философия, әлеуметтану, психология, антропология, мә­де­ниеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, ме­неджмент және кәсіпкерлік са­ла­лары бойынша әлемнің маң­дайалды университеттерінде оқы­ты­латын үздік оқулықтар қазақ ті­лі­не аударады.

Жақында әріптесіміз Бағдат Қожахметов Бейжің қаласынан әлеу­меттік желідегі жазбасында Қы­тай елінің халқы ауызша Пу­тунхуа диалектісі мен жазбаша Байхуа үлгісімен түсіністік таба­тынын жеткізді. Байхуаны Қытай мен Тайвань, Сингапур тағы басқа бірқатар елдер қолданады екен.

Қытайлықтар Байрон, Шекс­пир, Толстой немесе Абай шығар­ма­ларымен қалай танысады? Орыс пен қазақ тілін білетіндер аз. Әлем­дік классиктердің көбі қытай тіліне аударылмаған. Қарапайым қытай­лықтар әлемдік мәдениеттен қалай хабардар болады?

Қытай үкіметі әлемдік әдебиет жауһарларын өз тіліне аударудың шығынсыз әрі тиімді тәсілін ойлап тауыпты. Бұл жұмысқа шетелдік студенттерді тартыпты. Белгіленген тәртіп бойынша әр студент әлемдік әдебиет марғасқаларының кітабын аударуға міндетті. Мәселен, Бағдат Қожахметовтің қызы Теодор Драйзердің «Гений» романын ау­дару арқылы дипломдық жұмысын қорғайды екен. Олар, осылайша, аударма саласындағы олқылықтың орнын толтырып жатқанға ұқсайды. Бағдат та «Неге бізге Қытайдың осы тәсілін қолданбасқа?» деген сауал тастапты.

Расында, неге қолданбасқа? Бір есеп­тен қазақ тіліне аударылатын туын­дылар саны артады. Екінші жа­ғынан студент үйреніп жатқан тілін мүлтіксіз меңгереді. Үшінші жағынан шетел тілін меңгеріп жат­қан студенттеріміз қазақ тілін де мейлінше жақсы білетін болады.

«Сапасы қандай болады?» деген күдік те болуы мүмкін. Аударма ол­қы соғатын болса, онлайн нұс­қада тиісті түзетулер енгізу аса қиындық тудырмайды. Сондықтан жақсы тә­сілді жатсынбаған дұрыс!