Керауыздық кесірі

Газет мақаласы Айқын газеті №65

Жақында ғана өткен он тоғызыншы съезді түйіндеген Елбасы «қоғамда керауыздар да бар, олар жақсылықтың орнына тек жамандықты көреді» деген пікір айтты. Қысқа ғана әрі сөз арасында айтылған осы сөз «керауыз» дегенге тоқтала кетсек.

Керауыздық кесірі
Алтыбақан алауыздық деген бар. Сол алауыздық қайдан шығады?
Керауыздық – алауыздық күшігі! Адам жастайынан айналасында болып жатқан құбылыстардың тек жаман жақтарын ғана көріп өссе, керауыз болады. Аузы бір тын­бай, шәу-шәу етіп үргінші қалыпқа түседі.
Енді маңайыңыздағы керауыздар келбетіне бір қарап қойыңыз: жүрісі – кердең, кеудесі – менмен, сөзі – келеке, ісінде жоқ береке; сайтанның сапа­лағындай сырдаң, жүзі жылмаң, тілі қыршаң келеді, екінің біріне білгішсініп ақыл айтады, көпке көсемсіп сөйлейді, көрінгенді күлкі қылғысы келеді. Сайқымазақ түріне қа­рамай, сайыпқыран азаматтарды «өлтіре» сынаған болады. Онысын ерлікке, батыл­дыққа балайды. Жығылғанды жұдырықтап, сүрінгенді иттей талайды.
Керауыздар керуені тоқтамайды: олар қай заманда да осылай болған.
Абай әйгілі «Қара сөздер» жазбасының алтыншы сөзінде «Ырыс алды – тірлік» деген қазақ мақалына қатысты былай дейді:
«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпаған­дық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ақыретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады.
Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі бол­саң да, көкірегің өлі болса, ақыл табу­ға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерін­бей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір – тамақ, әзір – ас,
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп, тірімін деме, одан Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық».
«Сырты – пысық, іші – нас» нәкәс­тердің керауыздығы қоғамға кесірлі: оң-солын танып болмаған бозбала ақиқат осындай екен деп еліге қалуы мүмкін; жауапкершілік деген ұғымды бойына сіңірмеген желкілдек жас буын желіге қалуы да бек мүмкін.
«Кеселді жалқау, қылжақбас» заман­дасыңыздың келбетін күнде көресіз. Танисыз. Білесіз. Өзін жарнамалаудың жосығын жақсы меңгерген. «Әзір – тамақ, әзір – ас» не дегізбейді? «Еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып», тасада жатып тас атып, біреудің беделін көре алмай, бетпе-бет келе алмай, қатын­бастық қалпында өмір бақи қалады.
Сондайлардың сортына сөз шығын­дамасақ та болар еді. Бірақ қоғамдағы керауыздар қақырығы қоқсыққа ара­ласып кетпейді, топыраққа сіңбейді, жерге түс­пейді. Керауыздық – үлкен кесел! Соры – бес елі. Көкіректің, көңілдің – кеселі.