Біз жастардың арманына жетуіне көмек береміз – Бақытжан Сағынтаев

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевпен бірге Алматыда «Ел үміті» дарынды жастар форумының эстафетасын қабылдады.  

Біз жастардың арманына жетуіне көмек береміз – Бақытжан Сағынтаев

«Ел үміті» жобасы еліміздегі мыңдаған талантты, дарынды, қолынан іс келетін жастарды іріктеуге көмектеседі. Олар өз үлгісімен құрдастарын табысқа ұмтылуға жетелеп, жетістікке жету тәжірибесін бөліседі, өзіне сенімді болуға көмектеседі.

«Әрқайсымыздың табысқа жету оқиғаларымызға тоқталатын болсақ, еліміздегі барлық жастар үнемі өзімен жұмыс істеп, жаңа дағдыларды меңгеріп, белсенді болуы керек. Өз тағдырыңызды қолыңызға алып, көшбасшы болуға ұмтылыңыз, алдыңызға мақсат қойып, биік шыңдарды бағындырыңыз», - деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев форум қатысушыларына.


Алматыда 700 мың жас бар, яғни қаладағы әрбір үшінші тұрғын – жас адам. Олардың ішінде 230 мыңы – студенттер. Жастар 39 жоғары оқу орнында және 81 колледжде білім алып жатыр.

«Дарын мен күш-қуат, креативті ойлау қабілеті – қаладағы ең мықты басымдық. Біз мұны бағалаймыз. Алматы жастардың мәселесін шешіп жатыр: жұмыспен қамтып, кәсіби дағдылар беруде, бизнес-бастамаларды қолдауда. Қаламызды жас ұрпақ «алматылық арманына» қол жеткізетіндей етіп дамытамыз», – деп атап өтті қала әкімі.

Қазақстан қалаларында ұйымдастырылып жатқан марафон екінші рет өткізілуде. Алғашқысы 3 қарашада Ақтөбеде батыс облыстардағы жастар үшін ұйымдастырылды.

Шараның ашылуында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасының негізгі мақсаты – еліміздегі барлық қалалар мен ауылдардағы, түрлі салалардағы дарынды жастар мен балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету екенін атап өтті.

Halyk Arena көпфункционалды кешенінде өткен «Ел үміті» форумында Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Шымкент пен Алматыдан келген белсенді жастар ғылым мен білімді, бизнес және медицина, мәдениет және спорт, экономика және қоғамдық өмір салаларында қолдауға бағытталған Елбасы бағдарламаларының арқасында қол жеткізген жетістіктері туралы айтты.

Жастар марафонының соңы концерттік бағдарламаға ұласты.