Әдебиет қамқоршысы Әбубәкір

Газет мақаласы Айқын газеті №73

Башқұрттың белгілі этнограф-ғалымы Әбубәкір Диваевтың (1856-1932) қазақ жұрты үшін қылған еңбегі ұшан-теңіз. Ол, әсіресе, дүниетанымымызға, ауыз әдебиетімізге қатысты қымбат қазынаны аршып, айдай әлемге танытты. Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Әбубәкір ақсақал – қазақ-қырғыз елімен қаны дәл бір болмаса да, жанын бір қылып, шамасы келгенше еңбек қылған адам».

Әдебиет қамқоршысы Әбубәкір

Әбубәкір 1876 жылы Орын­бор­дағы Неплюев кадет корпусын бітіргеннен кейін, қызмет жолын Ташкенттегі су-халық басқарма­сын­да тілмаш болып бастады. Ұзамай Сырдария әскери губер­на­торының тілмашы қызметіне ауысты. Осы кезден, яғни 1883 жыл­дан бастап ол түріктілдес ха­лықтардың (қазақ, өзбек, қыр­ғыз, қарақалпақ т.б.) тыныс-тірші­лі­гі­мен тереңірек танысып, олар­дың салт-санасы, тұрмыс-тір­ші­лігі, дәстүр-жоралғысына қатыс­ты тың деректер жинады.

Соның ішінде қазақ фольк­лоры мен этнографиясын бөлек қарастырды. Диваев ел арасынан қазақтың ай, күн, жұлдыздар, басқа да нәрселерге қатысты ырым-сенімдері, ай атаулары, жерлеу рәсімдері, бақсылық, марқұмға дұға бағыштау, неке қию рәсімдері, түс жору, албасты, жын секілді кейіпкерлердің шығу төркіні, оларға қатысты халық арасындағы аңыздар, қазақтың бесік жыры, мақал-мәтелдері, батыр­лар және ғашықтық жыр­ла­ры, ұлттық өнері, ойындары, нақыл сөздері, мал шаруашылығы туралы айтылған құнды дүние­лер тапты.

Мағжан Жұмабаев 1923 жылы Әбубәкір жайлы жазған мақала­сын­да: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жора­сы. Қазақ-қырғыз елінің ел болуын тілеген Әбубәкірдің әдебиет, жол-жора жинау жолына кіруінің мәнісі – осы. Ол күндерде қазақ-қырғыз тілінде газет-журнал жоқ болған­дық­тан, Әбубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне ауда­ры­лып, орыстың газет-жур­нал­­дарында жария­ланып отырған» деп жаза­ды. Рас, Әбу­бә­кір бүкіл жиған-терген деректері негізінде ғылы­ми-зерт­теу мақала­ла­рын жазып, сол кездегі «Туркес­тан­ские ведо­мос­ти», «Этно­гра­фическое обоз­ре­ние» басылым­дарында жария­лады.

Әбубәкір Диваевтың «Туркес­тан­ские ведомости» газетінде «Исчисление времени года по кир­гизскому стилю с обозначе­нием народных примет» (1892 жыл), «Призыв ветра. Киргизское поверье» (1892), «Волшебный заговор против укуса ядовитых насекомых и пресмыкающихся» (1893), «Причитание» (1896), «Предание о Хазрети-Исмаила­та» (1901), «Алача-хан: Киргиз­ская сказка» (1903), «Как Алдар-Косе надул черта: Из киргизских побасенок» (1902), «Киргизские болезни и способы их лечения» (1902), «Игры киргизских детей» (1905), «Киргизские пословицы» (1905), «Четыре века» (1906), «Древние игры киргизской молодёжи» (1907), «Легенда о вели­кане Адж по прозвищу Аланг­сар-Алиф» (1908), «О трёх мысля­щих братьях. Из киргиз­ских сказок» (1909), «Великан Алпамыс. Из киргизских сказа­ний» (1916), «Киргизский сал» (1916), «Легкомысленная Маиз-Гуль. Из киргизских анекдотов Чимкентского уезда» (1916) секіл­ді еңбектері жарық көрді.

Ал «Этнографическое обозре­ние» журналында «Из области киргизских верований. Баксы как лекарь и колдун» (1899), «Семь сказок киргизов Сыр-Дарьин­ской области» (1906), «О народ­ном суеверии» (1907), «Киргиз­ские афоризмы» (1907), «Олян: Любовная песнь» (1907), «Ита­ла-каз» (1908), «Как киргизы развлекают детей» (1908), «Как восьми­десятилетняя старуха родила сорок ушей» (1909), «Похищенная царевна» (1909), «Заклинание и призыв ветра. Из киргизских поверий» (1910), «Киргизский заговор против укуса ядовитых насекомых и пресмыкающихся» (1910), «Сказ­ки киргизов Сыр-Дарьин­ской области» (1912) секілді зерттеу мақалалары шықты.

Революциядан кейінгі жыл­дары Ә.Диваев ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қойып айна­лысты. Ол 1918 жылы Түркі­стан халық музейін құрушылардың бірі болды. Осы жылы Халық университетін құруға атсалысты. 1920 жылы Сырдария этно­гра­фия­лық экспедициясына жетек­ші­лік етті. 1921 жылы Қазақ ғылы­ми комиссиясы, 1922 жылы Жетісу этнографиялық экспеди­ция­сы құрамында болды. Осы экспедициялар нәтижесінде, қазақ фольклорына қатысты құнды қазыналарды тапты. Атап айтқанда, қазақтың «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Шора батыр», «Бекет батыр», «Айман-Шолпан» жыр­ла­ры­ның ел арасындағы түрлі нұсқасын жинақтады. Сондай-ақ Алдар көсе мен Жиренше шешен­ге қатысты аңыз-әңгімелер және ел арасында сирек кездесетін қа­­зақ ертегілері, шешендік сөз­дер, жұмбақтар, қиссалар жинады.

Мағжан Жұмабаев 1923 жылы Әбубәкір жайлы жазған мақала­сын­да: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жора­сы. Қазақ-қырғыз елінің ел болуын тілеген Әбубәкірдің әдебиет, жол-жора жинау жолына кіруінің мәнісі-осы. Ол күндерде қазақ-қырғыз тілінде газет-журнал жоқ болған­дық­тан, Әбубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне ауда­ры­лып, орыстың газет-жур­нал­­дарында жария­ланып отырған» деп жаза­ды.

Әбубәкір Диваев қазақ ертегі­лері­не екінші өмір сыйлады. Оларды ел арасынан жиып алып, барша жұртқа таныстырды. «Сказ­ки киргизов Сыр-Дарьин­ской области», «Царь-девица и чёрный раб: Киргизская сказка», «Семь сказок киргизов Сыр-Дарьинской области» деген ең­бек­тері бұған дәлел бола алады.

Әбубәкір, әсіресе, Сыр бойы қазақтарының фольклоры мен этнографиясын түп-тамырына шейін қопарды. Сыр қазақтары арасынан жинаған этнография­лық материалдары (ертегі, мысал, мақал-мәтелдерден бастап ай­мақ­тың статистикалық мәлімет­тері) 1891-1896 жылдары Таш­кент­­тен шыққан «Сборник мате­риа­лов для статистики Сыр-Да­рьин­ской области» топтама жи­нақ­тарында жарияланып тұрды.

Диваев ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап қана қойған жоқ. Ол жойылу қаупі төніп тұрған қазақ ескерткіштеріне де қорған болды. Атап айтсақ, Қорқыт ата бейітін су үңгіп, жойылып кеткелі тұр­ған­да жергілікті билікті құлағдар етіп, адамзат мәдениеті тарихын­дағы озық ескерткішті сақтап қалу­ға жәрдем жасады. Оның «Несколько слов о могиле святого Коркут-ата» мақаласы 1894 жылы Орыс археологиялық қоғамы Шығыс бөлімінің жазбаларында жарияланғаннан кейін Қорқыт бабамыздың бейіті мемлекеттік қорғауға алынды.

Әбубәкір ұлты башқұрт бол­ғаны­мен, оның көптеген шығар­малары қазақ халқына арналды. 1923 жылы ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту және наси­хат­тау ісімен айналысқан Түркістан өлке­сіндегі «Талап» қоғамы құ­рыл­­ғанда Мұхтар Әуезов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тыныш­баевтармен бірге Әбубә­кір Диваев та тер төкті. Ол қазақ ауыз әдебиетін орыс тіліне ауда­рып, Ресейдің алдыңғы қатарлы басылымдарына жариялады. Бұл жайлы Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай 1915 жылы «Қазақ» газе­тін­де жарияланған мақаласында: «Біздің қазақ халқын шын көңіл­мен жақсы көріп, қолынан келген қадірінше қалам өнерімен қызмет қылғандардың алдыңғы қатарын­да Әбубәкір Диваевтың аты айтыл­са керек. Әбубәкір мырза көп жылдар Түркістан генерал-губернаторына тілмаш болып тұрды. Қызмет үстінде қазақ­тар­мен таныс болып, тілі бай, сөзге шебер екенін байқап, бұлардың құр арыздарын тәржімә ете бер­ген­ді былай қоя тұрып, ертегі, мақал, нешетүрлі өлеңдерін жинаумен болды. Әдейі бұл жұ­мыс үшін олай-бұлай шығып жүре алмаса да, өзінің таныс адам­дары арқылы халық ара­сын­да айтылып жүрген белгілі сөз­дер­ді жаздырып алып, орыс тіліне тәр­жімә етумен болды» деп жазады.

Диваевтың білімге қосқан үле­сі де үлкен. Ол 1918 жылы Таш­­кенттегі Орта Азия универ­си­тетін құрушылардың бірі бол­ды. Осы оқу орнының профес­со­ры бола жүріп, түрколог ғалым­дар­дың қанатын қатайтты. Уни­вер­ситетте қазақ этнографиясына қатысты дәріс оқыды. Бұл жайлы ғалымның шәкірті, академик М.Массон: «Әбубәкір қазақ этно­графиясынан сабақ берді. Ол өте қызықты мұғалім болатын. Дәріс­ті оқымайтын, әңгімелеп бере­тін. Ол лекцияға ешқашан дайын­далған емес. Қазақ фольк­лоры мен этнографиясын бес саусағын­дай білгені сонша, ешқашан қате­ле­сіп көрген жоқ. Егер сту­дент әлденені білмей қалып жат­са, асықпай түсіндіретін», – дейді.

Өкінішке қарай, Әбубәкір ақсақал өмірінің соңғы жылдары күтімсіз қалып, тақыр кедей күй кешкен көрінеді. Мұны естіген қазақтың қайраткер ұлдары оны қадірменді қарт деп бағалап, қаржылай көмек көрсетті.

1923 жылдың 21 наурызында Түркістан Республикасы Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың қаулысымен Ә.Диваевтың ғылыми қызметінің 40 жылдығына байланысты оған ай сайын берілетін 75 рубль көле­мінд­егі зейнетақы тағайын­да­лып, Ташкенттегі 36 жыл тұрған үйі жеке иелігіне берілді. Салық, басқа да төлем қызметтері дереу тоқтатылды. Бүкіл шығармалары кітап қылып бастырылды.

Этнограф 1933 жылдың ақпа­нын­­да 96 жасына қараған шағын­да дүниеден өтті. Бүгінде Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қала­ларында Әбубәкір Диваев атын­да көше бар. Мұның бәрі де ғалымға көрсетілген құрмет деп білеміз.