Құбылыс ашқан Құлбек

Газет мақаласы Айқын газеті №80

«Жақсы ғалым болып қалыптасу жолында жетекші ұстаздар мен ғылыми мектептің мәні зор. Менің бұл бағытта жолым болды деп ойлаймын. Себебі, атақты да, тәжірибелі ұстаздар мен қызықты да келелі пәнаралық мәселелерді зерттеуді мақсат тұтқан жақсы ғылыми мектептен өттім» дейді биыл 70 жасқа толып отырған көрнекті ұстаз, белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы,  профессор,  Қазақстанның ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның ғылым мен білім беру саласына еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Жаратылыстану Ғылыми академиясының мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қалыптасуы мен дамуына сіңірген «Айрықша еңбегі үшін» берілген алтын медаль  иегері Марат Құлбекұлы жас ғалымдармен болған кездесуінде.

Құбылыс ашқан Құлбек

Марат Құлбекұлы 1949 жылдың 28 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дү­ниеге келген. 1956 жылы алғаш қа­зіргі Бәйдібек ауданының Жүзімдік ауылындағы бастауыш мектеп табыл­дырығын аттап, 1966 жылы Алматы­дағы республикалық №2 мектеп-интернатын үздік бағамен бітірген. Мектеп-интернат ұстаздарының ақыл-кеңесі және өзінің физика маманы болсам деген арман-тілегі ұштасып, Алматыдағы Қазақ мем­лекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бітіреді. 1971-1973 жылдары Кеңес қарулы күштер қатарында офицерлік қызмет атқарады. Кеңес армиясын­дағы азаматтық парызын өтеген ол 1973-1985 жылдары Алматы құрылыс материалдары ғылыми және жобалау институтында ғылыми қызметтер атқарып, полифазалық жүйелердегі жылу, физикалық және физика-химиялық процестерді зерттеумен және қор үнемдегіш көпфункциялы жаңа керамикалық материалдарды жасау проблемаларымен айналысады.

М.Құлбекұлы 1981 жылдан жо­ғары оқу орындарында ұстаздық қызметпен де айналысып, жоғары білімді, білікті мамандар дайындауға да өз үлесін қосып келеді. 1985 жыл­дан бастап қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қатарлы қызметтерді атқарып келді.

Университетте профессор М.Құлбекұлының жетекшілігімен «Қолданбалы жылу физикасы және жаңа технология» ғылыми-зерттеу және оқу зертханасы ұйым­дас­тырылып, оның материалдық-тех­никалық базасы жасалды. Аталған зертхана базасында полифазалық жүйелердегі жылу, масса алмасу про­цестерін зерттеу және көпфункциялы жаңа эффективті керамикалық ма­териалдардың қор үнемдегіш техно­логиясын жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп келді. Зертханада жүргі­зілген ғылыми-зерттеу жұмыстары­ның нәтижелері бойынша жылу физикасы, қайтымсыз процестер тер­модинамикасы, жаңа материалдар технологиясы салаларында арнайы (эллективті) курстар мен физикалық практикумдар және семинарлар дайындалып, оқу процесіне енгізілді. Сонымен қатар курстық, дипломдық, магистрлік және докторлық жұмыс­тар орындалып қорғалып келеді.

Ғылыми зерттеулермен қатар, М.Құлбекұлы жалпы физика курсы және жылу физикасының негізгі бөлімдері бойынша 40-тан астам оқу құралдары мен оқу-әдістемелік жұ­мыстарды, негізінен қазақ тілінде дайындады. Мысалы, оның «Молеку­лалық физика және термодинамика», «Жалпы физика» т.б. оқу құралдары еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен ұстаздарының игі­лігіне айналып отыр.

М.Құлбекұлының негізгі ғылыми жұмыстары құрамында отын бөл­шектері бар полифазалық керами­калық материалдарды күйдіру теориясы мен практикасын жасауға бағытталған. Бұл мақсатта ол ең алғаш болып қайтымсыз процестер термодинамикасы мен жылу және масса алмасу теориясының озық әдістерін жемісті пайдалана білді.
М. Құлбекұлы – әлемдік практикада ең алғаш Қазақстанда ойлап табылып елімізде, шет елдерде өндіріске кеңінен енгізілген жаңа керамикалық «золокерам» материалдарының қор үнемдегіш технологиясын жасаушы негізгі авторлардың бірі.

М.Құлбекұлы тәжірибелік жол­мен золокерамикалық материал­дардағы жаңа көлемдік-беттік концентрлі-зоналық түрлі-түсті эффектілерді алғаш болып ашты. Ғылым әлемінде белгілі «Ньютон сақиналары» физикадағы (опти­кадағы) интерференциялық құбы­лыспен түсіндіріліп, бұл құбылысты ең алғаш болып 1675 жылы атақты ағылшын ғалымы Исаак Ньютон анықтап сипаттаған болса, осыған ұқсас золокерамикалық материал­дарда кездесетін жаңа құбылыстарды қазақ ғалымы М.Құлбекұлы ашып отыр. Бұл құбылыстар «Құлбек сақиналары» деген шартты атқа ие болды. Марат ағамыздың осы бағыттағы ғылыми – зерттеу жұмыс­тары полифазалық керамикалық үлгілердегі жаңа көлемдік - беттік жолақты түрлі-түсті бояулық эффек­тілер керамикалық материалдардың жаңа ерекше сәнді түрлерін, атап айтқанда түрлі-түсті жолақты бояу­лық бедерлері бар плиткаларды (тақтайшалар) жасаудың жаңа әдістерін, яғни технологиясын ойлап табуға жол ашты. Бүгінде бұл жаңа технологиялық әдістердің барлығына дерлік өнертапқыштық туындылар деңгейінде авторлық куәліктер мен инновациялық патенттер алынды.

М.Құлбекұлы кейінгі жылдары «Инверсиялық үдерістер», «Фазалық түрленулер теориясы» тақырып­тарына да ғылыми мақалалар жария­лап, ол алғаш болып қыл түтікті қуысты материалдар технология­сында инверсиялық эффектілердің орын алу жағдайын зерттеді.
М.Құлбекұлының осы жылдарда еліміздің, шетел баспаларында 370-тен астам ғылыми еңбегі жарыққа шықты (монографиялар, кітаптар, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми мақалалар, өнертабыс жаңалықтарына берілген авторлық куәліктер мен патенттер). Профессор М.Құлбекұлы ағамыз биыл 70 жасқа келсе де, өзін әлі тың сезініп, шәкірт тәрбиелеу, оларға білім беру ісін атқарумен бірге ғылымдағы «Құлбек сақиналары» атты жаңалығының сырын толық ашу жолында аянбай еңбегін жалғастыруда.

 

Досан БАЙМОЛДАҰЛЫ,

Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың профессоры,

физика ғылымының PhD докторы