Рәмізтанушы қаламгер

...Күні кешегідей жадымда. Не­ге ұмытайын. Өткен ғасырдың же­т­пісінші жылдарының соңы.

 Рәмізтанушы қаламгер

Алғашқы штрих:

Ғабеңнің Елтінжалы немесе Ерболмен сырттай танысу

...Күні кешегідей жадымда. Не­ге ұмытайын. Өткен ғасырдың же­т­пісінші жылдарының соңы. Алау­лаған жастар ұясы «Лениншіл жас­тан» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) сықиған, сықырлаған «СҚ»-ға ауыс­­қан кезім. Үлкен орақтың тір­шілік-тынысын бейнелейтін кө­лем­­ді, бір беттік очерк жазу үшін Сол­­түстік Қазақстан облысына ісса­­парға жіберді. Газеттің бас­шылары, редактор мен орынбасары Сапар Байжанов, Сарбас Ақтаев тапсыр­маны шегелеп түсіндірген екеулеп.

– Ыңғайы келсе, тура бүгін ұшқаның жөн. Орақ орталап қалды. Очеркіңе лайықты кейіпкерді облыстық штабтан сұрастырып білерсің барған бойда. Нағыз қа­һар­манды іздеп көр. Әрине, та­былып жатса, қазақ болғаны дұрыс. Жол-жөнекей репортажың мен мақалаңды тілшімен бірігіп жаза жатарсың...

Ашығын айтайын, Байжанов­тың кабинетінен екіұдай көңілде шықтым. Әу баста «Солтүстікке барасың» дегенде іштей қуанғаным рас. «Осы уақытқа дейін сәті түспей жүр еді. Сәбең мен Ғабеңнің ауылдарын аралайтын болдым...» Артынша атқақтаған ойым су сеп­кендей басылған... Бастық­тарым­ның емеурінінен көп жайды айт­қыз­бай-ақ аңғарғам. Оқырманды елең еткізер жылы дүние қажет. Демек, қамшылап, намыс қайрағын жанып жатыр.

Иә, Қызылжар өңіріне сапарым оңынан оралды. Түнгі орақты өзек етіп өрген «Маңдай тер» атты очер­кім «Социалистік Қазақстанның» екінші бетіне тұтастай жарияланды. Бұған дейін төрт беттік ресми газет өзінің екінші бетіне мұндай очеркті берген емес. Кейіпкері де өзіміздің қаракөз. Ерен еңбегімен өзге ұлт­тың алдына шыққан Елтай Бек­те­міров хақындағы бұл дүние әңгіме­дей деңгейде жазылған.

Бес күндік іссапарымның әр күнін, әр сағатын барынша ұтымды пайдалануды ойластырған мен осын­да табан тигелі қасымда жүр­ген әріптестеріме кешелі бері кө­ке­йімнен шықпай қойған ойымды сездірдім.

– Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің ауылдарын көріп қайт­қым келеді. Облыс орталы­ғынан қанша жер өзі...

Сөзімді аяқтатпастан іле бөліп жіберген өзіміздің меншікті тіл­ші­міз Байтұяқ Жанымбетов безілдеп қоя берді:

– Ой, Жәке, уақытыңыз тығыз­дау сықылды. Иек асты дей алмай­мын, әжептеуір шалғай. Жобамен екі жүз отыз шақырымдай... Оның үстіне «Жаңажолдың» жолы на­шар­лау. Қиналып қалмас па екенбіз. Аяқастынан күн бұзылып, жаңбыр жауып кетсе, далада қаламыз-ау?..

Қапелімде тосылып, үндемедім. Қанша құлшынғанмен, көрмеген жердің ой-шұқыры көп. Еріксіз жы­мидым. Журналист-жазушы ағайындар арасында жиі айтылатын қағытпа әңгіменің есіме орала кеткені.

– Ертеректе Алматыда тұратын композитор ағамыз Әблахат Еспаев «Мәдениет және тұрмыс» журна­лында жарияланған ән-өлеңінің азынаулақ қаламақысын қомсы­нып, «Е-е... мәдениеттерің жақсы болғанымен, тұрмыстарың мәз емес екен» деген екен... Қазақ ­әде­биеті алыбы ауылының атына жолы сай емес секілді, шамасы... Реті келмесе, қайтеміз. Көнеміз да ырықтарыңа...

– Жо-қ... Олай демеңіз. – Бағанадан ләм-мим жақ ашпай тұрған жаңа танысым, жергілікті журналист Жарасбай Сүлейменов қарқылдап күлді. – Немене, Бәке? Қара аспанды төндіріп. Обкомның «Волгасы» ұзақ жолға жарамаса, жүріңіз біздің редактордың көлігін сұрап алайық. Алматыдан ат арытып күнде қонақ келе бермес. Екі күнге шыдар... Саспаңыз, Ғабеңнің Елтінжалын көрсетеміз, «Қос шалқарына» шомылдырамыз...

Мизам шуағына шомылған қыр келбеті айрықша ажарлы ша­лынған. Орман біткен, тоғай біткен сары етек шапанын жамылыпты. Шоқ-шоқ қайың аралдары ілгері озған сайын қалыңдай ұйысып, біріне-бір ұласқан. Көзім тоймай, жолдың қос қапталына жанар сүзіп отырмын. Қылқалам шебері Шиш­киннің картиналары көз алдыма тұра қалғандай. Дөңгеленіп қалып жатыр, дөңгеленіп қалып жатыр.

– Ғажап екен! Орманды өлкенің күзгі дидарын алғаш тамашалауым...

– Жазған дүниелеріңізге қара­ғанда, сіздің туып-өскен жеріңіз сылқым Қараталдың бойы, көгілдір Балқаштың жағасы тәрізді, – деді көкжелкемде отырған Жарасбай дос еміне алға еңкейіп. – Шексіз-шетсіз айдын-шалқардың өз сұлу­лығы бар шығар. Біздің теңізіміз өзіңіз тамсанып келе жатқан алды­ңыздағы ойдым-ойдым орман-тоғайымыз.

– Әрине, әркімнің атамекені Мысыр шаһары ғой. – Әріптесінің әңгімесін ширата түскен Амандық Жантеміров көмейіне іркілген ойын ағытқан. – Осы уақытқа дейін теңіз көрмеппін. Көздің аясындай тостаған көл бізде көп-ақ. Бірақ Каспий мен Аралдың, Балқаш пен Алакөлдің жөні бөлек.

– Айтып отырғаныңыз дұрыс, Әбеке. Жазамын деген қаламгерге бәрі де тақырып. Тау да, теңіз де, дала да, қала да... Сөйтсе-дағы, біз­­дің өлкеміздің мөлдіреген мы­надай табиғатына, мынадай көк-жасыл нуына жететіні жоқ-ау. Кейбір ақын-жазушылар құсап шабыт шақырып қиналмайсыз. Тұнып тұрған жыр, құйылып тұр­ған өлең. Қараңыз да сүйкей бері­ңіз қойын дәптеріңізге. – Баға­надан бері үн-түнсіз, әр сөзіміз­ге бас шұлғыған Байтұяқ көке­міздің қуақы әзілін әркім өзінше қабылдаған.

– Ақын емеспін ғой. Біздің күйт­тегеніміз қара сөз, – деді Аман­дық. – Өлең-жырды Тоқтар мен Ерболға ұстаттық емес пе?!

– Оларың кімдер?

Шыдамсыздана тіл қатқан ма­ған назарын аударған Жарасбай:

– Жергілікті ақындар. Екеуінің де аяқ алыстары тәуір, – деді байсал кейпін өзгертпеген қалпы. – Тоқтар Зікірин әйгілі Шал ақынның топы­рағынан. Аты-жөні облысқа таны­мал жас періміз. Ал Ербол Шай­мер­деновтің балауса жырлары тегеу­рінді, ерекше екпінді. Түбінде мық­ты ақын болады. Біздің облыс­тық газетте шығып жүрген өлеңдері маған қатты ұнайды. Ой бар, сезім бар... Сөз сиқырын түсінеді... Ең қуаныштысы, өз өрнегін іздейтіні нәзік нақышты жырларынан анық байқалады...

– Айтпақшы, Ербол да Елтін­жалдан, журфакты бітірген.

– Иә, Ғабеңнің Елтінжалынан...

Несін жасырайын, одан бетер елеңдегенім рас. Бұған дейін жүз­дес­пеген, ақындығынан бейхабар, таныс та, беймәлім журналист Ербол Шаймерденов туралы ең алғашқы жылы лебізімді былайша өрбіткенім есте:

– Қызылжар өңірінің құнарлы топырағы көптеген дүлдүл мен жүйрікті аялап, мәпелеп өсіргені мұқым қазаққа аян. Есімдері аңызға айналған кешегі Қожаберген жы­рау, Шал ақын, Сегіз сері, әдебиет алыптары – Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, кейінгі зерделі қалам­герлер – Зейнел-Ғаби Иманбаев, Мү­тәллап Қанғожин, Бақыт Мұста­фин сапынан, сөз жоқ, Ерболды да көрерміз. Бәрі де уақыт еншісінде.

– Бір ауылдан ұшқан түлектерді жерлестері «Қазақтың Ғабеңі, Елтінжалдың Ерболы» деп әрдайым мақтан ететін болады, – деп қоштаған сапарлас серіктерім.

Шаңқай түс әлетінде жаңа достармен ұлы сөз зергері Ғабит аға кескіндеген «Қос шалқар» көліне рақаттанып суға түскеніміз, алтын күздің қызыл арай кешінде Ғабең­нің кіндік қаны тамған қасиетті мекен Елтінжалдың ақ балтырлы қайыңды тоғайын аралағанымызды неге ұмытайын...

Әрине, сағым жылдар жаңғы­рығы Ербол есімін де еріксіз ауызға алдырса керек.

Сондай-ақ оқыңыз

Екінші штрих:

Ұстараның жүзі немесе Биікке өрлеген баспалдақтар

«СҚ»-ның кезекті бір лездемесі үстінде аса байсалды да маңғаз, талапшыл да талантты қаламгер Бек­болат Әдетов ағамыз өте қатқыл сөйлесін. Бүге-шігесін мыжып ақ парақты текке шимайламай, то­қе­терін жеткізсем де біраз жайды аң­­ға­рарсыз, сүйікті менің оқыр­маным.

– Қашанғы ЦК-ға жалтақтай береміз. Үлкен үйдің қабағына қарай бергенді қою керек. Әрі-беріден соң газетті шығаратын олар емес, біз. Тәуір жазатын жас жігіт­терді аппаратқа шақырайық. «Ле­ниншіл жаста» жазғыш көп. Айт­пақшы, соңғы жылдары Қы­зыл­жардағы тілшілері Ербол Шай­мерденов өте жақсы көрініп жүр. Қаламының желі бар секілді. Бізге қызметке шақырсақ... Жазғандары маған ұнайды. Өзін онша таны­маймын...

– Арқаның журналистері бізге келер ме екен, осы. Керемет жаз­ғыш деп жүрген анау Жомарт Әбді­ха­лықов ұсынысымыздан әлденеше рет бас тартты, – деді Балғабек Қы­дырбекұлы Бекеңнің сөзін бө­ліп. – Жалпы, сенің айтып тұрған ойларың дұрыс. Сырттай әркім-әркімді сұрастырып, зерттеп жүр­мін. Шаймерденовтің ақындығы да бар көрінеді. Әдебиетші дейді. Демек, сөздің қадірін түсінетін жігіттің жаман жазуы мүмкін емес...

Редакторымыздың пікірін Сар­бас Ақтаев, Зұлқарнай Сақиев, Ке­ңесхан Зәкенов қоштай жө­нелді...

Әрине, шалғайдағы Ербол бұл жайдан бейхабар-ды. Қабілетті де, дарынды, қолынан іс келетін аза­мат­ты өзіндік қолтаңбасынан-ақ таныған тағдырлас әріптестерінің жансарайын көрсету мақсатында жазып отырмын...

Одан кейін де бірер жыл аралаған. Журналистика көрігінің небір ыстық-суығынан ысылып өткен Ербол тілін ұстартып, ойын ұштап, жазу өнерінің қат-қабат құпиясын еркін меңгерген шағында қасиетті қара шаңырақтың табал­дырығын аттады. Алғашқы жыл­дары «Социалистік Қазақстанның» Ақмола облысындағы меншікті тілшісі қызметін жемісті атқарды. Көп кешікпей білімді де, өресі биік ол Орталық Комитеттің шешімімен аппаратқа ауысты. Ең жауапты жетекші бөлімін басқарып, редак­ция алқасының мүшесі болды.

Газет жұмысы – ұжымдық жұ­мыс. Күнделікті бұрқырап тоқтау­сыз шығып жатқанымен, газет жа­саудың оқырманына беймәлім ішкі «кухнясының» сырлы әлемі сан қабат. Кезекті нөмірдің но­байын жоспарлаудан бастап, әр бетке түсетін материалдарды екшеп ірік­теу, авторлардың салмағын без­бендеу, әр туындының әсер күшін таразылау, ең ақыры сол күнгі газет дүниелерінің географиясына дейін нақтылау жалғыз адамның ша­руасы емес. Ал онан кейінгі тех­никалық харекеттердің шаш-етек­тен екенін журналист ағайындар жақсы білсе керек. Қысқа ғана қайырсақ, теру – беттеу – коррек­тура – түнгі кезек­шілік – оқылған беттерге қол қою – дайын нөмірді баспаханада басу – шыққан газетті оқырманға жеткізу... Бейнелеп жет­кізсек, ұстараның жүзінде жүрген­дей жауапты да маңызды шаруа.

Мінеки, осынау күйіп тұрған ұлан-асыр іске айрықша құлшы­ныспен сүңгіп кеткен Ерболмен тізе қосып еңбек еттік. Талай арнау­лы нөмірлерді бірлесіп жасадық. Тұс-тұстан қарауыл қойып, қақ­пақылдаған заманда шамамыз жеткенше идеямызды, ойымызды жүзеге асыруға ұмтылдық. Қазір­гідей еркін дәуір, бостан кезең емес. Сөйтседағы жаңашылдыққа, тың­нан сүрлеу салуға құштар Ерболдың батыл қадамдары андыздап бой көрсете бастады.

Биікке өрлеген баспалдақтар елжанды азаматтың қаламгерлік атын әйгілеумен бірге, оның саясат сахнасындағы қайраткерлік бей­несін де кескіндеп, сомдағаны аян. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Ел­ба­сының тұңғыш баспасөз хат­шысы болып, Жоғарғы кеңестің баспасөз қызметін басқарды. Тіл­дерді дамыту департаменті дирек­торы тәрізді республикалық дәр­гей­дегі жауапты қызметтерді атқар­ды. Азаттыққа қол жеткен алай-дү­лей заманның ұйтқыма боранында күн кешкен саясаткерлер иығына түскен жауапкершілік жүгі орасан зілмауыр еді. Құдды иненің ұшын­да, ұстараның жүзінде жүргендей шақ. Қиғылығы мен құйтырқысы сан тарау шетін сүрлеуден адаспай шығу – үлкен парасаттылықты талап етері мәлім. Қысылтаяң ке­зең­дегі Ерболдың ересен еңбегін рухани ұстазы, белгілі мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлы тереңнен толғап, тебірене жазғаны есте. Кәне, көз жүгіртейікші:

«... Құдай қарасқанда, он екінші сайланған Жоғарғы кеңес тұсында да Ерболмен қоян-қолтық қыз­меттес болудың орайы келді. Еге­мен­дік алып, еңсеміз көтеріліп, тәуел­сіздік алып, тәубемізге келіп, марқайып жүрген кезіміз. Жаңа мемлекеттік рәміздерімізді ұзат­пай тұрып қабылдатып алу ке­зек күттірмес міндетке айналды. Көп салмақ сол мақсатпен құрыл­ған арнайы жұмыс тобына түсті. Ұлттық саясат комитетінің төраға­сы ре­тінде маған да сол топта еңбек етуге тура келді. Қызыл менталитет әлі мызғи қоймаған кезең. Әлгіндей шетін мәселелерді шешу үшін бұлтартқызбас дәлел-дәйек керек. Ол үшін өзгелердің тәжірибесіне молынан қанықпай болмайды. Ал ол бұрын дербес мемлекеттіктен айырылып қалған бодан елге оңай емес. Көп уәжіңе өзгелер түгіл қандастарың құлақ аса қоймай, діңкеңді құртады. Бәрін көзге шұқып көрсетіп, жеріне жеткізіп дәлелдеуің қажет. Ол үшін көп нәрсені қопарып, көп нәрсені ақтару керек. Бұнда қарлы Қаратау қиын шаруаның майлық-сулы­ғында бүтіндей жүрген тағы да Ер­бол Шаймерденов болды.

Аз уақыт ішінде оның кабинеті геральдика көрмесіне айналды. Жер бетіндегі барлық мемлекеттің ежелгі, орта ғасырлардағы, кейінгі замандардағы және қазіргі тулары мен елтаңбалары үлгілері түгелге жуық жиналды. Соларды салыс­тыра отырып, елде қалыптасып отырған саяси ахуал жағдайында оңтайға келетін ық­тимал дәйектемелер түзуге жағдай жасалды. Сол жи­нақталған дерек­тер кейін Ерболға алты кітап, елу­ден астам мақала жазуға негіз бо­лып, өзімізді өзімізге де, өзгелерге де ел ретінде танытуға айта қалар­лық үлес қосылды. Ербол Шаймер­денов – тек осы еңбегінің өзімен-ақ ел ықыласына бөлене аларлық тұлға...»

Рәмізтанушы қаламгер тура­сында бұдан артық биік баға болмас, сірә!

Сондай-ақ оқыңыз

Үшінші штрих:

Ерболдың хаты немесе «Менің жүрегім – бозторғайы даланың»

Ербол туралы оңды-солды сүй­кей салмайсың. Даңғаза мақтауға, жұмсақ көпшікке зәру емес. Жүрегі лағыл, көңілі кіршіксіз ол сезім қылын тербер жарты ауыз сөзге марқаятын кіді азамат. Өзі­нің дегдар жерлесі, ұлы ағасы Ғабеңе көбірек ұқсайтын тәрізді. Осы­лайша, ой түйіндеуіме мәжбүр­леп отырған нақты дерегім де бар.
Ол – Ерболдың хаты. Жеке архи­вімді – мүкәмалдарымды ақтарып отырғанда ұшыраттым. Тұп-тура ширек ғасыр бұрын жазылыпты. Жалғыз жапырақ сарғайған блок­нот парақшасын аударып-төңкеріп екі-үш мәрте оқып шықтым. Жа­падан-жалғыз үйге сыймай, кеткен­деймін. «Өзіне телефондасам ба екен? Әлде, қызық үшін бір жолық­қанда қолына ұстатсам жөн шы­ғар...» Сөйтіп, жәдігер-хатты қо­қыс­­қа тастай салмай, әдемілеп қаттап қойғанмын-ды. Өзімнен-өзім езу тартып, ішімнен күбір­ле­ген­мін. «Ауырлығы жоқ, жата бер­сін. Қа­жетке жарар...» Сәуегейлігім дұрыс келгендей ме, қалай? Кәне, жиырма бес жыл бұрын жазылған хатқа бірге үңілейікші.

«Сәлеметсіз бе, Жәке!

Денсаулығыңыз, хал-жағда­йыңыз жақсы болар. Әдеби бәйгеде озып шыққаныңызды естіп қуанып жатырмын. Қайырлы болсын. Бұл жүлдеңіз алдағы үлкен жеңістердің басы болуына шын жүректен тілектеспін!

Жинаққа деген материалды жолдап отырмын. Машинкаға басу қиындығынан біраз кешеуілдетіп алдым-ау деймін. Көрерсіз. Хабар­ласып, іске тартқан қамқорлығыңыз үшін көп-көп рақмет.

Сәлеммен, Ербол. 10 январь, 1986 жыл. Целиноград қаласы».

Психолог-ғалымдардың зерттеу тәжірибелеріне қарағанда, адам­дардың қолтаңба жазуынан олар­дың бойындағы қасиеттерді, ең ақыры мінездеріне дейін білуге болатын көрінеді. Маржандай тізіл­ген Ербол хатынан мен де біраз жай­ды ажыратқандаймын. Ыжда­ғатты, ұқыпты, сергек кісінің кел­беті сезіліп тұр. Хат жазу мәде­ние­тінен анық байқалады. Ойы нық, тілегі ашық. Кезінде «Жалын» бас­па­сының жабық конкурсында жүлде алған қуанышты сәтіме ор­тақ­тасып, жүрек лүпілін білдірген. Әдеби ортадан жырақ жүрсе де, әр нәрседен құлағы түрік қаламгер әріптестің өзгелердің де табысына қуана алатын елгезектігіне неге сүйсінбейсің. Көбімізде жоқ тама­ша қасиет. Өткен жылдар жаңғы­ры­ғы есіме тағы бір елеусіздеу оқи­ға­ны түсіріп отыр. Бұрын-соң­ды тілдесіп, жүздеспеген Ербол бірде: «Сен білесің бе?» деген та­ным­дық кітабыңызды іссапарда жол қапшығымнан тастамайтын болдым» деп телефон соққан-ды. Жүрекжарды лебізіне қанаттанып қалғанымды жасыра алмаймын.

Ойыма қазақ поэзиясының ба­тагөй абызы Әбділда Тәжібаевтың кезінде «Лениншіл жаста» жария­ланған толғанысының тақырыбы орала береді. Талай жыр сүйер қауымды дүр сілкіндірген мақала «Күләш Ахметова – ақын» деп аталатын. Қарапайым ғана естіле­тін, сәт сайын айтылатын осынау сөздің құдіретті баға саналғаны анық. Жастардың үлкен қамқоры әрі жанашыры айтқан бұл сөз кеңестік кезеңде аңызға айналғаны мәлім. Өйткені қатып-семген, қасаң жүйе ешкімді мойында­май­тын, ешкімді артық мақтамайтын. Қазір ше? Кешегі мен бүгінгінің ар­а­сы жер мен көктей. Бірін-бірі көзін бақырайтып қойып «ұлы ақын», «ұлы жазушы» дейміз еш қы­сылмастан. Мейлі, әркімнің өз мәдениетіне, өз өресіне қалды­ра­йық. Ар таразысы бәрінен биік. Ойым шашырап бара жатқандай. Асау пікірімді бұғалықтап, тоқе­терін мен де ұлы данагөйіміз Әбекеңше келтесінен қайырайын. Ербол – ақын. Есіңізде жүрсін, бұл түйінге тоқтағандардың тізімін түзейін. Мұзафар Әлімбаев, Әбіш Кекілбайұлы, Тұманбай Молда­ға­лиев, Герольд Бельгер, Иран-Ға­йып, Аян Нысаналин, Есенғали Раушанов, Серік Тұрғынбекұлы, Қайрат Жұмағалиев, Сабыржан Шүкірұлы, Несіпбек Айтұлы секіл­ді поэзия тамыршылары әр жыл­дары түрлі басылымдарда тебірене жазып, түрлі мінберлерде сүйсіне айтқанына куәміз.

Ербол жырларының алтын өзе­гі – туған жер, туған ел, сүйікті Отан, атамекен, алаштың ардақ­тылары, сұлу табиғат, аяулы ару. Қалың нөсерден кейінгі тұнық көк күмбезінде керілген кемпірқо­сақ­тың көз жауын тартар түрлі-түсті бояуындай сан-алуан тақырыптағы Ербол лирикасы ешкімді де бейжай қалдырмайды. Әп дегеннен баурап, өлең тылсымына жетелейді. Тұңғиық ойға шомдырып, шуақты сезімге бөлейді.

Намыс қайрағына жанып, жү­рек отынан суырған өршіл, пат­риот­тық сезімге толы ақын өлеңдері қиялыңды шарықтатып, бойына тегеурінді қуат үйіреді. Туған ел, замана зарын, бабалар рухын тілге тиек еткенде сиқыр сөзден жыр қашаған ақын жаны да арқаланып, айрықша асқақтап кетеді. «Ақ қайыңның қара мен бүршігімін», «Мен – бір гүлің ашылған сайың­дағы», «Рухына абыз ата таң қала­сың, Қырандай биік шырқап қа­лықтаған», «Кө­терген дүниенің қан қысымын» деп жыр өрген ақын жүрегінің лүпілін анық естисің. Оған «Туған ел», «Абыз», «Абылай алаңындағы ой», «Аттила», «Еркін­дік жыры», «Мағжан аға», «Көгілдір ту» т.б. өлеңдер айқын дәлел. Шо­йындай шып-шымыр, теңіздей терең ойлар селі тасқындай құйыл­ғанда еңсе­ленген жыр жолдары айдарлана, айбарлана түседі.

Иә, тамыры даладан үзілмеген, ауылмен кіндіктес ақын қан тамы­рының лүпілі де ерекше естілсе керек. Ақын Ербол бір өлеңінде «Менің жүрегім – бозторғайы дала­ның» деп жырлайды. Сол бозтор­ғай-жүректің шырылын жалықпай тыңдай бергің келеді екен.

 

Сондай-ақ оқыңыз

Соңғы штрих:

Тобықтай түйін немесе Айтылмай қалған деректер

... Өкшемізден ерген талантты қаламдас іні хақында ағымыздан жарыла сыр шерттік. Әңгіме тізгінін ірікпегенімді сеземін. Кейбіреулер жайында аз-кем пікір айтқың кел­генде, ағыл-тегіл сөзің қалам ұшы­на жоламайтыны жасырын емес. Неге? Жалғандыққа, жағым­паз­дыққа жақындаудан қорыққаннан шығар. Ең бастысы, қасиетті де, қас­терлі мұрамызды оңды-солды көпіртіп сілтеуден қашқақтау болса керек. Тағы да қайталаймын, Ербол туралы айтылмай қалған кейбір деректерді түйіп-түйіп жеткізгім келеді.

Өзінің ұлтжандылығымен, аза­маттығымен, қабілет-дарынымен өмірдегі орнын ойып алған Ербол ондаған кітаппен бірге көптеген тамаша ән-өлеңнің авторы. Сөз киесін таниды. Оған дәлел – әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» трилогиясының сүзгіден өткен соңғы басылымына жауапты алғысөзді арнайы Ербол Шаймерденовке жаздыруы бекер емес. Үлкен сенім, биік құрмет. Әйтпесе, өздерін «әдебиетшіміз», «ғалымбыз» деп шіреніп жүрген докторсымақтарды Әбекең көрмеді дейсіз бе?! Кейіпкеріміздің көп жұрт білмейтін екінші дипломы бар, С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетті бітірген. Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері, Міржақып Ду­латов атындағы сыйлықтың лау­реа­ты, «Құрмет» орденінің иегері.

Өмір мәнін жыр жолдарымен өрнектеген Ербол-ақынның мына шумағымен шалқыма-толғаны­сым­ды түйіндемекпін:

– Керегі не басқаша аңыз құрап,

Өмір-ғажап, дүние-нағыз жұмақ.

Шарқ ұрғанмен ештеңе таба алмайсың,

Тіршіліктен бір күнгі маңыздырақ.

Рәмізтанушы қаламгердің алты томдық шығармалар жинағы өзі «өмір-ғажап» деп ынтыға өрнек­теген тіршіліктен өткеннен соң жарық көрді. Абзал да ардақты азаматтың рухани тірлігі осылайша жалғаса бермек.

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты