Ораз Исаевтың еңбегін неге ескермейміз?..

Газет мақаласы Айқын газеті №83

Өзі билік тізгінін ұстаған жылдары қалың қазағы үшін қыруар іс тындырған Ораз Исаевты Ақжайық ауданының халқы естерінен шығармаса да былайғы жұрт білмейді. Дұрысы, естеріне алмайды. Неге? Ол ҚазКСР үкіметінің елең-алаңында совнарком төрағасы болған, Ақ Жайық атырабынан түлеген ақиық Ораз Исаев қой! Оның атакүлдігі Жайықтың бұхар бетіндегі Көнеккеткен ауылы. Исаевты жетпісті желкелеп, сексенді төңіректеп жүргендер кәміл біледі. Ал кейінгі жастар, әй, қайдам?.. Өйткені жалы күміс, тұяғы алтын азаматтың аты ел көлемінде мүлдем аталмай, ұмытылып бара жатыр демеске амалымыз жоқ. Себебі, 39 жасында әзиз басы оққа байланып кете барған аяулы азаматтың кейін 60 жылдығын айтпағанның өзінде, соңынан да 70, 80, 90, 100, 110 жылдығы мүлдем атаусыз қалғанын қайтып жасырамыз-ау...

Ораз Исаевтың еңбегін неге ескермейміз?..

Енді, міне, сол орны толмас өкініштер мен «әттеген-айлардың» орнын Орекеңнің 120 жылдығы жақындағанда Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақжайық ауда­нының, айналып кетейік, азамат­тары толтырды. Өздерінің әл-қаде­ріне қарай алыс-жақын жерлерге сауын айтып, аудан көлемінде айта жүрер «Ел ұмытпас ерлерін» атты ғылыми-танымдық конференция өткізді. Оларына мың да бір рақмет! Әлі күнге елесінің болса да ер-тұрманы түгенделмей келе жатқан есіл ер мәңгілік мекенінде бір аунап түскен шығар, дәл сол, жиын өткен 26 сәуір күні!

Ораз Исаев 1899 жылы 18 сә­уірде Ілбішін ауданы Көнеккеткен ауылында жарық дүние есігін ашып­ты. Жалшы-кедей жанұя­сын­да бес баланың үлкені болған. Тағ­дырдың сыйы шығар – бала Ораз алдағы ғұмыры мен биік лауазымды қызметіне еркін жараған білімнің негізін ауылдың мектебінен алады. 1908-1915 жылдар аралығында әуе­лі, Өріктал-Жұбанышкөл бір клас­тық орыс-қырғыз (училище деп те атай­ды) школын, кейін Көнеккет­кеннен Есенсай ауылына қарай 9 ша­қырым жердегі Қарасу-Шал­қар екі кластық орыс-қырғыз шко­лын өте жақсы оқып, тамамдайды. Бұл екі мектептің оқуы жалпы но­байы 7 жылдық білімге келіңкірей­тін­діктен, Ораз орыс-қазақ тілде­ріне жүйрік, сол кездің сауатты жаста­рының бірі болып шығады. Айтпақ­шы, бұл оқуларына дейін Ораз бес жасынан бастап, төрт қыс қатары­нан ауыл молдасынан тіл сынды­рып, сауатын ашқанын да айта ке­тейік. Әкесі Жанұзақ күн­көрістің қамымен қандай жұмыстан да қаш­паған. Қолы шебер, өте ең­бек­қор жан болғандықтан, орыстың көпестері оны Ілбішін станица­сында шіркеу құрылысына да жұ­мысқа тартқан деген деректер бар. Қалай болғанда да, бес қарғасының қамы үшін қайран әке қандай жұмыстан да қашпаған ғой... Сөй­тіп жүріп, ерте қайтыс болып кетеді. Барлық ауыртпалық жасөспірім Ораздың мойнына түседі. Әкесі қайтыс болғаны бар, анасы мен төрт бауырының қамы бар Ораз ары қарай оқуын жалғастыра алмайды. Ақпан төңкерісіне дейін өздеріне рулас болып келетін ауылнайдың әрі шабарманы, әрі писары болып қызметке тұрады. Ол үшін ай сайын 12 рубль 50 тиын жалақы алып тұрған екен.

Дүниені астан-кестен қылған патшалық Ресейдегі Ақпан төңке­рісі кезінде жас Ораз бірден қып-қызыл белсенді болып, саяси тап тартысына араласып кете қоймай­ды. Осыдан 12 жыл бұрын Ораз аға­мыздың жоқшысы болып, тал­май талаптанып жүрген ардагер-ұстаз, бүгінде марқұм Сапар ағай Ғабдолов біздің назарымызға Ораз Исаевтың 1936 жылы 10 тамызда өз қолымен толтырған ғұмырбаянын берген еді. Онда Ораз Жанұзақұлы бүй деп жазады:

«Сол кездегі болып жатқан оқи­ғалардың (төңкерісті айтып отыр – ред.) саяси мәнін түсіне қойған жоқпын, маған ұнағаны – байлар мен дәулеттілердің екі аяғын бір етікке тығып, халықтың оларға ашық қарсы шыққаны».

Бара-бара ауылнайдың иті қы­рын жүгірген болуы керек, әрі шабарман, әрі писарь болып жүрген жас Ораз жұмыссыз қалып, ауыл­дағы байларға жалданады. Исаев­тың саяси жұмыстарға араласа бастауы 1919 жылға тура келеді. Бұл тұста Қызыл Армия нақтырақ айт­сақ, Чапаевтың қызыл қырандары ақ казактарды Орал қаласынан тү­ріп айдап шығып, шаһарда Кеңес өкіметі орнайды. Соның дүмпуімен губернияға жақын жатқан ауыл­дарға шабармандар көбейеді. Кеңес өкіметін қолдауға үгіттеген жұмыс­тар қызып, большевиктер үндеулері мен листовкаларын, тіпті аэроплан арқылы ауыл-ауылдың төбесінен жаудырып жатады. Күндердің күнінде Чапаевтың дивизиясы Ілбішін қаласына (қазіргі Чапаев­кенті, яғни Ақжайық ауданының орталығы) жетеді. Қасына Сары­мов, Шалқаров сияқты бір кезде мектепте бірге оқыған өзі сияқты сауатты жігіттерді ертіп, Ораз ер Чапайдың жасағына қосылады. Ілбішін қалалық милициясының қызметкері болады. Одан ары Ораз Исаевтың қызметін қысқаша тар­қатсақ, Ілбішін уездік ревкомының нұсқаушы-ұйымдастырушысы, Шалқар болыстық атқару кеңесінің хатшысы, Жымпиты уездік атқару комитетінің инспекторы, (1920 жылы партия қатарына кандидат болып қабылданады), ЧОН жауын­гері, Орал ГубЧК-сы жанындағы Жымпиты саяси бюросының бан­дитизммен күрес жөніндегі аудан­дық өкілі, (1921 жылы партия қа­тарына қабылданады), Орал ГубЧК-сы құпия бөлімшесі жанын­дағы өкіл, Советтердің ІІІ Бүкіл­қазақ съезінде КазЦИК-тің мүшесі болып сайланады, Орал губро­зыс­касы бастығының орынбасары, Жымпиты уездік комитетінің жа­уапты хатшысы. Тап жауларымен тайсалмай арпалысып, жаңа өкі­метті қолына қару алып қорға­ған есіл ердің қызметі осылайша ­жо­ға­рылай береді. Қай жұмыста болса да, арына қылау түсірмеген, ­крис­талдай кіршікшіз Ораз Исаев 1929 жылы 15 сәуірде Қазақ АССР-ы Халық комиссарлар ке­ңе­сінің төрағасы болып тағайын­да­лады. Осы қызметін тоғыз жыл бойы, нақақтан-нақақ «Халық жа­уы» деген жала жабылғанға де­йін, яғни 1938 жылдың 25 мамы­рына дейін атқарады.

 

*    *    *

Есіл ердің қосақ ішінде бос ке­туіне қазақтың басына нәубет бо­лып келген «қу жақ» Голощекиннің тікелей қатысы бар. Тарихтан бел­гілі ғой, Голощекиннің Қазақстанды басқарған жылдарында, ел ішін алапат аштық жайлады. Қазақ қынадай қырылды. Міне, осы кез­дегі Голощекиннің асыра сіл­теуінің зардаптарына сол кездегі Үкімет басшысы болған Ораз Исаевты да кінәлайды. Шындығына келсек, Исаев Голощекиннің қанқұйлы саясатына қарсы шығудай қарсы шыққан, өзінің қарсылығын айту­дай-ақ айтқан. Дәлел керек пе, мінекей: Қазақ АССР-ы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Ұзақбай Құлымбетов бір сөзінде «Айыптың бәрі Голо­щекин мен Исаевта, бізде кінә жоқ дей алмаймын! Біздің бәріміз де кінәліміз. Өлкелік комитеттің соң­ғы пленумында Ораз Исаев екеуміз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. Бәрі­бір Голощекинді райынан қайтара алмадық», – деп жазады кейін ­«Со­циалды Қазақстан» газетінің 1933 жыл­ғы 12-14 шілдедегі са­нында.

Бұған дейін Қазақстанда Го­лощекиннің тұсында болып жатқан асыра сілтеулер мен аштық жа­йында Сталинге Тұрар Рысқұлов хат жазған деп келдік қой. Оған қо­са Ғабит Мүсірепов бастаған «Бе­сеудің хаты» да сол тұста жазылды деп жүрміз. Ал, шындығына келіп, Алланың атымен айтсақ, Сталинге олардан бұрын Ораз Исаев жазған! Бір емес, екі емес, үш қайтара (!) жазыпты. Біріншісі – 1932 жылы 11 ма­мырда. Екіншісі – 1932 жылы тамыз айында. Үшіншісі – 1933 жы­лы 2 желтоқсанда. «Бесеудің хаты» 1932 жылдың 4 шілдесінде жазыл­ған. Яғни, Ораздың алғашқы ха­тынан кейін екі айдай уақыттан кейін. Онда да бұл хаттың Сталинге жазылуына Ораз Исаевтың өзі түрт­кі болған. Ал Тұрар Рысқұловтың хаты 1933 жылы наурызда жазы­лып­ты. Мұны әлі күнге дейін «Исаев орын алып жатқан жағдай туралы жоғарыға хабарламапты, айтпапты» дегенді көңірсітіп, оны «жау» қылып көрсеткісі келіп жүр­гендерге қарата жазып отырмыз.

Ораз Исаев Совнарком төра­ғасы болып тұрғанда, Қазақстанда ауыр өнеркәсіп, металлургия, көмір өндірісі оның тікелей басшылы­ғымен өркендеді. Түрксіб табаны­ның тартылуында Орекеңнің үлесі зор. Қазақ әдебиеті мен мәдение­тінің биіктен жарқырайтын жыл­дары да осы Ораз Исаевтың тұсы. Қазақтың Әуезовінің өзіне де, «Ең­лік-Кебегіне» де араша түсіп, «әлем әдебиетінің шедеврі» деп баға бе­ріп, пьесаның томағасын сыпырған да Исаев. Жамбылдың жұлдызы жарқырап, Кремльге дейін жететін шағы да Исаев үкімет басында отырған жылдар. Мәскеуде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүн­дігі өтіп, қазақ өнерінің бағы жана­тын жылда да үкімет басында Ораз Исаевтың отырғанын қалайша ұмытамыз, ағайын!? Сонда емес пе еді, мәскеуліктердің Күләштің өнеріне «Чудо!» деп қоғадай жапы­рылып, қол соғатыны!

Аула сыпырып, арасында ақ қағазға түрлі сурет салып қоятын жас жігіт Әбілхан Қастеевті Ораз Исаев байқамаса, бүгінде қазақ халқы білер ме еді, әй, қайдам-ау... О. Исаев өндірдей Әбілханды қазақ тілін жақсы білген Анна Фурма­нованың (комиссар Фурмановтың жары) қасына ілестіріп, Мәскеуге жібереді. Тілмаш ретінде барған Анна Никитичнаға арнайы жалақы төлейді.

Ондағы ойы Қастеев орыстың хас суретшілерінен үйренсін, дәріс алсын дегені еді. Жас суретшінің жолақысын, барлық шығынын үкіметтің есебінен шығартады. Сөйтіп, Орекеңнің арқасында аула сыпырушы Әбілханнан кейін қазақтың атақты қылқалам шебері шықты ғой!

Бүгінде «латын қарпіне көше­йік!» деп өңір тиегімізді ағытып жатсақ, Ораз Исаев осыдан 90 жыл­дай уа­қыт бұрын оның бастауында тұрған, ұйытқы болған, қолдаған тұлға.

 

*    *    *

Ораз Исаевтың тұтқын­далуы­ның жай-жапсары өзгешелеу. Жанұзақтың Оразы Нұрлан, Бекет есімді екі ұл сүйген. Нұрлан бертін келе қайтыс болып кеткен. Ал кенже ұлы Бекеті осыдан біразырақ уақыт бұрын Ақжайық ауданының орталығында өткен конференцияға денсаулығына байланысты келе алмады Алматыдан. Сол Бекетінің мынандай естелігі бар: «Анам Сара Есованың айтуы бойынша әкемді тұт­қындаған кезде мен 2 жастан 4 ай асқан екенмін. Сондықтан есім­де ештеңе сақталмаған. 1938 жылы көктемде әкеме Алматыдағы қыз­метін тапсырып, Мәскеу қаласына жаңа қызметке шұғыл шақырту ке­леді. Мамыр айының екінші жар­тысында біздің жанұямыз әкем, анам, үлкен ағам Нұрлан және на­ғашы әжем үкімет адамдарына тиіс­ті, арнайы вагонға аса қажет затта­рымызды тиеп, көтеріңкі кө­ңіл күймен жолға шығамыз. Мәс­кеуге ондаған шақырым қалғанда вагонға үстеріне форма киген, түс­тері суық бірнеше адам кіріп келеді. Әкем мен анамды тұтқындау туралы және вагонда тінту жүргізу жө­ніндегі ордерді көрсетеді. Содан біздерді, заттарымызды мұқият тінтіп, әкем мен анамды өздерімен алып кетеді де, қалғандарымызды кейін қайтарып жібереді».

Аула сыпырып, арасында ақ қағазға түрлі сурет салып қоятын жас жігіт Әбілхан Қастеевті Ораз Исаев байқамаса, бүгінде қазақ халқы білер ме еді, әй, қайдам-ау... О. Исаев өндірдей Әбілханды қазақ тілін жақсы білген Анна Фурма­нованың (комиссар Фурмановтың жары) қасына ілестіріп, Мәскеуге жібереді. Тілмаш ретінде барған Анна Никитичнаға арнайы жалақы төлейді.


Бекет Оразұлының естелігінен көріп отырғанымыздай, Ораз Исаев­ты Алматыда тұтқындамай, Мәскеуге қызметке алдап ша­қыр­тып, жолшыбай тұтқындауында да бір сұрқұялық жатыр ғой...

Ораз Жанұзақұлының жары Сара Есова – белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатып, оның ны­ғаюына бір кісідей үлес қосып, зор еңбек сіңірген қазақ қыздарының алдыңғы қатарынан орын алатын аяулы жандардың бірі. Сол Сара апамыз ерімен бірге жолүсті тұт­қындалғаннан кейін тоғыз ай тар қапаста отырады. Ол кісі қызмет бабында Лениннің жан серігі Надежда Крупскаяны жақсы біледі екен. Түрмеден қапысын тауып, Надежда Константиновнаға араша сұрап, хат жазған. Айналғанда күн көсемнің жары Сталинге тіке ба­рып, Сара апамызды түрмеден бо­саттырады. Бірақ «халық жауының» әйелі ретінде қызметтен шеттетіліп, талай қиындықты бастан өткереді. 1956 жылы 19 мамырда Ораз Исаев толық ақталғанға дейін Сара апа­мыз күйеуін жазықсыз жаладан ақтап алу үшін талай табалдырықты тоздырғанын да айта кетуіміз керек.

Ал күйеуі ақталғаннан кейін оның есімін ел тарихында қалдыру жолында да апамыз талай әрекет­тенген. Ең әуелі, мерейтойын өткіз­сек деп, Ораз Исаевтың 70 жылдығы қарсаңында, 1969 жылы Сара Есова елге, Орал облысына арнайы ке­леді. Сол кездегі Орал обкомының бі­рінші хатшысы Шәпет Қосп­а­новқа кіріп, мерейтой жөнінде әңгіме қозғайды. Бірақ бірінші хатшы Ораздың 70 жылдығын өт­кізуді мақұлдамаған. Содан болар, Исаевтың 70 жылдығы облыс тұр­мақ, Көнеккеткен ауылында да өтпеді... Айналғанда, Сара апамыз­дың «Ең болмаса, ауылда өткізер­міз» деген екінші жоспары да жүзеге аспады. Ал Ораз Исаевтың 90 жылдығы да Көнеккеткендегі кішкентай ғана жиыннан әрі аса алмады. Бұл уақытта Көнеккеткен ауылындағы орта мектепке Ораз Исаевтың аты берілген еді. Есіл ердің 100 жылдығы да сол мектеп ұжымының күшімен ғана аталып өтті. Алматы жағынан ешкім келген жоқ... Айтпақшы, Орал қаласында Чапаевтың серігі Петр Исаевтың есімімен 1967 жылдан бермен қарай аталып келген көшеге 2007 жылы Ораз Исаевтың есімі берілді. Бір көшеге екеуінің есімін мінгестіріп, қатар іліп қойған...

*    *    *

Конференцияны ашқан аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ақиық азаматтың өміріне шолу жасай келіп, О. Исаевтың 120 жылдығына байланысты белгіленіп отырған шаралармен жиналғандарды та­ныс­тырып өтті.

Аталған датаға арналып мектеп оқушылары мен жастар арасында ілкіде жарияланған «Алаштың ар­дақ­ты азаматы» атты байқаудың қорытындысы әйгіленді. 35 рефе­раттық жұмыс арасынан І орын Темірлан Зәкіржанов (О. Исаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы), ІІ орын Ақбота Берік (Бударин мектеп-бөбекжай кеше­нінің 9-сынып оқушысы) және ІІІ орын Ғарифолла Қуандыққа (Мерген орта мектебінің 9-сынып оқушысы), кино-бук бойынша түскен 24 жұмыс арасынан І орын Жұлдыз Балхашева (Чапаев ауылы), ІІ орын Дархан Қапатаева (Алмалы ауылы), ІІІ орын Әнуар Аманжо­ловқа (Тайпақ) берілді.

Бұдан соң бейнебаянда және ардагер-ұстаз, журналист Тілес Жа­зықбайдың баяндамасында қай­раткердің қайсарлығы, бастан өт­керген өксікті шақтары қамтылды.

Конференцияда сондай-ақ жа­зушы, О. Исаев жайында естеліктер мен зерттеулер жинағын құрас­тырған Жұмабай Құлиев (Алматы қаласынан келген), белгілі журна­лист Есенжол Қыстаубаев шерлі шежіреден мысалдарға тоқталып, есіл ердің табанды күресі туралы әңгімеледі. Ораз Исаевқа Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ескерт­кіш қойылса, оның өміріне, қыз­метіне қатысты барлық материал­дарды жиып-теріп, жинақтар шы­ғарса, тіпті өзіміздің Орал қа­ла­сында да Орекеңнің ескерткішінің орны ойсырап тұрған жоқ па, деген ой мен ұсыныс айтылды.

Қолдан жасалған аштықтың, сталинизмнің жаппай саяси репрессиясының зардабы сонау 1721-1723 жылдардағы ақтабан шұбырындыдан да асып түсіп, халқымыз миллиондап қырылды. Кейін де даламызға алапат қару сынайтын полигон қаптады, қазақ­ты тұтқалы қызметтерге жақын­датпау көзделді. Сондай қатыгез­діктердің, геноцидтің де, этноцид­тің де ащы сабағын естен шығаруға болмайды. Жас ұрпақ бүгінгі азат­тығымыздың құнын біле ме? Бұл әманда қаперде ұстайтын сауалы­мыз болуы тиіс. Ораз Жанұзақұ­лы­ның ағартушылық бағыттағы істері де індете зерттеуді қажет етеді.

Конференция мінберінен БҚМУ-дың Қазақстан тарихы ка­федрасының оқытушысы, магистр Ғазиза Әбдірахманова, аудандық мәслихаттың депутаты Біржан Ку­хаев, Орал қаласындағы №19 орта мектептің мұғалімі, Исаевтың інісі Керейден тараған ұрпақтың бірі Балжан Айтқалиева осы хақында сөз саптады.

Қайраткердің дәуірдің шаш етек­тен ауыртпалығымен арпалыса жүріп, ел мәдениетін көтеріп, та­лантты ұл-қыздардың білім алуына мұрындық болғаны да өшпес өне­гесінің, елжандылығының айқын дәлелі екені әңгімеленді. Оралдық ұстаз-ғылым, филология ғылым­дарының докторы Мұрат Сабыр «Ана тіліміз бен ғылымды сүйіңдер» деп, өз жұртын білімге үндеген Ораз Исаевтың небір қауырт істерден оқытушылар мен оқушылар жағдайына үңілуді де ұмытпаған кездерінен мысалдар айтты.

Басын тәуекелге тіккен арыс­тарымыздың күресі, әрине, ізсіз кетпеді. 1933 жылдың басында Го­ло­щекин қызметінен босатылды, «өрескел саяси қателіктер мен бұр­малауларға» баға берілді. Исаев мәж­бүрсіз елден кеткендерді оты­рық­шыландыру, оларға жағдай жасау жөніндегі комиссияны басқарды. Жай-күй біртіндеп түзе­тіле бастады. Бірақ «кіршіксіз кө­сем­нің бейнесін қалыптастыруға салқынын тигізгендерді, «тілін қыс­қартуды» білмейтіндерді әшке­релейтін материалдар, жалаға толы қағаздар сейфтерде жинақталуда еді. Исаевты да бет қаратпас өктемдік репрессия құрығына іліктірді.

Сұрқиялықпен күрескен ол жайында архивтерден тың деректер табылуы әбден мүмкін. БҚО гум­а­нитарлық академиясының до­цен­ті, тарих ғылымдарының канди­даты Дәметкен Сүлейменова жуырда архив материалдарымен кезек­ті жұмысы үстінде бір құ­жаттан О. Исаевтың «Алашордаға мен оң баға беремін, бұл Қазақ­станның бола­шақ мемлекеттік құрылымы. Біз түбі соған жетеміз» деген сөзін кездестіргенін баян­дады. Бұл әлде де жан-жақты зерт­теуді қажет ете­тін, яғни кешегімізді тану мен ұғу­дың бір көзі болып табылатыны даусыз.

Көнеккеткен түлегі, Қазақстан Сурет­шілер одағының мүшесі Қа­йыр Оразғалиев ауылына Ораз Исаев­тың портретін табыстады. Одан ары Ораз Исаевтың туғанына 120 жыл толуына орай өткізілген кон­­фе­рен­ция дөңгелек үстелге ұлас­­ты. Оны аудан әкімінің орын­басары Тілек Ғабдушев жүргізіп отырды.

Оралдық ұстаз, тарихшы Сайлау Сүлейменов, ардагер-ұстаз, жұ­бан­танушы Үзілдік Елеубайқызы, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсы­баев, ақын Сағынтай Бисенғалиев, Көнеккеткендегі Ораз Исаев атын­дағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айғаным Жұмағалиева Ораз Жанұзақұлының қайсар қайраткерлігі, азаматтық болмысы, ұрпаққа берер өнегесі туралы кең ауқымда әңгімеледі. Мектеп оқу­шы­лары үшін тарих пәніне Ораз Исаев туралы неге тарау енгізбеске деп өте орынды мәселе көтерген Айғаным Жұмағалиева айтқан ұсыныс көп көкейінен шықты. Сов­нарком Исаевтың Мәскеуде атылған жеріне Ақжайық ауда­ны­нан экспедиция ұйымдастырып, туған жерінен топырақ салса, арнайы белгі қойса?! Сондай-ақ аудан, облыс орталықтарына Ораз Исаевтың суреті бедерленген үлкен билбордтар ілінсе, – деді дөңгелек үстелге қатысушылар.

Ресей қаласының Саратов об­лысы, Перелюб ауданынан келген Ұмсын Керейқызы (О. Исаевтың Керей деген інісінің қызы) естелік­терімен бөлісіп, осындай ауқымды шараны ұйымдастырған аудан бас­шылығына, бөлім, мекемелер ұжым­­дарына ризашылығын арнады.

– Көнеккеткен ауылында дү­ниеге келдім. Әкем Ұлы Отан соғы­сына аттанып, артынан «қарақағаз» келді. Талай қиындықты көрдік. Өткенге салауат, болашаққа аманат. Отбасымда сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім. Жұбайымның қайтқанына 21 жыл болды, – деп еске алды әжей. Бүгінде 83 жасқа келген оның 20 немере, 18 шөбересі бар. Алыс­тан келген кейуана Көнеккеткен ауы­лы бір кезде О. Исаев атындағы кол­хоз аталғанын, бірақ кейін ша­руа­шы­лық тарағанда, ауыл оның ­аты­нан айырылып қалғанын айт­ты. Аяулы азаматтың атын сол кін­дік қаны тамған жерге қайтарып берсе, – деді.

Сөйтіп, ақжайықтықтар ақиық азамат Ораз Исаевтың туғанына 120 жыл толуын айта жүрер той, ғиб­раты мол шара қылып өткізді. Өшкен қайта жанғандай болды. Айтпақшы, Исаевтың тағы бір тойы, Құдай қаласа, алдағы қыр­күйекте Көнеккеткен ауылында ұйымдас­тырылмақ.

Ендігі қалып тұрғаны, Ораз Исаевтың есімін ұлықтауды облыс, республика көлемінде қолға алса, шіркін...


Есенжол ҚЫСТАБАЕВ,

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Батыс Қазақстан облысы