Арманы асқақ, абыройлы жан еді

Газет мақаласы Айқын газеті №87

Парламент Сенаты аппаратында қатарласа қызмет атқарған Әбен Жұмашұлын еске алғанда осы бір сөздердің ойға оралатыны бар.

Арманы асқақ, абыройлы жан еді

...1955 жылғы желтоқсан айының желкем күндерінің бірі. Қысқы дала. Айнала аппақ қар. Айдау жолда аттылы шана зырлап келеді. Шанада үстіне ақ тон, аяғына байпақ, түлкі тымақ киген шал отыр. Артқы жағында отырған жасы жеті-сегіз шама­сындағы бала қалың ішікке орап тасталған, көзі ғана жылтырайды.

– Сонымен, өскенде мені қалай асырай­сың? – дейді шал.

– Аға, мен өскенде жазушы болам, кітап жазып асыраймын, дейді бала.

– Айналайын,- дейді баласының осы бір игі ниетіне іштей риза болған шал. – Болсаң боларсың, әйтеуір кітапқа деген құмарлығың керемет.

Иә, қаршадай бала күнінен кітапқа құмартып, жазушы болуды армандап ержеткен Әбен Жұмашұлы Кеңес әскері қатарындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп оралғаннан кейін ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсті. Оны ойдағыдай тәмәмдап, өзі туып-өскен Қазалы өңірінде мұғалім болды. Аудандық газет редакциясында еңбекші хаттары бөліміне меңгерушілік етті. Алматыдағы бірқатар баспаларда редактор, аға редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Оның ішінде қазақтың біртуар ақыны, бүгінгі гимн авторы Жұмекен Нәжімеденовтің арқасүйер көмекшісі болғанын атап өту орынды болмақ. Ол заманда да тамыр-таныстықпен беделді мекемелерге орналасып алып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре беретіндер жетіп артылған ғой. Сондай бір қайнауы ішінде, дүмбілез дүниелердің басым көпшілігін Жұмекен ағасы көбіне қиындық кезіксе қыңқ етпейтін Әбенге сеніп тапсыра береді екен. Күндіз өзіне тиесілі жұмыстар­мен отырса, түнделетіп жаңағыдай жұмыс­тармен айналысады екен.

«Рауан» баспасынан «Ана тілі» бөлініп шыққанда, осы баспаның негізін қалаушы аға редакторлардың бірі болды. «Алтын сандық», «Халық қазынасы» се­риясымен шыққан жаңа басылымдарды шығаруға белсенді үлес қосты. Атақты фольклоршы Ә.Диваевтің «Тарту» деген (құрастырушысы – Ф. Оразаева) кітабына аудармашы әрі редактор болды.

Баспада істеген жылдар ішінде жүзден астам кітапқа редактор болумен бірге мектеп оқулықтарын, әдістемелік, ғылыми-көпшілік, саяси-бұқаралық және басқа да ондаған кітаптарды аударуға қатысты. Аудандық, облыстық, республикалық газеттерде мақалалары мен сын пікірлері жарық көріп жатты. 1986 жылы орта мектептің 10-сы­ныбына арналған қазақ әдебиеті оқулығының бірінші басылымына редакторлық етіп, жоғары сапамен көркемделіп шығаруға қатысқаны үшін КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Сондай-ақ осы жылдарда «Материктер мен елдерде», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (авторы – С.Исаев), «Қазақ халық әдебиеті» (құрастырушысы –
С.Садырбаев) басқа көптеген мектеп оқу­лықтарының редакторы болды.

1993 жылдан басталған жоғары мем­лекеттік органдардағы қызметі Парламент Мәжілісі мен Сенаты аппаратында жалғасты. Бұл беделді органдарда бас кон­сультант болып, абыройлы қызмет атқарды. Қаншама заңдардың қазақ тіліне жатық аударылып, қатарға қосылуы үшін аянбай тер төкті. Бұған қоса оқығаны мен тоқығаны көп Әбекең екінің бірі жүрегі дауалап бара бермейтін ілеспе аударманың майталман шебері болды. Үлгілі де үздіксіз қызметі үшін «Қазақстан Респуб­ликасының Парламентіне он жыл», «Астанаға он жыл» мерекелік медальдарымен марапат­талды. Бүгінде ел тізгінін ұстап отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Пар­ламент Сенатының Құрмет гармотасын алды.

Білімі мен білігі бір басына жетіп ар­тылатын Әбекеңнің арманы асқақ, қаламы жүйрік еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, бала жасынан жазушы болсам деп арман­дайтын. Бірақ көзі тірісінде бұл арманына жете алмады. Ащы шындықты арқау еткен «Дариға жылдар» атты ғұмырбаяндық кітабының өзі өмірден өткен соң жарық көруіне артынан ерген інісі Асанның көп еңбек сіңіргенін атап айтқан жөн.

Осы кітапты жазумен айналысып жүр­генінен хабардар болатынмын. Бірде оның жайын өзінен сұрағанымда: «Кітабымның 125 бетін жазып қойдым, алайда әлі бесінші сы­ныпта жүрмін» деп әзіл-шыны аралас жауап бергені бар. «Япырай, Әбеке-ай, осы қарқын­нан айырылмай жаза берсеңіз, оныншы сы­ныпқа жеткен кезде кітабыңыз 250 бет болып қом­пайып шыға келеді ғой!?» деп, әңгіменің аяқ жағын әзілге бұрған едім. «Жоқ, кейінгі жа­­ғ­ын ықшамдаймыз ғой» деген еді Әбекең өзі­не ғана тән салқынқан­дықпен жылы жымиып.

Небары жүз дана болып жарық көрген бұл туындының өнбойынан туған жер, ауыл, ағайын, туыс-бауыр, ата-анасына, әжесіне, дос, жора-жолдастарына таусылмайтын мәңгілік сағыныш лебі аңқып тұрғандай сезіледі. Осы орайда өзін аудармаға жетелеп әкелген заң аудармасының зергері Жолбарыс Әбішұлының «Әбеннің тұла бойы тұнған білім. Тоқығаны да, оқығаны да көп. Соның бәрін мына «аударма» жеп қойды» деген сөздері ойға оралады.

Жалпы, Әбекеңнің өмірде осындай жетістіктерге жетуіне, көптеген туындыла­рының компьютерде сауатты басылып жарық көруіне өмірлік серігі Тойдық Жолмахан­қызының өзіндік мол сыбағалы үлес қосқанын осы жерде айта кету орынды болмақ. Әбекең бар кезде қалыптасқан тонның ішкі бауындай жылылықты, бауырмал қонақжайлықты, шаңырақтағы береке-бірлікті әлі күнге дейін суытпай сақтап келеді.

Әбекең бос уақытында шахмат ойнауды жақсы көретін. Осы құштарлық оны Мәжіліс төрағасының орынбасары бол­ған, кейін Аппарат бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарған, қазақшаға судай Василий Осиповпен достастырған бо­латын. Бұл туралы Әбекеңнің «Егемен Қа­зақстан» газетінің 2009 жылғы 28 қаңтарын­дағы нөмірінде жарияланған «Қазақ халқының орыс ұлы» атты мақаласында жақсы сурет­телген. Әріптес Әбен досымның мықты шахматшы болғанының тағы бір айғағы ретінде халықаралық дәрежедегі гроссмейстер атағы бар Фаталибекова деген шахматшымен блиц-турнирде тең түскенін айта кетуге болады. Әйгілі шахматшы әзірбайжан қызы сол жолы Әбекеңе «Шынайы ықыласпен – лайықты қарсыласыма!» деп ескерткіш ретінде қолтаңба жазып қалдырған болатын.

Әбен досымның дархандығы даладай, аңғалдығы баладай еді. Бірде шахмат жары­сында тоқ шәйнек оған сыйға тартылған ғой. Сол тоқ шәйнектің ғұмыры ұзаққа бармапты. Әбекең оны таңертең тұра сала газплитаға қойып, өзі темекісін тартуға балконға шығып кетсе керек. Арғы жағы айтпаса да белгілі ғой. Мұндай аңғалдық тек Әбекеңнің ғана қолынан келетінін еске алып, әлі күнге дейін емен-жарқын күліп алатынымыз бар.

Қайтарынан бір күн бұрын Наурыз мей­рамы құрметіне орайластырылып бес команда арасында Жоғарғы Сот ғимаратында ұйым­дастырылған жолдастық кездесуге бірге қатысқан едік. «Сенің ойын-өрнегің жа­­ман емес, тек уақыт жағына мұқият болуың керек. Сенат аппаратының намысын қор­ғау үшін аянбайық» деп ақыл-кеңесін де айтқан болатын. Сол күні кешке салым жүрегі қысып, жедел жәрдем шақырылды. Ертесіне түске таман қайғылы хабар келіп жетті.

...Міне, ақтық демі таусылғанға дейін өзінің айнымас серігі болған шахматқа, аудармашылық қызметіне адал болған, зейнеткерлікке жете алмай арманда кеткен Әбен досымның өмірден өткеніне он жылдан асып отыр. «Орнында бар оңалар» деп, іштей өзімізді жұбатқанмен, орны ойсырап үңірейіп тұр. «Осы ма еді өкініш өмір шіркін, бұл дүние бірімізден өтер бір күн. Тағдырдың жазуына бар ма шара, шерленді өзіңді ойлап көңіл шіркін. Аңғал едің, Әбеке, әуел бастан, адал едің ерекше жұрттан асқан. Қарапайым жан едің қайыры мол, кезің жоқ бұл өмірде асып-тасқан. Деуші едік зейнетке біз жетсек бірге, бүтін боп қатарымыз, берік ірге. Не істерсің, болмады енді бұл ойымыз, қайырылмай кете бардың бір-ақ күнде. Болса да бір қызмет, заманымыз, болмады жан адамға залалымыз. Тойдыққа, балаларға басу айтам, ажалға болмады енді амалымыз. Болмайды енді қанша өкінгенмен, іштей мүжіп өзіңді кетілгенмен. Өмірдегі Әбеннің нақ өзіндей, шыдамы мол сабырға бекінген жөн...» деп, өзімді іштей жұбатқан боламын.

Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Қалдырған ізің мәңгілік болып, ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін. Өшпес өнегең кейінгі толқын жастарға, кейінгі ұрпағыңа жұғысты болғай!

 

Қапез ҚОЖАХМЕТОВ,

журналист