Өжет мінезді, өршіл тұлға

Газет мақаласы "Айқын" газеті №92

Жарасбай Сүлейменов... Мәжіліс депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, екінші дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендерінің иегері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

Өжет мінезді, өршіл тұлға

Бүгінде жетпістің биігіне шық­қан әріптес ағамыздың атақ-даң­қы, міне, осындай. Біреуге көп, біреуге аз көрінуі мүмкін. Бірақ, ең бастысы, Жәкеңнің қандай құр­метке болсын шын лайық азамат екендігінде болса керек.

Мен білетін Жарасбай Қабдол­лаұлы – түп-тамыры текті әулет­тен шыққан асылдың сынығы, тұл­пар­дың тұяғы болғанымен, тірлікте еш сүйеусіз, басын кейде тауға да, тас­қа да ұрып, тірелген тұйықтар­дан өз ақыл-қайратымен жол тауып, әрдайым өз арман-мақ­­сатына жанқиярлықпен ұмты­лып келе жатқан өжет мі­незді, өршіл тұлға. Атақты Шал ақын дүниеге келген, топырағы қа­сиетті өңірдегі Балуан атты ауыл­да туып-өскен Жәкең – өмір-күресте итжығыс түскен кез­дері болмаса, жауырыны жерге ти­меген, нағыз жеңімпаз балуан жігіт...

1981 жылы күзде ҚазМУ-дің журналистика факультетін бі­тіріп, Солтүстік Қазақстан облыс­тық «Ленин туы» газетінің редак­ция­сына жұмысқа орналасқа­нымда, Жәкең ең беделді партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі еді. Келесі жылдың басында об­лыстың бір шалғайы саналатын Жам­был ау­даны бойынша мен­шікті тілшілікке тағайындалдым. Сол кезден бастап Жарасбай Қаб­доллаұлымен жақын араласа бас­тадым. Өйткені оның аудан­дар­дағы тілшілерге үйіп-тө­гіп беретін тапсырмаларын уақы­тында атқарып, ерекше ілти­патына бөлен­ген екенмін. Сон­дықтан да жұмыс бабымен жол түсіп Қызыл­жарға келген сайын Жәкең мені бауырына тартып, үйіне шақырып, сол кезде кілті аспандап тұрған сауда сала­сында ірі қызметте істеп жүрсе де, кі­сімсуді, қонаққа қабақ шытуды біл­мейтін ақжарқын Ақжәми жең­геміздің жайған дастарқанынан талай дәм татырды. Арамызда осындай сыйластық қарым-қаты­нас орнап, Жәкеңді жанашыр да тәлімгер ағама балап кеттім.

Кейін Жәкең редакция басшы­ларының өзіне әділетсіз көрінген бір шешіміне ашық қарсы шық­қандығы үшін қудалауға түсіп, облыстық партия комитетін­де­гі­лердің «араағайындығы» арқа­сында облыстық радионың бас редакторының орынбасарлығына жылжытылғанын естідім. «Бір жа­ман­дықтың бір жақсылығы бо­лады» демекші, бұдан ол ұт­паса, ұтылған жоқ. Көп өтпей бас редак­торлыққа жоғарылады. Сол кезде де облыс өміріндегі шырыл­да­ған шындықты айтам деп тағы да жергілікті билік басындағы­лардың қаһарына ұшырапты. Содан кейін Қазақ радиосының об­лыстағы меншікті тілшісі қыз­метіне ауысыпты.

...Ата-бабалар арманы орын­да­лып, азаттыққа қол жеткен ал­­ғашқы жылдары еліміздің теріс­кейіндегі қазағы селдір қоныстан­ған Қызылжар өңіріндегі жағдай алаң туғызарлықтай күрделі бол­ғандығы жадымызда. Атышулы Александр Солженицыннің әйгілі «Ресейді қайтсек көркей­теміз?» атты мақаласында Қазақ­станның тың көтерілген бес об­лы­сының жеріне көз алартуының дау-да­майы әлі ұмытылмаған Пет­ропавл­дың көшелерінде ка­зачество өкілдері қылыштарын асынып, ал-шаң-алшаң басқан, қостілділік, қосазаматтық, ұлт­тық автономия құру мәселелері орыстілді басы­лымдарда әлсін-әлсін көтеріліп, қазақ мектептері мен балабақша­ларын ашу бас­тамалары ашық та, жасырын да қатты қарсылыққа ұшы­рап, ұл­тара­лық қарым-қаты­настар жайы күн тәртібінен түспей тұрған қиын-қыстау кезең-тұғын. Сон­дай сын сағаттарда бүйректен си­рақ шығарып, бұра тартқан теріс пиғылды тобырға тарихи шындық пен әділет сөзін талай жерде те­бірене айтып, тегеурінді тойтарыс берген саусақпен са­нарлықтай ға­на қызылжарлық қайраткер азаматтар арасында журналист Жарасбай Сүлейменов те бар бо­латын. Қазақ радиосы­ның хабар­ларынан Жәкеңнің ел тағдыры туралы терең әңгіме қозғаған репортаждарын сілтідей тынып тыңдап, Қызылжардағы саяси ахуалды ұдайы қадағалап біліп отыратынбыз.

Бұл кезде Көкшетауда облыс­тық телерадиокомпанияны бас­қарып жүрген едім. Жәкеңмен те­лефон арқылы хабарласып, амандық-саулық сұрасып тұрдық. 1997 жылы көктемде Көкше өңірі Солтүстік Қазақстан облысына қосылды да, кезінде қимай қош­тасып, көшіп кеткен Қызылжарға күзге қарай қайтадан қоныс ау­даруға тура кел­ді. Осындағы телерадиоком­па­нияның төрағасы ал­пысқа то­лы­сымен зейнет де­малысына шығып, оның орнын мен бастым.

Қызылжарға оралғанымда Жа­расбай Қабдоллаұлы менімен қуана амандасып, құттықтау біл­діргенімен, көңілі біртүрлі сынық көрінді. Владимир Гартманның басшылығы тұсында қаладағы қорғаныс өнеркәсібінің үлкен зауыт­тары мен ауылдардағы көп­теген кеңшарлардың дүние-мүлкі талан-таражға түсіп, облыс эконо­микасы әбден құлдыраған­дығы туралы талай ащы шындық­ты Қазақ радиосының әуе тол­қынын­да ақтарып салғаны үшін кей жерде кеудесінен итеріліп, ығыстырылып тасталған тәрізді... Бірақ кері шегініп, басшыларға бас шұлғыған Жәкең жоқ. Тоқ­саныншы жылдар­дың басында­ғы еркіндік самалы ескен демокра­тия­лық үдерістер тұсында елдің сөзін сөйлейтін журналист об­лыстық мәслихаттың баламалы сайлауында халықтың қолдауына ие болып, бәсекелес­терін ойсыра­та жеңіп, депутат атан­ған екен. Сессияларда Қызыл­жар өңірінің тағы бір әйгілі жур­налисі, халық қалаулысы Мәлік Мұқанов екеуі кезек-мезек сөз сөйлеп, жұрт кө­кейінде жүрген өзекті мәселелерді өткір тілмен, облыс басшылары­ның бет-жүзіне қарамай тіліп айт­қанда, айызымыз қанып оты­ру­шы едік залда...


Жарасбай Қабдоллаұлы бас ре­дакторлық қызметіне құлшына кірісіп, қыруар жұмыс тындырды. «Солтүстік Қазақстанның» тара­лы­мын екі еседей өсіріп, 10 мың да­­наға дейін жеткізді. Қызметкер­лердің еңбекақысын да елеулі түр­де көбейттірді. Штатты кеңей­тіп, университет бітірген жас жур­на­лис­терді қызметке алып, жалық­пай тәрбиеледі.


Мәлік Мұқанов республикалық «Халық кеңесі» газеті жабылған соң облыстық телерадиоком­па­нияның теледидар шолушысы қыз­метіне орналасқан екен. Көп ұза­май Қазақ радиосының облыс­тағы меншікті тілшісі қызметі де қысқартуға ілініп, Жарасбай Сүлей­­менов те бізге ауысты. Об­лыс­тық мәслихаттың ең белсенді, ең шыншыл депутаттары болып саналатын, мүйіздері қарағайдай журналист ағаларымның екеуінің де бірсыпыра уақыт өздерінің ке­шегі шәкірті – менің басшылы­ғым­мен жұмыс істеулеріне тура кел­­ді. Бұған іштей ыңғайсыздан­ға­ным болмаса, олар еш арланған жоқ. Екеуі де ағалық пейілден ай­нымай, ылғи қолдап-қорғап жүрді.

Әлі есімде, Жәкең мен Мәкең­нің айтқан сындары шымбайына батың­қырап кетсе керек, бірде облыс әкімінің құдіреті жүріп тұр­ған бір орынбасары ара-тұра бо­лып тұратын көңілді отырыс үс­тін­де менің құлағыма сыбыр­лап: «Анау екеуін құртсайшы...» – деп кеңес бергені бар. Оның бұл сө­зіне іштей күлдім де, қойдым. Се­­бебі, Жарасбай мен Мәліктей Қызыл­жар­дың бас көтерер аза­мат­тарының сөздерін жұрт ұйып тыңдайтын мықты журналис­тер­дің нендей жазығы бар?! Әлде елдің мұң-мұқтажын, шындық сөзін айт­қаны үшін кінәлі ме?! Шын­­туайтына келсек, мұндай қолы да, ары да таза, халық құр­меті мен сеніміне бөленген қа­лам­герлерді құртқың келіп тұрса да, құрта аласың ба бұл заманда?! Егер ақылға жүгінсек, облыстың билік тізгінін ұстаған басшылар осын­дай ел ішінде ерек­ше бедел­ді тұлғаларды шетқақпай қыл­май, өздеріне жақын тартып, олар­дың ой-пікірлерімен сана­сып жұмыс істеулері жөн емес пе?!.

Бір жақсысы, жаюлы дастарқан басында «жүз грамм» ұрттаған соң маған Жәкең мен Мәкеңді құр­туға кеңес берген басшы азамат өз ағаттығын сезді ме, әйтеуір, содан кейін бұл тақырыпқа қай­тып оралған жоқ. Мен де оған ләм-мим деп жақ ашпай, үнсіз құтыл­дым... Ал Мәлік Мұқанов бірер жылдан кейін «Егемен Қа­зақстан» газетінің біздің об­лыс­тағы меншікті тіл­шілігіне алы­нып, сыни мақала­ларын қарша боратып жазып жатты.

Жарасбай Сүлейменовті де көп кешіктірмей жоғарылатып, әуелі теледидардың ақпарат бағдар­ламасының жетекшісі, содан кейін телерадиокомпанияның бас редак­торы, төрағаның орын­басары етіп тағайындадық. Жә­кең тек басшы­лық қызметпен шектелмей, өзінің авторлық «Ой­толқын» атты пікір­сайыс бағ­дарламасын ашып, жүр­гізді. Осы бағдарлама аясында телестудияда Қызылжар өңірінің зиялы қауы­мының басы апта сайын қосылып, ең өзекті тақы­рып­тарды талқыға салу игі дәстүрге айналды.

Жәкеңнің бір жақсы қасиеті – бойында ұшқыны бар жас дарын иелерін дер кезінде аңғарып, жұ­мыс­қа тарта білетіндігі. Облыстық радио мен теледидарға қаншама алғыр да ізденімпаз жастарды қыз­­метке алдырып, талай мөлдір бұ­­лақтың көзін ашқандай жақ­сылық жасады. Олардың бірта­лайы қазіргі кезде Қазақстан мен Ресейдің орталық телеарналарын­да еңбек етіп жүр. 

2003 жылғы көктемде облыстық әкімдікте «Солтүстік Қазақстан» га­зетінің бас редакторын ауыс­тыру мәселесі сөз болды. «Жа­сыңыз Сүлейменовтен кіші бол­ғанымен, тәжірибеңіз үлкен. Га­зетке сіз барыңыз. Жарасбай Қаб­доллаұлы облыстық телера­дио­компанияны басқарсын», – деген ұсыныс түсті маған. «Бас редакторлыққа мені емес, Жарас­бай Қабдоллаұлын тағайында­ғандарыңыз жөн. Өйт­кені Жәкең үшін ол қызметке та­ғайындалу – моральдық тұрғыдан үлкен жеңіс, әділдіктің қайтадан салта­нат құру», – дедім. Сөйтіп, Жәкең 1987 жылы редакция бас­шылығы мен оларды қолдаған компартия обкомынан әділдік таппай, амал­сыз кеткен облыстық «Солтүстік Қа­зақстан» газетінің қара­шаңы­ра­ғына жеңіс туын желбіреткендей көңіл күйімен бас редактор болып қайтып оралды. Бұған достары сүйініп, дұшпан­дары күйінді...

Жарасбай Қабдоллаұлы бас ре­дакторлық қызметіне құлшына кірісіп, қыруар жұмыс тындырды. «Солтүстік Қазақстанның» тара­лы­мын екі еседей өсіріп, 10 мың да­­наға дейін жеткізді. Қызметкер­лердің еңбекақысын да елеулі түр­де көбейттірді. Штатты кеңей­тіп, университет бітірген жас жур­на­лис­терді қызметке алып, жалық­пай тәрбиеледі. Сөйтіп, шау тарт­қан ұжым жасарып шыға келді. Газет бетіне де қан жүгіріп, ажар­ла­­на түсті. Редакцияның өз бас­панасы жоқтығынан жекемен­шік­тегі баспаханаға кіріптар болып қалғанын көріп, осы жө­нінде об­лыс басшыларына өтініш айта жү­ріп, жеке ғимарат сұрап алды. Оған қосымша жаңа үй де салғы­зып, бұл мәселені түпкілікті шешті. Жаңадан қала­лық «Қы­зылжар нұ­ры» газетін ашып, тағы бір ерледі.

Өз басым, Жарасбай Сүлей­менов облыстық «Солтүстік Қа­зақстан» газетінің арғы-бергі бас редактор­ларының ішіндегі атал­ған басы­лымға орасан зор еңбек сіңірген, ең шоқтығы биік тұлға­лардың бірі деп санаймын. Ол газет жұмысы­мен қатар қоғамдық жұмыстарға да уақыт тауып, Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның облыстық филиа­лын басқар­ды, облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі міндетін де қоса ат­қарды. Қолы қалт еткенде әң­гіме-по­вестер жазып, бірнеше кітап шы­ғарды. Жәкеңнің осындай ты­нымсыз еңбекқорлығына тәнті бол­мау мүмкін емес.

Әділін айтсақ, Жәкең ешкімнің алдында жағынып-жалпаңдаған емес, кімді мақтаса да, даттаса да, қа­шанда шындықты өзіне тән шешендікпен жеріне жеткізе, не аспанға көтеріп асқақтата, не тірі­­дей жерге кіргізгендей төбе­сінен ұра, тұқырта айтады. Ал мінезіндегі өзі мойындайтын бір кемшілігі – біреуді жақсы көрсе, оның бойын­дағы еш мініне қара­май, құлай жақсы көретін­дігі... Алайда ол еш­қандай «дөкейдің» ығына жы­ғылып, ыңғайына көне қой­майтын, өз көзқарасы, өмір­лік ұстанымы бар азамат. Әсіресе, Қызылжарда кейде күтпеген жер­ден өте шетін ұлттық мәсе­ле­лер туындаған түйт­кілді сәттерде Жарас­бай Қабдол­ла­ұлы ел мүд­десін, ел намысын бә­рінен биік қойып, белсене қимылдап, айта­тын сөзін кімге болса да тура ай­тып, небір қиын түйін­дердің дұрыс шешімін та­буына ұйтқы бо­лып келе жатқа­нына тікелей куә­мін.

...«Әкімі ақынын іздеген ел ба­қытты» дегендей, Жарасбайды кезінде Солтүстік Қазақстан об­лы­сының бұрынғы әкімі, көрнек­ті мемлекет қайраткері Тайыр Мансұровтың өзі іздеп, жанына жақын тартқанын, қолдап-құр­мет­тегенін білемін. Бұл басқа әкімдерге үлгі боларлық өнеге емес пе?! Өкінішке қарай, қаламы өткір әріптестеріміздің ту сыр­тынан сұқ саусағын шошайтып, «Анау жур­налисті құрту керек...» дейтін әкім­қаралар табылады әлі де. Алла Тағала бізді сондай сұмырайлардан сақтасын!..


Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты