Сенатор жүрген соқпақ

Газет мақаласы Айқын" газеті №94

Рысқали Әбдікеровті Компартияның «інісі» комсомолда қызмет етіп жүрген кезінен білемін. Жезқазғанда, Жездіде жетекшілік қабілетімен көзге түсті. «Пысық. Еті тірі. Аман болса бір жерден шығады» дейтін білгіштер.

Сенатор жүрген соқпақ

Айтқандай, әуелі Ақадыр ауаткомының, кейін аудан әкі­мінің орынбасары болып жарқ етіп шыға келді. Жалынды. Тым ақкөңіл.

Әлі есімде, Рысқали 1992 жы­лы Ақжолтай Ағыбай батырдың 190 жылдық тойын ұйымдасты­руда ерекше еңбегімен танылды. Мереке кереметтігімен елдің мәңгілік есінде қалды. Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров, ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағамбетов, сол кездегі Жез­қазған облысының бетке тұтары Әлихан Бәйменов, Алматыдан Ермек Серкебаев, Әлібек Діні­шевтер бастаған әншілер мен Оралхан Бөкей бастаған жазу­шылар, т.б. белгілі кісілер көп жиналды.

Бір ерекшелігі, Айыртау ете­гіндегі ақшаңқан үйлер мен төс­кейдің, айналаның тазалығы еді. Мұның сырын арада он жылдай уақыт өткенде ұғындым. Ақадыр ауданында әкім орынбасары, Шет ауданында әкімнің бірінші орынбасары қызметтерін атқа­рып, тәжірибе жинақтап ысылған Әбдікеровті 2001 жылы Қара­ған­ды облысының әкімі Ақтоғай ауданына әкім етіп тағайындады.

Ауданның ахуалы қиын еді. Шаруашылығы ақсап, ауылдар мен кенттер еңсесін көтере ал­май, әлеуметтік тауқыметті ба­сынан кешіріп жатқан-ды. Жа­сыратыны жоқ, күнкөріс қамы­мен шапқылап жүрген ағайын­ның күл-қоқысты тазартуға да шамасы жоқ еді.

Осы сәт жаңа әкім: «Ауылдарда санитарлық-тазалық айлығын өткіземіз. Үйлерді әктейміз, шар­бақтарды сырлаймыз. Ауданды ажарлы өңірге айналдырамыз» деген нұсқау шығарды.

– Мынаның денсаулығы дұрыс па? Күнімізді көре алмай отырғанда, тазалығы несі?

– Тонналап қордаланған боқ­тықтан қалай арылмақ? Үйлерді кім әктейді? Шарбақты кім сырлайды?

– Әй, мынаған біреуің қой десеңдерші? – деген наразы­лық естілмей қалған жоқ.

Алайда Рыскең ешкімді тың­дамады. Ақадыр ауданында әкім орынбасары болғанда аймақтағы ауылдарды айтпағанның өзінде, 15 мың тұрғыны бар орталық-кенттің тазалығымен алысқаны бар. Ал Ақтоғай халқының саны сол кентке тең.

Ол әр ауылға барып, жұртпен ақылдасты. Еңсені көтеруді таза­лықтан бастау керегін түсіндірді. Осы топырақта Алаштың үш алыбы Әлихан Бөкейханұлы, Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ер­меков, қазақтың біртуар ақыны, сазгер-әншісі, сонау аласапыран заманда – домбырасымен қазақ­тың құдіретін Қытай Халық Рес­публикасында танытып, әлемді дүр сілкінтіп қайтқан Әсет Най­манбаев; күміс көмей, бұлбұл атанған, КСРО халық артисі Күләш Байсейтова; ақиық әнші Манарбек Ержанов; атақты саз­гер-күйші Аққыз әже (Ахмет­қызы); Огинскийдің «Полонезін», Моцарттың «Рондосын» т.б. шетелдік атақты музыканттардың белгілі шығармаларын ұлттық аспап – домбыра арқылы шет мемлекеттерде орындаған күйші Мағауия Хамзин тәрізді өнер жұлдыздары туған.

1965 жылы құрылған «Тоқы­рауын толқындары» ансамблі мен көптеген өнер ошақтарының жұ­мысын жандандырған да Рыскең. Сол тұста бұл ауданда «Бал­бы­рауын», «Сарыжайлау», «Шал­қар», «Ақтоғай», «Халық театры» халықтық мәртебесі бар және басқа 44 мәдени ошақ ( 20 клуб) қызмет көрсетті.

Рыскең досымның бір жа­ңалығы, ол ауданға инвестор тартуды қолға алды. Осы өңірден шыққан бизнесмен азаматтар қомақты көмек көрсете бастады. Халыққа жақын жан екенін дәлелдеді жаңа әкім.

Нәтижесінде, Әбдікеровтің тың ұсыныстарын халық құп көрді. Ақтоғай тазалығымен ғана емес, ұйымшылдығымен, бір­лігімен, өнері мен мәдениетімен, экономикалық табыстарымен облыстық көштің алдынан көрінді.

 

ТҰТҚИЫЛДАН СЫНҒА ТАП БОЛУЫ

Әкімдік қызметінің алғашқы жылында Рыскеңнің жағдайын көзбен көру үшін іссапарға аттан­дық. Аудан орталығындағы та­нысудан соң әкім бізді шалғай­дағы Сарышаған кентіне ертіп апарды. Үлкен стансада бес-алты мыңдай тұрғын бар екен. Аралап көрсетті. Кешкісін аудан бас­шысы Ақтоғайға қайтты да, біз пойызға отыратын болдық. Әкім­нің көлігі көзден таса болысымен жергілікті әкімі, мектеп дирек­торы, милициясы, т.б. жабыла кеп ортаға алсын.

– Бұрын жағдайымыз жақсы еді, – деді олар, – Қазақстан те­міржолының еншісінде едік. Ақтоғай ауданына қарағалы тауқыметтен арыла алмадық. Орталығы – 400 шақырым. Көпқабатты үйлерде жылу мен су жоқ. Мектептің жылу қондыр­ғылары қатып қалды. Неге? Себебі, жылу орталығы жұмыс істемейді. Өткенде бір үй өртеніп, өрт сөндіретін машина бол­мағандықтан ішіндегі кісі жанып кетті.

– Оны айтасыз, – деді екін­шісі, – «Жедел жәрдем», аурухана деген атымен жоқ. 20 шақырым жердегі Приозерск әскери қала­сының ауруханасына жетудің қиындығы өз алдына, қызметі ақылы.

– Бәрінен бұрын милицияда небәрі үш сарбаз бар. Көліксіз. Бұл түрімен олар қылмысты қа­лай тоқтатады? – деп үшінші кісі зар қаққанда сенерімізді, сен­бесімізді білмедік.

– Бір жағынан жаңадан кел­ген әкімнің көңілін, екіншіден қиналып тұрған сарышағандық азаматтарды ойладық. Дегенмен өзіміз қызмет ететін «Жас Алаш» газетіне проблемалық сыни көлемді мақала жарияладық.

– Ау, мұныңыз қалай? – деп телефон шалды Рыскең, – таса­дан тас ату емес пе?

– Рыске, – деп жауап қат­тық, – Біз сізді сынап, не жа­мандап отырған жоқпыз ғой. Проблема көтердік. Не ҚТЖ қа­йыра өзіне алсын, не облыс басшысы мәселені шешсін дедік. Халыққа обал ғой.

Содан не болды дейсіз бе? Облыс әкімі Камалтин Мұха­меджановқа еріп, Сарышағанға бардық. Әкім көзімен көрді. Қорытындысында жылу да, «Же­дел жәрдем» де, өрт сөндіретін көлік те, милиция проблемасы да, мектеп мәселесі де шешілді. Бә­рінен бұ­рын өткір сыннан нәтиже шық­қанына тәубе дестік.

   

ЕКІНШІ РЕТ СЫНҒА ҰШЫРАУЫ

Ақтоғайдан кейін Рысқали дос ойламаған жерден Қара­ғанды қаласы әкімінің орын­басары болып тағайындалды. Алайда кімге ұнамай қалғанын қайдам, ол осы қызметімен тез қоштасты. Біршама уақыт жұмыссыз отыр­ды. 2006 жылы облыс әкімі Нұр­лан Нығматулин жігерлі жігітті Ұлытау ауданына әкім етіп жібер­ді. Жасыратыны жоқ, бұл аудан­ның жағдайы Ақтоғайға пара-пар болатын. Бір айырмашылығы, жер көлемі жөнінен Қазақстан­дағы аудандар ішінде бірінші орында. 12 млн гектар. Оған Қы­зылорда облысына жалға берген 2 млн 200 мың гектар жерін қо­сыңыз (Қызылорда облысының қазіргі барлық жер көлемі 25 млн гектар). Ол аз десеңіз, Қызылорда облысы өндіретін мұнай мен газдың 80 пайызы Ұлытау ауданы жалға берген жерден шыға­рылады.

Содан не болды дейсіз бе? Облыс әкімі Камалтин Мұха­меджановқа еріп, Сарышағанға бардық. Әкім көзімен көрді. Қорытындысында жылу да, «Же­дел жәрдем» де, өрт сөндіретін көлік те, милиция проблемасы да, мектеп мәселесі де шешілді. Бә­рінен бұ­рын өткір сыннан нәтиже шық­қанына тәубе дестік.


Әйтсе де, ауданның әлеумет­тік-тұрмыстық ахуалы сын кө­термейтін еді. Қоғамдық монша жоқ. Орталықтағы жалғыз орта мектептің өзі ескі. Халыққа қыз­мет көрсететін түрлі мекемелер мен кәсіпорындар ашылмаған, асхана, дәмхана, қонақүй деген аты ғана. Көшелері абаттанды­рыл­маған. Проблема шаш етек­тен. Не істеу керек? Аралай келе Ұлытаудың халін өзекті мәселе етіп көтердік. Қазақстан Үкіме­тінің алдына қойдық. Қасиетті өлкені дамыту керек дедік.

Рысқали Қалиақбарұлы киелі өлкеде де тазалық мәселесін алдыңғы орынға қойды. Халық оның ұсынысын қуана қарсы алды. «Енді болмаса азып-тозып кеткелі тұр екенбіз ғой, – деді бізге таныстарымыз, – тазалық деген керемет екен-ау».

Бір жыл ішінде ол көп іс тын­дырды. Кабинетінде отырғанынан елді аралағаны, тұрғындармен кездескені, кезек күттірмес мә­селелерді шешкені көп болды. Әсіресе, Ұлытау жерін жалға алған «Петро Қазақстан» мұнай компаниясы (Қызылорда) бас­шыларымен жолығып, әлеуметтік проблемаларды шешуде, зор көмек алуға (қаржылай және техникалық) қол жеткізді. Тағы бір ерекшелігі, көршілес Қос­танай облысының Аманкелді (аудан әкімі С.Ахметов), Қы­зылорда облысының Арал (аудан әкімі Н.Мұсабаев) аудандарына мамандарын алып барып, тәжі­рибе алмасты.


ЖАҢАЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР

«Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дегендей, Рысқали Әбдікеровтің қарт Ұлытаудан бата алғаннан кейінгі қызмет баспалдағы қол­ғапты ауыстырғанмен бірдей еді. Ысылды. Тәжірибе жинақтады.

Ол Ақтоғай, Ұлытау, Шет аудандарының әкімінен соң об­лыс әкімінің ауылшаруа­шы­лығы, идеология салалары бо­йынша орынбасары қызметін атқарды. Астықты Осакаров ауданын бас­қаруға жіберілді. Шет ауданына қайыра оралды. Міне, осы өзге­рістер небәрі он жылдың жемісі.

Ең бастысы, Рыскең қай жерде жүрсе де өзінің басқа­ру­шылық, ұйымдастырушы­лық қабілеті жоғары екенін та­нытты. Елмен етене тіл табысты. Артық кетпеді. Өндіріске де, шаруа­шы­лыққа да, басқа са­лаларға да жаңалық атаулыны кеңінен енгізді. Қиындықтан қорықпады. Дөрекі мінез көрсетпеді. Адал­дықтан көз жазбады. Жанындағы нөкерлерін де халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуге үйретті.

2011 жылы Шет ауданына әкім боп екінші рет тағайындал­ған Рысқали Қалиақбарұлы көп­теген игілікті істің ұйытқысына айналды.

Бұрын негізінен ауыл­ша­руа­шылығымен шұғылданатын бұл өңір өнеркәсіпті өркендетуді жедел қолға алыпты. «Жаңа мырыш», «МеталлТерми­нал­Сер­вис», «Қараоба» (вольфрам), «Крамдс-Кварцит» (кварцит) тәрізді ЖШС-лар өндіріс жүгін өрге сүйреген.

Инвестиция тарту ісі ширай түскен. Тоғыз айдың қорытын­дысы бойынша 6 млрд 700 млн теңгені құраған. Бұл өткен жыл­дың осы мерзімімен салыс­тыр­ғанда, 2,3 есеге артық. Инвести­цияның 3,6 млрд теңгесі «Атасу-Алашанкөл» мұнай айдау стан­сасы мен құбыр бойындағы құрылыстарға тиесілі. Бұл жоба іске асқанда, Ақадыр кентінде 150 кісі жұмысқа тартылмақшы.

Индустриалды-инновация­лық жобалар да көңіл сүйсінтеді. Бапы кен орны мен Ақой ірі қара малын бордақылау кешені игеріліп жатса, үшінші жоба Босаға (валлостонит) Үкіметтің тартпасында жатыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 609,4 млн теңгелік үш жоба әзірленген. Ал шағын инвестициялық 60 жоба­ның жалпы құны 686 млн теңге.

Қысқасы, Рысқали басқарған жылы Шет ауданы нақты сектор бойынша 20 млрд теңгенің өнімдерін өндірген. Бұл аудан тарихында болмаған рекордты көрсеткіш.

Оқырмандарды «Шет ауданынан қандай атақты адамдар шыққан?» деген сауал қызық­тырары сөзсіз. Шортанбай жырау, ақындар Қақпан, Жуасбай, Дия­қажы, Бабас, Ақтентек, Оқа, Тү­сетай, Ғаббас, Күмісбектер; ба­тыр­лар Ағыбай, Байқозы, Жа­рыл­ғап; би-шешендер Бәйсейіт, Жанқұтты, Дүйсенбай, Қара би; күйшілер Қыздарбек, Әбди, Сембек, Әбікен; жазушы Софы Сматаев; қоғам қайраткерлері Яхия Әубәкіров (Жәния Әубә­кірованың әкесі – ред.), Дәулет Сембаев, Шәрбан Батталова, Баян Рақышев, Жамбыл Ақыл­баев, Қасымбек Медиев – осы топырақтың тумалары.

Бір қуанарлығы, ауданда жағымды іс-шаралар көбейді. Бұрын халық Қарағанды қала­сына барып, картоп, көкөніс өнімдерін сатып алған болса, енді өздері шахтерлер астанасында сататын дәрежеге жетті. Жы­лыжай салуды қолға алып жатқан кәсіпкерлер де баршылық. Облыс орталығындағы «Нәтиже» сүт зауыты күніне ауылдарды екі рет аралап, әр үйден сүт жинап жүр. Литрі 50 теңгеден. Базарға ба­рудың қажеті жоқ. Шаруа қо­жа­лықтардың бос жатқан жеріне арнайы қорлар өздері көпжылдық шөп егіп беруде. Қажетті тех­никалардың бағасы да қолжетімді. Субсидия мен қолайлы несие мәселесі де шешілген.

 

ҚАРАҒАНДЫ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛАУЛЫСЫ

Төрт бірдей ауданның әкімі қызметін атқарып, ол өңірлердің көсегесін көгерткен іскер азамат Рысқали Қалиақбарұлы 2016 жы­лы сайлаушылардың көңілінен шығып, облыстық мәслихаттың депутаты атанды. Сессияда әріп­тестері оған кәміл сенім білдіріп, Қарағанды облыстық мәсли­хатының хатшысы етіп сайлады. Аудандарды айтпағанның өзінде, облыс әкімінің екі мәрте орын­басары боп қызмет атқарған Рысқалиға мәслихатты басқару еш қиындық туғызбады.

Нәтижесінде, 2017 жылы облыс депутаттары оны Қазақстан Республикасы Парламенті Се­натының депутаты етіп бірауыз­дан сайлады.

Қай өлкеде қызмет етпесін, халқының мүддесіне бейжай қарай алмайтын Р.Әбдікеров Сенат қабырғасында жүріп, бірнеше мәселені көтерді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Респуб­ликасының Премьер-министрі Б.Сағынтаевқа жолдаған: «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мамандықтар тізімін кеңейту және республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны барынша арттыру қажеттілігі туралы», «Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің кәріз желілерін реконструкциялау 2-кезектегі жобаларын жүзеге асыру үшін қажетті қаржы бөлдіруге ықпал ету туралы», «Шахан кентіне салынатын орталық қазандық құрылысына қажетті қаржы бөлдіру туралы» депутаттық сауалдары; Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-министрінің орынбасары Г.Әбдіхалықова жолдаған «Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дау­ларын реттеу туралы»; Қазақстан Республикасы Премьер-министрі А.Маминге жолдаған «Азық-түлік қауіпсіздігі – кез келген мемлекет үшін ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жүйе­сін­дегі күрделі жаһандық мәселе­лер­дің бірі (саяжайларға көмек беру)» туралы, т.б. депутаттық са­уалдары – Рысқали Қалиақ­­бар­ұлының азаматтық пози­ция­сын айқындайтын жарқын мысал.

 

ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ

Рыскеңнің өмірбаянында екі қызықты жайт бар екен. Бірі – сүйікті жары, үш баланың анасы Әсетпен «Босаға» стансасында танысқаны. Екіншісі – осы ауылда бес жыл бойы оқушыларға тарих пәнінен дәріс бергені.

Әкімдіктің қыр-сырын мең­герген, жүрген жерінде халықтың қамын ойлап, жағдайын жақ­сартуды мақсат еткен, еңбек жолын педагогтан бастаған Рысқали Қалиақбарұлының мәдениетті, өнегелі болып қалып­тасуына анасы Нұрдың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қашан бар­саңыз да балаларының асты-үстіне түсіп, «балапаным» деп өбектеп, айналып-толғанып жатушы еді Батыр ана. Рысқалиы мемлекеттік шенеунік, екі ұлы сот төрағасы, қалғандары да абыройлы жандар. Немерелері де марқұм әженің үмітін ақтап жүр.

Әлі есімізде, Рыскең алғаш рет Ақтоғайға әкім боп барғанда жары Әсет: «Досыңа салмақ түсірмей, бір «Тико» сатып алсам, үш баламды баратын жеріне апарып тұрсам», – дейтін. Бер­тінде Шет ауданында Әсетке: «Бұрын солай армандаушы еді­ңіз, енді «Джип» мініп жүрген шы­ғарсыз» – деп әзілдедік. «Жоға, – деді ол күліп, – Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, Қарағандыға таксимен барып, қайтып жүрмін. Елден асып, ерсілік таныт­қанымыз – қазаққа жат қылық емес пе?».

Әсеттің әкесі Сақтай Аман­жолов Балқаш қаласындағы беделді адамдардың бірі. Ол Ақжолтай Ағыбай батырға ескерт­кіш орнату үшін қор ашып, сүбелі үлес қосты. Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атақты батырдың ескерткішін салтанатты түрде ашып тұрып, Сақтай ағаға ризашылығын білдіріп, қолын қысты.

Көп жылдан бері Балқаш қаласында Сақтай Аманжолов жүлдесі үшін еркін күрестен республикалық жарыс өткізіліп тұрады. Өйткені Сақаң жас кезінде есімі Қазақстанға та­раған талантты спортшы болған. Спорт шебері. Жарысқа әйгілі балуан Айхан Әбілсейітовтің өзі екі рет қатысып, жұртшылық алдында Сақаңнан кезінде жеңіліп қал­ғанын әңгімелеп берген еді.

Рысқали Әбдікеров елі құр­меттейтін басшы ғана емес, үлгілі отбасының ұйытқысы, ар­дақты әке. Қадірлі ата. Әсет екеуі­нің арасында «Босаға» стан­сасында оянған аяулы сезімнің өткінші емес, мәңгілік екенін олардың қол ұстасқан өмірі дәлелдеп тұрғандай.

 

Айтбай СӘУЛЕБЕК,
публицист