Тарих сілемін сүзген ғалым

Газет мақаласы Айқын" газеті №98

Әлем ойшылдары ғасырлар бойы құқық қайдан шықты, дәстүр, әдет-ғұрып қай уақытта құқық сипатына ие болды деген сан алуан сұрақтарға жауап іздеуде. Тарихта адами қатынасты реттеу жүйесінің қайсы тиімді, оңтайлысын  табу, табиғи мен мемлекет жасаған позитивтік  норманың ара жігін саралау ізденісінде  философтар  бір шешімге келген емес, оның танымдық деңгейінің өзі тұңғиық. Осындай күрделі ғылым саласын өзінің өмірлік зертеу тақырыбына айналдырған ғалым  – менің курстасым Зайлағи Кенжалиев.

Тарих сілемін сүзген ғалым

Ол бүгін алпысқа келді. Тағдырымыз қанаттас, кейінгі қырық жыл өміріміз сапарлас екен. Желге мінсең жеткізбес жүйткіген уақыттың қалай өтке­нін де байқамай қалыппыз, оқу, жастық дәу­рен, тәуелсіздіктің қанатты жасампаз жылдарындағы қыз­мет, бәрі көз алдымызда. Сол өткен уақыт несі­мен қымбат, әрине, бірге жүрген дос, сыйлас замандаспен жасаған еңбек нәтижесімен. Алдымыз алпыс асып, соңымыз алпысқа жетіп, аға атанған шағымызда сонау арман қуып, Алматыға келіп қара шаңырақ Қазақ университетіне оқуға түскен кез, бірге оқыған курстастар есімізге жиі оралады.

Әр тарихи уақыттың өз құндылығы, ерекшелігі бола­тыны   оқиғаның уақыт пен кеңістікке бағы­ның­қы екені белгілі ақиқат.

Қазақстанда ол кезде екі ғана заң факультеті бар: бірі – Алматыда, екіншісі – Қарағандыда, олар­ға конкурс қырғын, бір орынға отыз-елу адам, оны еңсеріп өту қазіргі «Болашақ» бағдарламасына ілі­гуден қиын болатын. Екі жыл еңбек, екі жыл ке­ңес әскерін артқа тастап жиырмадан асқанда оқуға түс­тім. Университетке келген сәттен студент мәрте­бе­сіне «шал» деген лауазым қосақталды. Небір жігіттер мен қыздар армандарына қанат байлап білім теңізіне бойлады, арамызда алтын медальмен келіп бір емтиханмен оқуға түскен сары үрпек жастар да болатын. Соның бірі біздің топқа түскен, қазіргі атақты профессор, бүгіндері алпысқа толып отырған Зайлағи Кенжалиев еді. Ол албырт, ашық мінезімен, ерке қылығымен ортаға тез сіңісті, бәрі­мен құрдасша қалжыңдасып, топтың сүйкім­ді­сіне айналды. Жалпы, оқуда курстас, әскерде жылдас, депутаттықта шақырылымдас, тағы да басқа бір­кел­кі, тең құқылы топқа түскенде жас айырмашы­лығы еленбей жақындық қарым-қатынас орнай­ты­ны, топтық сана үстемдік алатынын психолог ғалымдар анықтаған құбылыс. Біз де бір үйдің бала­сындай тату достықта болдық, тең құрбы болып әзі­ліміз жарасып, дүние ортақ,   Абай ақын айт­қандай

– Махаббат, қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ? – жағдайында сту­денттік кезіміз өтті. Зайлағи алғыр студент болды, білім құмарлығымен, көпшілдігімен көзге түсті. Университеттің қоғамдық жұмысына белсене ара­ла­сып, құрылыс отрядтарына бірге барып, еңбекте шыңдалды.

Еліміздің әр тарабынан болсақ та рухымыз бір. Айта­тынымыз – қазақ тағдыры, оның кеңестік бұлыңғыр болашағы, экологиялық апат зардабы, ана тіл мәселесі.

Қоғамның ахуалын жастар тез сезеді, біз сол тоқырау жылдарының орта тұсында кемелденіп, оның салқыны мен қиындығын сезіп өскен ұрпақ­пыз. Алдыңғы буын мен қазіргі алпыстан асқан адам­­дар үшін өткен уақыттың психологиялық жүк­те­­месі өте ауыр болды. Социализм мадағы, оған кере­­ғар бүгінгі нарық еркіндігі, дінсіздік пен қазіргі асыра діндарлық, диалектикамен кері диалектика, партиялық бюрокра­тия, бүгінгі меритократия бір ұрпақтың иығына түскен ауыр миссия екенін уақыт көрсетті. Кейбір жігіттердің уақыт сынына шыда­май моральдық дағдарысқа ұшырап тағдыр тәл­ке­гіне түсіп, сынып кеткенін көрдік, кейбірі қарама-қайшы замана салмағына шыдамай, фәниден бақи өтіп кетті.

Рухы мықты азаматтар уақытқа бейімделіп ел игілігіне ауқымды қызмет жасауда, соның бірі – Зай­лағи. Ол аралдық болғандықтан, одан Арал тура­лы естіп білдік, әңгімесі теңіз, мақтайтыны ба­лық болатын, теңіздің қашқанын, тұздың басқа­нын жүрегі қынжыла жылап айтар еді.

Оқу бітіріп жан жаққа қызметке тарағанымызда Зайлағи Қазақ Ғылым Академиясының философия және құқық институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, Алматыда қалды.

Тағдырының сыйы оған ғылыми жетекшісі бо­лып заң ғылымының заңғары, академик С.Зиманов бекітілді, содан Зайлағидың бар өмірі ғылымға арналып, қазақ халқының ғасырлар бойы өмір болмысын тербеген дәстүрлік құқығын зертеуді нысан етті. Бір данышпанның «Құдайдан кейінгі күшті – білім мен дәстүр» деп айтқаны бар еді. Зайлағи Жантуғанұлын мына мидай далада қазақты қалыпты ұстап, бейбіт өмірін реттеп тұрған билер соты мен әдеп-ғұрып заңдарын, ғасыр қойнауынан суырып түбегейлі зерттеген, оны ғылыми тұжырым­да­ған ғалымдардың бірегейі десек артық емес. Кандидаттық диссертациясында қазақ қоғамының дәстүрлі құқықтық реттеу механизмінің күшпен қиратылып, жаңа кеңестік таптық, мүлде қатаң құқық жүйесінің кіргізілуі, көшпелі өмір салтына берілген моральдық соққы болғаны, қазақтың нормативтік санасы аяусыз өзгертілгенімен оның дәстүрлік құндылықтары ұлттық санада ұзақ қалуы, оның дала қазағының тұрмысын реттеуде функция­лық қасиетінің өміршең болуы терең зерделенді.   Ол еңбегін уақыт цензурасы аясында астыртын жанама тілмен жазса да ғалымдар түсінетін, тың ойлар айтып, батыл қадам жасай білді.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда докторлық диссертация қорғап, көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет проблемасын ғылыми айналысқа кіргізді.

Қазақ халқының ғасырлар қойнауына кетер тарихы, адамгершілік пен иманға негізделген тек өзіне ғана тән ұлттық құқықтық мәдениеті бар еке­нін ғылым тілінде анықтады. Қазақтың өзіндік, күш­пен зорлыққа негізделмеген құқықтық жүйесі бар екені, оның реттеу тетігі төл мәдениетке ұлттық эти­каға сүйенген өркениет болғанын жариялап, оны жүйелі зерттеу объектісіне айналдырып, көп­те­ген шәкірт тәрбиелеуі Зайлағи Жантуғанұлы­ның қазақ ғылымына қосқан зор үлесі деуге толық қақымыз бар.

Адамзатты азғындаудан тек мәдениет құтқарады деген қағидатты арқау етсек, құқықтық реттеуде мәдениет пен ұлттың дәстүрлі құралдардын пайда­лану әлемде заманауи тақырыпқа айналып келе­ді, болашақта ғалымдар құқықтың рухани негіз­ге сүйенуі, сұранысқа ие болатынын айтуда. Оны осыдан отыз жыл бұрын айтқан Зайлағи уақыттан озған ғалым деуге болады.

Жоғарғы Соттың төрағасы болып тұрған уақытта республика судьяларына билер соты, оның құндылықтарын оқуды ұйымдастырып, 2008 жылы 22-23 мамырда Алматы қаласында «Алатау» шипа­жайын­да «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» атты халықаралық конференция өткізген едік. Ол конференция көтерген мәселесінің өзектілігі мен құндылығына байланысты еліміздің ғылыми өмі­рінде маңызды оқиға болды. Конференция жұмы­сына С.Зиманов бастаған 12 академик, шет елдер­ден оншақты марқасқа ғалымдар, ресми қонақтар, құрметті қонақ ретінде Сауд Араб Корольдігінің Әділет министрі Аш-Шейх Абдалла қатысқан еді. Конференция жұмысын ұйымдастырушы және менімен бірге теңтөраға академик Салық Зиманов болды. Конференция қабылдаған ұсыныста «Рес­пуб­ликаның сот және өзге құқық қорғау органдары­ның қызметін жақсарту және жетілдіру, олардың жұмысына заңдылық қағидаларын нығайту мақса­тын­да тәуелсіздік пен халықшылдық, әділдік пен бұра тартпау, жариялылық пен дәлділік, шешендік пен ойды нығайту, адамға құрмет көрсету мен сенім, әлеумет пен бірлестікте тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылыс секілді билер әділ соты­ның жалпы мәдени құндылығы мен тәжрибелерін қолдану және халық игілігіне жарату» көрсетілді.

Ондағы ойымыз болашақта сот процесін өзіміз­дің билер сотының озық тәжірибесіне сүйе­ніп, әлемде «прецеденттік құқық жүйесі» деп аталатын жүйеге ыңғайластыру еді. Казіргі англо-саксондық мемлекеттер және британ достастығы елдерінде, судья өзі тергеп, өзі шешім шығарып, екіжақты тең жарыстырып, шындыққа жетіп санк­цияны әділдік, адамгершілік тұрғысынан шығарып жататын, қасаң заңға тәуелді емес сот жүйесі бастауын көшпелі өркениеттің билер сотының сілемінен алатынын шетел ғалымдары көптен ашық айтуда. Бұл да Ұлы даланың әлем жауһарына қосқан зор үлесі. Елбасы тоқталып өткен мәдениеті­міз­дің бір алтын қыры.

Мәдениеттің тұғыры – дін. Оның құдіретін сезіп, адам болмысының құдай жаратуында екенін ғылым тіліне аударып, құқықтың төл бастауы Алла қиқыметі екенін қауымға жеткізуде, жас ұрпаққа жаратушыны тануда, Құранның құқылық мәйегін терең зерделеуде Зайлағи табанды еңбектенуде. Зайлағи Жантуғанұлы – сыйлас дос. Оның ерке мінездерін кейде сағынамыз.

Үзеңгілес замандастың жақсылығын тілеп, досты сыйлау мына қамшының сабындай қысқа өмірдің бір парызы ғой, амандықта болу бәріне нәсіп етілсін. Бірге оқыдық, қырық үш жыл әңгімеміз жарасып бірге келеміз, досқа құрмет, ортаға адалдық қашанда бойыңнан табылды.

Бойдағы білімді, иманды жүрегіңді Отанымыз­дың көркеюіне, оның алдыңғы отыз елдің санаты­нан көріну қызметіне жұмса.

Шерағаң айтушы еді «алпыс тал-түс» деп. Кәрі­лікке бой берме, алда талай асу бар. Беделің үстем, абыройың биік болсын.

Бірге оқыған азаматтардан үзеңгі оздырып, алғашқы ғылым докторы биік лауазымына жеттің, «ғалымның хаты, жақсының аты – мәңгілік» дейді халқымыз.


Қайрат МӘМИ,
Конституциялық кеңес төрағасы,
заң ғылымдарының докторы, профессор