Құдай берген!

Газет мақаласы Айқын" газеті №98

Тарихтан там-тұмдасақ, кезінде Әміре Қашаубаев шетелде өнер көрсетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. 1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаев әндерінің дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері – Ромен Роллан, Анри Барбюс, тағы басқалар тарапынан жоғары баға алғаны белгілі. Осындай ұлы жолды жалғастырып, жас болса да, жарқ етіп көрінген Димашты қазақ ұзақ күтті.

Құдай берген!

Дәл қазір қазақ қана емес, әлем халқы арзан, жеңіл дүниелерден мезі болғандай еді. Өзінің әсем дауысын, тума талантын, ерекше көркемдігін көрсетіп, тап-таза, мөп-мөлдір өнерді паш еткен Димаш­тың бұл жолда айы оңынан туды. Әуезді үнін тек таза дыбыспен табыстыра отырып, миллиардтар­ды мойындатты.

Ол, ең алдымен, «Жас қанат» байқауында жарқ етіп, кейін Ресей, Беларусь, Түркия мемлекет­те­рінде өткен ән додаларында абы­рой биігінен көрінді. Бүгінде бас қаламыздағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Жас болса да, мемлекеттік мас­штаб­­тағы салтанатты концерттер мен гала ән кештері Димашсыз өткен емес. Енді, міне, Қытайдың Чанша қаласында қаңтардың орта шенінде басталған «Singer-2017» байқауында әлемді аузына қарат­ты. Міне, осы тұста әлем Димаш арқылы қазақты таныды.

Өнердегі кеңістікте шекара бол­майды. Сұңқарды сұңқар пар­лап ұшқан қанат қағысынан, тұл­пар­ды тұлпар жер тарпыған шал­қар шабысынан таниды. Осы тұста Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева да «Мен – әншімін!» додасының финалына барып, Димаш­­қа қолдау білдірді. Мәде­ниет министрі арнайы барып, жүрек­­жарды лебізін білдірді. Бұрын-соңды мұндай қолдау қай әншіге жасалып еді? Шабысты жүй­рік атты сейілтер белдеуде, жабу астында тұрғанда таниды. Көз­­дері көріп, көңілдеріне түйге­нін әлемдік деңгейдегі өнер май­тал­мандары жасырып қалған жоқ. Жер-жерге жарыса жазып, отан­дық телеарналарда қайта-қайта айтып жатты.

Димаштың әр кезеңде айтқан әндеріне – залдағы көрерменнің көздері шарасынан шығып кете жаздады. Сенбей көздерін уқалай­ды. Бастарын барынша шайқайды. Бас бармақтарын көрсетеді. Әйтеуір, эмоцияларын білдіруден танбады. Жанкүйерлер жанын шүберекке түйіп, тілекші болған Димаштың екінші тұғырдан көрін­ге­ніне разы еместігін білдіріп жатты. Айта кетсек, «Мен әнші­мін» – үздік әншіні анықтайтын музыкалық байқау. Ең алғаш 2013 жылы эфирге шыққан жоба осы жылы 5-рет ұйымдастырылды. Бұл жоба – Қытай еліндегі ең үздік музыкалық байқаулардың бірі, сондай-ақ «Хунань ТВ» арнасының ең танымал музыкалық шоуы. Сон­дықтан Қытайда бұл жобаның рейтингі өте жоғары. Димаш Құдай­бергенов – Орталық Азия­дан қатысқан алғашқы әнші.

Байқаудың финалында қазақ­стан­дық әнші қытайлық танымал әнші Шан Вэньцземен қосылып, Майкл Джексонның – Earth Song және Dangerous әнін орындады. Осы байқаудағы Димаштың басты қарсыласы – гонконгтық Sandy Lam болды. Финалдың алдындағы рейтингте Sandy Димаштан небәрі 0,15 балға озып тұрған. Айта кете­йік, жеңімпаздардың тағдырын көрер­мен залында отырған 500 адам шеш­ті. Олар жеңісті ақыры тар­тысқа толы бәсекеде барлық кезең бойын­ша Димашпен теңбе-тең келе жатқан Sandy Lam-ға берген.

Бірақ ойлап қарасаңыз, гон­конг­тік әншінің жерлесімізден бір адым алға шыққаны – заңдылық. Расында да, доданың ұйымдасты­ру­шысы да, жүлденің де иесі – жер бетіндегі ең көп халық, өздері. Құдайберген Құдай бере салған талантымен қаптаған қытайды ғана емес, талғамы талассыз фран­цуз­ды мойындатты. Француздық танымал телеарна Франс 2-нің таңғы бағдарламасында «Сіздер мына керемет дауыс иесін та­ни­сыз­дар ма? Бұл баланың аты – Димаш. Ұлты – қазақ» деп таныс­тыр­ғанда көкірегіңді ерекше қуа­ныш кернейді екен. Талай қазақ­тың жүрегін селт еткізіп, көзіне қуаныштың көз жасын әкелген қаршадай баланы жақсы көрмей көр сосын.

Димаштың даңқын асқақтат­қан байқауда қазақ баласы үнемі үздіктердің қатарынан көрініп, өзінің талантты екенін дәлелдеді. Димаштың ерекше таланты әр кезең­ді тамашалауға келген жан­күйерлердің таңдайында кетті. Байқау барысында екі бірдей атаққа қол жеткізді. «China Top music Awards» марапатының «Азия­ның ең танымал әншісі» атағын жеңіп алды. Бұған қоса әнші 17th China Music Awards шарасында «Халықаралық деңгей­дегі танымал әнші» жүлдесіне де ие болды.Оның ешкімге ұқсамай­тын ерекше дауысына Лара Фабиан мен атақты Джеки Чанның өзі таңдай қақты. Тіпті қазақ баласы танымал Голливуд фильмі­нің саундтрегін де орындады. Осы жеңістің құрметіне Димаштың суреті Шанхай (Shanghai Bund) және Нью-Йорк қалаларындағы (Times Square) LED экранға шықты. Міне, мықтылық! Мықты­лық дегеннен шығады, Димаш өзгелердің ығына жығылмай, өз ұлтының намысын биік ұстаумен болды. Қытайда тұрмын демеді, тек қазақша сөйледі. Қазақтың әнін айтты. Ұлттық киімін паш етті. «Сүйікті кітабым – Абай жолы» деді. Осылайша, өнеріне табынушыларға қазақ тілін үйре­ту­ге қадам жасатып, әдебиеті­міз­дегі классикалық туындының қытай тіліндегі аудармасының сатылымын арттырды.

Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева, Опера әншісі Майра Мұхамедқызы, Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев бастаған өзіміздің өнер майтал­мандары да «Бұл деген – үлкен революция», «Ол нөмірі бірінші әнші атанды», «Бұл – өнердегі жарылыс», «Төрт октава дауысы бар. Әлемде дәл мұндай дауыс жоқ» деп Димаштың талан­тына оң бағаларын беріп, қолдау білдіріп жатты. Қысқасын айт­қанда, қуанбаған қазақ қалмады.

Тіпті Қазақстанның халық артисі Лаки Кесоглу: «Шыны керек. Димаш осы байқауда өзінің зор мүмкіндігін көрсетіп, нөмірі бірінші атанды. Бірден айтайын, Димаш пен Витасты салыстырып қажеті жоқ. Ол екеуінің дауысы екі бөлек. Витас фальцетпен орын­дайды. Ол өзінің дауысымен орындаса, мұндай ерекшелік болмас еді. Ал Димашта контрате­нор. Мұндай дауыс әлемде өте аз» деп нақты бағасын беріп, елдің ернінде жүрген күбірге нүкте қойды.

Ал оның биыл Мәскеудегі Кремль сахнасында өткен алғашқы жеке концертіне 56 елден фанаттар келді. Бұл кештің өтетіні жария­ланып, билеттер сатылымға түсе бастаған жарты сағаттың ішінде оның өнерін бағалайтындар билет­тер­ді лезде сатып алып кет­кен. Осы­дан кейін оның жоспардан тыс екін­ші концерті өткізілетін болды. Бұл да болса, әнші деген халықтың махаббаты. Шын өнерге деген ма­хаб­бат. Біздің бұл пікірі­мізді концерт көруге келген мәс­кеулік Антонина Смирнованың сөзі дәлел­дейді. Оның айтуынша, «Димаш­тан асып түсетін әнші қазір әлемде жоқ».

Иә, оны I am singer жобасын­дағы алғашқы әнінен бері жақсы көретін көрермені бүгінде мил­лион­дап саналады.

Димаштың тектілігі, өнерге адалдығы Америкада өткен «Әлем үздігі» шоуында да аңғарылды. Ол мәреге жақындағанда байқаудан бас тартты. Бұл жолы Димаш кішкентайлармен сайысқа түсуді ұят санаған жоқ, балалардың жолын кескісі келмеді. Димаштың мәрттігіне сенер-сенбесін білмеген қазылар алқасы мұндай шешімге таңғалды да. Сөйтіп, өзінің шын мықты екенін тағы бір рет дәлел­деген ол жолын өзінен кейінгіге беріп, ілтипат көрсетті.

Мінсіз асыл тасты миллиард­тар­дың көзі шалды. Нәп-нәзік жүрегі­нің сырын осылайша, өнердің мейрамына айналдырған дарынды Димашты қазағы қатты мақтаныш тұтады. Мыңнан бірге берілген, Димаштың маңдайына жазылған бақ бұл!

Бұл жеңіс – әлем алдындағы қазақтың табысы!                                   

Ақбота ӘЛІМ