Дала академигі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №121

Өткен ғасырдың басында дүниеге келіп, бар саналы ғұмырын Жамбыл өңірінің дамуы мен өркендеуіне арнаған, ел ішінде «Дала академигі» атанған Қаратай Адамбаевтың өмір жолы – қазақтың тарихы, бір әулеттің тарихы. Сонау өткен ғасырдың басындағы аштық, зобалаң, нәубет Адамбаевтар әулетін де айналып өткен жоқ. Кешегі ата жолын берік ұстанған Әбдірахман Адамбайұлының кіндігінен тараған Балтабай, Спатай, Жұматай, Қаратайдың, иә әрқайсысының бала кезден көкейіне түйген пайымы, ертеңгі күнге деген сенімі, ата-ана үмітін ақтауға деген ұмтылысы – ғасырлық кезеңнен сыр шертеді. Ал кешегі мен бүгінді, ата жолын берік байланыстырып, алтын көпір бола алған ардақты анасы Бибіш Жиенбайқызының қайсарлығы, қайраткерлігі бүгінгі күнге аңыз болып жетті. Заманының бар қиындығын қалақтай қара кемпір көтере білді, белі қайыспады, қара түнек уақыттың дүлейіне шыдап берді. Сондықтан да болар Қаратай Адамбаевтың әр әңгімесінде, естеліктерінде анасына, бауырларына деген құрметі, парызы, алғысы анық сезіліп тұрды.

Дала академигі

Қайсарлық, тектілік қаннан. Бол­мысында парасат биігінен түспеген, ор­тасына беделі артқан, бойындағы білімін ел-жұртына арнаған Қаратай Адам­баев нағыз өз заманының асыл азаматы еді. Білімге ерте құлаш ұрды. Ана тәрбиесі, аға ақылы, бауырлар қам­қорлығы оны табындылыққа, өжет­тілікке, қайсарлыққа тәрбиеледі. Өмірдің ащысы мен тұщысын ерте татып, ерте есейді. Ғажап ғұмыр кешу үшін жанкештілік ету сірә да еңбекпен келетіні оу бастан белгілі қағида ғой. Ең­сеңді тік ұстап, азаматтық, адам­гершілік болмысыңды еңселеу, ең­бек­пен өтеу – өзіңнің ғұмырлық соқпа­ғың­ды айқындау шығар. Ал бұл жолда «Ең­бек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ор­дендері мен 12 медальдің иегері Қа­ра­тай Әбдірахманұлы еңбек ада­мы­ның, ел адамының, отаншылдықтың озық өнегесін көрсетті. Оны көзкөр­ген­дер әлі күнге аңыз етіп айтады. Осы­лайша, Қаратай Адамбаевтың жо­лы даңғылға айналды.

Қаратай Әбдірахманұлы еңбек жо­лын 1943 жылы Сарысу ауданы Байқа­дам ауылындағы орта мектепте дирек­тор­дың хатшысы қызметінен бастай­ды. 1944 жылы Сарысу аудандық ком­­со­мол комитетінің бөлім басшысы, хат­шысы, 1945 жылы облыстық ком­сомол комитетінде нұсқаушы болса, 1946 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы мұғалімдер даярлайтын учи­лищені сырттай оқып бітіргесін об­лыс­тық «Сталиндік жол» (қазіргі «Ақ жол») газетінде корректор, меншікті тілші болып қызмет атқарады. 1952-1957 жылдары Алматыдағы зоотех­ни­калық мал дәрігерлік институтын ой­да­ғыдай бітіріп, ғалым-зоотехник ма­мандығын алып шығады. 1957-1959 жыл­дары Талас аудандық шаруа­шы­лықтарында бас зоотехник, дирек­тор­дың орынбасары болса, 1959-1980 жыл­дары аралығында, яғни табаны күрек­тей 21 жыл Мойынқұм ауданында ауыл шаруашылығының әр саласында басшылық қызметтерді атқарды. 1959-1965 жылдары «Мойынқұм» қой сов­хозында директор, 1965-1980 жылдары Мойынқұм ауылшаруашылығы бас­қар­масының бастығы және аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін қатар атқар­ды. 1980 жылы Жамбыл облыстық ауыл­шаруашылық тәжірибе станса­сы­ның директоры болып тағайындалса, 1984 жылдан бастап Меркі аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орын­басары, аудандық ауылшаруа­шы­лық-өндірістік бірлестігі басшысы қыз­метін атқарды.

Қаратай Адамбаевтың әр жылдары жаз­ған естеліктері, күнделігіндегі ай­шықты жазбалары туған елінің ертеңі­не алаңдаушылық, болашағынан үлкен үміт күтерлік пайым-пікірлермен таң­ба­ланған. Қаратай Адамбаев өткен ға­сырдың елуінші жылдары облыстық «Сталин жолы» (қазіргі «Ақ жол») га­зетінде еңбек етті. Ал қаламгерлікке құш­­тарлығы тіпті ерте кезден басталса керек. Ол өзінің болашағын осы сала­мен де байланыстырып үлгерген-ді. Алайда ағасы Балтабайдың ақылымен ол ауылшаруашылық саласына келді. Өйткені бала кезінен аурушаң болып өскен інісінің денсаулығына алаңдаған Балтекең Қаратайдың ауылшаруа­шы­лығында жүрсе таза ауа жұтып, ден­саулығын түзеп, талай іске ұйытқы бо­­ларына демеу болды. Сөйтіп, ол бү­­кіл саналы ғұмырын осы саланың өр­­кендеуіне арнады.

Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дары Жамбыл облысының тарихында жаңа аудан – Мойынқұм ауданы ірге көтерді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Айтбай Назар­беков тағайындалды. Жаңа ауданның шаруасы шаш етектен еді. Бұрыннан сыйлас, сырлас Айтбай мен Қаратай иық тіресе еңбек етіп, облыс орталы­ғы­нан шалғай жатқан ауданның өр­кен­деуіне тынбай тер төкті. Әрине, еңбек еленді. Мойынқұм өркендеді. Бұл Қаратай Адамбаевтың нағыз жұл­дызды кезеңі еді. «Мойынқұм ауда­нын­да 21 жыл қызмет атқарған Қ.Әб­дірах­манұлы артына адам айтса нан­ғысыз ғажап із қалдырған тау тұлға, абзал аза­мат «Алтын кездік қап түбінде жат­пас» демекші, оның ауданға сіңір­ген еңбегі ұшан-теңіз. Құлазыған қу мекен Бетпақдала атанған Мойынқұмда мал, егін шаруашылығын дамытуға күш салды, яғни ауданның алғашқы іргета­сын қалаушылардың бірі болды. Бір­лік–Мойынқұм–Ұланбел асфальт жо­лын, әр ауылға апаратын тас жолдар тарту, мәдениет үйлерін, мектеп, бала­бақша, ауылшаруашылық кешендерін салу, электр жарығын тартуға үлес қосты. Сол кездері шыққан Еңбек Ер­лері Жазылбек Қуанышбаев, Ділдаш Итбасов, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев сынды майталман шопан­дардың жұлдыздары жанып, атақ-даңқы республика, Одаққа танылуына жол ашты. Мал санын көбейту үшін Қ.Адамбаев сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровпен кеңесе отырып, 40 жыл ел басқарған Д.Қонаевтың қа­былдауында да болғаны бар. Соның арқасында «Заготскоттан» «Мойын­құм» совхозына 16 000 қой беріліп, геологиялық барлау партиясы 150 метр те­реңдіктен ауызсу тартып, Шу арқы­лы көпір де салынды. Қ.Адамбаев жұ­мыс істеген жылдары аудан ауыл­шаруашылығы саласы бойынша өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді» деп еске алады Мойынқұм ауданының Құрметті азаматтары Н.Есілбаев, Ж.Қа­жамұратов, Ә.Тоқсанбаев.

Иә, расында, сырын талай жылдар бе­лесінде ішіне бүгіп жатқан, бұған дейін көпшілікке құпия болып келген Сарыарқа, Бетпақдаланың сырын ашу Қаратай Адамбаевтың еншісіне тиді. Мыңыраған ақтылы қой, төрт түлікті иен далада өргізді. Құмды, шөлейтті өлкені санаулы жылдар ішінде адам танымастай сулы, нулы жайылымдарға айналдырып, қыстың аязы мен жаздың аптап ыстығында мал соңында жүрген шопандар үшін жаңалықтар жасады. Бұл Мойынқұмның даңқын аспандат­паса, еш төмендеткен жоқ. Тіпті Қа­ратай Адамбаев Сарыарқа, Бетпақ­даланы ел игілігіне жаратуда белгілі ға­лым Кәрім Мыңбаев, Социалистік Еңбек Ері, академик Уфа Ахмедса­фин­нен кейін өзіндік тұжырымын жасаған ғалым десем артық айтпағандық болар. Бұл бағаны ел берді. Қарекең «Дала академигі» атанды.

1988 жылдан бері республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанған Қаратай Адамбаев ақсақал шағында да аттан түскен жоқ. Меркі аудандық арда­герлер кеңесін ұзақ жыл басқарып, ұрпақ тәрбиесіне, тіл, діл жайында пі­кір­лерін басылым беттерінде тұрақ­ты түрде жариялап отырды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.


1984 жылы Меркіге қоныс аударған Қаратай аға аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, ау­дандық ауылшаруашылық-өндірістік бір­лестігі басшысы қызметін қоса а­т­қар­ды. Талай жылдар белесінде жина­ған тәжірибесінің арқасында аудан басшылығымен ақылдаса отырып, ауылшаруашылық кешендерін салуға, ауыл­дың өсіп-көркеюіне, малшылар мен диқандардың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайының жақсара түсуіне белсенділік танытып, қыруар жұмыс атқарды. Кез келгеннің аяғы жете бер­мейтін шалғайдағы құмға монша, мед­пункт, қонақүй, балалар оқитын ин­тер­нат, пошта соғып, Сорғобыға, тауда Ойранды арқылы Сандыққа дейін, одан әрі Қара қыстаққа жолдар, сон­дай-ақ құдықтар қазылып, шо­пандарға арнап үй мен қора жай салынды. Осы кезеңде ғой меркілік шаруалардың «Адамбаев келіп адам болдық» дейтіні.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де Қа­ратай Адамбаевтың тағдырын шар­пып өтті. Ол облыстық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров пен Мерке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ермек Сауранбаевтың жақтасы деген желеу­мен жазықсыз жапа шектті. Қалай дегенде де Мәскеудің әділетсіз әмірі­нің зардабын шеккен тұста да ол туған халқының лайықты ұлы, перзенті еке­нін таныта білді. Қайсарлық танытты. Әділдіктің ақ туы желбірейтін күннің туатынан сенді.

1988 жылдан бері республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанған Қаратай Адамбаев ақсақал шағында да аттан түскен жоқ. Меркі аудандық арда­герлер кеңесін ұзақ жыл басқарып, ұрпақ тәрбиесіне, тіл, діл жайында пі­кір­лерін басылым беттерінде тұрақ­ты түрде жариялап отырды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

Асыл аға шаңырағы шаттыққа ке­нел­ген отбасының ұйытқысы еді. Қа­ратай ағаның асыл жары Апуза Мүтәй­қызы – өткен ғасырдың елуінші жыл­да­рының ортасында жоғары білімі бар санаулы қазақ қыздарының бірі. Ол өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнады. Аза­матын ардақтады, елінің құрметіне бөленді. Саналы ұрпақ тәрбиеледі. Көп­тің ардақтысына айналған қос жақ­сының төбесі көрінсе төңірек түгел төріне шығарды. Апуза Мүтәйқызы бүгінде немере шөберелерінің қызы­ғын қызықтап, ұрпағына қариясының өнегесін айтудан жалыққан емес.

Биыл Жамбыл облысының құрылға­нына 80 жыл толып отыр. Айтулы ме­реке Қаратай Адамбаев ағымыздың 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Облыс шаңырақ көтерген жылдардан бергі белестерде өңірдің даму, өркендеу жолында талай азамат­тардың айшықты қолтаңбасы қалғаны анық. Қасиетті құт қонған мекен – Жамбыл облысының тарихында есімі алтын әріппен жазылған Қаратай Адам­баевтың азаматтық еңселі жолы, өз қолымен жазған өмір тарихы әлі де кейінгі ұрпаққа насихаттала бермек.

 

Жамбыл облысы