Мықты музей

Газет мақаласы "Айқын" газеті №123

Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Салтанат Жамбыловамен сұхбаттасып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша «Қазақстанның киелі жерлер географиясындағы» 100 нысанның бірі болып анықталған аталған музейдің жұмысы, құрылу тарихы, «ХХ ғасырдың Гомерінің» ұлылығы мен әулиелігін   дәлелдейтін аңыз-әңгімелер туралы жан-жақты сұраған едік.

Мықты музей

– Салтанат Тезекбайқызы, Жамбыл Жабаев әдеби-мемо­риал­ды музейінің құрылу тари­хы туралы айтып берсеңіз.

– 1938 жылы Жамбыл Жа­баев 92 жасында шығарма­шылығының 75 жылдығын атап өткен-тұғын. Сондықтан үкімет ақынның туған ауылынан 12 бөлмелі үй мен көлікті сыйға тартқан. Бұл халық ақынының беделін, асқақ абыройын көрсетеді. Қазір музейге айнал­ған үйдің 6 бөлмесі бастапқы қалпынан өзгермеген. Сондай-ақ мұнда ақынның киген киім­дері, ұстаған затта­рына дейін сақталған. Жасының егде тартуы­на байланысты сыйға алған көлікпен жыр алы­бын Алматыға, ауыл арасына тасы­малдау үшін екі жүргізуші бекітілген. Жарты ғасыр бойы музейде экспонат болған көлік 2008 жылы сырланып, күрделі жөндеуден өтті.

1946 жылы Жамбыл Жабаев­тың 100 жылдығы Мәскеуде, Алматыда, өз ауылында тойлан­ған. Бір жылдан кейін, яғни 1947 жылдың 25 мамырында ақынның тұрған үйі музей болсын деген шешім шыққан­нан бері 72 жыл өтті. Осы уақыт аралығында Жамбыл мұрасы жаңғырып, халықтың рухани қазынасының жауһары­на айналды.

– Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің құрылға­нына биыл 72 жыл толды деп отырсыз. Осы кезге дейін музей қанша рет жөндеуден өтті?

– Әрине, бірнеше рет күр­де­лі реставрациядан өтті. Мәсе­лен, жыр алыбының 150 жыл­ды­ғына орай, 1996 жылы музейге жапсар­лана үлкен конференц-зал салынды. Онда Жамбыл бабаның жеке заттары, әр жыл­дарда белгілі қоғам қайрат­керлерінен, дүниежүзін­дегі әртүрлі мемлекеттерден музейге қонаққа келген өкіл­дер­ден сыйға берілген карти­на­лар, сувенирлер қойылған. Конфе­ренц-залдың іргетасын Елбасы Н.Назарбаев қалаған. 1971 жы­лы халық ақынының 125 жыл­ды­ғының алдында кесе­не­нің іші-сырты ақ-қара мәрмәр тастармен қапталды. 1984, 1996 жыл­­дары кесене күм­безі 5 метр­ге дейін биік­тетіліп, ұлт­тық ою-өрнек­тер­мен на­қыш­­талып, қабыр­ғалары Ираннан әке­лінген плиткалар­мен қап­тал­­ды. 1996 жылы жыр алыбы­ның киелі қызыл жол­ба­рысы мен екі домбыра­сының мүсіні қойыл­ды. Есте­ріңізге сала ке­тейін, Жамбыл баба кесене­сінің эскизін қазақтың әйгілі кескін­демешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнері­нің негізін салушылардың бірі Ә.Қастеев жасаса, сәулет­шісі – И.Бело­цер­ковский деген архитек­тор.


– «ХХ ғасырдың Гомері» атан­ған ұлы бабамыздың киесі – «Қызыл жолбарысы», ақын­ның әулиелігі туралы халық арасында сақталған аңыз-әңгімелер бар ма?

– Жамбыл бабаның әулиелі­гі, көріпкелдігі туралы халық аузында көп аңыздар сақталған. Ұрпақтарына аманаттап: «Мені үйімнің ауласына жерлеңдер, басыма көп адам зиярат жасап келеді. Ортақ қорымға жерле­сең­дер, бабаларымның қабірі тапта­лып қалады», – деп бола­шақты айқын болжаған. Расын­да, қазір музейдің іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түк­піріне таман алма мен ал­мұрт бағының арасында 1946 жылы салынған кесене орна­лас­қан. Қай­талап айтамын, Құран ба­ғыш­­тап, зиярат қылып келу­ші­лердің санында шек жоқ.

Қызырлы қызыл жолбарыс Жамбыл бабаның қолдаушысы, қорғаушысы болып саналған. Ақынның айтуынша, ол өзіне ғана көрінген. Қызыл жолба­рыс әуелі Қарасай бабаға, Сарыбай биге, жыр сүлейі – Сүйінбайға, содан Жамбылға қонған дейді. Бұл – аңыз. Ал аңыз шындыққа негізделеді. Қызыл жолбарыс кейін қыр­ғыз­дың атақты жазушысы Шың­ғыс Айтматовқа қонып­ты деген аңыз бар. Тылсым дүниенің біз түсінбейтін қырлары көп қой. Мәскеуге барған сапарында қызыл жолбарысы демеп, қасында бірге жүрген. Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау, жыршы бабамыз қайтыс болар ша­ғында түсіне қызыл жол­барысы кірген дейді. Үйінде үнемі босағасын­да отыратын қызыл жолбары­сы есіктен шығып кеткен екен. Екі-үш рет әдеттегідей «күшейт-күшейт» деп шақыр­са да, қайырылмай кеткен деседі. Бұл ақынның түсі ме, әлде көзіне көрінген елес пе, бел­гі­сіз. Осы жағдайдан кейін Жамбыл ақын бала-шағасын қасына жинап: «Қызыл жол­ба­рысым маған қарамай кетті» деген екен. Көп ұзамай ақын бұл дүниемен қош айтысып, бақилық сапарға аттанды.


– Музейге жылына шама­мен қанша турист келеді?

– Жамбыл бабаның кесе­не­сіне келушілердің көптігі сонша, санын болжау қиын. Көпшілігі Құран бағыштап келеді. Егер музейге кірсе, санауға болушы еді. Бірақ көбі­сі музейге кірмей кетеді. Жам­был Жабаев әдеби-мемо­риалды музейі – Талды­қор­ған қаласында орналасқан М.Тыныш­паев атындағы тари­хи өлкетану музейінің филиалы. Облыс бойынша 20-дан астам музей болса, со­лардың арасында келуші­ле­рі­нің саны ең көбі – осы музей.

– Музейге келушілер көбі­не Жамбыл ақынның құдіре­тін, шығармашылығын ұғы­нып келетіндер ме, әлде қы­зық­тап келушілер басым ба?

– Әрине, халық болған соң, Жамбылдың өмір тари­хын, шығармашылығын біл­мей келетіндер кездеседі. Олар­­ға біздің қызметкерлер түсін­діріп, жан-жақты таныс­ты­рады. Қазір келушілердің басым бөлігі – жастар, олар­дың қызығушылығы жоғары. Олар­дың арасында атүсті келу­­­шілер жоқтың қасы. Бала­бақ­ша жасындағы балалардан егде жастағыларға дейін әр­түр­лі буын өкілдеріне жас ерекше­ліктеріне қарай қызмет көрсетеміз. Ақпаратты әрқай­сы­сына түсінікті тілмен жет­кізе­міз. Кейбір туристер екі-үш сағат бойы әрбір деталь­ға мән беріп, музей ішін­де ұзақ жүреді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Майра АЛДАБЕРГЕНОВА