«Түрксібті» тірілткен қыз

Газет мақаласы "Айқын" газеті №126

Наргиз Шөкенова – С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының түлегі. Оқу бітірген соң, Қазақстанға келіп, Clique атты деректі фильмдердің фестивалі негізін қалады. 1929 жылы шыққан «Түрксіб» деректі фильмінің ремастерингін жасауға мұрындық болған жан.

«Түрксібті»  тірілткен қыз

– Наргиз, сіздің есіміңіз «Түр­ксіб» киносынан кейін қазақтілді ортаға белгілі болды. Киноның ескілігіне қарамастан, оны жаңа қалыпқа салып, тірілттіңіз. Бұған не түрткі болды?

– Бұл жобаны 2016 жылы бастадым. Оған аяқасты келдім. Біздің қоғам қандайда бір консер­ва­тив жаңалықты агрессивті қа­был­­­дап, қорқынышпен қабыл­дай­тын. Бірдеңе болса «қазақ қыздары өздерін олай ұстамау керек», «қазақтар олай істеген емес» деп шыға келеді. Осындай пікірлерге қарап, біз әлі өзімізді, тарихымыз­ды толық танып біл­ме­генін түсін­дім. 

– Фильмді оркестрмен ойнатып алып шығу идеясы қайдан келді?

– Қазақ қызы десе басында сәукелесі бар, бүрмелі көйлек киіп тұрған елестейді. Бейнені кө­біне кинодан көреміз. Бірақ ол – кеңес­тік суретшілердің шығар­ған дүние­сі. Ал ескі суреттерге қарасақ, қарапайым ғана киім. Содан-ақ оның ерікті, жігерлі, өзіндік орны барын көруге болады. 

Себебі, еліміз 70 жыл Ке­ңес Одағының бодауында болып, ұлтты­ғымызды жойып, тіліміз бен дініміз дәстүрі ұмыты­лып, бұрма­ланған түсінік қалып­та­сып қалған екен.  

Сон­дық­тан да, деректі нәрсе­ге сүйенуді жөн көріп, деректі фильмді іздестіре бастадық. 



Негізі, қазақ шекара­сын­да түсірілген алғашқы фильм «Түрксіб» емес, «Жұт» еді. Бұл да ХХ ғасырдың үл­кен трагедиясы. Өнердің артық­шы­лығы осындай дүниелерді сөйлете білуінде.  

Алай­да оны іздеп таба алмадық, келешекте табылады деген сенім­де­мін. Негізі, өткенді жоғалтпай, заманауи тарихта орнымызды табуды қалаймын.



Міне, осын­дай аудито­рия­мен, тарихпен тіке­лей тілдес­кім келді. Тілдесе алмай­ты­­н­ым бесенеден белгілі, бірақ жолын қарастырдым. 

 «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» дегендей, музыка мен киноға тіл керек емес. Өзге ұлтты да, өзге тілді де біріктіретін – осы.


Содан фильмнің әнін жазуды Қуат Шілде­баевқа тапсырып, 70 минут­тық әуен жазылды. Қазір бұндай ма­мандар жоқтың қасы.  

Оған қоса, кинодағы іс-қимыл­дың бә­рін тек әуенмен жеткіздік. Жақсы дүние шықты.

Продюсер Наргиз

– «Түрксібпен» тоқтап қалмай­ты­­ныңыз анық. Жоба жалғаса ма?

– Бір жобаны ойластыруда­мыз, оны уақыт көрсетеді. Бірақ бұған үлкен қаржы керек. Тіпті, түскен табыстың өзі шығынды жаппайды. Алғашында «Түрксіб­ті» ашық алаңда тегін көрсеттік.  

Шымкент, Қызылорда секілді бас­­қа қалаларға апаруға да бола­ды, жұмысы қиын. Биыл «Түрк­сіб­тің» мерейтойына орай, сол жол­мен жүруді ойластырып едік, ол да қиынға соғып тұр.

– Сіздің жаныңызға не жақын? Кино ма, әлде музыка ма? 

– Кино көргенді жақсы көре­мін. Ал түсіру үшін кемінде жүзге жуық адам қажет. Бәрі бір адамдай бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұған дайын емеспін. Одан гөрі келе­шек­те киноға продюсерлік еткім келеді. 


Студент кезімде «Власть» деген фильмге продюсерлік етіп едім. Бірақ әлі өзімнің режис­се­рім­­ді, айтқым келетін оқиға желі­сін таппадым. Қазір көбіне клип түсірумен айналысамын.



наргиз1.jpg

Батырхан Шөкенов атындағы қордың директоры 


– Көбісі қазіргі кинодан гөрі бұрынғы советтік киноны жақ­сы деп жатады. Бұған не дейсіз? Шынымен солай ма? 

– Кез келген өнер – насихат, кез келген өнер – саясат. Әр кино өз уақытының насихатын жүргіз­ген. 

Мәселен, елдің бәрі жақсы көретін «Тағдыр тәлкегі» («С ле­г­ким паром») фильмде қайдағы бір маскүнемді жылдан-жылға пірге айналдырудан шаршамайды. 

Кино­­ның мағынасына қарасаң, өзін-өзі ұстай алмайтын, ісіне жауап бере алмайтын адамның бір отбасын бұзуы. Сол киноны дәл қазір түсірсең, бәрі солай айтар еді.

Осы 2-3 жылдықта түсірілген қазақстандық киноның біразын қарадым. Ер адамдардың әйел обра­зына еніп, киініп, «Келинка Сабина» секілді ойнауы басым. Коме­диялық фильмнің көп желісі – қызды алып қашу. Заң тұр­ғы­сынан қарасаң, бұл – қыл­мыс. 

Бұл жерде зорлық та, күш жұмсау да бар. Мұндай мессендж­дің халыққа қажеті қанша? Осыны насихаттай беріп, ел ара­сын­­да қалыпты нәрсеге айнал­ды­руда.  

Ешкімді сынға алғым келмейді. Осы салада бизнеске айна­лып, жұмыс істегенін құптаймын. Бірақ кейбірінің мән-мағынасы болмай­ды. Сол жағына мән берсе екен

 Оның үстінде адамның бәрінде кертартпалық басым ғой. Оларға бүгіннен кешегісі жақсы көрінеді.  

Меніңше, жақсылықтың бәрі алда. Бұл – факт. Қазір көзі ашық жастар көп. Келешекте олар жақсы шы­ғар­­маларды дүниеге әкеледі деп сенемін.


Наргиздың Қазақстанға оралуы


– Мәскеуде оқыдыңыз, біраз жыл сол жақта тұрдыңыз, Қазақ­стан­ға қайтып келуіңізге не себеп болды? 

– Қазақстанға келгенде қалып қаламын деп ойламадым. Тимур Бекмағанбетовтің «Базелевс» ком­па­ниясында жұмыс істеп жүрдім, жағдайым жақсы болды. Сол кез­де­гі Мәдениет басқармасының шы­ғар­машылық жобалар байқа­уы­на қатысып, жеңіске жеттім.  

Пилоттық үлгісін жасаймын да, қайтамын деп ойлағанмын. 2014 жы­лы оқу бітірген шақта елге орал­дым. Ол жерде өзімді бөтен сезі­ніп, елімде қалып қалдым.  

Оның үстіне, Қазақстан даму үстінде. Өз еліме, өсіп келе жатқан жастарға үлесімді қосқым келді.


нота.jpg

– Марқұм әнші Батырхан Шүкеновке туысқандығыңыз бар. Ел-жұрт оны жақсы таниды. Бірақ ол кісінің адами болмысы қандай еді? 

– Марқұм ағамның қорымен айналысып жүргеніме бір жылдан асты. Оның орындаған әндерінің нотасын шығарып, енді дискілерін жинақтап, антологиясын жасадық. Әкемнің туған інісі ғой, сондықтан көбіне бірге тұрдық деуге болады.  

Қашан да қасымызда болатын. Қолы ашық адам еді. Қолында не бар, сонымен бөлісіп жүретін. Өзі гитарада ойнауды, шай ішкенді жақсы көретін. Өте балажан еді. Содан болар, өзіме жақын болды.

Сұхбаттасқан  Анар ҚОНЫС