Бибігүл Жексенбай, AstanaTV телеарнасының бас директоры: Белсенді жұмыс істей алмасақ – бізге сын

Газет мақаласы "Айқын" газеті №133

Бүгінде ақпараттық-тех­нологиялардың қарқынды дамыған уақыты. Өмірімізді сол жаңа медиа құрыл­ғы­ла­р­сыз елестете алмаймыз. Бұл жағдай – ақпараттық рево­лю­цияның екпінді дамуының нәтижесі. БАҚ мемлекеттік басқарудың басты ресурсына айналды

Бибігүл Жексенбай, AstanaTV телеарнасының бас директоры: Белсенді  жұмыс істей  алмасақ –  бізге сын

– Nur Otan партиясы Сая­си кеңесінің кеңейтілген оты­ры­сында Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев қарқынды ақпа­раттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруға ерекше тоқ­талып: «Қазіргі таңда жаңа ме­диа саласында шындыққа жа­наспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді» деді. Білдей бір телеарна басшысы ретінде бұған не айтасыз?

– Иә, бұл мәселе өте орын­ды көтерілді. Елбасы «Nur Otan партиясы өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс» деді. Бұл тапсырмаға біздің тікелей қатысымыз бар. Халықтың се­німіне ие болуға күш салуымыз керек.

Бүгінде ақпараттық-тех­нологиялардың қарқынды дамыған уақыты. Өмірімізді сол жаңа медиа құрыл­ғы­ла­р­сыз елестете алмаймыз. Бұл жағдай – ақпараттық рево­лю­цияның екпінді дамуының нәтижесі. БАҚ мемлекеттік басқарудың басты ресурсына айналды. Ендеше, оның шы­найы, әділ әрі жедел болмауына қақысы жоқ. Бүгінде тек еліміз бойынша ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде мәлімет ала­тын тетіктер көбейді. Бұрын халық тек қана жүйелі түрде телеарна, газет, радио арқылы жаңалықтардан хабардар болып отырса, қазір бір ғана смартфонмен қалың бұқараға жедел түрде жаңалық жеткізуге болады. БАҚ әлі де болса елге, сапалы, тәрбиелі, мағыналық мәні зор дүниелерді беруі тиіс. Яғни, біз өте жоғары деңгейде белсенді болуымыз қажет. Әлеуметтік желілердегі теріс пиғылмен таратылатын ақпа­раттардың халықтың санасына бірінші болып әсер етпеуіне жол бермеуіміз керек.

Осы тұрғыдан Nur Otan партиясының көтеріп отырған мәселесі мен партия басшы­лығының бізге қойып отырған талаптары түсінікті. Мем­ле­кеттілігімізді, ұлттық мүд­де­мізді, құнды дүниелерімізді дұрыс сақтап, ары қарай да­мы­ту үшін сапалы, белсенді жұмыс істей алмасақ – бізге сын.

– Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарудасыздар? Жаңа маусымның жаңалығы қандай?

– Жоғарыда айтып өтке­німдей, осындай толассыз ақ­параттар ағынының арасынан сапалы, дұрыс ақпаратты елге ұсыну – бөлек дүние. Сон­дықтан, біз көрерменді жалық­тырмайтындай, үнемі бізбен бірге болуы үшін аса қызықты дүниелер жасаудамыз.

Күзгі телевизиялық мау­сымда он тележоба көрерменге жол тартады. Оның ішінде үш төл туындымыз бар. Былтыр отандық телеарналардың төл туындыларының арасында жоғары рейтингке ие болған «Жүрек сыры» телехикаясының ІІ маусымының түсірілімі аяқталды.

Қазақы қалпымызды, үл­кенге құрметті, бауырлардың бір-біріне қамқорлығын, жа­нашырлықты, отбасылық тәр­биені, еңбекке баулуды, бүгінгі өміріміздің айқын көрінісін сипаттайтын «Алмасай» те­лехикаясы да жаңа маусымға көрік бере түспек.


Үшінші туындымыз «Киелі бесік» өзінің аты айтып тұр­ғандай, қасиетті шаңыра­ғы­мыздың қадірін арттыруға ба­ғытталған. Қарапайым ауыл адамдарының тыныс-тір­ші­лігін, болмыс-бітімін көрсетеді.

Партияның қолдауымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, тағдыр тәлкегіне түскен адамдарға демеу бере­тін, Бақыт Шойымбек жүр­гі­зетін «Айтарым бар» атты ток-шоуы – мәселелерді көтеріп қана қоймай, оның шешімін де ұсынатын, шешілуін қада­ғалайтын бағдарлама.

Сондай-ақ қоғамдағы қор­даланған мәселелерді қоз­ғай­тын «Саяси Ринг» ток-шоуы көрерменге жол тартады. Бұл жерде ел аузынан түспей жүр­ген күрделі мәселелер көте­рі­ліп, олардың нақты ше­шімдері көрсетілетін болады. Сон­дық­тан да, алаңға шығып айқайлап айтқыңыз кеп жүрген мәселе­лерді осы бағдарламаға келіп талқылаңыздар дегім келеді. Біз әр мәселеге пар­тия­ны ара­ластырып, соның ық­палы ар­қылы оң нәтижеге жетуді көз­деп отырмыз.

– Әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты бағдарламалар бар ма?

– Иә, соңғы кезде көпба­лалы аналардың қоғамға көңілі тола бермейтін тұстары жиі қылаң бере бастады. Ал біз бұрын қандай ел едік? Ешқашан бала санын айтпайтын, оларды өмірге әкелгенімізді, бағып-қаққанымызды міндет етпей­тін, «Дүниеге бір қозы келсе, жерде бір түп жусан артық шығады» деп, бала қашанда өз несібесімен туатынын білетін, ұғынған ел едік. Міне, сондай тегі асыл аналарымыз арамызда әлі де көп. Адал ең­бек етіп, қазір үлкен жетістікке жетіп отырған адамдардың өмірін үлгі ететін, «Оңай емес» атты бағдарламамызды өзі де көпбалалы ана, телеарнада өзіндік қолтаңбасы бар, кино саласында да көпке танылып үлгерген белгілі журналист Салтанат Қалиева жүргізеді.


Еліміздің тұмса табиғатын айшықтайтын Q-travel бағ­дарламасы әзірленуде. Бағдар­ламаның басты ерекшелігі – жүргізушіміз де, қонағымыз да шетел азаматтары. Олар – испан жиһанкезі Диего Гарсия және камерундық балет артисі Сабина Пайюс. Бұл кісілер еліміздегі әр өңірдің өз ерек­шелігін, қонақжайлығын өз қабылдауынша баяндайтын болады.

– Дәл қазір көрерменге өзі­ңіз айтып отырған еңбек тақы­рыбы көбірек керек сияқты. Бұл бағытта қандай жобаларыңыз бар?

– Осы ретте ауыл өмірін суреттейтін «Біздің ауыл» бағ­дарламасына тоқтала кеткім келеді. Бұл жерде бізде екі жур­налист болады. Орыс тіліндегі жүргізушіміз еш уақытта ауыл өмірін басынан өткермеген, ауыл тірлігі ол үшін жат әрі таңсық дүние. Туған жерінің тарихын, мәдениетін, тілін меңгергісі келеді. Қазақ тілді жүргізушіміз – танымал радио­жүргізуші. Ол ауылды бес сау­са­ғындай біледі. Ауыл мен­талитетін бойына сіңіріп өскен. Өз кезегінде әріптесіне көмек қолын созып отырады. Жүр­гізуші қыздарымыз еліміздің әр өңіріне сапарлап барып, ауыл тіршілігіне етене араласады. Адал, маңдай термен келетін еңбектің отаны – ауыл. Қара­пайым жұмысшының қолынан келмейтін іс жоқ.

Елордамыздың тіршілігіне қатысты, жергілікті билік өкіл­дері тұрғындардың сауалдарына тікелей эфирде жауап беретін «Елорда Lifе» бағдарламасы әлеуметтік мәселелерді қоз­ғайтын, сұхбат жанрында бол­мақ. Әр саланың өз мамандары қала тұрғындарының ауызсу, денсаулық, білім беру секілді ушыққан мәселелері бар сала­ларға байланысты толыққанды жауап беретін бағдарлама.

Әрине, эфирімізде ойын-сауықтық бағдарламаларға да орын табылады. «Шімән апа» ситуациялық комедиясы отба­сы құндылығы, әулеттегі туыс­қандық қарым-қатынастар жайлы болмақ. Кейіпкерлері­міз – Шімән апа және оның үш ұлы мен келіндері және не­ме­релері. Сондай-ақ, көрермен­дердің көзі үйренген «Ел аузында», «Той жыры» бағдар­ламалары бар.

– Сіздің ойыңызша телеар­налар рейтинг қуалап, көрер­мен сұранысын қанағаттандыра беруі керек пе, әлде оның мә­дениетін өсіруге қызмет еткені дұрыс па? 

– Жалпы халықтың санасын өсіруге, азаматтық қоғам қа­лыптастыруға қажетті теле­өнім­дер жасаудан гөрі, рей­тингті көтеретін жеңіл-желпі өнімдерге көшіп кеткеніміз рас. Бұл – үлкен кемшілік. Енді осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Бүгінгі көрермен өте сапалы дүние көргісі келеді. Бірақ олар көбіне ойландыратын емес, жеңіл-желпі бағдарламалар көруге пейіл. Соңғы он жылда осындай ойын-сауық бағдар­ламаларына көрермендеріміз әбден үйреніп алды. Ал ой­ландыратын дүние ұсынсақ, рейтингтен айырылып қала­мыз. Сондықтан, біз қазір кө­рермендеріміздің көңілін көтере отырып, ойландыруға талпынудамыз.


Осы жерде біздің арнамызға қатысты ескере кететін жайт бар. AstanaTV-ның басқа рес­публи­калық телеарналардан ерек­шелігі бар. Біріншіден, біз республикалық бюджеттен бірде-бір тиын алмаймыз. Өзін-өзі жарнама арқылы қам­тамасыз етіп отырған арнамыз. Ал ол жарнаманы бізге рей­тингі жоғары бағдарламалар әкеледі. Бұл тұрғыда үнді мен түрік сериалдарының бәсі артық. Осы қызметке келгелі бері «Үнді сериалдарын тоқтату керек» деген ұсыныстар, әсі­ресе, зиялы қауым өкілдерінен жиі келеді. Жасыратыны жоқ, ол бізге арзанға түседі. Біз олардың бір бөлімін шамамен 90 мың теңгеге алатын болсақ, отандық өнімдерімізге одан он-он бес есе көп қаржы жұм­салады. Отандық бір сағаттық сапалы дүние көп қаржыны талап етеді. Енді қараңыз, жар­намадан табыс тауып отырған арнаға оның қайсысы тиімді?

Екіншіден, республикалық телеарналардың ішінде, әсі­ресе, коммерциялық кейбір телеарналар мемлекеттік тіл жөніндегі заңды толыққанды орындап отырған жоқ. Олар өз рейтингін көтеру үшін орыс тіліндегі және шетелдік бағдарламаларға көбірек уақыт беріп жатады. Заң талаптарына сай әр телеарнада отандық өнім 50 пайыздан кем болмауы керек.

– Ал рейтинг деген нәрсе мен ұлт мүддесін тоғыстыру мүмкін бе?

– Осы жолда телеар­на­мыздың кәсіби мамандары бір кісідей жұмылып қызу жұмыс істеп жатыр. Біздің телеарна көрермендеріміздің 70 пайы­зы – қазақтілді, 30 пайызы ғана – орыстілді көрермен. Сон­дықтан ұлттық құндылық­тарымызға баса назар аударып отырмыз. Патша көңіл көрер­мендерімізді телеар­намыздың жаңа телемаусымы қуантады деп ойлаймыз.

Ал, жалпы жүректен шық­қан нәрсе жүрекке жетпей қоймайды. Біздің қазақтілді аудиториямыз кеңейіп, көрер­меннің талғамы өсіп келе жат­қан уақытта рейтинг пен ұлт­тық мүддені тоғыстыру – біздің басты міндетіміз. Көзі қарақты, көкірегі ояу көрер­мендерімізді ойландыратын салмақты, тың жобалар күтіп тұр. Біздің тара­зымыз – кө­рерменнің талғамы болған­дықтан, сол үдеден шы­ғуға әзірміз.


Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН