Парыз бен парасат

Газет мақаласы "Айқын" газеті №135

Сайлаушылардың аманаты мен сенімін арқалап, көптің жүгін көтеруші қызмет – депутат. Ол қашанда қоғамдағы өзекті мәселені қозғау арқылы қалың бұқараның қамын ойлайды. Сондықтан да ол  сайлаушылары алдында берілген уәдені орындап, ел-жұрт алдындағы парызын өтейтін қызмет.  Қызметін абыроймен атқарып жүрген Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, профессор Қылышбай Бисеновпен  сұхбаттасудың орайы келді.  

Парыз бен парасат

– Қылышбай Алда­бер­­генұлы, әңгімемізді жа­қында өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелерден бастасақ.

– Саяси кеңес оты­ры­сында партия Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев партияның жұ­мы­сын жүйелі жаңғыртуды ұсы­нды. Біріншіден, пар­тия­ның белсенді мүшелерін топтастыруға, сапалық құрамын нығайтуға мән берді. Партия мүшелері қоғамда болып жатқан жағдайларға бейжай қара­май, дер кезінде үн қатып, нақты іс-шаралар қолдануын айтты. Сонымен қатар қоғамдық мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, оны шешу жолдарын ұсына білетін, сөзін дәлел­дей алатын белсенді аза­маттарды партияға тарту­дың қажетін жеткізді.

Оған қоса, Елбасы қоғамның партияға деген сенімін арттыру үшін халықпен нақты жұмыс істеп, олардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын кө­те­руге шақырды. Елі­міз­дің алдында тұр­ған эко­номикалық проб­ле­ма­лар­ға тоқталып, тұрақты өсімді қаматамасыз ету мақсатында бизнес үшін салық ауыртпалығын тө­мендетіп, бюджет сая­сатын қайта қарау тура­лы айтты. Шынымен, осы арқылы елдің эконо­ми­­­калық әлеуетін нығай­ту­ға көмектеседі. Мұны әр­­­қайсысымыз жете түсін­ге­німіз жөн.

– Сіз Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі ретінде партияның жаңа бағдарламасы жа­йын­да не айтасыз?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, Елбасымыздың партия алдына қойып отырған бағыт-бағдары ел дамуының стратегиялық мақсаттарын жүзеге асы­ру­дан туындап отыр. Сон­дық­тан әрқайсысымыз осы бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысуымыз қажет. Ол үшін алдымен, об­лыстық, қалалық, ау­дан­дық мәслихат депутаттарының фракция отырысында жы­лы­на 2 рет атқарылған жұ­мысы жайында есеп бер­ген жөн. Сонда фракция мүше­лерінің қызметі ашық әрі әділетті бағаланады.

Екіншіден, фракция мү­ше­лері жергілікті ат­қа­­рушы билік өкіл­де­рімен бірлесіп, партияның сайлауалды тұғырнамасының әрбір бағытын қалай жүзеге асып жатқанын жан-жақты тал­дап, оң ұсыныстардың оры­ндалуын қадағалау ке­рек. Үшіншіден, партия фрак­циясының жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін мемлекеттік бағ­дар­ла­малардың өңірлерде орын­далуын бақылау мақсатында экономика, әлеумет, бюджет, жастар саясаты, инновация және білім беру, денсаулық сақтау бағыттары бойынша фракция мүшелерін бекітуді ұсынамын. Төртіншіден, Жастар – Nur Otan партиясы сая­сатының ажырамас бір бөлігі. Сондықтан да, ке­ле­­шекте маслихаттарға сай­­лау өткізгенде депу­тат­­тық корпустың ¼ құ­ра­­­мын Jas Otan Жастар қа­натының өкілдерінен қалыптастырса, жастарға қолдау көрсету жұмысы жаңа деңгейге көтерілер еді.

– Сіздің сайлауалды бағдарламаңыз қандай? Депутат ретінде атқарған істеріңізге қандай баға бересіз?

– Облыстық мәслихат депутаттығына №17 сайлау округінен сайландым. Ана­ны-мынаны істедім деп мақтана алмаймын. Ба­ғасын халық бере жа­тар. Бастысы, Nur Otan пар­тия­сының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасам­паздық» атты сай­лау­алды бағдарламасын бас­шылыққа алдым. Қа­зі­ргі уақытта облыс­тық мәслихаттың Әлеу­мет­­тік және мәдени мә­се­лелер жөніндегі тұ­рақ­­ты комиссиясының тө­­рағасымын. «Өңірлерді да­мыту» бағдарламасы шең­берінде округте жол жөн­деу және жарықтандыру жұ­­мысының іске асуы, қа­­ланың инженерлік-ком­­­­муникациялық ин­фра­­құрылымын дамы­туға бағытталған бағ­­­­­­дарламалардың орын­да­­луы да көпшіліктің көз алдында. Мысалы, Абай даңғылы бойындағы №5 оқу ғимараты жанынан жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесі тікелей де­пу­таттық сауалымның нә­­тижесінде өз шешімін тапты.

Елбасының «Ұлт жос­пары – 100 нақты қадам» бағдарламасының жүйелі жүзеге асуын жүргізіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына белсенді қолдау көрсетуде. Одан бөлек, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу барысында университет жанында бірнеше ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар ашылды. Ондағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі еліміз ғылымының дамуы­на тікелей үлес қосуда. Мәселен, университет жа­­­нында қызмет жасап келе жатқан «Агро­био­­ло­гиялық және қолдан­ба­лы зерттеулер» ғылы­ми орталығы мен «Қорқыт­тану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты, «Шоқайтану» орталы­ғының жұмыстарын атауға болады.

2017 жылдан бастап Елбасы тапсырмасы бо­йынша «Баршаға ар­нал­ған тегін кәсіптік-тех­ни­калық білім» жаңа бі­­­лім беру жобасы да ке­зең-кезеңмен жүзеге асып ке­леді. Өңірдегі мек­теп­тердің, әсіресе, шағын комплектілі мектептердің педагог-кадрларға сұраны­сын ескере отырып, қосар­лан­ған мамандықтар бо­­­йынша мектеп мұғалім­дерін даярлау жұмысы да өз нәтижесін берді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан ары жалғастырамыз.

– Мәслихат депутат­та­ры­­ның алдында қазір қандай басымдықтар бар?

– Ел дамуына үлес қо­су – баршамыздың мін­­де­тіміз. Мәслихат де­пу­­­таты округiнiң сай­лау­шыларының жағдайына байланысты жергілікті басқару органдарына сауал жолдауға, жиналыс өткізуге, тиiстi әкiмдік отырысының жұмысына қатысуға толық мүмкіндігі бар. Бір сөзбен айтсақ, сайлаушылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысамыз. Оған қоса, аймақтардың эко­номикалық өсіп-өр­кен­деуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, облыстағы тұрғын үй құ­ры­лысының дамуына, ха­­лықтың баспаналы бо­луына жәрдемдесіп, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізетіні рас.


Сыр өңірі – табиғи қазба байлықтарға бай өлке. Жер қойнауында мұнай және газ қорымен қатар, қорғасын, мырыш, алтын, күміс, темір, ванадий, молибден қорлары бар. Логистикалық қызмет көрсету секторын дамыту да – облыс үшін ең маңызды саланың бірі. Осындай стратегиялық маңызды салаларды дамы­ту өз кезегінде білікті маман­дарды қажет етеді. Осы өңірдің дамуы мен өркендеуіне үлес қосу – тек депутаттық қана емес, азаматтық парызым.

– Сіздің сайлауалды бағ­дарламаңызда көп­балалы және аз қамтыл­ған отбасыларға беріле­тін жәрдемақының әлеу­­­меттік түрлерінің жал­­пы сомасына теңес­тіру, жас отбасыларды, әлеуметтік әлсіз топтарды баспанамен қамтамасыз ету секілді мәселелерді қозғағансыз. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқа­рылды?

– Ананың өмірдегі ең үлкен бақыты – сәби. Ал көп баланың анасы болу – нағыз ерлік. Өйткені көпбалалы ана болу оңай емес, сон­дық­тан да еліміздегі көпбалалы аналардың хал-жағдайына мән беру, үнемі көмек көр­­сету міндетіміз. «Әр ба­ланың өз несібесі бар» десек те, оның оқуы, жоғары білім алуы, отбасылы бо­луы, баспана әперу – әр­бір ата-ана­ның парызы екені анық. Сайлауалды бағдарламада көпбалалы және аз қам­тыл­ған отбасыларға берілетін жәрдемақыны әлеуметтік төлем түрлерінің жалпы сомасына теңестіруді жұ­мысымның негізгі бағы­ты ретінде алғанмын. Осы бойынша нәтижелі жұ­мыстар да жүргізілуде.

Сонымен бірге, жас от­басылар мен әлеу­мет­тік әлсіз топтарды бас­па­намен қамтамасыз ету мақсатында «Бақытты от­басы» атты бағдарлама жү­зеге асырылып жатыр. Онда неғұрлым қолжетімді және сұранысқа ие жалға бе­рілетін тұрғын үй­лер­­дің саны өсуде. Бұ­дан бө­лек, тұрғын үйдің ке­зе­гін бөлуде алдымен әлеуметтік әлсіз топтарды басты назарға аламыз. Түрлі қайырымдылық қор, демеушілер арқылы да мәселені оңтайлы шешу жолдарын да қарастырып келеміз.

– Сіз облыстық мәс­ли­хаттың I ша­қы­ры­лы­мынан бастап депутат болып келесіз. Осы кезең­дерде бюджеттен қаржы бөлінгенде мынадай мәселеге жұмсалғаны дұ­рыс еді деген «әттеген-айыңыз» бар ма?

– Негізі, бюджеттен қаржы тиісті салаларға өз деңгейінде бөлініп келеді. Дегенмен де, тәжірибе көрсеткендей, денсаулық пен білім беру салаларына қатысты мәселелер белсенді түрде талқыланады. Себе­бі, қандай да болмасын әлеу­меттік топқа жата­ты­нына қарамастан, әрбір аза­мат үшін бұл – өте ма­ңыз­ды. Мысалы, қазір білім саласында мектепке дейінгі 667 ұйым жұмыс істейді. Онда 60 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Оның 72%-і жекеменшік ұйым. Облыста жалпы білім беретін 293 мектеп бар. Онда 153 мыңға жуық бала білім алуда. 2018 жылы 7 113 оқушы мектеп бітірсе, биыл 5 556 оқушы мектеп бітірді. Алдағы жылдан бас­тап мектеп бітірушілер саны артады деп күтілуде.

Жалпы, өңірдің кадрлық әлеуетін көтеру, оның әлеуметтік-экономикалық дамуын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін осы мәселеге қаржы көбірек бө­лінсе деймін. Бірақ об­лыс­тық мәслихаттың рег­ламенті бойынша бюд­­жеттен қаралатын қар­жы кезең-кезеңмен ат­қа­ры­ла­тын бағдарламаға сәйкес бөлінеді.

– Аймақ тұрғын­да­ры­­мен жиі кездесесіз бе? Мұндай кездесуде тұр­­­­­ғындар көбіне қан­дай мә­се­лені көбірек қозғай­ды?

– Жоғарыда айтып өткендей, бекітілген кесте бойынша міндетті түрде кездесемін. Мәселен, әрбір аптаның бейсенбі күні кездесу кестесі жасалған. Одан бөлек те кез келген сайлаушы үшін уақыт та­уып, ұсыныс-тілектері мен сұрақтары бойынша жүйе­лі жұмыс жүргізуге тырысамын. Жалпы, ауыл тұрғындарымен жиі кез­де­сіп тұрамын.

Көбін мазалайтын бас­ты мәселе – жұмыспен қам­ту. Нарықтық қаты­нас­тарға негізделген жаһан­дық эко­номика әркез жұ­мыс­­сыздықты тудырып оты­­рады. Басқа елдерге қарағанда бізде жұмыспен қамту мәселесі біршама оңтайлы шешіліп келеді. Облыс көлемінде жаңадан жұмыс орындарын ашу жүйелі түрде жүргізілуде. Оған дәлел, шағын және орта кәсіпкерліктің да­муы­на «Индустриялық-ин­новациялық даму», «Биз­­нестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қам­ту­дың жол картасы – 2020» бағдарламалары бойын­ша мемлекет қолдау көр­се­тіп, осының аясында кәсіп­керлікті қолдауға қаржы бөліп отыр. Мұның өзі үлкен көмек. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашы­лып жатыр. Оған қоса, облыстық мәслихат депу­та­ты ретінде Жалағаш ауда­ны Аққұм ауылында ша­ғын және орта бизнес пен кәсіпкерлікті дамытуға жауаптымын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы