Ана өсиетіне адал азамат

Газет мақаласы "Айқын" газеті №142

...1939 жылғы шілде айының он үшінші жа­ңа­­сында жарық дүниеге көрінген Асқар Шо­раев­­тың  балалық шағы сұрапыл соғыспен тұс­па-тұс келді. Бұған қоса сол замандағы ұр­­пақ­­­тың жастық шағы да соғыс қиратқан халық шаруа­шылығын қалпына келтіру кезеңімен сәйкес ке­ліп, өзге материалдық игіліктерді айтпағанда, ішер тамақ пен киер киімнен де қатты тарықты бұл буын. Осының бәрін біздің бүгінгі басты кейіпкеріміз «Көппен көрген ұлы той» ретінде қа­былдауға да пейілді еді, егер арқа сүйер ас­қар таудай әкесі қан майданнан оралғанда... «Жы­ғылғанға – жұдырық» деген­дей, тіпті әке­сінің ағаларының бірі де, оған қоса ортақ Отан­ды неміс фашистерінен қор­ғау­ға аттанған наға­шыларының бірде-біреуі ел­ге оралмады. Сол боздақтардың бәрі де Жеңіс үшін, бүгінгі ашық аспан, бейбіт өмір, ба­қыт­ты заман үшін майдан даласында мерт болып, баршасына жат жерден то­пырақ  бұйыр­ды.

Ана өсиетіне адал азамат

– Әкем 1942 жылдың қаң­та­рын­да әскерге алынып, ел қорғауға аттан­ғанда анам Зейнел үйелмелі-сүйелмелі жеті баламен қалыпты. Бұл менің әлі үш жасқа да толмаған кезім ғой. Бір қыз, алты ұлдың кен­­­­жесі мен екенмін. Сұрапыл со­ғыс жылдары да, соғыстан кейін де біздің ауыл-аймақта біздің үй­ден бетер жағдайы нашар, кедей отбасы болған жоқ, – деп бүгіндері қа­мыға еске алады кіндік қаны Ақ­жайық ауданының Ілбішін ауыл­дық кеңесінің аумағында тамған Асқар.

Иә, сөзбен айтудың өзі ауыр, ес­ке алудың өзі қиын қиямет жыл­дар еді ол кезең. Бірақ қан­­­ша­ма қиындық көрсе де, қаншама ме­хнат шексе де абзал ана пер­зент­терін қатарынан кем қылмай жет­кізуді өмірінің ең басты мұрат-мақ­саты санады.

– Анам жарықтық дастарқан ба­сындағы әңгіме-дүкен бары­сын­да бізге, перзенттеріне, өтірік айт­пау, ешкімге қиянат көрсетпеу, жа­мандық жасамау, егер мүмкін бол­са, қолыңнан келгенше жақ­сы­лық жасау жөнінде жиі айтып оты­ратын. Міне, сексеннің сеңгі­рі­не шыққанша анамның осы өсиет­терін бұлжытпай орындап ке­ле­мін. Алдағы өмірімде де осы ту­р­а жолдан таймасым анық, – деп нық сөз сабақтады Ишанның Асқары.

1962 жылы анасының қолына ке­лін түсіріп, Альфия, София жә­не Рамазан есімді ұл-қыз сүйген Ас­қар ағаның өзі бүгінде он шақ­ты немереге қоса, бес-алты шө­беренің ардақты атасы.

 

ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯДА ШЫҢДАЛДЫ 

Асқар Шораев – Қарағанды об­лысына қарасты Теміртау қа­ла­сындағы металлургия ком­би­­­натында 33 жыл бойы табан ау­дармай тер төккен еңбек ар­да­гері. Жалын-жігері мол жас ке­зін­де ыстығы 1 000 градустан ас­там домна пеші арқылы қара ме­талдан «өзен» ағызып, болат, шойын қорыта жүріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге еңбек майданында құрыштай шың­далған Асқар Ишанұлының өмір­ден көргені де, көңілге түйгені де көп.

Тағы бір қыры – оның жас­тайы­нан спортқа ден қойғаны. Со­ның айғағындай А.Шораев – ве­лос­порт пен шаңғыдан қазақ жас­тары арасынан шыққан КСРО-ның тұңғыш спорт шебері, Қа­зақстанның еңбек сіңірген бап­кері, «Денешынықтыру мен спорт­ты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері. Бапкерлік жылнамасында Ишанның Асқары велосипед спортынан КСРО-ның 30 спорт шебері мен КСРО-ның бір халықаралық дәрежедегі спорт шеберін даярлаған маң­дайал­ды маман. Бүгіндері ол – ту­ған өлкемізде велоспорттың ө­р­кендеуіне атсалысып жүрген аза­мат. Асқар Ишанұлы әлі күнге дейін облысымыздың ең шалғай ау­дан-ауылдарына дейін барып, жас­тарға патриоттық тәлім-тәрбие беру­ге атсалысып жүр.

Еңбек жолын 1957 жылы өзі­нің туған ауыл-аймағы – қазіргі Ақ­жайық ауданына қарасты Ілбі­шін кеңшарында тракторист бо­лып бастаған Асқар ағай кезінде ауыл жастарына жетекшілік (ком­сорг) міндетті де атқарды. Оның 1959 жылдан бастап 1992 жы­лы зейнеткерлікке шыққанға дейін­гі бүкіл өмірі Қарағанды ме­таллургия комбинатымен тығыз бай­ланысты.

– Мен жастарға Қазақстанның қара металлургия өнеркәсібінің қа­лыптасуы жөнінде жиі әңгі­ме­леймін. Өйткені орасан зор қажыр-қайрат пен жалын-жігерді, сондай-ақ темірдей шыдамдылықты та­лап ететін өнеркәсіптің бұл са­­ла­сы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты тұлға, қайраткер ре­­­тінде шыңдады. Мұ­ны өз естелік­те­рінде ұлт Көшбас­шы­сы­ның өзі айтып та, жазып та жүр.

ХХ ғасырдың 60-жылдары Қа­зақстанның қара металлургия са­ласы үшін қазақ жастарынан ма­мандар даярлау күрт қолға алын­ды. Сол жылдары аталған са­лада жұмыс істеуге аңсары ау­ған 500-ден астам қазақ жігіті Днеп­родзержинск (Украина), Сталинск (қа­зіргі Новокузнецк қаласы, Ре­сейдің Кемерово облысы), Ре­­­сейдің Челябинск қаласында жә­не Челябинск облысындағы Маг­нитогорск қаласына оқуға ат­танды. Бұл қалаларда біз қара ме­таллургия өндірісіне қажетті әр­түрлі жұмысшы мамандықтарды меңгердік. Мәселен, құрамында болашақ Президентіміз бар топ Днепродзержинскіде келешек көрікші (горновой) ретінде домна өндірісінің мән-жайына қанықты. Ал біздің топ Сталинскіде тех­но­лог-металлург мамандығын мең­герсе, Челябинскіге аттанған жі­гіттер токарь, фрезеровщик жә­не шлефовщик болуға ден қой­ды. Ал Магнитогорскідегі за­ман­дастарымыз домна пешінің ше­бері, салқын шойын өндірісінің ма­маны және краншы секілді кә­сіптерге маманданды.

Біз барған жерімізде теориялық оқу мен өндірістік үрдіске қатар қа­­­нықтық. Мысалы, аптасына 2-3 күн оқысақ, 2-3 күн жергілікті өн­діріс ошақтарында жұмыс істей­тінбіз.


Қара металлургия – өнеркәсіп­тің ең ауыр саласының бірі. Тек мы­на бір-екі-ақ фактор талай адам­ның төбе шашын тік тұрғызары анық. Біз жұмыс істеген кездегі дом­на пешіндегі технологиялық ыс­тық 1 085°С шамасында, ал кө­рік­шінің (горновой) күнделікті жұ­мыс аймағындағы қызу +200 гра­дус пен +500 градус аралығында болатын. Ол кезде автоматтандыру, компьютерлендіру деген атымен жоқ, барлық жұмыс түгелдей қол­мен істелетін. Қаншама қарулы, теп­се темір үзетін жаста болсақ та, ауысымнан сілеміз қатып шы­­­ғатын. Бірақ жастықтың аты жас­тық қой, шіркін! Аз-кем тынығып алып, би кешіне немесе спортзалға тартатынбыз.

Иә, жұмыс өте ауыр еді, әсіресе, қыс­ты күндері. Өзіңіз ой жүгіртіп кө­ріңіз, алдыңнан 200°-500° ара­лы­ғындағы ыстық шарпыса, ар­қа тұсыңнан Сарыарқаның са­қыл­даған -40°, -45° аязы қариды, ал тура алдыңда болат, құрыш, шойын секілді ең берік, ең мықты ме­талл түрлері «өзен» болып ағып жа­тыр. Оның үстіне өндірістік тә­лімгер ретінде бекітілген сол кез­дегі «аға» ұлт өкілдері біздің еш­қайсымызға жарытып жылы қа­бақ таныта қойған жоқ. Олар біз­ден тек жұмысты қатаң талап ету­ді білді. Несін жасырайық, ара-арасында намысқа тиетін ауыр-ауыр сөздер де айтылатын. Мі­не, осындай жағдайлардың сал­да­рынан көптеген қазақ жігіттері өз­дерінің «металлург болсам» де­ген ойынан айныды. Айналып кел­генде, әу бастағы 500-ден аса қазақ жігітінің металлургия са­ла­сында нағыз «қасқырлары», ал­ғыр­лары қалды. Солардың бі­рі және бірегейі – қазақ елінің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев. Сондай-ақ Марат Ырысбаев, Жеңіс Қайыр­­мағамбетов, Жансұлтан Ыс­майы­лов сынды бірқатар қа­зақ жігіттері де нағыз кәнігі ме­тал­лург болып қалыптасты. Тіп­ті, «Қарметкомбинатта» ұзақ жыл агломерациялық өндіріс бас­шысының орынбасары бо­лып қызмет істеген Марат Ырыс­баев­тың ұлы Артур баламыз өзі­міздің төл кәсіпорнымызда ту­ра әлгі қызметте бүгіндері әке жо­лын жалғастыруда. Әуелгіде ме­таллургия саласындағы еңбек жо­лын қара жұмыстан бастаған біздің жі­гіттердің біразы бертін келе Теміртаудағы Жоғары техникалық оқу орнын (ВТУЗ) және басқа да институттарды бітіріп, өндіріс ко­ман­дирлеріне айналды, – деп бір қайырды Асқар ағай.

Бірде металлургия майтал­ма­нынан Бөкей ордасы ауданының ор­талығындағы колледж сту­дент­терінің бірі Елбасымен қашан, қан­дай жағдайда танысқанын сұ­ра­ған екен.

– Біз 1960 жылғы 3 маусым кү­ні домна пеші арқылы бірінші рет өнім өндірдік. Бұл біздің қа­ра металлургия саласындағы жан­кешті еңбегіміздің алғашқы жемісі, бас­тамасы ғана еді. Сол кезде ала­бұртып толқып тұрған біздің ара­мызда Нұрсұлтан Әбішұлы да бол­ды, – деп жауап беріпті Асқар Ишан­ұлы. Ал тағы бір студент Елбасымен бірге өткізген ең әсерлі сәт жөнінде сұраған көрінеді.

– 1962 жылы 25-27 ақ­пан ара­­­лығында Қазақстан ком­со­мо­лының оныншы съезі өтті. Жас­тар­дың осы алқалы жиынына елі­міздің ең ірі облыстарының бірі – Қарағанды облысынан сайланған 100-ден аса делегаттың үшеуі біздің комбинаттың өкілдері еді. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, қа­зір фамилиясын ұмыттым, Бану деген құрбымыз және мен, яғ­ни Асқар Шораев. Біз съезге жо­лай әсерлі әңгіме айтып, ән шыр­қап, тіпті кейбір мәселелер бойын­ша қызу пікір таластырып, өте жо­ғары көңіл күймен бардық. Бә­ріміз де жалындап тұрған жас­тармыз ғой, жол бойы, әсіресе, жа­сампаз еңбегімізбен туған ел­ді жайнату жөнінде жиі әңгіме бол­ды. Съезге Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қо­наев қатысты. Осы съезде Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, металлургтердің өндірістік тыныс-тір­шілігі және тұрмыстық жағдайы туралы күрмеуі көп мәселені ал­ғ­а тартып, баяндама жасады. Жиын­нан кейін көп ұзамай түгел дерлік бол­маса да, біраз мәселе шешімін тауып, өндірістік жұмысымыз да, күн­делікті тұрмысымыз да әжеп­тәуір жақсара түсті. Сірә, содан бол­са керек, осы сапар менің жа­дым­да ерекше сақталыпты.

Жалпы, ауыр жұмыстан қолы­мыз қалт еткен сәтте Нұрекең қо­­­лына домбыра алып, ән салып, жа­нымызды жадырататын. Біз­дің жігіттердің бәрі дерлік спорт­пен, әсіресе, күрес, бокспен бел­сен­ді айналысты. Сол жылдары Нұрекеңді күрес залынан жиі кө­ретінбіз. Егер өзіміздің қыз-жі­гіт­тер қол ұстасып, шаңырақ кө­теріп, отау құрар болса, бары­мыз­ды салып, комсомолдық той өт­кізетінбіз.

Осындай ортақ шаруаның бел ор­тасында қарайған ұйымдастыру жұмыстарының қиюын келтіріп Нұрекең жүретін еді. Өте ауқым­ды жұмысбастылығына және сая­си биліктің шырқау шыңына шық­қанына қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы әлі күнге дейін қыруар қиындықты бірге өткерген жас кез­дегі дос-жарандары мен өзіне өмірлік бағыт-бағдар берген ұс­таз­­дарын ұмытқан емес. Әрі ол қа­жет жағдайда қол ұшын беріп, шуағын түсіруді де үнемі ескеріп отырады. Міне, нағыз адамға тән дос-жолдастыққа адалдық, жасы үлкенді ардақтау, туған еліңнің мүддесі үшін жағдайыңның бар-жоғына қарамастан, жанкешті ең­бек ету секілді осындай асыл қадір-қасиеттер бүгінгі жастарға да жұғысты болғай, – деп жауап бе­ріп­ті жастардың жаңағы сұрағына.

 

«ТУҒАН ЖЕР, ЕШ НӘРСЕ ЖОҚ СЕНЕН ЫСТЫҚ...» 

Қазіргі заманғы қазақ әде­бие­ті­нің негізін қалаушы­лар­дың бірі, академик-жазушы Сәбит Мұқанов бір сөзінде:

Туған жер, еш нәрсе жоқ

                         сенен ыстық,

Себебі сенде туып, сенен ұш­­тық, – деп тебіренген екен. Мәсе­­леге осы тұрғыдан келгенде, Ишан­ның Асқары да туған жерін ұмытқан емес. Асқар ағайдың Ақжайық ауданындағы бүгіндері Ақжол ауылдық округі деп атала­тын өзі туып-өскен ауыл-аймағына жасаған жақсылығы көл-көсір. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, сол ір­­гелі істердің ірілерін ел-жұрт­тың жадында жаңғыртып кө­ре­­­лік. Алдымен айтарымыз, аға­­мыз аталған ауыл-аймаққа кө­гіл­дір отын мен сапалы ауызсу құ­бы­рының тартылуына, округ орта­лы­ғындағы мәдениет үйі мен мектептің күрделі жөндеуден өтуіне ұйытқы болды. Сосын спорт қалашығын салдырып, мектепке жергілікті шаруа қожалықтарымен тізе қоса отырып, жиырма шақты велосипед алып беріп, спорттың бұқаралығын арттырып, ел ішінде, халық арасында саламатты өмір салтының нығаюына тікелей үлес қосты. Ауыл мектебіне енді бір­­­неше жұп шаңғы алып берді. Соны­мен қатар Асқар Ишанұлы Құр­бан айт, Ораза айт, Наурыз мей­рамы, Қайырымдылық ай­лы­ғы мен «Мектепке жол» ша­ра­сы кезінде де әлеуметтік жәр­дем­ді қажетсінетін жандарға жанашырлық танытудан жаңылған емес. Айтпақшы, А.Шораев тек ау­дан-ауылда ғана емес, тіпті об­лыс орталығында да спорттың кең қанат жаюына лайықты үлес қосып келеді. Мысалы, жағасына Орал қаласының орталық саябағы қоныстанған Шаған өзенінің арғы бетінен веложол мен жастарға ар­нал­ған шағын спорт қалашығын салу да Асқар Ишанұлының идея­сы болатын. Бүгінде бұл шаруа біраз еңсерілді.


– Туған ауылымнан анам Зей­­нелдің атындағы мешіт сал­дыр­­ған­да екі мақсатты көздедім. Бірі – жылдар бойы құла бейнет көре жү­ріп, перзенттерін қатары­нан кем қыл­май жеткізген анам­ның рухына тағзым. Ал екінші көз­дегенім – өз қаржыма салдыр­ған аяулы анам атындағы мешітті сауатты имам-мол­далармен қам­ту арқылы ауыл­дас­тарымның жат діни ағым­дар­ға арбалуына жол бермеу. Шүкір, бұл мұрат-мақ­са­тыма да жеттім, – дей­ді Асқар ақсақал бұл күндері.

 

САЯТ пен САЯХАТ

Өзінің айтуынша, оны қар­ша­дай бала кезінен балық және аң аулауға өзінің туған ағасы, ата-­анасының тұңғыш перзенті Қуа­ныш баулыған көрінеді. Жү­ріс-тұрысы ширақ, әлі күнге де­йін даланы айтпағанда, ығы-жы­ғы, адамы да, автоарғымағы да көп қалада темір тұлпарын өзі жүр­гі­зетін Асқар ара-тұра аңға да шы­­ғып, балық аулауға да барып тұ­ра­ды. Бәлкім сенерсіз, бәлкім сен­бессіз, сексеннің сеңгіріне шық­­қан кейіпкеріміз күні бүгінге дейін сөздің тура мағынасында құра­лайды көзге атқан мерген! Сірә, бұл да бір Құдайдың бергені шы­ғар. Әйтпесе, сексен жаста көп кісіге көлік жүргізу, саятқа шы­ғу, бағбан ретінде бау-бақша бап­тау түгілі, құр әншейін жүріп-тұру­дың һәм үйге кіріп-шығудың өзі үлкен шаруа. Сондай-ақ ағамыз зайы­бы Ләйлә апаны ертіп алып, аға­йын-туыс, дос-жаранды айтпа­ған­да, тіпті ара-тұра алыс-жақын шетелдерге де тартып кетеді. Мысалы, ағамыздың өзі был­тыр 21 күн бойы өтетін 3 300 ша­қы­рымдық «Тур де Франс» вело­­жорығын тамашалап кел­ді. Веложарыс көрерменді көп жи­нау­дан Олимпиада ойын­да­ры мен футболдан әлем чемпионатынан кейін үшінші орында.

– Ой-қыры, жыра-жықпылы көп Пиреней тауларының асу­ла­рының ара-арасымен өтетін «Тур де Франсты» тамашалауға жи­нал­ған мың-сан бейтаныс көрер­мен­нің біразы біздің командаға «Астана! Астана!» деп жанкүйерлік танытқанда жан дүниең толқып, жүрегің тебіренеді екен, – деп ағы­нан жарылды бізбен әңгіме-дүкен барысында ағамыз.

 

ЕЛБАСЫНЫҢ СЫЙ-ҚҰРМЕТІ

Өмірден көргені де, көңілге түй­гені де көп Асқар Шораев үшін жас кезінде еліміздің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ыстығына кү­­йіп, суығына тоңа жүріп жұмыс іс­те­ген Қазақстан магниткасының орны бөлек. Биылғы жаздың бел ортасы ауа сексеннің сеңгіріне шыққан Асқар Ишанұлы осыдан бірер апта бұрын еліміздің бас қаласынан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жазбаша құт­тықтауын алып қайтты. Ар­на­йы құттықтауға қоса, Елбасы құрыш білек металлургтың қолына ци­ферблатына Қазақстанның Тұң­ғыш Президентінің қолы қо­йыл­ған атаулы сағат тақты.

80 жасқа толуына орай, Асқар Ишан­ұлын Сенат депутаты Нари­ман Төреғалиев, Нұр-Сұл­тан қала­сы­ның әкімі Алтай Көл­гінов, Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкі­мі Ғали Есқалиев, Қа­зақ­стан велосипед спорты федера­ция­­сының президенті Дархан Қа­ле­таев және «АрселорМиттал Те­мір­тау» АҚ-ның бас директоры Парам­жит Калон да құттықтады. Ал Словенияның қайраткер аза­ма­ты, «Карич» халықаралық қоры­ның президенті Драгомир Карич еңбек және спорт ардагері Асқар Шораевты мерейтойына орай, «Ел­дер арасындағы ынтымақты ны­ғайтқаны үшін» медалімен мара­паттады. 

Тіл-көзіміз тасқа, сексенге сіз секілді жан дүниесі сергек, айна­ла­сына жасар жақсылығы мол, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы ширақ қалпында келген адам си­рек. Әлі талай жыл осы қалпы­ңыз­дан танбай, төңірегіңіз түгел аман болып, жасай беріңіз, Асқар аға!

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН ,
Батыс Қазақстан облысы