Хат жаздым қалам алып немесе Абаймен сырласу

Газет мақаласы "Айқын" газеті №162

О, құдіретті Абай!
О, қасиетті Абай! Хәкім Абай...
Қатты қиналғанда, шаршағанда, бол­маса оңаша жалғыз қалғанда өзің­мен іштей сөйлесем... Ақылынан айы­рылған адамдай кейде күбірлеп жүрем. Неге екенін өзім де білмеймін... Өзің­мен сырласуды алғаш рет менің «Суда­ғы із» телефильміндегі басты кейіпкерім Мұхан бастаған. Оны мүмкін біреу көр­ген, біреу көрмеген шығар... Дей тұр­ған­мен, өзіңмен сырласуды енді хатқа түсіруді жөн көрдім.

Хат жаздым қалам алып немесе Абаймен сырласу

О, Абай!

Кейде сенің жалпы осыдан 175 жыл ерте туғаныңа қуанам... Кейде өкінем.. Сен неге қазір тумадың деймін?! Деймін де өз ойымнан өзім қорқып кетем... Шын мәнінде сен қазір біздің замандасымыз болғанда қалай болар еді деп түрлі ойға батамын...

О, қасиетті Абай! Құдіретті Абай!

Өзің жазған 45 қара сөздей мен де өзіңе хат жазғым келеді. Сен сияқты әрбір қара сөзіңде қадау-қадау ой айтып, әр қазаққа Темір­қазықты көрсеткендей, кесек-кесек пәлсафа айта алмасым хақ... Бірақ пенде ретінде, адам ретінде өзіңнің әр өлеңіңнен, әр шумағыңнан нәр алып сусындағанда көңілім көтеріліп хат жазғым келетіні рас... Менің хатымды көп адам оқымауы да мүм­кін... Оған өкінбеймін де. Түптеп келген­де біреу­ге жазған хатыңды басқаның оқуы ың­ғай­сыз да шығар... Алайда осыдан 25-30 жыл бұрын қазақтың екі тұлғасы Шерағаң мен Камал аға шындықты шыңғыра айтқан. Мінез­ді ағамыз Шерхан Мұртаза мен қазақ киносы мен телевидениесіне аянбай тер төккен қоғам қайраткері Камал Смаилов екеуінің бір-біріне жазған хаттары. Қоғамның ішкі-сыртқы ахуалын, адамдық, адалдық, рухани байлық, әдебиет, мәдениет, эконо­мика жайлы қалай тебіренгендері әлі есімізде.

О, Абай! Қасиетті Абай!

Айтпақшы біз осы күзде үлкен бір қуа­ныш­қа кенелдік. Ол Челлендж... Яғни, өзің­нің өлеңдеріңді оқу болды... Ақынымыз да, әкі­мі­міз де, шалымыз да, кәріміз де, қызымыз да, ұлымыз да, тіпті емшіміз де, елшіміз де, шетелдің азуын айға балаған жұлдыздары да өлең оқып, қара сөзіңді халыққа қайта жол­дады. Оған, әрине, қуандық. Қуанбағанда ше? Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі бастап берсе... Неге оқымасқа? Қысқасы чел­лендждің шекесін қыздырдық... Алайда менің кө­кейімде бір сұрақ қалып қалды. Ол сұраққа кім­нің жауап бере алатынын білмей­мін... Бірақ санама сыналап кірген ойымды ешкім­ге айта алмай, өзіңмен оңаша бөліскен жайым бар.

О, Құдіретті Абай! Қасиетті Абай!

Әзірге қазақ халқында сенен артық ешкім жоқ. Дұрысы саған лайық адам таппай, ақын таппай, хәкім таппай басымды тасқа ұрсам да, сенен артық Ғаламшар – Ғарыш жоқ екен. Алайда неге біз сенің облысыңды, Се­мей облысын жауып тастадық? Неге?

Бұл Л.Толстойдың «Ясная полянасы», А.Пуш­киннің «Царское селосы» емес пе еді?

О, Абай!

Біз өзің туған, өзің өскен, өзің ер жетіп есейген, бізге мәңгілік мұра қалдырған Семей жерін қалайша қиып Шығыс Қазақстанға қоса салдық?.. Семейді жапқанда не ұттық? Сонда қаншама миллион үнемдедік? Қазақ­тың қай жері де қасиетті, оған дау жоқ. Алай­да Шыңғыс өлкесі біздің рухани Мекке­міз емес пе еді?! Меккемізді жапқаннан жетіске­ні­міз қайда? Осыған менің ақылым жетер емес...

Кеңес кезінде Семейдей қорлық көрген бірде-бір жер жоқ шығар. Адам баласын қырып-жоюға арналған атом бомбасымен сол өңірдің астын да, үстін де тас-талқан етті. Абайдың ұрпағын бейбіт кезде өлтіруге шақ қалдық... Ұлы мүгедек, қызы ауру ұрпақ келді дүниеге. Міне, сол аздай Семейді жаптық...

Қайран, Семей! Шәкәрім мен Мұхтардың да кіндік қаны тамған, туған топырағы сол жер емес пе еді?! Бұл Ақтамберді жырау мен Ду­лат Бабатайұлының балалығы өткен Ота­ны емес пе еді? Амал не? Бармағымды шай­нап-шайнап тастасам да, қайтып келер ме, Семейім?!

О, Абай!

Меніңше дәл қазір өзіңнің 175 жылдық тойыңның алдында біздің қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы осы қатені жөндеуі керек сияқты. Тойдың шашуы ретін­де Семей облысын ашса, нұр үстіне нұр бола­ры белгілі. Абай хәкім, әрине, сенің атың­­да көшелер бар. Қазақстанның әр қала­сын­да бір-бір көше бары рас. Алайда осы жет­кілікті ме? Неге біз сенің атыңа бір әуе­жай­ды, бол­ма­са бір облысты қимай отырмыз? Жарайды делік. Бізде Жәкем – Жамбылдың атында облыс бар... Қаныштың атында Сәтпаев қала­сы бар... Сен оларға Темірқазық едің ғой... Неге біз сені ұмыттық, Абай? Егер осы Семей қайта ашылса, ел-жұрт қандай қуанар еді... бөркімізді аспанға лақтырып, бір-бірі­мізден сүйінші сұрамас па едік?.. Иә, менің ақылым әзірге осыған жетпей тұр...

О, Абай! Қасиетті Абай! Қадірлі Абай... Осымен мен хош дейін... Тағы да жазармын. Артық айтты деп сөге көрме...

Сенен басқа сырымды кімге ақтарам?..

 

Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның халық артисі, профессор