Арғы бастауымыз – Алтын Орда

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 165

Ел тұрғындарының үштен бір бөлігі тарихи тақы­рып­тарға қызығады. Елбасы қоры жанындағы Әлемдік эко­номика және саясат институты (ӘЭСИ) жүргізген әлеу­меттік зерттеу нәтижесі осылай дейді.

Арғы бастауымыз – Алтын Орда

ӘЭСИ мамандары жұртшы­лықтың бүгінгі және бұрынғы та­рихи кезеңдерді қалай қабыл­дай­тынын зерттеп көрген екен. Осы бағытта әлеуметтік сауалнама дайындап, оған Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент қалалары және еліміздің 14 облысынан 2 500 қа­тысушы тартылған.

Нәтижесінде, тұрғындардың үштен бір бөлігі, яғни 40 пайы­зының қазақ тарихына қызы­ға­тыны белгілі болды. Сауалнамаға қатысушылардың 68 пайызы тарихи тақырып бойынша білімді мектеп, колледж, университет қабырғасынан алғанын мойын­даған. 37 пайызы көркем фильм­дер мен телесериалдар арқылы білетін болса, 31 пайызы тарихи мәліметтерді деректі фильмдер мен телебағдарламалардан естіген болып шықты.

Сондай-ақ сауалнамада Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі танымал тарихи қайраткерлер туралы да сұрақ болыпты. «Ең танымал тарихи қайраткер кім?» деген сауалға қатысушылардың басым бөлігі Шыңғыс хан, әл-Фараби және Томиристі атапты.

Тарихтың түрлі кезеңі бола­тыны белгілі. Кімді қай кезеңі қызықтырады? ӘЭСИ жүргізген сауалнама бұған да жауап тапты. Сұралғандардың 29,6 пайызы – Қазақ хандығы, 25 пайызы – Алтын Орда дәуірі және 21,8 па­йызы Екінші дүниежүзілік со­ғыс жылдарындағы Қазақстан тари­хын жылнамадағы ең қызық­ты кезең деп есептейді екен.

Тұрғындардың Алтын Ордаға көзқарасы тіпті қызық нәтиже көрсетіпті. Сұралғандардың 44,8 пайызының Алтын Ордаға деген көзқарасы оң болса, 28,9 па­йызы бейтарап қалуды жөн кө­ріпті. Бұл нені білдіреді? Алтын Орданың насихаты кемшін деген сөз. Алтын Орда – іргесін Шың­ғыс ханның ұлы Жошы қалаған Қазақ мемлекеттілігінің бастауы болған мемлекет. Алтын Ордадан кейін осы топырақта Қазақ хан­дығы салтанат құрды.

Біз Жәнібек пен Керей хан­дар құрған Қазақ хандығының мұ­рагеріміз. Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатты түрде атап өткеніміз соның дәлелі. Сондай-ақ алдағы уақытта тари­хымыздағы тағы бір маңызды мереке – Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­­ғын атап өтеміз. Алайда біз ке­­ше ғана пайда бола қалған ха­лық емес екенімізді, арғы түбіміз алыста жатқанын ұмытпауымыз керек.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда «Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қа­жет. Оның тарихи тұлғасына әлем­нің назарын аударып, кесе­несін мә­дени туризм нысанына айнал­ды­ру – өте маңызды міндет» деген еді.

Шынында, солай. Жошы хан­ның есімін ұлықтау арқылы біз қазақтың басқа да хандарын тұ­ғы­рына қондырарымыз сөзсіз. «Қазақ мемлекеттілігінің баста­уында Жошы хан тұр. Қазақ хан­дары өздерін ешқашан жекелеген, жаңа бір мемлекеттің билеушісі санамаған. Олар арғы бабалары сынды Жошы ұлысының билеу­шілері еді» дейді бұл жайлы та­рихшы, ӘЭСИ сарапшысы Радик Темірғалиев.

Өкінішке қарай, қайсыбір тарихи еңбектерде әлі күнге де­йін «моңғол-татар шапқын­шы­лығы» деген кеңес заманынан қалып­тасып қалған қайшы да қасаң пікірлер жойылған жоқ. Жоға­рыдағы сауалнамаға қаты­су­шылардың 28,9 пайызының Алтын Орда жайлы ойын бүгіп, бейтарап қалуы – осындай қасаң пікірлердің нәтижесі.

Бұл пікір қалай қалыптасты? кеңес заманында, нақтырақ айт­қанда 1944 жылдан бастап Алтын Орданы зерттеуге тыйым салын­ды. Керісінше, Алтын Орда ата­уының өзін жеккөрінішті етіп көрсетуге тырысты. «Қазақ тари­хына «Алтын Орда қазақтардың ата-бабаларының (қыпшақ­тар­дың) жерін жаулап алған жат мем­лекет» деп түсіндірілді. 1937 жыл­дан бастап «Алтын Орда мұрасы» ұлттық тарихтан жұлып алынды. 1944 жылы сол процесс аяқталды. Содан 80-жылдарға дейін «Алтын Орда» концептісіне қатаң тыйым салынды» дейді тарихшы, ӘЭСИ сарапшысы Жақсылық Сәбитов.

Сауалнамада қазақ мемле­­кеттілігінің бастауы жайлы сұрақ ­бол­­ды. Қатысушылардың 20,5 па­­­­-йызы бастауды XV ғасырдағы Қазақ хандығының құрылуымен байланыстырыпты. 23,9 пайызы 1991 жылғы тәуелсіздік алған сәтті белгілепті. Бұл дұрыс та шы­ғар. Алайда біз Қазақ мемлекет­тілігінің бастауында айбынды Алтын Орда тұрғанын ұмытпауы­мыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайбір жылы Ұлытау төрінде берген сұхбатында бұл жайлы «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін бір­тіндеп тәуелсіздікке келіп ті­ре­леді. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі ке­рек. Біз кеше ғана пайда бола қал­ған халық емеспіз» деген бола­тын. Шынында, үлкен тарихы­мыз­ды алдымен өзіміз құрмет­теуіміз керек емес пе?!