ШҚО-да сақтардың ежелгі қонысы табылды

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Ақбауыр шатқалында архелогтар сақтардың ежелгі қонысын тапты.

ШҚО-да сақтардың ежелгі қонысы табылды

Кеше белгілі қазақстандық археолог Зейнолла Самашев бұл жаңалығымен облыс әкімі Даниал Ахметовпен бөліскен. Археологиялық ескерткіштер Ұлан ауданы Бестерек ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Ақбауыр тауыннан табылған.

Ақбауыр шатқалында жартас суреттері мен петроглифтері бар алаптарымен атақты. Бұл жерде Зейнолла Самашев соңғы қола дәуіріндегі және ерте темір дәуіріндегі қоныс қалдықтарын тапқан. Жалпы, Қазақстан аумағындағы сақтардың отырықшы қоныстары өте аз зерттелген, ал елдің шығысында бұл алғаш рет ашылып отыр.

«Бұл жағдай ежелгі сақ халықтарының экономикасы мен қоғамдық құрылымын жаңаша зерделеу тәсілдерін ашады, өйткені ежелгі дала көшпенділерінің тек көшпенді салт-ғұрпы жайындағы пікір әрдайым басым болатын. Атауы Ақбауыр-1 аталған елдімекеніндегі көп мөлшерде дәнүккіштердің, ою-өрнексіз керамикалардың, қайрақ тастардың, жылқы, қой, ешкі сүйектерінің көп мөлшерде табылуы – осы ескерткішті қалдырғандардың кешенді сипатын айқын дәлелдейді.

Зейнолла Самашев айтқандай, бұл ескерткіштің шамамен уақыты – б.з.д. XI - IX ғғ. Бұл тұжырымдарымен Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік институтының археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Николай Боковенко келіседі. Ол Ақбауыр-1 елдімекенінде өте маңызды ғылыми жаңалық жасалғанын атап өтті.

«Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет ежелгі сақ қонысы ашылды, бұны қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген артефактілер растайды. Әсіресе, ерте сақтардың көшпенді шаруашылығын көрсететін қайрақты тастарды атап өткен жөн. Қола және ерте темір дәуірінің қабаттарын бөлу үшін керамика сипаттамаларын мұқият қарау керек», - деді Николай Боковенко.

Сурет интернеттен алынды