Қапал татарларының туған жерге тағзымы

Газет мақаласы Айқын газеті №90

Кезінде уезд, кейіннен  аудан орталығы болып қазақтың талай-талай марғасқаларының табаны тиген Қапал  – бүгінде Ақсу ауданындағы қатардағы ауылдардың бірі. Қапалдың аты шығып, мәртебесі асуында жергілікті жұртпен бірге татар ұлты өкілдерінің де өлшеусіз еңбегі барын тарихтан білеміз. Қазіргі кезде олардан тараған ұрпақ әлемнің әр қиырында  тірлік етуде. Қазақстан халқы ассамблеясы, Алматы облысы әкімдігі және «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестсігінің ұйымдастыруымен 15 маусымда Қапалда  «Қазақстан халқының қалыптасу үдерісіндегі қазақ-татар байланысы» тақрыбында халықаралық ғылыми конференция өтпек. Бауырлас елдер өкілдерінің туған жерде басқосуы қарсаңында талдықорғандық өлкетанушы Жемісбек Толымбековтің Қапал татарлары жайындағы зерттеуін жұрт назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Қапал татарларының туған жерге тағзымы

Жетісу жері «Жидесу» деп аталыпты. 1874 жылға дейін қазақта ағарту, іс-қағаздары татар тілінде жазылғаны белгілі. Татар жазбаларында «Жидесу» делінеді. Бес тарихтың авторы Құрбанғали Халид те «Жидесу регионы» деп жазады. Ғалым­дардың өзен атаулары мен жер көлеміне талас тудыратыны осы «Жидесу» атауына мән берілмегендіктен де болар.

Қапал бекеті орнамай тұрып, ол жер жөке ағашы бітік өскеніне қарасты «Жиде (Жөке) алқабы» деп аталған. Отаршылдар жөкені түгел отаған. К.Ходжиков «Жетісу­дың көне қорғандары» еңбегінде: «Қапал бекінісін салу барысында, өлкенің маңайы түгел ойрандалып, орман оталғанын Н.Абрамов көзімен көрген», – деп дерек­тейді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Қапал өңіріне Қазан татарлары сауда-сат­тық жасап, келе бастайды. Қытай, Шығыс Түркістан, Ташкент, Бұқара, Қоқанмен сауда қатынасын өрістетеді. Солардың бірегейі – Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы. Сейфул дегені алынып тасталып, татар­ша сойы Мөлекев деп жазылады. Орысшада – Мулюков. Ғалиақпардың Меккеге қажы­лыққа барған құжатында Сейфул­мүліков деп толық жазылған. Бұл дерек 2004 жылы шыққан «Жетісу» эн­ци­кло­­пе­диясының «Жетісу өлкесінен қажы­лық са­парға барғандар» қосымшасын­да келтірілген.

Ғалиақпардың ұрпақтары ататегіміз Қазанның Қызыл-Жұлдыз ауданы, Мың­дұш ауылынан шыққан десе, мәскеулік профессор Балқыз Қармышева: «Ғалиақ­пар Мөлекев Балташ яклары, Ор ауылынан шыққан», – деп жазады. Қазан, «Татарстан китап нәшрияты», авторы – Мирқасым Госманов, 1996 жыл, «Ябылмаған китап» кітабының 33 бетінде Мөлекевтер туралы осындай деректер келтіреді.

Бабаларын татарлар «әти» деп атайды. Сейфулмүліктің есімін тікелей атамай, «әти» деп атаған. Салдары, Сейфулмүліктен ары қарай ата таралымы ұмытылған. Сондықтан Сейфулмүлікті ұрпақтары «баба» деп санайды.

Сейфулмүліктің ұлы Ғалиақпар Татариядан алдымен Семейге келеді. Бас татар саналған Ғабдессәлам (Әпсәлем) Мөхсиновтың приказчигі боп қызмет атқарады. Әпсәлемнің қызына үйленеді. Қызметінде Әпсәлем атасының сенімін ақтап, Қытайға баратын сауда керуенінің басшылығына тағайындалады. Ғалиақпар еларалық сауданы өнімді жүргізеді. Шоқан Уәлиханов архивінде сақталған, Құл­жадағы орыс елшілігінің хатшысы жүр­гізген «Күндізгі журнал 1855 жыл» құжат­намасында: «4 тамыз. Ғалиақпар мен Нажмитден Әпсәлем қажы приказчиктері. Өткен жылы Құлжа қаласында өз капи­талдарымен сауда жасады. Ғалиақпар Әпсәлемнің күйеу баласы, капитал қоры қомақты», – деп жазылған. 1854 және 1855 жылдары Сейфулмүлікұлы Ғалиақпар мен Нажмитден Бекболатов екі мәрте Қытайға барып, сауда-саттық жасап қайтады. 1890 жылы Қапал уезінен 54 жас­тағы Наж­митден Бекболатов пен оның 11 жастағы ұлы Садуақас Меккеге қажылыққа барған. Түрколог, ғалым В.Радлов «Из Сибири» кітабында: «Жетісу өлкесінен Шәуешек пен Құлжа қалаларына мал саудасын 4/1 мөлшерде өрбіткен татар нәсілді сауда­герлер» деп жазады. Қапал 1854 жылдан округтік қала болғанда үш бажа Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы, Нажмит­­ден Бекболатов, Қаптағай-Қыды­ра­лы елінің имам-мол­дасы, Қапалдағы төменгі мешітті бас­қарған Мұхаметжан Мұқамедиев­тер Семейден Қапалға көшіп, жақсы жай салып орнығады. Қапалда мал саудасын өркендетіп, сауда айналымын
30 мың сомға жеткізіп, өңірдің 1-ші гильдия­лы көпестері атанады. Елдімекенде өркениет, сауда, тазалық, дін мәселелерінің ше­шілуіне, қалыптасуына ат салысады. Алты көше бойы 546 үй, тоғыз көпір салынады. Қапалдың метерологиялық климатын қадағалауға округтік приказға 1857 жылдан бастап жыл сайын қаржылай көмек көр­сетіп тұрады. Қапал округіне тоғыз пошта бекеті қараған. Пошта жолы Сергиополь мен Арқат бекетіне шейін 189,5 шақырым және Верный бағытына Қарабұлаққа дейін 53 шақырым болған екен.



Шоқан Уәлихановтың 1858 жылғы Қашқария экспедициясына Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы барынша көмектескен. Экспедиция құрамына сауда-саттықпен қатысады. Ол туралы Қабдрахман Наурызбаевтың татарлар туралы жазылған деректі хикаятында келтіріледі.

Қапалда салынған ескі мешіт әлі тұр. Қаңқасы қалғанымен, мәні зор. Мешітті салдыруға ұйытқы болған – Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы. Ол жергілікті беткеұстар мұсылмандардың басын қосып, мешіт салдырсақ деген мәселені алға тартады. Жиынға келгендер Ғалиақпардың ұсы­нысын қолдайды. Шекара әскери генерал-губернаторы Г.Колпаковскийге ұсыныс-хат жазылып, Қапал өңірінің тоқсан екі бетке ұстар мұсылманы қолдарын қояды. Бұл – 1866 жыл. Генерал-губернатор Г.Колпаковский тоқсан екі адам қол қойған хаттың маңызына сәйкес Батыс Сібірдің Омбыдағы жоғарғы басшысына жолдап, Қапалда мешіт салу жөніндегі ұсынысты қолдайтынын білдіреді. Омбы қаласындағы басшылық ұсыныс хатты мақұлдайды. Бұйрық шығарып, мешіттің сызба жобасын жасап, бекітеді. Мешіт салуға Никитин деген арнайы архитектор тағайындалады. Ол мұсылмандар мешіті құрылысын 1867 жылы бастап, 1874 жылы бітіреді. Ғалиақпардың бастамасы іске асып, беделі артып, жасаған қайырымын халық та қош көреді.

Шоқан Уәлихановтың 1858 жылғы Қаш­қария экспедициясына Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы барынша көмектескен. Экспедиция құрамына сауда-саттықпен қа­тысады.


Көп тілеуіне арқаланған Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы алпыс үш жасында, яғни 1875 жылы Қапалдан Аякөзге, одан Семей, Омбы, Орынбор, Феодосия, Стамбұл арқылы Меккеге «қажылық» сапарына барады. Мединеге түйемен жетеді. Бұл – Қапал уезінен Меккеге «қажылық» етуге жасалған екінші сапар. Қажылыққа Ғалиақпармен бірге елу жастағы Мұхамет­жан Мұқамедиев, отыз жастағы Файзолла Құсайынов бірге барған. Меккеге қажылыққа Қапал уезінен бірінші сапар бір 1874 жылы болып, 61 жастағы Сейіт­қожа Садырбаев, 56 жастағы Хайболла Ғабитов барған. Хайболла Ғабитов қазақтың айтулы тұлғалары: Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтың жары болған Фатима Ғабитованың атасы болады.

Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы Меккеде болғанында өз қаражатына қажылыққа барғандар тоқтайтын қонақүй (тақия) мен керуен сарай салдыртады. «Ябылмаған китап» мәліметінде: «Ғалиақпар мүм­кіндігін көрсетіп, қажға барған шақта, Меккеде қажылық қылушылар тоқтарлық «тақия (қонақүй)» мен керуен сарай салдыртып, көпке жаратуға бақыт етіп қалдырды», – делінеді.

Ғалиақпар қажының ұлдары: Солтан, Сыттық (Сыдық), Лоқман (Лұқпан), Хаким әке жолымен Меккеге қажылыққа барып, тәу еткен. Қапалдан шыққан қа­жылар атанып, сауда-саттықпен айна­лысқан. Елдімекендерде сауда үйін, лавка, балаған ашқан. Сауданы адал жасап, ешкімге зиян келтірмеген. Қиянат, жаман­шылық кінәратқа бармаған. «Талапты ердің қабілеті елмен мұқалмас» деп елге өз қаражаттарына газет-журналдар сатып әкеліп, халықты білімге ұмсындырған. Ағарту жұмысынан қаржысын аямаған. Кедейлер үшін зекет салығын ұдайы төлеп тұрған. Мәдени шаралар өткізіп, одан түскен қаржыны кедей отбасыларының талапты балаларын оқытуға жұмсап отырған. Қапалда жаңа, сәнді киім үлгілерімен танылып, қала халқы солардың киім үлгілерімен киінуін «мода» қылған. Қазақтың отырықшы болуына жол көрсеткен. Шығыс пен кіріс есебін өздері тұрақты жүргізген екен.

Солтан Ғалиақпарұлы Қытаймен сауда жасау керуенін басқарып жүргенінде, қарақшылар қолынан мерт болған деген дерек қалған. Лоқманның әйелі – Қапал атрабына әйгілі Тұрсын төренің Хадиша есімді қызы. Лоқман оны бір көргеннен ғашық болады. Қыз да Лоқманды ұнатады. Жастай біреуге атастырылып қойылға­нымен, Ғалиақпар қажының даңқы мен Лоқманның байлығы ол келісімді бұз­дырады. Хадишаның қалың малы ал­тынмен төленеді. Лоқман 1916 жылы сыр­қаттан Қапалда өмірден өтіп, Қапал­дағы қорымға жерленеді. Артында Фарфаз, Гүлжихан, Садық деген ұрпақтары қалады.

Қызылдар Қапалды басып алар алдында Хадиша балаларымен Қытайға асады. Тұрсын төре 1929 жылы қызының балаларымен бірге қайта оралуын қалайды. Хадиша «қызылдарға сенгім жоқ» деп қайтпайды. Тұрсын төре 1930 жылғы кеңес өкіметіне қарсы «Бөрібай көтерілісінің» қолбасшыларының бірі болады. Ол қаза тапқан оқиға тарихта «Сарытау қырғыны» деп аталады. Тұрсын төре көш бастап, Қытай асуға бекінеді. Оны жансыздар қызылдарға жеткізіп қояды. Жазалаушы отряд Демікпе асуына жетпей көшті қуып жетеді. Сексен жастағы Тұрсын төре мен жиырма жастағы немересі Жолдыханұлы Мәжінді жазалаушы отряд қылышпен кескілеп өлтіреді. Ол туралы «Жетісу бай­ларын тәркілеу» атты мұрағат материал­дарында айтылған. Тұрсын төренің ұлы Қырықбай Мәжін мен Тұрсын төрені Баласазға әкеп, атасы Омар төренің зи­раты жанына жерлейді. Тұрсын төренің тағы бір ұлының есімі – Жүніс. Яғни, Тұрсын төре кіндігінен үш ұл, бір қыз туып тараған.

Қытайда Хадишаның баласы Садық (1912-1969 ж.ж.) Құлжадағы татар мекте­бінен оқып, одан есепші мамандығын игеріп, Қытайдағы кеңес елшілігінде қыз­мет атқарып, кеңес азаматтығы төлқұ­жатын (паспорт) алады. 1880 жылы туған Хадиша Тұрсынқызы 1954 жылы Қытай жерінде өмірден өтеді. Өмірден өтер алдында : «Арманым, туған Қапал өңіріне жете алмай, өмірден өтіп барамын. Туған ел мен жерге оралғандарың жөн», – деп балаларына өсиет айтады. Лоқманның ұрпақтары Хадиша анасының өсиетін іске асырып, 1955 жылы қазақ жеріне оралады.

Хаким Меккеден қажылықтан қайт­қан сапарында ажал құшыпты. Артында Фазылжан деген ұлы қалып, ол Семей қаласында татар молдасының Зубан есімді қызымен тұрмыс құрады. Ақсуда пошта бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. Ұлы Отан соғысында алдымен еңбек майданына, сонан соң әскер қатарына алынады. 1943 жылы Курск доғасында мерт болған. Артында Мунир, Қадыр есімді ұлдары қалады. Мунир ФЗУ бітіріп, майданға етік тігіп, жөнелтетін іспен ай­налысады. Соғыс аяқталған соң, бухгал­терлік курс бітіріп, Жансүгіров поселка­сының бас бухгал­терлігінен зейнетке шы­ғады. Қадыр Текелі қорғасын заводын­да бас инженерлік қызмет атқарады. Одан Тәжікстанда шахта бастығы қызметіне тағайындалады.

1920 жылы Қапалды қызылдар алғанда, көздеріне мұсылмандар мешіті басындағы күнмен шағылысып, жар­қыраған ай шалынады. Қызыл командир бір солдатқа мешіттегі мұсылмандық белгіні құлатуды бұйырады. Солдат мешіт төбесіне шығып, мұнара басындағы көм­керілген айды жерге құлатады. Ай жарты сілемі жерге қадала құлайды. Көргендер қызылдар қаһарынан қорқып, оны ала алмайды. Екі-үш күн ай жерге қадалған қалпында жатады. Ғалиақпардың не­мересі, Сыттықтың ұлы, он төрт жастағы Амин төртінші күні түнде ешкімге көрінбей барып, мешіттің айын құлаған жерден алып үйіне әкеледі де, үйдің жертөлесіне көмеді. Үйдегілер ешкімге ауыз ашып айтпауға уәделеседі. Осылайша, Қапалдағы мешіт айы 1991 жылға дейін осында сақталады. Сол жылы мешіт қайтадан ашылып, бірінші имам Доскелді ай туралы үлкендерден естіп, мешіттің шаруашылық басшысы Баймұхамбет Шалматаевтан іздестіріп, табуды өтінеді. Ақыры 71 жыл тығулы жатқан мешіттің айы бұрынғы орнына қайтадан орна­тылады. Мешіттің айын кезінде Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы қаражатына арнайы тапсырыспен жасаттырған екен. Ұрпақ­тары атадан қалған жәдігерді талай жылдар бойы сақтап, оны көпшілік тілегімен орнына қойғаны ғибратты рәсім екенін ұрпақтар ұғына жатар.


Қызылдар «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «қайдан тапсаң одан тап, қаптың түбін қақ» деген ұрандармен үй-үйді тіміскілеп, азықтарды сыпырып алып, қарсылық көрсеткендерді «банды» санайды. Сыттық Ғалиақпарұлы (1850-1919 ж.ж) бәйбішесі Асма мен одан туған Зәкір, Сәлім ұлдарын, Ғафифа есімді қызын ертіп, 1919 жылы Ақсуға көшіп, сонда науқастанып, іштен жеген күйіктен қайтыс болады. Ақсу өзенінің арғы жағалауындағы ескі қорымға жерленеді. Зират басында мәрмәр тастан жасалған ескерткіш белгі тұр. Сыттықтың жерленген жерін ұрпақтарына «ұмытпай зиярат ете жүріңдер» деп көрсетіп кеткен ұлы Амин екен. Ол тоғыз жасында, яғни 1915-1916 жылдары, Қапалдағы жаңа жадит төрт сыныптық мектептің ең үздік оқушысы атанады. Озат оқушы ретінде оған бірінші гильдиялы көпес, жаңа жадит мектебін ашқан, Қапал өңірін түлетуге қайырымды үлес қосушы, Қапал өңірінде жастарды оқытып, білім беретін мешіт-медре­селерден қаржысын аямаған, 1912 жылы Қапалда қыз балаларға да арнап «Якобия» мектебін ашқан Шаяхмет Абсаттаровтың жаназасы мен жерлеуіне қатысуға рұқсат беріледі. Шаяхмет көпес үлкен құрметпен 1916 жылы Шайқорғанға жерленеді.

Сыттық әкесі Ғалиақпардың жолын ұстанып, Меккеге қажылыққа барып, мұсылмандық бес парызды қастерлеп ұстаған пәтуалы жан болады. Екінші әйелінің есімі – Күпнисжамал. Балалары: жоғарыда айтылған Амин, Ұлы Отан соғысында мерт болған Лұтрахман және Хаким. Барлығы Қапалда туған. Үш ұлын жоқшылыққа ұрындырмай, өсіріп жет­кізген Күпнисжамал 1954 жылы қайтыс болып, Қапалдағы қорымға жерленген.

Сыттықтың ұлы Амин 15 жасында үйелменнің басы болып, еңбекке кіріседі. Қиындық пен азапқа төзе жүріп, көп құрметіне бөленеді. 1925 жылы он тоғыз жастағы Амин әскерге шақырылады. Үйелменнің асыраушысы болғандықтан, әскер қатарына алынбайды. 1929 жылы Түрксіб теміржол құрылысына жұмысқа тұрып, Айнабұлақ станциясында темір­жолдың тоғысуына үлес қосқан Амин Айнабұлақ станциясында болашақ суретші Әбілхан Қастеев, екі мәрте Социалистік еңбек ері атанған Нұрмолда Алдаберге­новпен достасады. 1930 жылы 1 мамыр күні РСФСР халық комиссарының орынбасары Тұрар Рысқұлов Айнабұлақ станциясына келіп, Түрксіб жұмысшы­ларын еңбек жеңісімен құттықтайды. Айнабұлақтағы теміржол түйіскен мерекелі жиында Ілияс Жансүгіровтің Түрсіб жұмысшыларына арналған «Поезд» деген арнау өлеңі оқылады. Нұрмолда Алдабергенов екеуі колхоз құрылысы туралы Тұрар Рысқұловтан ұғынады.

Түрксібтен кейін Амин Қапалға оралады. Шамшинұр Сайфоллақызымен отбасын құрады. Отау болған екеуінен Ғазиз, Ахат, Мадина, Зариф, Ғалия, Гариф тарайды. Амин мен Шамшинұр 1930 жылғы Қапал-Ақсу өңіріндегі «Бөрібай көтерілісі» жазалауынан, одан 1932 жылғы ашаршылықтан аман қалып, бала-шағалы болып, бақытқа бөленеді.

Амин Ұлы Отан соғысына қатысып, Қапалға аман оралады. Колхоз қызмет­терінде істеп, еселі еңбегін бағалаған көпшілік құрметпен «әбзи» деп атайды. Амин 1980 жылы, Шамшинұр 1981 жылы өмірден өтеді. Бабасы Ғалиақпар жер­ленген Қапалдағы әулет қорымына қойылған.

Ғалиақпар қажы Сейфулмүлікұлы Қапалда қайтыс болады. Ғалиақпар қажы: «Беті қалың, бетке қарап өтірік күлген­дерге, аяғының басына қарап сөйлейтін­дерге аса жуымаңдар. Арақ әзәзіл, ең жа­маны – қиын. Қалғаны адамға табиғилық» деген ғақлия қалдырады. Ғақлиясын ұрпақтан ұрпағы орындап келеді.

Ғалиақпар қажы өмірден озғанда Меккедегі тақия мен керуен сарайы бас­шыларының ресми көңіл айтып жазған хаты Қапалдағы өркендеріне жетеді. Түп тамыры бір татар нәсілдері төрткүл дүние­нің барлық жеріне таралған. Орныққан жерлерінде жаңа өрісті мәдениет, оқу, бі­лім, сауда, өркениет әкеп, жергілікті ха­лық­ты соған жетелей білген. Қапал Мөлекевтері де ондайдан кенде қалмаған. Қазіргі кезде туған жерлерімен байланысты жандандырып, Қапалдың даңқын қайта қалпына келтіруге үлес қоспақ. «Жастар жылында» Ғалиақпар Сейфулмүлікұлы қажы мен оның ұрпақтарының өнегесі «Рухани жаңғыруға» дем бермесе, кемдік етпесі анық.

Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ, 
Алматы облысы