Топ ағаш тоғайының аңызы

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ұлы дала құпиясы» атты әдеби-тарихи танымдық экспедиция жасақталған болатын. Жақында жоба жеңімпаздары Жамбыл облысының тарихи орындарына саяхат жасады.

Топ ағаш тоғайының аңызы
Фото: National Geographic Qazaqstan

Жамбыл облысына сапар аясында университет студенттері Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Топ ағаш тоғайы атты орынға барды. Тоғайдың шырақшысы Ғалымжан Ұзақбаевтың айтуынша, халық арасында бұл жер туралы аңыз-әңгіме көп.

– Топ ағаш тоғайы – емдік қасиеті бар айрықша жер. Бір ерекшелігі, мұнда құстар жоқ. Жердің құрылымы әр түрлі, басқа жерде кездеспейтін ағаштар өседі. Ағаштардың жапырақтары да әр түрлі болып келеді. Әрбір қатары үш жүзді бейнелейді. Ұлы, Орта  және Кіші жүз бір жерге орналастырылған. Ағаштарды басқа жерге апарып ексе, өспейді. Әр талдың емдік қасиеті бар. Ұлы жүздің ағашы адамның мансабын жоғарылатып, табысқа жеткізеді. Орта жүз ағашы қиындықтарды шешіп, ауырлықты азайтады. Кіші жүз ағашы шығармашылық адамдарға, спортшыларға демеу болып, тұрмысқа шықпаған қыздардың жолын ашады деген түсінік бар. Тоғайда Әбілқайыр ханның өзі отырғызған тал бар. Тоғайдың ауасы да, тасы да, талы да адамды емдейді. Тоғайдағы қара түсті тастың бетінде «Алла» сөзі жазылған, – дейді ол.

Шырақшының айтуына қарағанда, осында ел арасында Домалақ ана атанып кеткен Нұрила дүниеге келген. Бәйдібек би мен Нұрила алғаш рет осы жерде жүздесіп, отау құрған.

Тоғай ағаштарының ең басты ерекшелігі бір талда үш түрлі жапырақ өседі. Ағаштың төменгі жағында сәмбі талдың жапырағы, ортасында долана ағашының жапырағы, ал жоғары тұсында теректің жапырағы. Ағаштардың өзегінде шырын бар. Мұнда келушілердің басым бөлігі аталған шырынды шипалы һәм емдік қасиеті бар деседі.

– Жалпы адамзат баласында сенім деген жақсы ұғым бар. Ол – адамның қоршаған ортаға, ақиқатқа көзқарасын және қарым-қатынасын анықтайтын түсінік. Халқымыздың ұғымында ерекше тау, тас, су, үңгірлерді қасиетті санап, оларды қастерлеп, сақтауға ұмтылуын тұтас бір тәрбие институты деуге болады. Бұл бір жағынан экологиялық тәрбие. Ондай орындардың «киелі» атағына ие болуы – жергілікті жұртшылық санасында діни-аңыздық түсінікпен тікелей байланысты. Елімізде қаншама тоғайлар шабылып, жойылып кетті. Қасиетті санағандықтан табиғаттың ғажайып бір бөлшегі Топ ағаш тоғайының дін аман бүгінгі күнге жетуі бізді қуантты. Бұл жер адамға шабыт беріп қана қоймай, жан-дүниеңді тыныштандырады, қуаттандырады, – деп атап өтті экспедиция жетекшісі Бибігүл Сұлтанова.

Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асанның айтуынша, жоба қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіледі.

– Басты мақсат – халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи санасын дамыту арқылы ұлттық тұтастықты сақтау, Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық аумағын зерттеу орайында заманауи қазақстандық мәдениетті насихаттау, – дейді Жандар Асан.

Экспедиция қатысушылары еліміздегі тарихи-мәдени киелі жерлерге қатысты ғылыми жоба жүргізіп, аталған орындар туралы аңыздар, тың тарихи мәліметтер жинамақ. Сонымен қатар экспедиция мүшелері сакралды жерлердің инфраструктурасы туралы мәліметтер дерекқорын жинап, оны жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар дайындайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция алдағы уақытта еліміздің өзге де өңірлерінде жалғаспақ.