Ақиқатқа айналған арман

Газет мақаласы "Айқын" газеті №105

Тәуелсіздікке қанат қаққан 1991 жылы болашақ Сары­ар­қа­ның төсінде жатқан шағын қалада небәрі 300 мыңға жуық халық бар еді. Шүкір, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан бар алаш­тың басын қосқан миллион тұрғыны бар шаһарға айналды.

Ақиқатқа айналған арман

Сайын далаға көшкен сәт

1994 жылдың 6 шілдесінде Нұрсұлтан Назарбаев ел астана­сын Алматыдан Ақмолаға көшіру ту­ра­лы алғаш идеяны Парламент де­пу­таттарының алдында айтты. Ас­та­наны солтүстікке қарай мың ша­қы­рым қашықтықта жатқан Са­рыарқаның сайын даласына кө­шіру туралы батыл шешім осы кез­де қабылданды. Президент өз сө­зінде астананы ауыстырудың төрт басты себебіне тоқталған еді. «Біріншіден, Қазақстанды гео­сая­си жағынан күшейтудің қажет­ті­гі­нен туындады. Қала төрт тарап­қа: оң­түстікке, солтүстікке, ба­тыс­қа, шы­ғысқа бірдей ашық. Екін­шіден, бұл шешімді қабылда­ған­да қауіп­сіздік мәселесі де еске алынды. Тәуел­сіз мемлекеттің астанасы мүм­кіндігінше сыртқы шек­ара­лары­нан жырақта және елдің ор­тасында орналасуы тиіс. Үшін­шіден, астананың орнын ауыстыру Қа­зақстанның эконо­ми­­касын сауық­тыру қажеттігінен де туын­дады. Төртіншіден, аста­наны ай­маққа қарай көшіре отырып, біз құрамы жағынан көпұлтты, тұрақты полиэтностық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау және нығайту бағытын тағы да дәлелдедік» дегені әлі күнге дейін елдің есінде қалды.

Еркін экономикалық аймақ

1996 жылы Президент Жарлы­ғы­­мен Ақмолада еркін эконо­ми­ка­лық аймақ құрылды. Еркін эко­номикалық аймақ қала құры­лысының қарқынды жүруі үшін қаржы тартуда және сол жағалауды игеруде қуатты катали­за­тор бол­ды. Табысты жұмыс нәтиже­сінде, ай­мақ жұмысынан түскен табыс­тың 60 пайызын алып отырды.

1997 жылдың 20 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қа­ласын Қазақстан Респбу­ли­ка­сының астанасы деп жариялау» ту­ралы Жарлыққа қол қойды. Ал 8 қарашада елордаға еліміздің көк туы, елтаңбасы және Президент байрағы жеткізілді.

 Жаңа буын шоғыры

1996 жылы мұнда ең алғаш құ­ры­лыс жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Елдің жаңа ас­та­насында мемлекеттік қызмет­кер­лерге арнап қызметтік пәтер­лер көптеп салынды. Елімізде жаңа басқарушылардың легін дайын­дау қажеттігі мықтап қолға алын­ды. Осы ретте Президент өзі бас болып, жаңа қалада жаңаша ой­лайтын мамандардың жаңа ш­о­ғырын қалыптастыруға білек сы­бана кірісті.

 

Әлем картасындағы әйгілі есім

Елорда тарихында 1998 жыл ел ас­танасы атауының өзгеруімен есте қалды. Қалай болғанда да, жаңа ат ұсынуға келгенде небір ұсы­ныстар айтылғаны белгілі. Соң­ғы шешімді Елбасының өзі қа­былдады. «Шынын айтқанда, ас­тананың атауын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеу­мен болдым. Бір жолы түнде, дә­лі­рек айтсам, сағат түнгі екіде Аста­на деген атау ойыма сап етіп, кө­кейіме қона кеткені. Астана де­ге­німіз – астана! Қазақша әдемі ес­тіледі. Қомақты, ауыз толады, қыс­қа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана!» деп ағынан жарылған еді. Ал 10 мау­сым күні жаңа астананың ха­лық­аралық тұсаукесері дүркіре­те тойланды. Бұл күні Қазақстан бүкіл әлемге өзінің жаңа, жас, жа­­сампаз елордасы Астананы та­ныстырды.

Қазақстан астанасының атауы биыл Нұр-Сұлтан деп өзгерді. Бас қа­ланың атауын бұлай өзгертуге ше­шім қабылдау бір күннің ғана әң­гімесі емес еді. Мемлекет аста­на­сының атауын Тұңғыш Прези­дент атына ауыстыру жөнінде мұ­ның алдында да бірнеше рет ұсы­ныс айтылған болатын.
2016 жы­лы Қазақстан тәуелсіз­ді­гі­нің 25 жылдығына арналған дек­­ла­рация­ны талқылау кезінде пар­ла­мент мүшелері Президент Назарбаевтың есімін мемлекет астанасына беру жайлы ұсыныс айтқан. 2017 жылы депутаттар бұл мәселені тағы да қозғады. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысқа нүкте қойды.

«Мәңгілік елдің» қақпасы

2011-2019 жылдар аралығында елорданың жеткен жетістіктері көз қуантады. Әлемнің 27 елінен келген мыңнан аса спортшы қатысқан Азияда ойындарының ашылу салтанаты, 2011 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпа­сы­ның бой көтеруі, 2012 жылы Орта­лық Азиядағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің ел игі­лігіне берілуі, 2013 жылы «Ас­та­на Опера» театрының тұсау­ке­сері, 2014 жылы Ұлттық мұра­жай­дың ашылуы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерей­тойын тойлауы, 2016 жылдың 4 шілдесіне миллионыншы тұр­ғын­ның дүниеге келуін қалай айтсақ та жарасады. Күні кеше EXPО – 2017 халықаралық көр­ме­сін ұлы дала төрінде таныс­ты­рып, 114 ел мен 14 халықа­ра­лық ұйым­ның басын қосқанымыздың өзі неге тұрады?! Ендеше, елорда тойы қарсаңында ел мұраты жолын­да жасалған дүниелердің жаршысы болуға жазсын!