Алпамыс батырды ардақтай алдық па?

Бүкіл арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртсек, аңызға айналған батырларымыздың алдында тұратын Алпа­мыс батырдың орны ерекше. Сан ғасырлар бойы Алпа­мыс батыр рухымен ауызданып, өмірінен өнеге, ерлігінен үлгі алып қазақтың қаншама ұрпағы өсіп, жетілді десеңізші.  Алпамысты қазақ қана емес, бүкіл түркі әлемі мойындап, мақтаныш тұтады. Өйткені ол – батырлық пен ерліктің символы.  Жиделі – Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде батыр­лық дәурен құрған Алпамыстың тарихы тым терең­де жатыр.  Аты аңызға айналып, батырлар жырына арқау болған Алпамыстың жан қиярлық ерлігі, биік адам­гер­ші­лігі, теңдессіз отансүйгіштігі, туған жері мен еліне деген шексіз махаббаты бүгінгі ХХІ ғасырда  ғана емес, бо­ла­шақ ұрпақтарымызға рухани азық болып, алда­ғы жүз­жылдықтарға жалғасып, қызмет ете береді.

Алпамыс батырды ардақтай алдық па?

Шүкір делік, кейінгі бес-он жылдың көлемінде Алпамыс батыр аты қайта жаңғырып елдің санасына сәуле шашты. Батыр әруағы кең байтақ қазақ даласын шарлап кетті. «Әп, бәрекелді!» деп бұған қуанғандар мен қолдап-қуаттағандардың қатары геоме­трия­лық прогрессия­мен өсті десек те болады. Батыр әруағы туған жердің төсінде салта­нат құрды. Мақтанышпен айтып отырған сөзімізге дәлел келтірейік: Шымкент қаласында, Жетісай жерінде, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында көрген жанның көзі тоятын, ар-намысын оятатын, ерік-жігерін жанитын, ерлікке бастайтын, отансүйгіш­тікке баулитын Алпамыс батыр­дың алып ескерткіштері бой көтерді. Бұл батырға деген халықтың махаббаты, елдің сүйіспеншілігі, ерлікке тағзым, ізгі тілегі еді. Ең бастысы, батыр әруағын ардақтап, құрметтеп, қадір-қасиетін қайта жаңғыртып, бүкіл елге паш етті. Алпамыс батыр аты Жетісай ауданындағы спорт кешеніне, балабақшаға, ауылға және көшеге берілді. Әрине, біз бұған дән ризамыз. Батырдың қаһармандық ерлігін одан ары тереңірек наси­хаттап, отансүйгіштігін дәріп­теп, жас ұрпақтың бойына мықтап сіңіру мақсатында 2017 жылы Қазақстан Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев­тың атына өтінішімізді айтып, ұсынысы­мызды қоса жолдап хат жазған болатынбыз. Онда Жетісай қала­сында орналасқан «100 мектеп,100 аурухана» бағдарлама­сы бойынша салынған № 8 жалпы орта мекте­біне Алпамыс батыр атын беруге ұсыныс жасап, оны қолдап-қуаттауын өтінген едік. Обалы нешік, ата-баба мен батырлар әруағын әрқашан ардақ тұтатын Елбасы біздің өтінішімізді жерде қалдырмай, тиісті тапсырмалар беріп, мәселенің тез арада шешілуіне ықпал еткенін еш ұмытпаймыз. Барлық құжаттар дайындалып, тиісті мекемелерден қорытынды алып, батыр аты мектепке әні-міне беріледі деп отырғанда, 2018 жылы Мақтарал ауданы қақ бөлініп, жаңадан Жетісай ауданы бой көтерді. Енді барлық құжатты қайта жасауға тура келді. Жасадық та, жоғары жаққа жөнелттік те. Бірақ әлі күнге дейін тым-тырыс, не болып, не қойғанын айтатын адам тап­пай­сыз. Жарқырап, жалындап бас­тал­ған істің соңы сәтсіз аяқта­лып, жалп етіп сөніп қалды. Аудан әкімдігі, облыстық мекеме­лер жоғары жаққа сілтейді, ал жоға­ры­­да отырғандар жақ ашпай­ды. Жазған хаттарымызға жауап та бермейді. Осылайша мектепке батыр атын берсек деген үмітіміз ақталмады. Екі жылдан бері мәселе сиырқұйымшақтанып, әлдебіреулердің немқұрайлылы­ғынан созбалаңға түсіп, бітпеуге айналды. Енді бұған не дейсіз? Болып тұрған нәрсені болдырмауға келгенде алдымызға жан салмай­тын халық екенімізді көрсеттік. Бәрінен бұрын Алпамыс батыр әруағынан ұят болды-ау деп қын­жылып жүрген жанды таппайсыз.

Бәрінен бұрын Алпамыс батыр аруағын сыйламай, аяқасты етіп, созбалаңға салып, көзге іл­мей, ескерусіз, атаусыз қалып бара жат­қаны жанға батады. Әруақ­тар­ды ардақтаған елдің абы­ройы ас­пан­дап кететінін білсек те, бәріне көз жұмып қарайтынымыз жақсы­лық­қа апармайды. Бүгінгі таңда болып жатқан барлық келең­сіз­діктер мен қиыншы­лық­тар: көп­балалы әйелдердің жанай­қайы, шеру­шілердің көбеюі, атыс-ша­быс, жарылыс, әлеуметтік сая­си ах­уал­д­ың нашарлауы осы әруақ­тар­ды төбемізге көтеріп, ардақтай алмай отырғанымыздан ба деп қала­сың. Әруақтарды еш ұмытуға болмайды. Олар қашанда бізбен бірге және бізді қолдап-қуаттап, же­­леп-жебеп жүретін құдіретті күш екенін естен шығар­мауымыз керек.

Әлемдік тарихтан белгілі, кез келген ел өздері құрмет тұтатын тұлғалардың аттарын ұлықтап, естен шығармауға күш салады. Мысалы, Иван Грозный, Ермак, Наполеон т.б. тағдыры қайшы­лыққа толы тұлғалардың есімдерін көшеге, қалаға, жоғары оқу орындарына беріп жатады. Бұлай қынжылып отырғанымыз­дың себебі, бәріне мүмкін нәрсе Алпа­мыс батырға келгенде қара­құрттай жиырылып, пейіліміз тас емшек­тей тарылып қалатынын еш түсіне алмай қойдық. Әруақ­тармен ойнауға, қорлауға, келеке етуге, жағымсыз сөз айтуға, тіл тигізуге тіпті болмайтынын ата-бабала­ры­мыз айтудай-ақ айтып кеткен. Мына бір тарихи мысалды алға тартып көрейік: 1941 жылдың жаз айында атақты орыс ғалымы Герасимов өзінің бір топ нөкер­лері­мен Самарқанд қаласына келіп, Әмір Темірдің мәйітін ашып, ғылыми зерттеу жұмыста­рын жүргізуге бел шеше кіріседі. Сонда қаланың атақты ғұлама­лары, дін басылары келіп орыс ғалымына: «Әмір Темірге тиіспең­дер, аяғы жаман болады, соғыс басталып, қасіретті заман орнай­ды» депті. Ғалым ғұламалардың сөзін құлаққа ілмей қабірді ашып, ұлы қолбасшының мәйітін ұшақпен Мәскеуге алып кетеді. Айтқандай-ақ, мәйітті ашқан 22 маусым күні түнде фашистік Германия Совет еліне тұтқиылдан шабуыл жасап, сұрапыл соғыс басталып кетеді. Енді бұған не дейсіз? Әруақтарға тиісіп, қорлау­дың соңы осындай зобалаңға ұласқанын тарих әлі ұмыта қойған жоқ. Әңгімемізді одан ары жал­ға­йық. 1944 жылы Сталиннің тіке­лей тапсырмасымен Әмір Темірдің мәйітін Самарқандқа қайта апа­рып жерлеуді ұйғарады. Мүр­дені ұшаққа салып, Мәскеу қаласының үстінен үш айналып ұшып, майдан даласының аспа­нын­да біраз қалықтап Самарқанд­қа бет алып, әйгілі қолбасшыны құтты орнына қайта жерлепті. Адам айтса сен­гі­сіз, сол сағат, сол күннен бастап совет әскерлері немістерді тыр­қы­рата қуып, бар­лық шабуылдары жеңіспен аяқ­та­лып Берлиннен бір-ақ шық­қан ғой. Міне әруақ­тың құдіреті, міне әруақ­тың күші. Ал біз болсақ, әруақ­тарды елеп, ескер­гіміз кел­мей­ді.

Қысқасын айтқанда, аты аңыз­­ға айналған Алпамыс батыр баба­мыздың әруағын қолжаулық етпей, тиісті құрметімізді көрсе­тіп, ардақ­тай білейік дегіміз келе­ді. «Әруақ риза болмай, тірінің тір­­шілігі ешуақытта алға жылжы­майды».

 

Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ,

«Алпамыс батыр» республикалық қоғамдық қорының президенті