Түркістан – түрік баласының түп қазығы

Газет мақаласы "Айқын" газеті №119

Түркістан тарихына қатысты қолымызға түскен кез келген анықтамалықты ашып қарасақ «Түркістан – V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған қала» деген ақпаратты оқимыз. Расында, солай ма? Қадыми Түркістан тарихын Орталық Азияда ортағасырларда пайда болған Түрік қағанаттарының тарихына байлап қойған кім? Бұл советтік-орыстық тарихнаманың бізге көп жылдар бойы үйретіп келген шаблоны емес пе? Ортағасырлар да, мемлекет те, феодализм де Түрік қағанаттарынан басталады деген ұғым біздің миымызға әбден орынғып қалған. Ал оған дейінгі Ұлы дала тарихын, сол тарихтың барын дәлелдейтін мың сан деректі қайда қоямыз? Бүгінгі күні көне замандардан бері Орталық Азия өркениетінің алтын бесігі болған қасиетті Түркістан қаласы құрылыс алаңына ұқсайды. Қала заманауи қайта жаңғырып жатқанда оның ежелгі тарихына тағы бір барлау жасап қойсақ, артық болмас.

Түркістан – түрік баласының түп қазығы

Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дә­лелдеген. Басқасын айтпағанда, қазақ жеріндегі ерте тас дәуірінің тұрақтары Қаратаудың екі жағын­да да аз емес екендігін дәлелдеген Х.Алпысбаевты атасақ та болады. Түркістан қаласының айнала­сын­дағы Шоқтас, Қошқорған сияқты Тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адам, кем дегенде, 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсе­теді. Біздің өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық музейімен бірге Таңбалы жар маңында жүр­гізген зерттеулеріміз неолит, яғни жаңа тас дәуірінің үлкен тұрағын анықтады. Кезінде Әлкей Мар­ғұлан да Бетпақдаланың екі жа­ғында да заманымыздан бұрынғы ескерткіштер, соның ішінде нео­лит пен қола дәуірі, мол екенін жазған болатын. Дегенмен Түркіс­тан қаласының тарихын біз сол неолитпен немесе қола дәуірінің тарихымен байланыстыра аламыз ба? Біздің ойымызша, байланыс­тыруға болады және ол үшін бірталай деректер де бар.

Адамзаттың ежелгі дәуірінің тарихында жұмбақ көп. Атақты неміс мәдениеттанушысы К.Яс­перс осыған орай: «Адамның қа­лыптасу тарихы ең терең құпия, біз оны әлі күнге дейін түсінбей ке­леміз» деп өте тауып айтқан бо­ла­тын. Қазақстан жеріне ең ежел­гі аталарымыздың қай жақ­тан келгені анықталған жоқ, мүмкін, Оңтүстік-Шығыс Азия­дан, мүм­кін, Кіші Азиядан келген болар деген жорамал бар. Со­нымен қатар адамзат баласының қалыптасу процесіне Орталық Азия өзінше үлес қосты дейтін біздің ғылыми болжамымыз бар. Оның бір кө­ңілге қонатыны – Homo sapiens күрделі табиғи ор­тада, Оңтүстік пен Солтүстік ара­сындағы конти­ненталды ауа райында қалыптасуы мүмкін, ауа райы мен табиғат сол жерді ме­кендеген адамдарды тәр­бие­лей­тіні, ақыл-ойын дамы­туға мәж­бүрлейтіндігі белгілі.

Неолит дәуірінде бүкіл Қазақ­станның территориясын аңшылық өмір салтынан жылқышылыққа, ежелгі металлургия мен егіншілікке өте бастаған тайпалық одақтар тығыз қоныстанды. Оның бір бел­гісі біздің заманымыздан бұрынғы 12-10 мыңжылдықтарда орын ал­ған «Топан су» әңгімесінің Түркіс­тан өңірінде сақталуы дейміз. Жер шарын мекендеген мыңдаған этнос­тардың ішінде бірнешеуі ғана өз жұртынан Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған тауды көрсете ала­ды: арабтар – Жуды тауын, яхуди­лер (еврей) – Сион тауын, армян­дар – Арарат тауын, ал қазақтар – Қазығұрт тауын. Тас дәуірінің со­ңына қарай халық санының өсуі қазақ жерінен басталған бірнеше қоныс аударуға жол ашты. Олардың ішінде шығыс деректері шумер тайпаларының Оңтүстік Азияға бағытталған миграциясын жиі атайды. Шығыстың егіншілік оазистеріне алғашқы болып өте ерте замандарда келген шумерлер Ежелгі Қосөзен т.б. өркениеттерін құрды (Шумер, Мысыр, Мо­хенд­жо-Даро). Миграцияның екінші тол­қыны б.з.б. ІV-ІІІ мыңжыл­дықтар соңында үнді-еуропалық қауым­дардың ыдырауымен бай­ланы­с­ты. Үнді – еуропалық тай­палар Еуразия кіндік даласынан Еу­ропаға (фракиялықтар, кельт­тер және т.б), Кіші Азияға (хеттер және т.б.) бет алады. Кейін бұл қоз­­ғалыстарға грек, герман (мас­са­гет) тайпалары қосылды. Еура­зия құрылығының тарихында бұ­рын-соңды болмаған құбылыстар туды.

Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің көне тарихы да осы кезеңмен байланысты деген пікір­деміз. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасын­дағы саясатына жауап берген адам­дардың бірі П.Рычков Түркістанға қатысты шығыстың ескі мәлімет­терін көп жинап, бұл өңірдегі қа­лалардың көне дүниенің ескерт­кіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда екенін айтқанымыз жөн; себебі Түркістан қаласы татарлар­дың тарихи шығармаларында Бұ­хара қаласынан көп бұрын са­лынған деп айтылады, айтуларына қара­ған­да ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған. Орынборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің немерелері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қалалар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Ер­кень, Ходжант, Ташкент, Мар­ти­кан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түркістан билігіне қа­рап тұрған. Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітап­тар­дан көшіріп алған».

Жоғарыдағы деректерде ата­латын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдын­дағы Күлтөбе. Көне тарих осылай­ша жаңа заманның қасиетті ғи­маратымен астасып, рухани та­мыр­лармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғары қабаттарындағы археологиялық қазбалар біздің жыл санауымызға дейінгі бірта­лай уақыт мөлшерін береді. Қорған­ның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қа­рай 350 метр жерде. Биіктігі 9 ме­тр­ді құрайтын ауқымды тө­бешік сопақша пішіндес. Біздің ойымызша, Күлтөбе қорғанының төменгі қабаттары қазіргі жыл санаумызға дейінгі екінші, тіпті үшінші мыңжылдыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі, П.Рычковқа ақпарат берген ғұла­малар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының іргесі б. з. б. 1-мыңжылдықтың орта ше­нінде қаланған. Бір қызығы Әзіреті Сұлтан күмбезіне таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.

Түркістан қаласының солтүс­тік-батысына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөктерінде Қарнақ аталатын көне қалашық тарихы да бізді көне заманға жетелейді. Кезінде бұл жерде А.Бернштам, Г.Пацевич, Е.Агеева сияқты архео­логтар қазба жұмыстарын жүргізді, бірақ белгілі бір қорытынды шы­ғара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Иш­кент деп жорамалдаса, екінші­лері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерт­телмегендіктен, туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөз­дігінен белгілі. Біздің ойымызша, Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құл­дырай бастаған.

Түркістан аймағында «нақ» жал­ғауымен Қарнақтан басқа Шо­банақ, Суғнақ (Сығанақ), То­ша­нақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек) қалашықтары кездеседі. Түркіс­тан аймағында «жеті нақ өзара жерасты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екін­шісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан же­расты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғым­мен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мың­жылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шығысқа қа­рай» деген сөзді кездестіреміз. Со­нымен «нақ» сөзінің көне мағы­насын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы елдімекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. Ең бас­тысы, біз осы атаудың этимоло­гиясын іздеу барысында Фран­цияның батыс аймағы Бретаньда орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүсті­гінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қарнақ ғибадатханасының тарихы өзіміздің Түркістан алқа­бымен, Қасиетті Қаратау мен Сыр­дария жағалауымен байланысты екенін аңғарамыз. Біздің жыл са­науымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңірінен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.


Түркістанның шығыстағы қақпасы болып саналатын Сайрам тек қана Орталық Азия емес, жал­пы Еуразия құрылығындағы ең көне қалалардың бірі. Әлем халық­тарының тарихын алғаш бір жүйеге түсірген атақты Рашид ад-Дин «Жамиғ-ат тауарихта» Сайрам та­рихын қазақ «Атамыз – Алаш, ке­регеміз – ағаш» дейтін Алаша хан заманымен, яғни жылқышы­лық өркениеті басталған энеолит дәуірімен байланысты баяндайды: «…түріктер Яфетті Абулджа-хан (Алаша-хан) деп атады және қазір де солай атап келеді және осы Абулджа-ханның (Алаша-хан) Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жақын екендігіне келгенде олардың барлығының да жауаптары бір. Бүкіл моңғолдар, түрік тайпалары және барлық көш­пелілер (мәтінде: далада өмір сү­рушілер) соның әулетінен та­райды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.

Абулджа-хан (Алаша-хан) көш­пелі болған; оның жазғы жай­лауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортағ және Қазтағ, сол шамада Инандж (Жұбан ана – Ж.А.) атты қала бол­ған. Абулджа (Алаша) ханның қысқы қонысы да сол маңайда болған, Бурсук (Борсық құмы – Ж.А.), Какьян және Қарақұм, оны Қара­қорым деп те атайды, атала­тын жерлерде. Осы жерге жақын Талас және Кары-Сайрам сияқты қала­лары орналасқан.

Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шетінен екінші шетіне жету үшін бір күн жүру керек және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсыл­мандар мекен етеді....» .

Содан бері Сайрам аты да сан алуан өзгерді, оны бірде Исфиджаб десе, бірде Мадинат әл-Байзо, бірде Ақ шаһар, бірде Орынкент деп атады. Сайрамның қасиетті орындары, осы жерде туып-өскен ғұламалар туралы аз жазылған жоқ, солардың ішінде Мирахмад Мир­холдар ұлы жазған «Сайрам та­рихи» кітабы да бар. Ол ескі дерек­терге (рисола) сүйеніп бұл жерде ерте замандарда Ыдырыс пай­ғам­бар сәжде қылған, Қызыр пайғам­бардың ізі қалған, Иса пайғамбар мен Нұқ пайғамбарлар жүрген, Ануширван Әділ билік жүргізген дейді.

Қола дәуірінің тарихы баян­дал­ған «Авестаның» қасиетті гимн­дерінде де Түркістан өңірін­дегі қалалық мекендер мен Қара­таудың теріскей жағындағы шұ­рай­лы жайылымдар туралы ай­тылған. Көптеген ғасырлар бойы Қаратау беткейлерінде абыздар ариан, тұран, қиян тайпаларының тұрақтарында Зәрдүш ілімінің қасиетті мәтіндерін жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Біз Зәрдүш атауынан ежелгі Күнге табынушылықты, Күнді қасиеттеуге байланысты пайда болған «Жар» (Жарықтық, Жаратушы) ұғымын көреміз. Сол­түстік Қаратеңіз жағалауларынан Алтай мен Шығыс Түркістанға дейінгі, Орал тауларынан Парсы (Иран) таулы қыратына дейінгі орасан зор кең далада мал баққан бұл тайпалар Еуразия өркениетінің негізін салды. Арийлердің арғы отаны деп кітапта «Арианам Вайджа», яғни арийлер кеңістігі, Еділден (Ранха) шығысқа қарай созылып жатқан азиялық ұлы дала аталады. Датья мен Ардви (Сыр­дария мен Әмудария) терең өзен­дерімен суарылып жатқан Ариа­нам-Вайджа жері тек арий­лердікі ғана болмаған. Мұнда арий­лердің бірде дұшпан, бірде дос болатын турлар мен қияндар да мекендеген. Қазақтың кең даласында бірдей ежелгі құдайларға – құдайлар пантеонына табынатын, бір жерде туған, сол жерді отан деп аңсаған арий, тур, хьоналардың тайпаара­лық соғыстарының қым-қиғаш тарихы өрледі. Жер бетіндегі ал­ғаш­қы дін Зороастризмнің (Зәр­душ) негізін салушы Заратуштра М.Бойстың айтуы бойынша: «Б.з.б. 1500-1200 жылдар аралы­ғында өмір сүрген. Осы кезеңде Ұлы дала мәдениеті гүлдену үстінде болған, оны «дала ренессансы» деп атауға болады».

Бұл үзік-үзік мәліметтер күр­делі этнотарихи үрдістердің бей­несін толық ашып бере алмайды. Дегенмен ұлан-ғайыр дала кеңіс­тігінде болған мемлекеттерге, ма­ңызды оқиғаларға, үлкен тұлға­ларға барлау жасауға мүмкіндік береді. Бұл бетбұрыс дала метал­лур­гиясының дамуына байланыс­ты болды. Түсті металл өндірудің көптеген орталықтары дала аймақ­тары шекарасынан шығып Шығыс Қазақстан мен Алтай тауларын, Оңтүстік Сібір мен Солтүстік Қа­зақстан, оңтүстігінде Бетпақда­ланы да қамтиды. Ұлы далада өн­дірілген түсті металл, соның ішінде жез Түркістан (Яссы) және Жан­кент (Жезройн) арқылы әлемге тарап жатты. Қоғамда кен өнді­рісімен, құрылыспен айналы­са­тын, қыш заттарын дайындайтын қауымдар қалыптаса бастайды. Ірі өнеркәсіптік мамандану және мал санының өсуі мәдени дамудың негізін салады. «Авеста» кітабында Сайрам аты аталады. Қаңлы елінің қысқы қонысы осы жерде болды, соның дәлеліндей, Сайрамда «Қаң­­қа» аталған «жой» болды дей­ді жергілікті өлкетанушылар.

Сонымен қазіргі күні Түркістан шағын қала болғанымен ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы болғаны сөзсіз. ХVІІІ ғасыр сая­хат­шылары Түркістан маңында 32 қалашық бар дейді. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шежіресінде Түркістанды «Қырық қақпалы Қарашық» деп атайды, қазіргі уақытта Қарашық Түркістаннан Қаратауға қарай орналасқан орташа қалашықтардың бірі. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Түр­кістан һәм қадимнен келе жатқан зор шаһар еді: бір шеті Алатауда, бір шеті Қаратауда. Осы күнде Сайрам суының күнбатысында «Ат бұлағы» аталатын жер ат базары еді, Түркістанның күнбатысын­да «Теке суы» деген жер қой базары еді» деп бастайды Түркістан баянын. Біздің ойымызша, әуел баста Қаратаудың күнгейінде орналасқан орталығы Түркістан болған бүкіл қалалық аймақ Қарашық аталған. Бұл мегаполисті айнала қырық қақпалы қорған болуы әбден мүмкін деген ойда­мыз, әйтпесе, қырық қақпа орта ғасырлардың ең үлкен қалалары атанған Бағдат пен Бұхарада да болмаған.

Түркістан өңірінің одан бергі тарихы белгілі десек те болады, тек көне түрік заманын Қарахан өрке­ниеті сияқты ғаламат құбылыспен байланыстыра қараған жөн. Себебі Қарахан мемлекетінің саяси дәс­түрлері де көне замандардан өз бастауын алады, олардың билеуші әулеттерінің тіпті Афрасияб патша тұқымымыз деген тарихи сенімі де көне замандарға, арий-тур заман­дарына нұсқайды. Ежелгі түрік әдебиетінде Алып Ер Тоңға атымен белгілі Афрасияб атауының түпкі мағынасы, біздің ойымызша, Қарахан. Себебі Афрасияб Қарахан атауының иранша аудармасы, атақты шығыс шайыры Фердоуси жырлайтын Иран-Тұран соғыс­тары заманындағы түрік елінің әфсаналық басшысы Афрасияб біздің аңыздарымыздағы Қара­ханға дөп келеді. Ал егер Қарахан қай заманда өмір сүруі мүмкін деген сұрақ болса, онда Әбілғазы шежіресіндегі «Қара хан әкесінен кейін бүкіл елге патшалық құрды. Жазды күні ол Ер тақ және Кер тақ деген тауларды жайлар еді, қазіргі күні бұл таулар Ұлы тау және Кіші тау атанады. Ал қыс түскен кезде Қарақұмды және Сыр өзенінің жағасын қыстар еді» деген м­ә­ліметіне сүйену керек. Әбілғазы хан Ұлытау мен Кішітаудың мыс кенін өндіретін үлкен орталық болғанын ескертеді. Қараханның атақты Оғыз ханның әкесі екенін және олардың өмір сүрген заманы біздің пайғамбарымызға дейінгі үш мың төрт жүзінші жылдар екенін де ұлы шежіреші жазып қалдырған. Қаратау өңіріндегі, әсіресе Созақтағы, сан қилы ескерткіштер өз бастауын Оғыз (Уыз) хан дәуі­рінен алады және Қарахан мем­лекеті арқылы ортағасырлармен жалғасады.

Сонымен қорытындылай айт­сақ, Түркістан аймағында қала­лық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер біз Бетпақдаланың ортасынан неолиттің қалың тұ­рағын кездестіріп жатсақ, ондай тұрақтың Түркістанның орнында болғаны сөзсіз. Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне металлургия мен металл саудасын еске түсір­геніміз жөн. Яғни, Түркістан қала­сының тарихы бүгінгі күннен са­насақ, кемі 3 500 жылға сенімді ба­рады. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түр­кістан, яғни тарихи Қырық қақ­палы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз. Міне, Түркістан қаласы қашан пайда болды деген­де ең алдымен еске түсетін мәселе осы.

 

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор