Арыстанды жыққан Әл-Қылыш балуан

Газет мақаласы Айқын газеті №124

Қажымұқанның замандасы, құмықтың айтулы балуаны Әл-Қылыш Хасаев туралы Қап тауын мекендейтін халықтар арасында аңызға бергісіз небір әңгімелер бар. Әл-Қылыш қаламгер Мәриям Ибрагимованың «Звенел булат» хикаятында басты кейіпкерлердің бірі ретінде суреттелсе, Ахмед Хан Әбубәкірдің  «Тайна рукописного Корана» кітабында атақты балуан туралы біраз дерек бар.

Арыстанды жыққан Әл-Қылыш балуан

Иә, қай халықтың тарихында бол­сын, ел қорғаған батырлар мен бармағынан күш саулаған балуан­дарды көпшілік ерекше қадір тұтып, сый-құрметке бөлеп отыр­ған. Қазақтың даңқты балуаны, күш атасы Қажымұқанмен бір ке­зеңде кілемге шығып, шағын ғана құмық халқының намысын ай­дай әлемге танытқан Әл-Қылыш 1880 жылы Дағыстанның қазіргі Буйнак ауданында өмірге келіпті. Әл-Қылыш жарық дүниеге шыр етіп түскен сәтте алақанын тосқан әженің уысынан бұлқынып шығып кетіпті деседі. Бойында бұла күші бұлықсыған жұдырықтай бала ересектер көтеретін жүкті иығына артып, қатарластарының шамасы жетпейтін небір ауыр жұмыстарды атқарған екен. Әл-Қылыш бала кезінде сүйегі қатып, буыны бекі­ген жігіттердің өзін жекпе-жекте шыдатпайтын болыпты. Оның әпкесі де өте қарулы болған деседі. Әйел заты болса да, еңгезердей жі­гіттердің қолын қысқанда сүйе­гін уатып жібере жаздайды екен.

Жастайынан қара жұмысқа же­гілген Әл-Қылыш есейе келе күн­көріс қамымен қалада жүкші бо­лып істейді. Бір өзі екі-үш адам­ның жұмысын қиналмай ат­қара­тын қайратты бозбаланың аты ша­ғын қалаға тез тарайды. Оның сұра­пыл күші туралы құлақтанған бай-манаптар үш-төрт адам біті­ре­тін шаруаға бір ғана Әл-Қылышты жал­дай бастайды. Әл-Қылыш қол­дан-қолға көшіп, біраз жүкші бұ­рын­ғы нәпақасынан айрыла бас­та­ған соң кейбір жұмысшылар оған «жүкшілікті доғармасаң, біздің бала-шағамыз аш қалатын болды» деп өтініш білдіреді. Бұл кезде Әл-Қылыштың даңқы бүкіл Дағыстанға мәшһүр болып, оны циркте өнер көрсетуге шақырады. Содан Әл-Қылыш цирк труппа­сы­мен бірге бүкіл Қапқаз елдерін дүр­кірете аралап, одан Қазақ елі, Ор­талық Азияға сапарға шығады. Қай жерге барса да, Әл-Қылыштың алапат күшіне жұрт қайран қалып, дуыл­дата қол соғып жатады. Мұн­дай алыпты тапқандарына мәз бол­ған цирк иелері онымен бірге Ре­сей, Украина елдерін аралап шы­ғады.

Сол кездің, қазіргі тілмен айт­қан­да, пысық менеджерлері оны цирк өнерпазы ретінде ғана пай­даланып қоймай, балуан ретінде де ал­қалы топ алдына шығара бас­тай­ды. Қарсы келгенді тулақша қағып, қо­ғадай жапыратын Әл-Қылыш сол кездің атақты балуандарымен бірге Түркия, Иран, Әзірбайжан, Қы­тай, Франция елдеріндегі жа­рыстарға қатысады. Бізге жеткен де­ректерге сүйенсек, құмық ба­тыры Хасаев балуан күресте де абы­ройға бөленіпті. Ол боз кілемге Ро­бен деген бүркеме атпен шыққан екен.


Кезінде  Әл-Қылыш Хасаев бұрап, 
майыстырған мына білектей темір қазір 
Дағыстанда ескерткіш ретінде тұр.

Әл-Қылыш Ресей империя­сы­ның бетке ұстар балуаны, дүние­жүзінің бірнеше дүркін чемпионы, Запорожье казагы Иван Под­дуб­ный­ды тізе бүктіріпті. Петер­бор­дағы балуандар сайысында Под­дубный жығылғанын мойындап, дүйім жұрттың алдында «Это не человек, а сам дьявол, состоящий из стальных мускулов» деп алтын зерлі чемпиондық белдігін Әл-Қы­лышқа тарту етеді. Осы жеңістен кейін Әл-Қылыштың даңқы тіпті аспандай түседі. Иә, сол заманда күші мен айла-тәсілі Поддуб­ный­дан асып түсетін балуандардың бол­ғаны анық. Сондай сирек кез­десетін алыптың бірі әрі бірегейі – дүниежүзінің чемпионы, күш ата­сы Қажымұқан Мұңайтпасұлы еді. Қажымұқан атамыз Поддуб­ныйды жасы үлкен аға, ұстаз сана­ғандықтан, оны жағадан алуды ар са­наған екен. Екеуі жеребе бойын­ша кілемде беттескеннің өзінде Қа­жекең сырт көзге жанұшыра бел­дескен кейіп танытып, шын мә­нінде, Поддубныйдың жолын кесуді мақсат тұтпағаны анық. Әйт­песе, бишік сартылдап, екі нар түйе барқылдап, екі жаққа ышқына тартқанда Қажымұқанның бі­ле­гіндегі арқанды жұлып әкете ал­ма­ған ғой. Ал көнекөздердің ай­туын­ша, Қажымұқан қос қапталындағы екі түйені кеудесіндегі арқаннан ұс­тап жұлқып қалғанда, екі қоңыр атан­ның тұмсығы бір-біріне сарт етіп соқтығысты деседі. Қа­жы­мұқан мен Әл-Қылыш талай дүбір­лі додаға бірге қатысуы әбден мүм­кін. Бірақ қос алыптың өзара бел­дескені туралы нақты дерек қо­лымызда жоқ.

Спорт мамандары Дағыс­тан­ның тұңғыш кәсіби балуаны са­най­тын Әл-Қылыш Хасаевтың арыс­танмен алысқаны туралы балуан­ның қызы Солтанаттың ау­зы­нан жазылып алынған қызықты дерек оқырманды бейжай қал­дыр­масы анық. «Самсон» порталында жарияланған оқиға былай өріледі.

ХХ ғасырдың басында Ресей пат­шасы ІІ Николайдың қатысуы­мен Петерборда балуандар бәсеке­сі өтеді. Осы сында орыс патша­сы­ның үміт артқан балуаны Әл-Қы­лышпен белдесіп, мерт болады. Бұған патша қатты ашуланып, зайы­­бы Александра Федор­қы­зы­ның басу айтуымен ғана сабасына түс­се керек. Содан ІІ Николай пат­ша Әл-Қылыштың дүйім жұрт­тың көз алдында арыстанмен ай­қасуын талап етеді. Намыс буған Әл-Қылыш келіседі.

Әл-Қылыш Ресей империя­сы­ның бетке ұстар балуаны, дүние­жүзінің бірнеше дүркін чемпионы, Запорожье казагы Иван Под­дуб­ный­ды тізе бүктіріпті. Петер­бор­дағы балуандар сайысында Под­дубный жығылғанын мойындап, дүйім жұрттың алдында «Это не человек, а сам дьявол, состоящий из стальных мускулов» деп алтын зерлі чемпиондық белдігін Әл-Қы­лышқа тарту етеді. Осы жеңістен кейін Әл-Қылыштың даңқы тіпті аспандай түседі.

Қапаста тұрып, екі көзіне қан тол­ған ашулы арыстан Хасаевты ал­дыңғы аяғымен омырау тұсынан са­­лып жібергенде, құмық балуаны шал­қасынан түседі. Қас-қағымда арыс­тан кеудесіне қона бергенде Әл-Қылыш аң патшасының азуын екі айырып тастайды да, өзі талық­сып кетеді. Содан тек үшінші күні ғана есін жиса керек. Әл-Қы­лыш­тың жүрек жұтқан батырлығы мен сұрапыл күшіне тәнті болған ІІ Николай патша құмық балуа­ны­на арыстанмен айқас бейнеленген алтын белбеуді сыйға тартыпты.

1915 жылы Әл-Қылыш Хасаев Кав­каз әскери округына қызметке алынып, штаб жұмысын атқара бастайды. Кейін ол түрік жағының жансызы деп айыпталып, Томск губерниясына жер аударылады да, полиция бақылауына көшеді.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Дағыстанға оралған Әл-Қылыш елдегі саяси дүмпудің бел ор­тасында жүреді. Ол халық жаса­ғын ұйымдастырушылардың ал­дыңғы легінен табылып, қара­пайым халыққа қару таратады, жі­гіт­терді соғыс ісіне дайындауға бел­сене атсалысады.

Қазан төңкерісінен соң Әл-Қы­лыш Хасаев қызыл коммунис­тер­ге қарсы майданның алдыңғы ше­бінде болады. 1920 жылдың ж­а­зында большевиктердің қолына түскен Әл-Қылыш балуан Дағыс­тан облыстық әскери трибуналы­ның үкімімен өлім жазасына кесі­леді. Большевиктер оны жұрт кө­зі­нен таса жерге жерлейді. Соның сал­дарынан атақты балуанның жақындары оның сүйегі қай жерде жат­қанын осы күнге дейін біл­мей­ді.

Сөйтіп, білектей темірді қи­нал­май бұрап, қиналмай майыс­ты­ратын, салт аттыны иығына са­лып көтеріп кететін, дәу өгізді ар­қалап жүре беретін, адамның құ­шағы жетпейтін бөренені қол­тығына қысып сүйреп әкететін құмық балуаны, қырық жастағы Әл-Қылыш Хасаев жер дүниенің астаң-кестеңін шығарған алапат өрттің жалынына шарпылды. Иә, халық батыр ұлын аңсамай тұра ал­майды. Қазақ халқына күш ата­сы Қажымұқан Мұңайтпасұлы қан­дай қадірлі болса, түбі бір құ­мық бауырлар үшін Әл-Қылыш Ха­саевтың орны сондай.

Қыдырбек РЫСБЕК