Тайлақ батырдың тегі қандай?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №127

Қазақ елінің көш­бас­шысы, Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғы­ру» мақаласында былай деп жазған бола­тын: «Біздің баба­ларымыз ғасыр­лар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болаша­ғын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тарап­тан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті». Тура айтылған сөз. Айна-қатесіз тарихи шындық.

Тайлақ батырдың тегі қандай?

Қазақ еліне «сұқтанған жат жұрттың» бірі жоңғарлар еді. Тарихшылардың жазуына қара­ған­да, XVIII ғасырдың басында, ең алдымен көз алартқан жоңғар қон­тайшысы Цевен Рабдан көрі­не­­ді. Ол өз өкімін жүргізу үшін әлденеше рет әрекет жасап баққан. Ақырын­да оның ұлдары Галдан Церен мен Шона Доба жүз мыңнан аса қол жинап, 1723 жылдың көктемінде қазақ жеріне тұтқиылдан басып кіреді. Ақтөбелік қаламгер Сұлтан Қойшыбаев өзінің «Тұлпар» атты тарихи-этнографиялық зерттеуін­де: «Қамсыз халық жүрген жерінде, тұрған орнында, ұйықтаған төсе­гінде, жатқан бесігінде жоңғар басқыншыларының қанды қолы­нан шыбындай қырылып жатты. Мұндай қырғын, мұндай сұмдық қазақ жерінде бұрын-соңды болып көрген жоқ еді», – деп тебіренеді. Қазақ халқы тарихын­да «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қасіретті кезең еді бұл.

Қазақ халқы жоқ болып кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Қару көтере алатын жастан бастап, алпыстан асқан ел ағаларына дейін жасақ-жасақ болып топтасып, ұйымда­сып, алапат күшпен тіресуіне тура келді. Қанды қанмен жуып, кек қайтаруға бүкіл ел болып жұмылды. Сол 1723 жылдың күзінен бастап-ақ Тайлақ батыр бастаған Кіші жүздің намысқой жігіттері Шона Добаның қалың қолына қырғидай тиісе бастайды. Жоңғар сарбаз­дары­на тұтқиылдан тиісіп, тұтасы­мен қырып салып, кең далаға сағым­дай сіңіп, жоқ болып кетіп отырған. Осындай партизандық арпалыс үш жылға жуық созылып, ақыры ұлы шайқасқа ұласады. Бұл туралы көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының «Жанталас» кіта­бын­да былайша суреттейді: «Жоң­ғар қырғынынан Қазақ елі тек екі жыл өткен соң барып есін жиып, басқыншыларға қарсы тұруға жарады. Ең алғашқы жеңісті Кіші жүздің Тайлақ батыры мен оның жиені Ұлы жүздің Ошақты руынан шыққан Саңырақ батыры әкелді. Бұлар Бұланты мен Бөленті өзені­нің ортасындағы «Қара сы­йыр» деген жерде жоңғардың қолын бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді. Көп жоңғар осы арада қаза тапты. Жоңғар мен қалмақты бір санай­тын қазақ «Қарасыйырды» енді «Қалмақ қырылған» деп ата­ды. Бұл жеңіс қазақ елінің ру­хын көтер­ді, қанды кекке шақырды» (91-бет). Бұл жер қазіргі Торғай дала­сының   оңтүстік-шығыс жағын­да.

Бүкіл қазақ халқының намы­сын қорғаған, есімі кең даламызға аңыз боп тараған, жоңғарлармен соғыста ең алғашқы жеңісті алып берген Тайлақ батыр кім еді, қай ұрпақтың түлегі еді? «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөзді ұстанған даныш­пан, замандасы Салқам Жәңгір қалың қалмақтың қоршауына түскенде, бір өзі тиісіп, ханды құтқа­рып барып, тұтқынға түскен, бірақ қызыл тілінің арқасында құтылып кеткен көзсіз батыр Мәті бидің бел баласы.

«Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады» деген осы. «Досың­ның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» деген нақыл да бар. Тарихшы­лардың бірауызды пікірі бойынша, Тай­лақ батыр – Әбілқайыр хан­ның бірге өскен құрдасы, үзеңгі­лес жолдасы, досы әрі ақылшысы, кеңесшісі.

1726 жылы Ордабасыда өткен Үш жүздің игі жақсылары бас қосқан алқалы жиында Тайлақ батыр Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Ұлы жүз қолының бас сардары болып Саурық батыр, Орта жүз қолының бас сардары болып Қанжығалы Бөгенбай батыр бекітіледі. Осы жиында бүкіл қазақ әскеріне бас қолбасшылыққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланады. Демек, Тайлақ батыр – 1729 жылы қазақ халқына ұлы жеңіс әкелген «Аңырақай» шайқасында қазақ әскерін басқарған үш бас сарбаз­дың бірі, тарихи ұлы тұлға. Бұл айтылғанның барлығы жалпы әлеумет түгіл, ересек мектеп оқу­шы­­ларына белгілі. Біз мақала­да Тайлақ батырды дәріптейін деп отырғанымыз жоқ, онсыз да ол аты аңызға айналған адам. Мәселе шежіре тарқатуда болып отыр.

Қазақ ұлттық энциклопедия­сының 8-томының 177-бетінде: «Тайлақ Мәтіұлы. ...Кіші жүздің жетіруынан шыққан» деп жазыл­ған. Аты айтып тұрғандай, жетіру: телеу, кердері, керейіт, табын, тама, жағалбайлы, рамадан руларына бөлінеді. Тайлақ батыр жетірудан шықса, түптеп келгенде, қай аталыққа жатады? Талас осы жерден туады. Даңқы жер жарған, абырой-беделі аса жоғары, теңдесі жоқ ерліктер көрсетіп, аты аңызға айналған, бүкіл қазаққа белгілі әулие адамды кім өз бабасы сана­ғысы келмейді? Осы себепті жағалбайлы руы Тайлақ батыр біздің рудан шыққан деп иемденсе, керейіт руы «Сыр елі» аталатын Қызылорда облыс­тық энцикло­педиясына «Тайлақ батыр керейіт руынан шыққан» деп қасқайтып жазып қойыпты. Телеу руы болса, төрт тармақ атаға бөлінеді: Ажыах­мет, Керейлі, Ноғайлы, Самат болып. Тайлақ батырдың қазір көзі тірі ұрпақтары көп. Олар өздерін Самат телеуміз деп атайды. Сонда Тайлақ батыр қай руға тиесілі? Атап айтқанда кімнің әкесі?

Ғылыми тұрғыдан талдап көре­йік. Ақтөбе қаласының азаматы (сірә, жағалбайлы болса ке­рек.Б.С). Баянғали Құлтаев «Ақтө­бе» облыстық газетіне (19 қараша, 2009 жыл) «Тайлақ батыр» деген тақырыппен мақала жария­лапты. Ол Мырзабай Жақсылықов құрас­тыр­ған «Жағалбайлы шежі­ре­сіне» арқа сүйейді. М.Жақсы­лықов: «Тайлақ батырдың әкесінің азан шақырып қойған аты – Мамыр» депті. Б.Құлтаев: «Мамыр баба­мыз­дың билік құрып, Мәті би ата­нуы­на шәк келтіруге болмайды» дейді.

Біріншіден, Қазақстандағы бар­лық шежіре өзара салыс­ты­рылып, сұрыпталып, тарихшы ғалымдардың парасат елегінен өткізген жоқ. Екіншіден, өз пайдасы үшін яки қиялдан алып, яки тәжірибесі жоқ, сауаты аз біреулердің сөзіне сеніп құрас­тырған шежірелер жетіп артылады. Баласын әкесі етіп, керісінше, әкесін баласы етіп қоятындар аз емес. Үшіншіден, адам сенетіндей деректері жоқ. Халық жазушысы, абыз жазушы­мыз Әбіш Кекілбаев өзінің «Үркер» атты кітабында (256 б.) былайша толғайды: «Билікке алған дүние дәулетті тап сол арада ғаріп-қасер­ге пышақ үстінен таратып беріп кететін сақи Мәтіні кім білмесін! Биліктен әлдеқашан қалған кезін­де бір замандасының артынан бата оқи барғанда: «Көктегі жарыл­қаушы жалғыз Тәңір, жердегі жарылқау­шы жалғыз Мәті би» деуші еді. Мәті би екенің рас болса, жарыл­қа!» деп шаужайына жабысқан бір есалаң кемпірге астындағы тақым артар жалғыз көлігі – шудасы жерге түскен қара бурасын түсіп беріп, жаяу кететін мәрт Мәтіні кім білмесін!» Сонда данышпан Әбіш Кекілбаевтың «Тайлақ батырдың әкесінің азан шақырып қойған аты Мамыр» екенін білмегені ме? Мырза­бай Жақсылы­қов пен Баянғали Құлтаев, шамасы, өлі аруақ­тардың сөйлей алмайтынына, айта алмайтынына арқа сүйеп отыр-ау.

1726 жылы Ордабасыда өткен Үш жүздің игі жақсылары бас қосқан алқалы жиында Тайлақ батыр Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Ұлы жүз қолының бас сардары болып Саурық батыр, Орта жүз қолының бас сардары болып Қанжығалы Бөгенбай батыр бекітіледі. Осы жиында бүкіл қазақ әскеріне бас қолбасшылыққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланады.

Енді «Сыр елі» аталатын Қызы­лорда облыстық энциклопе­дия­сына келелік. Энциклопедияға енген Тайлақ батыр туралы мақа­ланы Тынышбек Дайрабай жазып­ты. Бұл автордың жағалбай­лық авторлардан басты айырмашылығы – Тайлақ батырдың әкесі Мәті биге бірден «қол салмайды». Тіпті, Мәтінің әкесі Дүбірге (бұл кісі заманында Домалақ батыр атанып­ты.Б.С) де емес, атасы Тағабердіге жармасады. Себебі, Тағабердінің Самат телеуге дейінгі аталары белгісіз. Шежіресі сақталмаған. Т.Дайрабай Тағабердінің бабала­рын керейіттің Қоспамбет (Тілік) аталығынан таратады. Ақырында Дәулет (Дулат) батыр Тағабердінің әкесі болып шығады. Тағаберді қай жылдары өмір сүрген, энцикло­пе­дияға енген Дулат батыр қай жыл­дары өмір сүрген? Оған мән беріп жатпайды. Тайлақ батырдан тұқым бар ма, жоқ па, керейітте өзін Тайлақ батырдың ұрпағымыз деп санайтын қанша әулет бар? Бұл сұрақтардың ешқайсысына жауап қайтарылмайды.  

Телеу руына келдік. 2006 жылы Алматы қаласында «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» ғылыми-зерттеу жобасының аясында «Телеу» аталатын VI том жарық көрді. Томның авторлары – тарих ғылымдарының докторы Т.Омар­беков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Кәрібаев сияқты көрнекті тарихшылар. Бұл еңбекте де Тайлақ батырдың ата-тегі, ұрпағы әңгімеленеді. Мұнда Тайлақ батырдың тегі Самат телеу екені анық айтылған. Оның әкесі Мәті, атасы Дүбір (Домалақ), бабасы Тағаберді екенін де толық көрсеткен. Сондай-ақ кітапта Тайлақ батырдың ұрпағын да санамалап шыққан. Батырдан Жақай атты жалғыз бала қалады. Жақайдың бел баласы Балта да жалғыз. Бірақ Балтадан Бесінбай, Қалманбай атты екі ер бала өмірге келеді. Аталған томның 338-бе­тін­де Бесінбайдан: Жанбатық, Ерға­нат, Айғанат, Майдан, Арал­бай, Ешім атты ұландар өргендігін хат­қа түсірген. Ешімнен ғана тұқым жоқ. Қалған бес атадан өрбіген шөбере, шөпшек, немене өз алдына бір бөлек рулы ел. Бесін­байдың Ерғанат атты баласы аталарына ұқсап би болса, Ай­ға­наты діндарлықпен, Арал­байы палуандықпен аты шыққан.

Өз басым Тайлақ батырдың ұрпағы Аманбай Исақабылұлын жақсы білемін. Ол талай жылдан бері Қызылорда облысының пар­тия, әкімдік, өкілдік орган­да­рын­да басшылық қызметтер атқарып келеді. Кенже баласы Мақсат Исақабылов – дзюдо, самбо, қазақ­ша күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы. «Халық барысы», «Қазақстан барысы» сайыстарына бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Қысқасы, республикамыздың үлкен үміт күттіретін тәжірибелі спортшысы. Қос мамандық алып, қатарының алды болып жүр.

Ал енді осы аталған кісілердің шежіресін тарқатып көрелік, Тайлақ батырдан Жақай, Жақай­дан Балта, Балтадан Бесінбай, Бесінбайдан Ерқанат, Ерқанаттан Нұржан, Нұржаннан Исақабыл, Исақабылдан Аманбай, Аманбай­дан Мақсат.

Бұл шежіреге Тайлақ батырды керейіт, жағалбайлы т.б. руларға теліген авторлар қалай қарар екен? Әлде Тайлақ батырдың жағалбай­лы­дан немесе керейіттен тараған ұрпақтарын санап бере алар ма екен? Санап бере алмаса, Тайлақ батырдың руы – телеу. Оның ішінде Самат телеу.

Қазақ өз ұрпағына жеті атасын білуді міндеттеген. Қазақтың ба­сым көпшілігі жеті атасын, тіпті он атасын біледі. Ата-бабаны анық­та­ғымыз келсе, ғылыми жолмен төмен­нен, яғни тірі жүрген адам­дар­дан, жоғары қарай анықтайық. Он атаға дейін ешбір қатесіз, мүл­тік­сіз, дау-дамайсыз зерделей ала­мыз. Ғылыми жолмен түзілген соң алып-қашпа әңгімелер бол­май­ды.

Аздаған шегініс. Ілгеріде бір аталарымыз «Тебінгісі терме алтын Телеу мырза» атаныпты. Сірә, алтын киімді ханзадалар заманы болса керек. Телеу тайпасының тарихы одан да ары кетеді. Фило­логия ғылымдарының докторы, профессор В.Махпировтің «Ежелгі түркі ономостикасы» атты дис­сер­тациясында бес мың жылдық тари­хы бар Қытай елінің ең ескі жаз­баларында «Теле» деген атау­дың бар екені атап көрсетіл­ген. Егер «Теле»-ге көптік мағынаны беретін ут қосымшасын жалғасақ теле+ут деген атау шығады. Телеут аталатын шағын халық Алтай өлкелерінде өмір сүреді. Алғашқы бірнеше тайпа бірлестігі деген ұғымды білдіретін бұл атау бірте-бірте т дыбысты жойып алып, телеу формасына енген. Керейіт тайпа бірлестігі де тарихи жағдай­ларға байланысты керейіт, керей болып екіге бөлінген.

Теле атауы Қытайдың кейінгі жазбаларында Динлин атауына көшкен. Соңғы атауының құра­мында т қатаңының ұяң сыңары д және л соноры сақталған. Сірә, Теленің екіге бөлінгенін мегзеу үшін те-ле-ні екі буынға бөліп, буынның соңына н сонорын қыстыра салған сияқты. Сонда те+ле «дин+лин» болып шыға келеді. В.Махпиров бұл сөздің қытай тіліне аударғанда «ағаш» деген лексикалық мағынаны беретінін де ескерте кетеді. «Ағаш» сөзінің астарына (прагматикасына) үңілсек, «Орманды алқапты мекен­деушілер» деген кең түсінік шығады. Ежелгі Қытайдың орман­ды алқаппен шекаралас екендігі географиядан белгілі. Орыстың теле+га (ағаштан жасал­ған арба) деген сөзінің құрамында да теле қайталанады. Яғни, теле-ні, «ағаш» деп түсінеміз.

Шежіре рушылдықты, жікшіл­дікті туғызбайды. Керісінше, елді бауырластыққа, туысқандыққа ағайын-жекжат арасындағы сыйластыққа баулиды. Ел боламыз десек, кез келгеніміз ақиқаттың ақ жолын ұстанайық. Тарихымыз ешқашан бұрмаланбасын.

 

Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры,
филология ғылымдарының докторы